Эссе “Еркіндікті ерекше бағалаған қазақ елі!”


Сарт Мария Теңелқызы,

Бейнеу политехникалық колледжінің арнайы пән мұғалімі

Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздікдіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек.Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.

                                                                                   Н.Ә.Назарбаев

Өз елім менің, өзегім менің,

Жырыма қосып жүремін.

Төрім деп менің, жерім деп менің

Соғады мәңгі жүрегім, – деген әсем ән әсері менің бала жүрегімді керемет күйге бөлеп барады. Көкірекке қуаныш сыйлаған бұл уақыттың барша қазақстандықтар үшін маңызды екенін білемін, байқаймын. Президенттік сайлау бүкілхалықтық қолдауға ие болды, тілегі бір, мақсаты ортақ халқымның таңдауы бір арнада тоғысты.Тәуелсіз елдің тарихында болашақты айқындайтын тағы да бір парақ ашылды. Еркін ел ерікті түрде өз таңдауын жасады. Бұл- жиырма жылдық тәуелсіздік тарихындағы толағай табыстардың таңдаулысы.

Тау да аласа, оған бақыт қонбаса!

Кең даладан, бос даладан не пайда,

Бос далада бостандығың болмаса! – деп Қадыр ақынның бостандықты жырлауы ата-бабамыздың аңсаған асыл арман, аманаты- азаттыққа үн қосып, аға ұрпақтың жас ұрпаққа артқан сенімі еді… Ақын айтқан бостандық басымызға қонған бақ болатын. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен асқан ұлы мұрат жоқ. Болмақ та емес. Сол тәуелсіздіктің арқасында елдің кеудесі қайта көтерілді. Рухы қайта шалқыды.Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жұрт қалпын сақтап қалғаны – оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қай кезде де өткен тарихтың өнегесін өз ұрпағы заманға сай жауапкершілікпен, кезеңге сай кемелдікпен, болмысқа сай бағамен, жағдайға сай мүмкіндікпен өлшеген. Ұлан далада сан ғасырлық қоғамдық құбылыстарды басынан  өткізген ел мен халық үшін ұлы дала сахнасында болған тарихи оқиғалар ізсіз кеткен жоқ. Қазақстан небір сұрапыл соғыстарды, қайғылы күндерді басынан кешірді. Әйтсе де қазақ халқының атамекенді ардақтау, азаттықты аңсау сезімі өте терең, туған жерді қасиет тұту – қанына сіңген мінезі. Отан! Қазақстан! Тәуелсіздік! Осы үш ұғымның жолында қайсар қазағым ұрпағына қаһармандықтың қас үлгісін көрсетіп, елі мен жері үшін сайын сахарада қарсы келген жауының қаһарын қайтарды.Олар үшін ең қасиетті де қастерлі, үкілеген тұмар- бостандық, еркіндік, тәуелсіздік болды.

Тәуелсіздік! Күш берді саяң маған.

Өтті күндер кең қанат  жая алмаған.

Сөйлеп кеткім келеді. Мағжандарша,

Ақиқатты, ар жолын баяндаған, – деген өлең жолдарын ойға алып, 1986 жылдың желтоқсанындағы Желтоқсан оқиғасы тарих қойнауында хатталып, ұрпақ жадында жатталатыны анық. Желтоқсан құрбандары асқан зорлыққа, өктем саясатқа қарсы қаймықпай, қазағы үшін қар жастанды, мұз құрсанды, қорланды, ар-намысы тапталды. Ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын, қайыспайтын қара нардай қайратын, мұқалмайтын алдаспандай айбатын танытқан Желтоқсан қозғалысы – тоталитарлық жүйеге қарсы сананың  қозғалысы, «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбеуді» мұрат тұтқан ұлттың негізін қалаған өресі кең өр рухтың қозғалысы, бұл- ғасырлар бойғы әділетсіз үстемдік салдарынан жинақталған ашу-ыза мен шер-шеменнің тарихи көрінісі. Тағдырдың талай тозағына тап келген халқым «қазақ» деген атын тағы сақтап қалды. Ата-бабам аңсаған асыл арман азаттық таңы атты да, тәуелсіздікке тәу еттік. Батыр бабаларымыздың қаһармандық күшімен, қыран қабақ сұсымен, ақ найзаның ұшымен қорғаған кең жазира өлкемізге жан бітіп, жұлдызы жарқырағанына, халқымыздың көңіліндей дархан даламыздың дүр сілкінгеніне, кешегі желтоқсан жаңғырығынан теңселген тауларымыз тыным алып, ашық аспанымызға Азаттық әні әуелеп, тұғырымызда тәуелсіздік туы желбірегеніне міне, 24 жыл! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатарластарынан оза шауып, «еуразиялық барысқа» айналудың алғашқы нышандарын танытты. Ел экономикасы шытынап, шатқаяқтап тұрған кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолынан іс келетін, ел тағдырына сергек қарайтын, ойы-озық, сөзі-сара, кең ойлап, кемел ұсыныстар айтып, батыл шешімдер қабылдай алатын азаматтарды төңірегіне топтастыра білді.Тәу етер тәуелсіздігімізді көш бастаушы, халық тағдырын сеніп тапсырған тарихтағы тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар. Елбасы салиқалы саясат ұстанып, қай істе де елге иек артты, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйенді, сертіне берік болды, антын ардақты етті. Бір кездері бодан атанған ел енді Азия алыптарының қатарынан орын алуға талпыныс жасауға ұмтылды. Елбасының «Мәдени мұра», «Қазақстан-2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан дамуға», «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» сынды жоспарлы Жолдаулары мен бағдарламалары бүгінгі бақытты елдің басты бағдары мен ұстанар бағытына айналып отыр. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын Тәуелсіздігіміздің мәні жарқырай ашылып, маңызы арта түскенін бүгінгі қол жеткен табыстарымыз бен  жеңістеріміз дәлелдеуде. 1986 жылдың қысталаң шағында ұлт болашағы үшін ұрандаған қазақ жастарының азаттыққа ұмтылысы тарихтың парағында хатталса, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен Саммитті өткізуі – барша қазақстандықтардың тәуелсіздік жолындағы шынайы жетістігі. Ел межесі – елулікке енуді мақсат тұтқан халқым ғылым мен өнер, білім жолында ғаламат істерді бағындырып, ғажайып жаңалықтар ашты. Тоқтар мен Талғаттай ағаларымыз көк зеңгір ғарышқа  ұшып, айға қонды, жұмыр жерді аялай айналды. Спорт аренасындағы қазақ жанкүйерлерінің ықылас-ниеті «Азиада-2011» VII қысқы олимпиадада жеңісті жолдарға бастады. Тәуелсіздігімізді түбі бір Түркия бастап, әлемнің 100-ден астам мемлекеті мойындап, Қазақстан дүние жүзіндегі ең беделді ұйым БҰҰ-ға, сондай-ақ мәртебелі халықаралық ұйымдарға мүше болып, өзгелермен терезесі тең елге айналды. Қастерлі мекен әлемнің әр түкпірі мен түрлі ұлыстардан құралған 120 ұлттың басын қосып, діні мен тілі басқа сан ұлт өкілдері Қазақ аспанының астын мекен етіп келеді.Ұлы далам ұлттық сезімді ұлықтап, ынтымақ пен бірліктің ұясына айналып отыр. Бүгінгі елдің басты бәсекелестік деңгейіне көтерілу мен жаһандану үрдісінен үлес алу.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін, – деп Мағжан ақын айтқандай, ел ертеңгі жастарға сенім артуда. Ел болашағы – жас ұрпақ алдындағы үлкен міндет – Тәуелсіздікті қолдан шығарып алмау.

Білекке сенген заманда ешкімге ес бермедік.

Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік – деген Абылай бабамның сөзін ұрпаққа ұлықтап, бәсекелестік биігін біліммен бағындырайық! Туған жер – алтын бесігің!.Бесіктегі баладай бақыттымыз. Бізге ешкім көзін алартпайды. Өйткені көгімізде Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, көкірегімізде Әнұран әуені әуелеп тұр.

Метки: , , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *