РЕЦЕНЗИЯ №49 – 08.01.2021 Ж.


Жақсы №1 орта мектебінің мұғалімі А.К. Дюсембекованың мектеп оқушыларына арналған «Қазақ тілі пәнінен дарынды балалармен жұмыс» арнайы курс бағдарламасына  

ПІКІР

Автор аталған еңбегінде мектеп бітірушілерді қазақ тілінен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды мақсат еткен. Қазақ тіл білімінің: фонетика, лексика, морфология, синтаксис салаларын меңгертуде қолданған әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Проблемалық оқыту, деңгейлеп-саралап оқыту, ойын, тірек-сигналдары арқылы оқыту түрлерін бере отырып, оқушыны тестке дайындау жолдарын көрсетеді. Фонетика, морфологиялық және синтаксистік талдаулар бойынша жүргізілген практикалық жұмыстардың маңыздылығын  айқындайды. Әсіресе, оқушыларды тестке дайындау барысында тапсырмаларды оқушының қиналмай жаттап, ұмытпаулары үшін тест тапсырмаларын мағынасына қарай іріктеп, жаттатуға болатынын нақты мысалдармен дәлелдейді.

   Автор алдымен күнтізбелік тақырыптық жоспарын береді. Тіл дыбыстарының жүйесін, жасалуы мен ерекшеліктерін, әр түрлі сипаты мен бір-бірімен тіркесу зандылықтарын зерттейтін тіл білімінің саласы фонетиканы оқытуды, сөз бен оның  формалары туралы  морфологияны, сөз тіркесі туралы, сөйлем туралы ғылым синтаксисті  оқушыға қалай меңгертудің жолдарын жұмыс дәптеріндегі жаттығулар арқылы береді.

Жұмыс дәптерінде: «бос торкөздерге дауысты дыбыстарды және олардың түрлерін жаз», «буын үндестігіне бағынбайтын сөздер мен бағынатын сөздерді екі бағанға бөліп жазыңыз», «сөздер мен сөз тіркестерінен ілгерінді, кейінді ықпалдарды ажыратып, сызбаға ажыратып жазыңыз», «көп нүктенің орнына дұрыс жауабын жазыңыз», «сөздерден негізгі түбір, жұрнақ, жалғауларды ажыратып, сызба  бойынша талдап жазыңдар», «төмендегі сөздерден сөз тудырушы және сөз түрлендіруші жұрнақтарды ажыратып, екі бағанға бөліп жазыңдар» т.б. тапсырмалар берілген. Аталған тапсырмалардан-ақ, автордың оқушыны ҰБТ-ға тест жаттату арқылы емес, грамматиканы меңгертуді мақсат еткені байқалады. Әрине, автордың бұл мақсаты құптарлық. Сөз бен сөздің мәнін, сөйлемнің мазмұнын түсініп, сауатты жазуды үйренген оқушы тест тапсырмаларын мүлтіксіз орындайтыны анық. Сондықтан да, аталған бағдарлама мен жұмыс дәптерін тәжірибеде қолдануға ұсынуға болады.

Ф.ғ.к., доцент                                               Л.Н. Дәуренбекова