Сынып сағатының тақырыбы: «Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық көрмені ұйымдастырудағы еңбегі»
Кадырова Лейла Серікқызы,
Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласы
№5 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Мақсаты:
Тәуелсіздікті алғаннан кейінгі Қазақстан жайлы түсінік қалыптастыру. Тәуелсіз Қазақстан үшін бұл халықаралық көрменің қажетін ұғындыру. Дүниежүзілік көрмелер тарихы және 2017 жылы Қазақстанда өтетін ЭКСПО көрмесі туралы білімдерін тереңдету. Оқушыларды қоғам жаңалықтарынан және өзгерістерінен тыс қалмауға баулу. Отанымыздың жетістіктеріне мақтанышпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінін айқындап көрсететін суреттер. ЭКСПО көрмесіне арнап салынып жатқан ғимараттар суреттері және ойынға қажетті кеспе сөздер.
Өту барысы:
I. Кіріспе:
– Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар! Бүгін өткізгелі отырған Тәуелсіз Қазақстан үшін «Экспо2017 – Болашақ энергиясы» атты халықаралық көрменің пайдасын айқындайтын сынып сағатымызға қош келдіңіздер! Бәрімізге белгілі 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні. Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халықтың басын біріктіріп Н.Ә.Назарбаев тұңғыш елбасы болды. Елбасының бастауымен біздің Отанымыз әлемге танылды.
Астанадағы ЕХРО-2017 Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға – 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болмақ.
Елорданының және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады.
Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЕХРО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.
«ЕХРО-2017 көрмелерінде барлық мемлекеттер өздерінің таңдаулы технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай шараларға барлық құрлықтардан ондаған елдерден миллиондаған адамдар келеді. Астананың бәсекелестік күресте жеңіске жетуі – кездейсоқ емес.
Біріншіден, бұл біздің астанамызды әлемдік деңгейдегі оқиғаны қабылдауға лайықты орталық деп танығандық. Екіншіден, Астананы таңдау біздің мемлекетімізге берілген жоғары баға және оның дамуы – бүкіл еуразиялық аймақтың дамуы персективаларын атап көрсетеді. Үшіншіден, жеңіске біз ұсынған – «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзектілігі көмектесті. Ақырында, бастысы – Астананы таңдау бүкіл қазақстандық халықтың күш-жігерінің жемісіне айналды», – деді мемлекет басшысы.
ІІ. Қорытынды.
Тәуелсіз Қазақстан кеше қандай болды? Бүгінгі күні аз уақыттың ішінде Қазақстанның аяғына нық басып, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуына қандай азаматтар тылсым еңбек етті? ЭКСПО көрмесі Тәуелсіз Қазақстанға қандай пайда әкелмек?
Баламалы энергия көздері бойынша ғылыми зеттеулер жасап жүрген ғалымдарымыз үшін маңызды. Халықаралық көрме барша әлемге осы саладағы қазақстандық ақыл- ойдың қуаты мен әлеуетін паш ететін болады. Бұдан басқа, ЭКСПО нысандары үшін жол салу, қоғамдық көлік, коммунальдық шаруашылық, әуежай, вокзал тәрізді инфрақұрылымдық жұмыстар өркендейді. Бұл дегеніміз жаңа жұмыс орындары. Екіншіден, Астана мен оның маңындағы аймақтарда шағын және орта бизнестің дамуына және ішкі туризмнің артуына серпін бермек.Үшіншіден, елімізге шетелдік туристер ағыны күшейетіні белгілі. Көрмеге үш айда 100 елден 5 миллион адам келеді деп күтілуде.Төртіншіден, ЭКСПО болашақта Қазақстанды ірі несиелер құюға болатын халықаралық ақпараттық- экономикалық алаң ретінде тануға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша мамандандырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің жаңа белгісі Астанада бекітілді – «Жел энергиясы».
Мұғалім: Сынып сағатымызды “Көк тудың желбірегені” әнімен аяқтаймыз.
Сау болыңдар!
Метки: 16 желтоқсан, ҚР Тәуелсіздігі, сценарийлер жинақы, СЦЕНАРИЙЛЕР ЖИНАҚЫ, сынып сағаты, Сынып сағатының тақырыбы: «Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық көрмені ұйымдастырудағы еңбегі», Тәуелсіздік күні