ЭССЕ “Баланың тәрбиесі –психологтың қолында”

Кайролапова Шынар Жанатовна

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы,

Арықты орта мектебінің

 педагог – психолог

ЭССЕ

“Баланың тәрбиесі –психологтың қолында”

Қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі – әлі жете зерттелмеген, зерделенбей жатқан тылсым дүние”  Н.Ә.Назарбаев

1

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті дамыған алдымен 50 елдің, соңғы кезде 30 елдің қатарына кіру стратегиясын қабылдаған кезде, адамды тәрбиелеуге, сол мақсаттарға сай білімді, тәжірибені жинақтауға ұмтылдыру, бағыттау алдыңғы қатарға шыққан мәселенің бірі екенгдігін айтып өтті.

Мемлекет, қоғам дамуының қозғаушы күші – адам. Яғни қоғамдағы жетістіктер бірінші кезекте адамдардың интеллектуалдық белсенділігіне байланысты, тәуелді. Сол үшін де осы жаһандану дәуірінде бәсекелестікке шыдай алатын, өз мамандығын жетік меңгерген, бастаған ісін орындауға табандылық көрсете алатын, мемлекеттің тірегі бола алатындай тұлғаларды қалыптастыру оқу орындарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі болып отыр.

2

Менің  өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын.

«…Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, ұстаз баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген М.Жұмабаев қазақ ағартушысы .

Келешекте біздің еліміз басқа тәуелсіз елдермен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қазақ балаларын ешкімнен кем қылмай, мектеп қабырғасынан-ақ  жан-жақты білімді, тәрбиелі етіп шығару жолындағы басты тұлға –мұғалім. Балаға тәрбиеде қандай бағыт берсек, үлкенге де сондай бағыт-бағдар беріп отыру керек, онсыз үлкен адамдар да қателесіп кетуі ықтимал. Баланы не бұзатынын білсем, соған амал табар едім, бірақ оның қиындығы барлық талап тілегіне шектеу қоймауында ма деймін? Адам табиғатындағы ақылсыздықты тек тәрбиенің күшімен ғана ақылға келтіруге болады. Сондықтан тәрбиеге әрқашан бірінші жетекшілікті беру керек.  Бабалар дәстүрінде тәрбиелеудің ең басты белгісі сенім. Осы берік сенім негізінде адамды қалыптастыра аласың. Өзіңді өзің беріліп, сеніп, шын тәрбиелемесең, қай істе болмасын өжеттілік жасай алмайсын. Болайын деген бала жер тепкілеп туады, онысы «болам, болам», «алам, алам» дегені.

3

Мен кейбір адамдардың сөзін, ойын, пікірін таң қалып тыңдаймын, тұла бойы асыл қазынаға толы неткен жандар деп ойлаймын. Егер осы адамдар түбегейлі қолына қалам алып жазса, кемеңгер адам болып, ұрпақтың кәдесіне жарарлық көп мұра қалдырар еді. Бірақ, көп адамдар тұтанып жанып, жылу да, жалын да бермей, өзімен алып кетеді. Сондықтан адамға ерте мән беріп, тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген дұрыс!

Мен жұмыс барысында  көптеген  психолог – ғалымдардың, ойшылдардың  еңбектерімен танысып, халқымыздың ұлттық тәрбиесі негіздерінде бүгінгі психологтар қажетіне жаратар көп қазына бар екендігіне көзім жетті. Шығыстың аристотелі атанған ұлы бабамыз Әл – Фараби  “Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы” деп көрсеткен. Бала тәрбиелеу өте қиын, жауапкершілікті  үрдіс екені белгілі. Барлық ұстаз білім мен тәрбиені қатар алып жүруі керек. Бұл мақсатта әсіресе психолог мамандарға үлкен міндеттер жүктелген.  Орыс ойшылы К.Д.Ушинский “Бала – балқытылған алтын”   деген. Сондықтан  “Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың” деген халық сөзіне сүйене отырып, мен өз алдыма “Оқыту үрдісіндегі тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін зерттеу” деп проблема қойдым. Әрбір оқушыны жеке тұлға деп танып, ғылыми, рухани мұраларды игерген, шығармашылық ой – өрісі бар, компютерлік сауаттылығы мен ақпараттың мәдениеті қалыптасқан жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің ең негізгі мақсаттарының бірі деп ойлаймын. Бірақ ата –ананың бәрі бірдей ұстаз емес, бәрі бірдей психолог емес. Оның үстіне толық емес отбасылар қоғамда көбейіп отыр. Сондықтан отбасындағы кемшін тәрбиенің орынын толықтыру, ұстаздардың, оның ішінде психолог мамандардың міндеті деп түсінемін. Психолог маман  аса сезімтал, ерекше  жанашыр, мықты шыдамды болу арқылы  шәкіртінің сырына бойлай алады.  Айталық: Егер мен бір шәкіртімнің қатты жасық жасқаншақ екенін анықтап шықсам, оны «шалқайғанға шалқай, ол атаңнан ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол атаңның құлы емес» деген қағиданы санасына сіңіріп, оның ешкімнен кем емес екендігін, жұртпен бірдей екендігін  дәлелелдеп, жігерін ұштап, өзін-өзі тануына, қаблетін жетілдіруіне бар мүмкіндігімді жұмсаймын.

Біздің мақсатымыз  – шәкіртті тәртіпсіз етіп тәрбиелеу емес, ойшыл, епті, ерікті, сезімтал етіп тәрбиелеу,  оны күнделікті тәрбие жұмысында ұмытуға болмайды.  Оқушыға тәртіп талабын қойсаң, оны сыйлайтыныңды да сездіріп қойғаның дұрыс, себебі бала талап-тілекті түсінбеуі мүмкін. Адамды адам сыйлау арқылы ғана түсініседі, сыйласады. Тәрбиенің құдіреттілігі сонда, күн сәулесін уыстап бергендей, ендеше зиялы азамат – тәрбие жемісі.

Менің мақсатым – бала жүрегінің дүрсілін сезіну. – Бір инабат оқып жібер,- дейді көптеген қариялар, ал қайсы бірі:   «Инабатты бала екен»,- дейді, сондықтан баланы инабаттылыққа тәрбиелеу керек.

Барлық ұстаздар міндеттерін өз құқығындай жақсы білсе ғой, жұмыс алға тезірек басар еді. Жақсы ұстаз туа болмайды, жүре болады, бірақ дағдыда өмір бақи «ұжым тәрбиесінде» жүрген ұстаздар әлі де бар-ау.

Кейбір шәкірттерге неге сабақтан кешіктің демеу керек, кешігіп болдың ба деу керек, сонда ол кешіккенін тоқтатады.

Ұстаз ұстаз болған шәкіртімен кездессе де, ұстаздық сөзін айтады, ғажап жалғастық. Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек, себебі шәкірт оны «құдайдай» көреді. Шәкірттің ойын күнде жетелеп отырмаса, ол тәрбие көшінен қалып қояды.

Шәкіртке қатты сөз айтуға болмайды, ол алланың қаһарынан да жаман. «Бұзық» оқушымен әңгімелеспес бұрын, өзің туралы айтшы деп жақын тарт, сонда оны түсінесің, күдігің жойылады, өзара тіл табысасың. Тіл арқылы жүрекке кіресің. Адамды тәрбиелеймін десең, оның тілегін орында, одан арғысы белгілі болады. Ұлы адамдар да өле-өлгенше тәрбиеленіп өтеді. Тәрбие -телегей теңіз, байтақ ұғым, шеті мен түбіне жете алмайсың. Тәрбие – адамның екінші табиғаты.  Баланы баяндама оқып тәрбиелеме, баяндап тәрбиеле.

Ұстаз шәкірттің берген жауабын жаңалық деп қабылдасын, сонда шәкірт оқу- ізденуге талпына береді. Шәкіртті жете білген оқытады, жетік білген – үйретеді.

Ұстаздарға айтарым: бала тәртіпсіздік көрсетіп, сабақта кедергі жасаса, «директорға, завучке апарамын» деп баланы қорқытпа. Апара қалғанда одан бір нәтиже шыға ма? Оны да ойластырған жөн. Егер бала олардан мәнді ештеңе алмаса, соңынан өзіңді күлкі ететінін күні бұрын білуің керек. Ұстаздың жүрегінің 99%- ті қайрымдылыққа толы жандар.

Мен оқушылармен және ата-аналармен көптеген жұмыстар ұйымдастырамын. Аудандық семинарға қатысып 11 сынып оқушылармен дөңгелнк үстел өткіздім. Балалар кздесуге белсене қатысып, қызығушылықтарың көрсетті.

Психолог адамның сырласы, адам жанының елшісі. Бүгінгі біздің қоғамда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр. Көгілдір экранды жаулаған шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер, шетелдің арзанқол музыкасы т.б. жастарымызды улап жатырғаны жасырын емес. Олардың бәрі жастардың көңіл – күйіне, психикасына әсер етуде. Яғни, тәрбие жұмыстарындағы мәселелер бәрімізге ортақ. Бұндай келеңсіз істермен күрес жүргізу бірінші кезекте тұр. Халқымыз көне заманнан келе жатқанҰяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөзін ұмытпауымыз керек.
Педагог – психологтың еңбегінің күрделі және жауапты екенін айта келе, психологқа тән мынадай қасиеттерді: әр жастағы баланың даму ерекшеліктеріне сай келетін тәрбиенің тиімді әдісін таба білу, баламен тіл табыса білу шеберлігі, ақыл – парасаты мол болуы, оқыту мен тәрбиенің жаңа әдістемелерін тәжірибеге батыл еңгізу, оқушының сеніміне бөлену, ұйымдастырушылық қабілетерін қалыптастыру мақсатында өз тәжірибемде одан әрі жандандырып мектебімдегі әріптестеріме көмегімді тигізсем деймін.

Leave a Reply

Your email address will not be published.