Мақала «Білімді жастар-Ұлттың жарқын болашағы»


Абилдаева Куралай Ганиевна

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық   колледжі

Оқытушы


 

Білімді жастар – Ұлттың жарқын болашағы

Жастар – елдің даму қарқынын көрсететін белсенді көрсеткіш. Кез-келген қоғамда елдің өркениет көшіне ілесіп не артта қалғанын жастарының белсенділігінен байқауға болады. Жастық – ол ізденістің бастауы. Осы кезеңде адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарып тастайтындай көрініп, барлық істе – спортта, саясатта, бизнесте болсын көшбасшылық танытады. Жастар тәрбиесімен жұмысты жақсарту, егемен еліміздің салауатты ұрпақтарын қалыптастыру – Елбасының әр Жолдауында атап көрсетілетін басты міндеттердің бірі. Болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары – асқақ рухты жастар десек қателеспейміз. Білімді де білікті жастар – еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан да, әрқашан жастарды қолдап, олардың әрбір әрекетіне көңіл бөлуді еліміз бірінші орынға қойған.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жариялаған биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы экономикалық дағдарыс әлем елдерін қыса бастағанда жарық көрген маңызды құжат болды. Жолдаудағы әрбір айтылған тапсырмалар мен міндеттер ел жастарын айналып өтпейді. Қайта жігерлендіріп, атқарылар істі анықтап берді. Елбасымыз әлеуметтік маңызы зор, бүкіл экономикамыздың күре тамыры болып саналатын энергетиканы, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жақсарту мәселелері бойынша нақты бағдарламалар ұсынды. Жол салуда 200 мың адамды жұмыспен қамтуды тапсыруы, теміржол, әуе, автокөлік жолдарының инфрақұрылымдық дамуы, оның экономикадағы орнын анықтап беруі ел болашағы үшін маңызды жайлар. Жұмыспен қамтуды баса айтуы дағдарыс кезінде ел жастары қиналмасын деген ой екені белгілі. Жастарды ерекше қуантқаны, баспана мәселесі бойынша жасалатын реформа. Осы реформа бойынша қаншама жас шаңырақтар шуаққа бөленіп, қоныс тойын тойлады.

«Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы! Бүгінгідей жаһандану жағдайында мемлекет мен адам озық, бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет.Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады»,-деп нық сеніммен сөйлеген Елбасы жастарға үлкен сенім артты. Бұл жолда бүгінгі буын аянып қалуды ұят санайды, өз жұмыстары мен ел үшін еңбек етуді борышым деп біледі. Мен мұны өзім жұмыс атқаратын М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде жұмыс атқаратын замандас әріптестерімнен де байқаймын. Білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп, жаңашылдық пен дәстүрлі оқуды ұштастыра білген, колледж мұғалімдері талай биіктерді бағындырып жүр. Мұндай белсенді жастардың терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ тәрбиелейтініне дау жоқ.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін! – деп М.Жұмабаев айтқандай, жастар біздің болашағымыз, демек, жастарға үнемі қолдау көрсетіп отырған еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын!

 

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі

«Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің оқытушысы

Абилдаева Куралай Ганиевна

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа жол» атты Қазақстан халқына Жолдауынан (Астана, 2014 жылғы 11 қараша)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *