Тәрбие сағат сценарий «Тәуелсіз елдің қырандары!»


Мадиева Алтын Конысбаевна

«Щучье қаласы, педагогикалық колледж» МКҚК

Құқық және экономика пәндерінің оқытушысы

Тәуелсіз елдің қырандары!

Мақсаты: студенттердің еліміздің Тәуелсіздік алғанына 24 жыл толуына байланысты Қазақстан туралы білімін кеңейту;

Міндеттері: 1. 1986 жылдың желтоқсанындағы адал да аңғал Қазақ жастарының бодандыққа қарсы жойқын бұлқынысы, бейбіт шеруге шыққан Желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын студенттер көңіліне ұялату; 2. Студенттердің тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін дамыту;               3. Студенттерді адамгершілікке, сыйластыққа, өз Отанының патриоты болуына тәрбиелеу;

Көрнекі оқу құралдары: презентация, видеоролик, суреттер, плакаттар, кітап көрмесі.

Барысы

1-жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар мен студенттер! Тәуелсіздік мерекесіне байланысты дайындаған «Тәуелсіз елдің қырандары» – атты тәрбие сағатымыз ашық деп жариялаймыз!

2-жүргізуші:Алтайдан Алатауға дейін ұланғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз Тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар құрбан болды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап күні кешегі қайрат Рысқұлбекке дейін сол ел қорғауды ұран еткен. Тәуелсіздік жолында өздерін құрбан еткен Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның аңсаған армандары мен үміт – тілектері бұл күнде толық жүзеге асты. Сол батырларымызды еске түсіріп 1 минут үнсіз тұрамыз. Рахмет! Отырамыз.

1-жүргізуші: 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында Дінмұхамед Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы міндетінен босатылады. Оның орнына Ресейден келген Г.В.Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды.

2-жүргізуші: Асығыс өткен пленум шешімі Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.

1-жүргізуші: 1986 жылы желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.

Видео: «Желтоқсан желі»

Көрініс.

Сахнаға алаңға шыққан жастардың кейпінде студенттер шығады. Қолдарында плакаттар: «Әр республикаға өз басшысы!», « Қазақстан жасасын!», « Дербестік талап етеміз!».

(Жастарды алаңнан қуып жатқан кез бейнеленеді.)

Сахна сыртынан: Қайрат түрмеде отырып үй ішіне, бауырластарына хат жазады.

(Қайрат хаты оқылады.)

Әкетай- ау, пайғамбардай жасың бар,

Туа бермес сіз секілді асылдар.

Қартайғанда жүрегіңді жаралап,

Кесір болды – ау біз секілді «масылдар».

 

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауға барамын.

Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы жаным, қандай жанға баладың?

 

Айналайын, інішегім, құлыным,

Сені ойласам үзіледі жұлыным.

Сенің ерке, ақ жүзіңді көре алмай,

Кетіп барам мен айдауға, құлыным.

Тергеуші: Рысқұлбеков, ақтық сөзіңді айт! Савицкийді өлтірдің бе?

Қайрат: Жоқ, өлтіргем жоқ.

Тергеуші: Мойында, мойындасаң жазаң жеңілдейді.

Қайрат: Мен Савицкийді өлтірген жоқпын. Мен ешкімді де өлтіргем жоқ.

(Қайратты ұрып – соғып әкеп тастайды)

Қайрат (есін жиып):

«Ақтық сөзің не?» – деген

Бүгін қайғы сұм сұрақ,

Айтайын оны халқыма.

Қорлай беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы

Бөтен қолда кетпесін!

Тергеуші үкім оқиды: « Қ.Рысқұлбеков «қылмысты» деп табылып, Қазақ КСРО қылмыстық кодексінің 60 – бабы бойынша 3 жыл бас бостандығынан, 65 – бабы бойынша 15 жыл бас бостандығынан айырылсын және Қазақ КСРО қылмыстық кодексінің 173- бабының 1- тармағы бойынша жазаның ең ауыр түрі өлім жазасына, атуға кесілсін!».

Қайраттың ақтық сөзі:

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең атыңдар.

1-жүргізуші: Тлеубергенова Жазира – Қайраттың түрмеде жазған өлеңінен үзінді оқиды.

Түрме жыры

Тор темір, жамбасыма тақылдайсың,

Өзіммен бірге туған жақындайсың.

Телміріп темір торға қаматқанша,

Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,

Ас берер ортасында жалғыз тесік.

Күніне ұстатады үш тілім нан,

Өлмейтін саған ішер осы нәсіп.

2-жүргізуші: Президенттің жарлығымен 1996 жылы 9 – желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке « Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісімен « Алтын жұлдыз» тапсырылды.

Ән: «Алға, қазақ жігіттері».

1-жүргізуші:Тәуелсіздікке арналған өлең шумақтарын тамашалайық!

1-студент:

Тәуелсіздік – арманым ең аңсаған,

Бабаларым жетеміз деп шаршаған.

Бүгін міне бар әлемге танылдық,

Қазақ елі, үміт артам мен саған.

2- студент:

Жетемін деп қиялдағы сағымға,

Ілестік қой нелер ағымға.

Егемендік – шын бақыты елімнің,

Жемісі мол туған жердің бағына.

3- студент:

Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,

Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.

Бір нәрсе жетпейді деу қате болар

Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.

4 – студент:

Орыс, қазақ, неміс, татар- бар ұлтым,

Кең аймақты, қазыналы туған жер.

Аппақ көңіл, ашық жарқын ел- жұртым,

Құшағына қиыншылық алған жер.

2-жүргізуші:

Атыңнан айналайын егемен ел,

Тәуелсіз күнің туды, кенеле бер.

Мерейің құтты болсын, Тәуелсіздік,

Ғасырдың тойы болшы келе берер!

 

Бүгінгі «Тәуелсіз елдің қырандары» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.    « Ел ерімен мақтанар, жер кенімен мақтанар», елімізді қорғайтын ер-азаматтар, асыл ұрпақтар, тәрбиелі ұл-қыздар молая берсін!

Көңіл қойып, келіп тыңдағандарыңызға рахмет!

Метки: , , , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *