Тәуелсіздікті аңсаған қазағым! (сценарий түрінде)

Молдакадырова Роза Орынбасаровна
Ақтау қаласы, №2 орта мектебі
Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының бастарынан кешкен қиындықтар мен күрестер туралы айта отырып, бүгінгінің жеткен жемісі туралы айту. Тәуелсіздік күнінің тарихын ашып көрсету, халық қаһармандарымен таныстыру. Бойларына адамгершілік, отаншылдық қасиеттерін дамыту.

Оқушыларды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға дұрыс бағыт – бағдар беру, өз елінің тарихын сыйлауға үйрету, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу.

Тәрбие сағатының түрі: Таным сағаты.

Көрнекіліктер: Қазақстан Республикасының рәміздері, Отан, тіл туралы нақыл сөздер, «Тәуелсіздік туы» буклеті, Қ. Рысқұлбековтың, Л. Аснованың, С. Мұқанмеджан – қызының, Е. Сыпатайұлының портреттері, Бәйтеректің суреті. ҚР 1991- 2011 жылға дейінгі үзінділер бейнеленген слайдтар, плакаттар, бейне фильм, карта, Желтоқсан көтерілісіне байланысты фотосуреттер, үнтаспа.

 

Әдеби монтаж :

 

1-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар, студеттер! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 1986 жылдың желтоқсанына арналған «Нағыз тәуелсіздікті аңсаған қазағым» атты әдеби монтаж кешін өткізбекпіз!

 

2-жүргізуші:

Қайырлы күн, құрметті достар! Қадірменді Қазақстандықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің 24 жылдық мерей тойымен құттықтаймыз. « Өткен күрестер жеңісі – бүгінгінің жемісі» дей отырып кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

 

1-студент:

Мұз жастанып азаттықтың жолында,

Тәуелсіздік туы тұрды қолында.

Жеңіп шықтың, бас имедің, қасардың,

Сойыл таяқ ойнаса да жанында.

Отан үшін жанын қиды ұлдарың,

Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,

Күйініштен ауырады жүрегім,

Естігенде желтоқсанның ызғарын,

Желтоқсан – ау, ұмытылмайсың жүректе,

Ұрпақ өсер айналатын тірекке,

Егемендік тиді бүгін еншіме,

Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.

 

2-студент:

Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы

Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

 

1-жүргізуші:

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағы халықтарының санасын – тоталитарлық ұйқыдан оятты. Бүгін оған ешкім күдік келтірмейді.Республика басшыларын да өздері тағайындады. Халықтар тағдырын да сол жақтан шешіп жатты. Осы империялық саясатқа наразылық білдірген қазақтың өрімдей ұл – қыздары сол кезде орталық алаңға шыққан еді.

 

2-жүргізуші:

1986 жылғы желтоқсанда Алматыда алаңға шығып, өз пікірлерін ашық айтқан, КОКП орталық Комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп қазақ елінде бұрын – соңды болмаған, республика ерекшелігін білмейтін «қаңғып келген шүрегей» Г. Колбинді қоя салуына ел наразылық білдірді.

 

3- студент:

Алматыда 1986 жылы желтоқсанның 16-сында

Қастандығын қазақтарға Ресей әлі қоймады,

Теңіз болып аққан қазақ қаннына тоймады.

Келесі қадам тағы да бір қазақтың болды сорына,

Қонаевті алып тастап, Колбинді қойды орнына.

Бұған шыдау нағыз еді мәңгүрттіктің белгісі,

Қазақ ұлтын басқарғаны ұлты орыс бір кісі.

 

4-студент:

Ашу – ыза қайнауының жетті болар шегінде,

Көтерілді бұл жастар жалын болар еліне.

Мың тоғыз жүз сексен алты боялды жастар қанымен,

Желтоқсанның он алтысы есте қалар жанымен.

 

5-студент:

Алматының алаңында бар студенттер жиналды,

Ақсақалы қазағымның амал таппай қиналды.

Қырылды жастар, аямай ұрды ұл – қызына қарамай,

Апарып тықты абақтыға ешқайсысын аямай.

Рысқұлбеков Қайрат еді ереуілдің басында,

Асанқызы Ләззат пенен Әлия бар қасында.

Аямады ешқайсысын, ереуілді бастаған,

Қанішерлер жастарын қазақ отына ажал тастаған.

 

 

 

 

6-студент:

Жас өмірдей қазақтың ұл – қыздарының

Торғайдай шыбын жандарын,

Қызыл жағалы ОМОН – дар келіп таптады,

Оларды ешкім жауапқа тартпады.

Темір, сойыл, күрек алып,

Мәскеуден бата алып,

Ешкімнен іркелмеді,

Еш жерге тіркелмеді.

Ата – ананың көзінің қарасы мен ағындай

Талай жастар жер астынан табылды.

Халық үшін жанын салған ағалар

Әлі талай зұлымдықты табалар.

О, сұмдық заман – ай,

Көп зұлымдық жасалды – ай,

Әр ананың көз жасы

Қанды жас болып төгілді

Ата – баба қарғысы, бекер болып жатпады…

 

7-студент:

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты – құрбандық,

Атам десең, атыңдар!…

 

8- студент:

Жүрегімде мәңгі бақи

Желтоқсан

Намысымды мұзға көмген бұл

Тоқсан

Жазықсыз қанша қанға бөктіріп,

Қазағымды қойша қырған

Желтоқсан

Қазағымды танытқан күн –

Желтоқсан.

Көкірегімді жанышқан күн –

Желтоқсан.

Қайрат сынды хас батырды

Азаптап,

Жан – тәнімен қарытқан күн –

Желтоқсан.

 

9-студент:

Желтоқсан

Желтоқсан айы, естесің,

Дауыл боп, бұрқақ ескенсің,

Азаттық күні қашаннан,

Көкейін елдің тескенсің.

Бұрқ етті қазақ баласы,

Кеудеде өшіп наласы.

Алаңға қарай бет алды,

Таусылып барлық шарасы.

Желтоқсан айы, ызғарлы,

Алатау басын мұз шалды.

Одақтың қызыл жендеті,

Аямай соқты қыздарды.

Қайраттай ұлдан айырылдық,

Қанаттан жастай қайырылдық.

Көп болып араша түсе алмай,

Мысымыз құрып қиналдық.

Жібердік еркін ат басын,

Қиянат жанға батқасын.

Әділетсіздік саясат,

Ұлтшыл деп кінә таққасын.

Оянды халқым, оянды,

Асырды іске қиялды.

Тәуелсіздік төркіні,

Желтоқсаннан от алды.

Желтоқсан айы, ыстықсың,

Халқыма болды үлкен сын.

Әділдікпен таңдадық,

Жол бастайтын Елбасын.

Мен қазақпен, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –

Айта бергім келеді, айта бергім!

 

10-студент:

Жас арудың жанарында қалған мұң,

Асылымнан мәңгі ажырап қалғанмын.

Жауыздардың айы туып оңынан,

Тұмшалаған түн – түнегі жалғанның.

Артта қалып ызғары сол азап күн,

Тәуелсіздік таңы атты қазақтың.

Тапталса да қан мен мұзда намысым.

Мен мәңгілік рухы биік қазақпын!!!

 

11- студент:

Бірақ – бірақ уақыт бәрін дегенімен жасалады,

Колбин түсіп, орнын Назарбаев басады.

Ереуілге шыққан жастар үміті орнын тапты ғой

Қаншама жан, қаншама қан бұл күн үшін төкті ғой.

Дегенімен, өтті күндер қалыптастық ел болып,

Ту көтердік бірлікпенен тәуелсіз бір жер болып.

Сан ғасырлар төгілген қан зая ағып кетпеді,

Ұлы халық тілеген соң ажал оғы жетпеді.

 

  • жүргізуші:

18 қыркүйек күні Алматыдағы Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Елбасы ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, былай деді:

– Бүгін Әнұран болған «Менің Қазақстаным» әнімен 86 – жылы осы алаңда еліміз де, тіліміз де, тарих, мәденинетімізді де білмейтін, жаны ашымайтын адамды алып келгеніне намыстанып, жастарымыз алаңға шықты. Кең байтақ елімізді сақтап қалған ата – бабамыздың тәуелсіздікті армандап еркін боламыз, ел боламыз дегенін қолдаған жастар нағыз батырлар еді. Осы жылдардың ішінде біз қазақ өзін – өзі басқара алмайды деген сөзді жоққа шығардық. Сол жастардың аңсаған тәуәлсіздігі келді. Тәуелсіздік өркендеп өсіп, Қазақстан дүние жүзіне белгілі болды. Көш бастап келе жатқан мемлекетке айналдық. Желтоқсан батырларына ескерткіш ашу көптен ойда жүрген шаруа еді. Басты мақсат – татолитарлық жүйеге қарсы күресте төгілген қанды есте сақтау, қастерлеу. Екінші жағынан, болашаққа үлгі ету. Қыршынынан қиылған жастарға көрсетілер құрметтің үлкені де осы болмақ.

 

12 – студент:

Білген шығар әрбір қазақ тәуелсіздік қадірін,

Зұлым заман, азапты заман, берді ғой Алла ақырын.

Білейік елім, білейік халқым, тарихын ащы қазақтың,

Жол бермейік орнауына тағы да бір азаптың.

 

  • жүргізуші:

Құрметті қауым, бүгінгі шарамызды «Нағыз тәуелсіздікті аңсаған қазағым» деп атағанымыз жай емес. Ата – заманнан күресіп жатқан халқымыз бүгін тәуелсіздігін алып, бақытты өмірге келіп жатқан осының бәрі өткен күрестердің жемісі.

 

 

Ербол Бейсенұлы Спатаев. Ол Алматы облысы, Жаркент ауданы, Еңбекшіқазақ ауылындағы Алшынбековтер отбасында 1964 жылы өмірге келді. Ата – анасы мен туған – туыстары нәрестеге «Ер болсын, батыр болсын» деген ырыммен «Ербол» атты есім берді, Атына заты сай көп Ерболдың бірі болып өсті. Ата – анасының қолын ұзартты. Мал қайырды, отын жарды, су тасыды. Шаруаға пысық, ойға алғырлығын байқатты. Бір күні үй ішінде ол күтпеген жағдай болды. Әкесінің ағасы Мұқажан бір перзентке зар болып жүрген екен. Көңілі Ерболға құлапты. Ол да ата – әжесін өте жақсы көруші еді. Бауырларына арсалаңдай барып, енеді де кетеді. «Атасының аузынан түсіп қалғандай» баласы болады. Оларға жәрдемін тигізіп, қуанышын көбейтеді. Зерек бала ата аманатына адалдығын танытып, темекі тарту, арақ ішу секілді жат қылықтардан бойын жырақ ұстады. Бұған ата – әжесі тәрбиесінің ықпалы аз болған жоқ.

Әскер қатарында да абыройлы қызмет етті. Сан мәрте мақтау қағазымен марапатталды. Елге келген соң атасының ақылымен Алматы энергетика институтына оқуға түсті. Бұл 1984 жыл болатын.

1986 жылғы желтоқсанның 18 – гізі күні алаңдағы көп жастардың ішінде атасының баласы да бар еді. Топ ішінде келе жатқан оны жасақшылардың бірі арматура сойылмен мұрттай ұшырды. Көзінің оты жарқ етті. Ес – түссіз жігіт ауруханаға жөнелтілтеді. 20 – желтоқсанда оның көзіне күрделі операция жасалып, көп ұзамай 22 – желтоқсанда есіл ұл дүниеден қайтты.

Ерболдың ата – анасы 23 – желтоқсанда хабар естиді. 24 – желтоқсанда Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері батыр ұлдың мәйітін әкеліп, атасы мен әжесінің баласын жер қойнауына берген.

 

 

 

 

Сәбира Есенқызы Мұхамеджанова. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылында жарық дүниенің есігін ашқан. Отбасындағы балалардың сүт кенжесі екен. Зерек, өжет, ағыр қыз «ақылды ерке» болады.

1985 жылы сегіз жылдықты үздік бітіріп, Өскемен қаласындағы педагогикалық училищенің бастауыш сыныптарға мұғалімдер даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түскен. Бірінші курсты ойдағыдай бітіріп, математика, физика сияқты пәндерді жақсы оқиды. Ол екінші курста оқып жүргенде, яғни 1986 жылы, желтоқсанның 22 – сі күні Өскеменді дүр сілкіндірген көтеріліс басталады. Көтеріліске педагогикалық училищенің, жол – құрлыс институты мен педагогикалық университеттің студенттері қатысты. Көтерілістің бел ортасында қайсар қыз Сәбира мен оның дос қыздары жүрді. Училищенің педагогикалық ұжымы бұл істі назарларынан тыс қалдырмады. Қыздардың көтеріліске қатысқандары үшін кезектен тыс ата – аналар жиналысын ұйымдастырып, шалғай ауылдарға жеделхаттар жөнелтілді.

Жеделхат қолына тие сала Сабираның анасы – Гүлшара Сағидолдина да артынып – тартынып Өскеменге жетті. Ол кісі отыз жылдан астам ұстаздық етіп, зейнетке шыққан жан еді.

26 – желтоқсан күні кешке жоспарланған ата – аналар жиналысы өтеді. Оған студенттер мен педагогтар да қатысқан. Жиналыс барысында мұғалім Шолпан Мұхамедиева Гүлшара апа мен Сабираның намысына тиетін сөздер айтады. Намыстан жылап жіберген Сабира есіктен атып шығады. Сол екпінмен 5-қабатты өз бөлмесіне келіп, терезенің форточкасынан денесін тастайды. Алпыстан асқан аяулы ана он алты жасар сүт кенжесінің жансыз денесін ауылға алып қайтам дегенді еш ойламаған.

Ләззат Алтынайқызы Асанова. Ол 1970 жылы шілденің 27 – сінде Алматы облысы Жаркент ауданындағы Ақжазық ауылында туылған. Ақылды, ажарлы, өнерлі қыз небәрі он алты жасында, яғни 1986 жылғы желтоқсанның 25 – і күні дүниеден өтті.

1985 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түскен. 1986 – жылғы Желтоқсан көтерілісінде: «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат боламыз!» – деп ұрандайды. Көтерілістен кейін Ләззат та қамауға алынады. Бірақ, 25 – желтоқсанда Ләззаттың мүрдесі өзі оқыған музыка училищесінің ауласынан табылады. Соған байланысты: «Желтоқсанның бесінші қабатынан өздігінен құлап өлген» деген қауесет қасақана таратылады. Солай дей тұра мәйітті Алматы облысы, Жаркент ауданындағы Ақжазық ауылына Ішкі Істер Министлігі мен Мемлекеттік Қауіпсіздік комитететінің қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззаттың денесін жуған сүйекшілер оның білегіне салынған кісеннің көкпеңбек іздерін, бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткенін көреді. Демек Ләззат құқық қорғаушылардың қолынан қаза тапқан.

Ләззат Алтынайқызы Асанованың анасы ауыл мектебінде кітапханашы еді. Қызының құпия өлімі туралы көп шындықтың ашылуына сол кісі түрткі болады. Ол туралы Баспасөз беттерінде ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің пікірі жарық көрген.

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков. Ол 1966 жылы наурыздың 13- күні Жамбыл облысында дүниеге келген. Әкесі – Ноғайбай орталау білімі бар мал маманые, шешесі – Дәметкен Сауыншы болатын. Шиеттей сегіз баланы жеткізу үшін қырда мал бақты. Ал балалары Новотройцк ауылындағы шопан балаларына арналған мектеп – интернатта білім алды.

Қайрат мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Өлең жазуға, сурет салуға жасынан құштар еді. Мектептегі қабырға газетін шығаруды өз міндеті санайды. Орта мектепті аяқтаған соң Алматы құрылыс инсттитутына құжаттарын тапсырады. Бірақ түсе алмай, Әкесіне жәрдем беріп сиыр бағады. 1984 жылы әскер қатарына аттанады. Отан алдындағы борышын адал атқарып, сержант шенімен үйіне оралады. 1986 жылыдың жазында өзі армандаған Алматы сәулет – құрылыс инсттитутына оқуға түсті. Жалынды жастың бірі ретінде көтеріліске қатысты. Қайратқа «жасақшы Александр Савицкийді өлтірді» деп айып тағып, ең ауыр өлім жазасына кеседі. 1988 жылғы 23 – көкекте оған кесілген өлім жазасы жеңілдетілді, яғни 20 жылға абақтыда жазасын өтеуге ауыстырылды. Артынша 21 – мамыр күні Семей қаласындағы түрмеде жұмақ өліммен қайтыс болады.

Марқұмның денесі туыстарына берілмей, Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына жерленеді. Жазықсыз батырдың басына мәрмәр тас қойылып, ескерткіш тақта орнатылады. Ақынжанды батыр ұлдың өлеңдері мен хаттары, қиын – қыстау күндерде жазған күнделігі «Еменнің иір бұтағы» атты кітапшаға топтастырылып, баспа бетінде жарық көрген.

Желтоқсан көтерілісінің батырлары туралы нақты деректер осы. Уақыт жылжыған сайын, оқиға көмескілене түседі. Бірақ болған оқиға, ақиқат ақтаңдақтары тарих елегінен сұрыпталып, саналарына мәңгі жатталып қалатыны бар. Олар туралы әңгіме таусылмақ емес.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published.