СОРТАҢДАНҒАН ТОПЫРАҚТЫҢ ТҰЗДАНУ РЕЖИМІН РЕТТЕУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТИІМДІЛІГІ


СОРТАҢДАНҒАН  ТОПЫРАҚТЫҢ ТҰЗДАНУ РЕЖИМІН РЕТТЕУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ЖУСИПБЕКОВА АЙЖАН БАЙДИЛДАЕВНА

 И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі.

БАЛАБАЕВА АҚЕРКЕ

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің Агрономия мамандығының 4 курс студенті

Жоба  мақсаты :

  • Қызылорда облысының күріш өсіретін аймақтарындағы  топырақтың тұздану режимін реттеудің жаңа технологиясын енгізу арқылы дақылдардың  өнімділігі мен өнім сапасын арттыру.

Жұмыстың мәні :

  • Күріш топырағының тұздану режимін реттеудің жаңа технологиясын Ы.Жақаев атындағы Қазақ  күріш шаруашылығы  ғылыми зерттеу институты ғалымдарымен бірлесіп  облыс шаруашылықтарының қатты тұзданған жерлерінде іске асырып өндіріске енгізіледі.

Жобаның міндеттері:

  • Күріш өсіретін аймақтардағы топырақтың тұздылығын азайту мақсатында чизель-культиваторымен өңдеу әдісінің оптималді жүргізілуін қадағалау
  • Фенелогиялық бақылау, вегетация кезеңінде топырақ сынамаларын алынып, сараптамалар жүргізу
  • Экономикалық тиімділігін анықтау

Күтілетін нәтиже:

  • ПЧ-4,5 чизель культиваторы арқылы топырақ асты ұлтанын жыртып топырақ құрамындағы тұз мөлшерін азайтып, топырақты әлсіз тұзданған топыраққа айналдырып, инновациялық технологияны облыс шаруашылықтарына ендіру.

Топырақты белгіленген агротехникалық талапқа сай  өңдеу- егіншілік мәдениетін көтерудің басты шарттарының бірі болып саналады.

Сапалы өңделген топырақта дақылдардың өсіп-дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалады. Дұрыс бапталған топырақ қабатында ылғал мол жиналып, ұзақ сақталады, сонымен қатар қар мен жауын суы және ауа тез сіңеді.

Топырақ өңдеудің негізгі мақсаты-мәдени өсімдіктерден мол өнім алу, ол үшін өсімдіктерге ең қолайлы жағдай туғызу болып табылады.Топырақты өңдеу кезінде арамшөптер мен зиянды жәндіктер жойылады,өсімдік қалдықтары топырақтың терең қабатына көміледі,органикалық тыңайтқыштар мен минералдық тыңайтқыштар топырақпен араласады және топырақта ылғал жинауға жағдай жасалады.

Топырақты өңдегенде құрылымы төмендеген беткі қабаттың орнына органикалық қалдықтарға бай, қоректік заттар қоры анағұрлым көп төменгі қабат ауысып түседі.

Қазіргі егіншіліктегі ғылыми-техникалық прогреске байланысты топырақ еңдеудің тәсілдері мен құралдарының саны тұрақты өсіп, даму үстінде. Мұның өзі бір жағынан топырақ құнарлығына қарқынды әсер етуінің қажеттілігінен туындаса, екінші жағынан кұнарлылығы темендеген топырақтарға да егін егудің қажеттігінен туып отыр.

Ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу барысында машина-тракторлық агрегаттардың қозғалу жүйелері алқап бетінің 40-80 пайызын таптап өтеді, ал айналатын жолақтар 8-10 есе көп жаншылады. Тракторлар мен ауылшаруашылық машиналарының салмағының артуы нәтижесінде топырақтың жыртылатын және одан да терең 1-1,5 м-ге дейінгі қабаттары да нығыздалады. Нығыздалу нәтижесінде эрозиялық процестер күшейеді, топырақтың көлемдік салмағы және оның өңдеу жұмыстарына кері әсері сәйкесінше 1,5-2 және 1,3-1,9 есе артады, құнарлы топырақ қабатының жалпы және капиллярлық қуыстылығы төмендейді. Топырақтың тығыздығы мен қаттылығы топырақ микрофлорасының тіршілігін төмендетеді және нәтижесінде өнім 20-40 пайызға төмендейді [5].

Топырақты ұзақ жылдар бойы соқалармен 25-30 см тереңдікте аударып жырту жұмыстары  өсімдіктің тамырына ауа, су өткізбейтін қатты топырақ ұлтанының пайда болуына әкеліп соктырады және тракторлар мен ауыл шаруашылық машиналарының салмағынан топырақтың нығыздалуы байқалады.Өсімдік тамыр жүйесі осы топырақ ұлтанына дейін барып, бүгіліп, қайырылып қалады, ал тамыр жүйесі әлсіз болып, мол өнім алуды тежейді.  Бұл жағдайлар  ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігіне кері әсерін тигізіп келеді.

Мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін еліміздің ғалымдары өндіріске негізгі өңдеудің инновациялық технологиясы болып табылатын – жерді 55-60 см-ге терең қопсытуды енгізу туралы ұсынып келеді.

Мұндай технологияны – топырақты терең қопсыту технологиясын қолдану нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі топырақ тығыздығының төмендеуі есебінен кемінде 15-20 пайызға артады. Бұл өз кезегінде топырақтың су өткізгіштігінің артуына және зиянды тұздардан шайылуына жағдай жасайды.

Топырақ қабатын аудармай тереңдетіп жыртуға қайырмасыз корпустар қолданылады. Мұндай корпустармен жабдықталған соқалар ылғалы тапшы аудандарда күлді, сортаңды және басқа да қүнарлығы аз топырақтарды жыртуға қолданылады.Оларды жалпақтілгіштер,жалпақтілгіш-тереңқопсытқыштар деп атайды.Олардың негізгі жұмыс бөліктері топырақты аудармай қопсытатын табандар мен терең қопсытқыш тістер.

Топырақ қабатын аудармай терең жырту топырақты шамалы араластыруды және қабаттарды өзара алмастыруды қамтамасыз етеді, көпжылдық арамшөптерді жояды, топырақтын физикалык қасиетін өзгертіп, су режимін жақсартады, жыртылған қабаттың құнарлануын арттырады.

Терең қопсытқыш  топырақ қабатын қопсытады, өңдейтін топырақ қабатын аудармай тіледі. Топырақ бетінде 80 пайыз аңыз сабақтары сақталады.

Енді топырақты аудармай тереңдетіп өңдеуде қолданылатын жалпақтілгіш-тереңқопсытқышының жұмыс бөлігі мен жұмысына тоқталып өтейік.

Қазіргі кезде тереңдетіп аудармай қопсытуда кеңінен қолданылып жүрген тереңқопсытқыштардың жұмыс бөлігі (а) және жалпы сұлбасы (ә) 1-суретте көрсетілген.

Тереңқопсытқыштардың жұмыс бөлігі-қопсытқыш тіс. Ол а-тереңдігіндегі қыртысқа ілгері L-қашықтыққа дейін,екі жағындағы жанамасында ені В-ға дейін әсер етеді,қопсытады.

Описание: C:\Users\Акошджан\Desktop\айдос\20200508_154300.jpg

 а)       ә)

1-сурет.Тереңқопсытқыштың топырақты өңдеу сызбасы.

     Яғни,  топырақтың астыңғы құнарлы қабатын аудармай қопсыту нәтижесінде топырақтың аэрациясы,физикалық қасиеті жақсарады,көлемдік салмағы төмендеп,су өткізгіштік қабілеті жақсарады.Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігінің артуына әсер етеді. Қызылорда облысының топырағы тұзданудың хлоридті-сульфатты түріне жатады. Оның көрсеткіштері төмендегі кестеде көрсетілген (1және 2-кесте) .

                                                                                                                        1.кесте.

Тұздану түрі Тұздану көрсеткіштері, %
әлсіз орташа күшті өте күшті
Хлоридті-сульфатты 0,2-0,4 0,4-0,6 0,6-0,9 >1,4

                                                                                                               2.кесте

Тұзданбаған 2840 га
Әлсіз тұзданған 123337 га
Орташа тұзданған 89907 га
Күшті және өте күшті тұзданған 34910 га

Сондықтан ауыл шаруашылығын әрі қарай қарқындандыру үшін суармалы жерлерде жыртылатын топырақ қабатының астыңғы бөлігінің нығыздалған қабаттарын жаңа тәсілдермен игеру жолымен мықты, терең, құнарлылығы жоғары топырақ асты қабаттарын қалыптастыру және терең қопсыту қазіргі таңда өте қажет.

Осы орайда еліміздің ғалымдарының жүргізген зерттеу жұмыстарына шолу жасасақ, топырақты тереңдетіп өңдеуден кейін дақылдан алынатын өнімнің сапасының біршама өзгергенін байқауға болады.

Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек мақта дақылын егуге арналған жерді  55-60 см тереңдікке терең қопсыту жүргізілген нұсқада мақта қозасының екі терімінен 44,8 ц/га өнім алынған, яғни бақылау нұсқасынан 9,7 ц/га жоғары, бұл көрсеткішке топырақтың қатты табанын бұзу және тамыр жайласқан қабатына оңтайлы жағдай жасау арқылы қол жеткізілгенін көруге болады. Бұл дегеніміз топырақты тереңдетіп 60 см-ге дейін қопсыту дәстүрлі қопсытудан анағұрлым басым екенін көрсетеді [5].

 Сондай-ақ Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының  ғалымдарының  жүргізген «Күріш ауыспалы егісіндегі топырақтың тұздану  режимін реттеудің  жаңа технологиясын ендіру» жобасы бойынша Қызылорда облысының күріш өсіретін аймақтарында күріш топырағының тұздану режимін реттеудің жаңа технологиясын енгізу арқылы дақылдың өнімділігі мен өнім сапасының терең өңделген атызда артқанын байқауға болады.      

Жүргізілген ғылыми жұмыстарда топырақты терең өңдеген жағдайда күріш дақылының өнімділігі дәстүрлі өңдеген жағдайға қарағанда біршама жоғары болғанын көрсеткен. Бақылау нұсқасындағы өнімділік гектарына 4,9 т болса, жаңа инновациялық технология енгізгенде 7,1 т/га болған және экономикалық тиімділігі 50,6 % көрсеткен [4].

Қорыта айтқанда, топырақты терең өңдеудің тиімді әдісі жыл сайын жерді қайырмалы соқалармен аударып жырту нәтижесінде топырақ қабатында пайда болған қатты табанын бұзып, астыңғы қабатты қопсытады.Қатты топырақ қабаты босатылған жерге  егілген ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалады. Ең бастысы тереңдетіп қопсыту технологиясында ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі дәстүрлі өңдеуге қарағанда артқанын зерттеулер көрсетуде. Осыған сәйкес облысымызда өсірілетін дақылдарды өсіріп-өндіруде тереңқопсытқыштарды қолдану нәтижесі бойынша  дақылдардың өнімділігін зерттеу,тиімді инновациялық технологияларды үзбей қолдану  алдағы күннің талабы.

                                            Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың

  2017-2021жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

 2. Алшынбай М.Р. Ауыл шаруашылығы машиналарының теориясы. А,1999.

 3. Алшынбаев М.Р.,Әлиев Б.Ә. Ауыл шаруашылығы машиналары.

 4.Тоқтамысов Ә.М.Күріш ауыспалы егісіндегі топырақтың тұздану режимін

   реттеудің  жаңа технологиясын ендіру.

5.Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш  шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты  ғалымдарының   зерттеу жұмыстарының мәліметтері.

6. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты  ЖШС ғалымдарының              

     зерттеу жұмыстарының мәліметтері.