РЕЦЕНЗИЯ №25 – 22.09.2020 ж.


№7 «Ботақан» бөбектер бақшасының қызметкерлері О.К. Кулимбетова, О.Б. Қымызкенованың 

«Әдеп сақтау – адамгершілік әлемі» атты әдістемелік құралына

ПІКІР

         Халықтық педагогиканың бала тәрбиесінде алар орны зор. Қазіргі жаһандану заманында мектепке дейінгі мекемелерде баланы ұлттық – тұрмыстық, салт – дәстүрлердің негізінде тәрбиелеу аса қажет болып табылады. Аталған әдістемелік құрал мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілеріне ата – бабаларымыздың әдеп – ғұрыптарын жас ұрпақ бойына қалыптастыру, ана тілін ардақтап, асыл сөздерді бағалай білуге үйретуді мақсат еткен. Бүлдіршіндерді отансүйгіштікке, жақсы мінез – құлыққа, халқымыздың тамаша салт – дәстүрлерін меңгерту үшін авторлар халық ауыз әдебиетін ұтымды қолданған. Ертегілердің мазмұнын бере отырып, ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекетін, эмоциясын, дауыс ырғағын келтіре орындауға үйретеді. Сондай-ақ, кейіпкерлердің мінез-құлқы, іс-әрекеті арқылы әдептілікке, тапқырлыққа, шыншылдыққа, еңбек сүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу көзделген.

Жүргізілетін пәнге байланысты балалардың халық аспаптарында ойнауға қызығушылықтарын туғыза отырып, мерекелерде, ашық сабақтарда өз біліктерін көрсетуге бағытталған сценарилер мен сабақтың үлгілік жоспарлары ұсынылған. Сондай-ақ, балаларды еңбекке баулуда ою үлгілері: бота мойын, қошқар мүйіз, бұғы мүйіз, қармақ, т.б. оюлардың қию техникасын арттыра отырып альбомдар жасатудың  қыр-сыры көрсетіледі.

Балабақшада халықтық педагогиканының асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беру ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу басты мақсат болып табылады. Сәбилердің жас ерекшелігін ескере отырып халықтың салт дәстүрін, ана тілін қастерлеу, үлкенге – құрмет кішіге ізет көрсетуді ұғындыра білу оңай емес. Авторлар  балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды ұтымды пайдаланудың әдіс-тәсілдерін көрсетеді.

Әдістемелік құралдың танымдық, дамытушылық тәрбиелік мәні бар. Мектепке дейінгі баланың сөйлеу тілін қалыптастыру,  дамыту әдістері, ойлау қабілеттерін жетілдіру, сөздік қорын байыту, бала қиялын ұштау тәсілдеріне негізделгенін ескере отырып, балабақшаның мектепалды даярлық топтарының әдіскерлері мен тәрбиешілеріне ұсынуға болады. Десек те, әдістемелік құралда орфографиялық, пунктуациялық, стилистикалық қателер кездеседі. Авторлар тарапынан қателер жөнделсе, жариялауға болады. 

Ф.ғ.к., доцент Л.Н. Дәуренбекова