Баяндама “Батыс Қазақстандық төкпе дәстүрін орындайтын күйшілер және олардың орындау шеберліктері”


                                                                                                                                                            Утеуов Женис Кимранович

Ж.Досмухамедов атындағы педагогикалық колледж  Орал қаласы

Қазақ халқының музыка өнерінің ең бай саласының бірі – күй өнері. Күйшілік өнер басқа өнер салалары сияқты тақырыптық, стильдік және орындаушылық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі бағытта дамып, өркендеді. Ғасырлар бойы қастерлі тұмардай сақталып, бүгінгі күнге жеткен халық күйлері, музыкалық мәдениеті, күйлердің түп-тамыры, ежелгі салт-санамен ұштасып, ұғым-түсінікпен астасып жатыр. Халқымыздың мұңы мен зары, қуаныш-күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы, іздеген мұраты сол киелі домбыраның қос ішегінен күй болып төгіледі. Оны өшірмей, бар нәрімен, бар сөлімен бүгінгі күнге жеткізген екі құдіретті күш бар. Бірі-киелі домбыра, екіншісі-сол домбыраны сөйлетіп қана қоймай, уақыт шежіресін күй ғып жазған, сол арқылы халқына рухани қуат берген күйші композиторларымыз.
Тылсым тарих қойнауынан күйші бабалар арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткен құдіретті күй–ұлттық мақтанышымыз, ортаймас асыл қазынамыз, бақ байрағымыз.
Күй атасы Құрманғазыны, бапас атанып кеткен Дәулеткерейді, күй анасы Динаны, күй әлемінде қиқу салған Махамбетті, Маңғыстаудың мыңғырған  мектебі Абыл, Есір, Құлшар, Өскенбай, Мұратты, Арқаның сырлы сазы Тәттімбетті, Ақжеленнің атасы Қазанғапты, Тазбала атанып есті күй қалдырған Еспайды, Атыраудан Маңғыстау асып «Бозашыны» боздатқан Ерғалиды, Шығыстың шуағын шілтерлеген Сүгірді, күні кеше арамызда мөлдіретіп күй төккен Төлегенді, Нұрғисаны, Мағауияны пір тұтпайтын иісі қазақ жоқ секілді.
Олар-орындаушылық және композиторлық қасиеттерді тел иемденген аға ұрпақ өкілдері. Домбыра дәстүрінің дамуы XIX ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген кәсіби күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінді. Бұл күйші- композиторлар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде жарқын із қалдырды.
Домбыра өнерінде батысқазақстандық төкпе және шығыс қазақстандық шертпе тәрізді екі аспаптық дәстүр қалыптасты. Бұл екі дәстүр бір-бірінен композициялық құрылысы, ойнау техникасы, музыкалық тілі жағынан айрықшаланып дараланады. Батыс Қазақстан күйлері негізінен шиеленіскен тартысты оқиғаларға құрылады. Терең философиялық толғанысқа толы бұл күйлерде қуатты әрі толық қанды образдар жасалады. Төкпе күйлердің шертпе күйлерден айырмашылығы-оның бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға болып келетін нақтыланған формасы бар. Және бұл дәстүрдегі тағы бір ерекшелік-оң қол қағысында. Қағыстар оң қолдың сермей соғуымен орындалып, қара қағыс, ілме қағыс, бөгеме қағыс сияқты сан түрге бөлінеді.
Шығыс қазақстандық шертпе дәстүрінің ерекшеліктеріне күйлердің ән тектес әуенді, сазды және жұмсақ нәзік үнді болып келуін, саусақ басымен шертіп тарту әдістерін жатқызуға болады. Олардың мазмұнына психологиялық суреттемелер, терең толғаныстар, әйелдердің нәзік бейнелеріне тән.
Халық арасында әр күйшінің өз қолтаңбасы, стильдік ерекшелігі, орындаушылық тәсілдері баршасына белгілі. Енді сол дәулескер күйші аталарымыздың күйлерін еске түсіріп, сонау заманнан сыр шертіп көрейік.
Күй атасы Құрманғазы күйлерінің алатын орны ерекше. Құрманғазы күйлерінен қазақ жерінің тіршілік тынысын, шексіз кең даланы, тұлпардың шабысын сезініп, халқымыздың күш-қуатын, сырын ұғамыз. Күйші домбыраның орындау әдістерін, аспаптың дыбыстық және техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше ұтымды қолдана білген. Құрманғазы күйлеріндегі тағы бір ерекшелік – композитор күйдің шарықтау шегі, яғни кіші саға мен үлкен сағаның дамып, жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазонын өне бойында ауытқымай сақтап отырады. Оның «Сарыарқа», «Алатау», «Бұлбұлдың құрғыры» күйлері туған жер мен табиғат сұлулығын бейнелесе, «Төремұрат», «Адай», «Лауішкен», «Кішкентай» күйлері адам образдарын суреттейтін арнау – шығармалар. Ал «Ақжелең», «Байжұма», «Балбырауын», «Терісқақпай» күйлері қазақ музыкасында қалыптасқан дәстүрлі жанрлардың негізінде шығарылған. Сонымен қатар «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» тәрізді күйшінің өз өміріндегі оқиғаларға байланысты шығарылған күйлері композитор шығармашылығында елеулі орын алады. Құрманғазы-қазақ музыкасының классигі.                             Дәулеткерей – философиялық дүниетанымы терең, ойшыл композитор. Ол қазақтың аспаптық музыкасының лирикалық күйлер бағытын қалады. Оның нәзік психологиялық әйелдер образын сомдаған «Қыз Ақжелен», «Құдаша», «Ақбала қыз», сыршыл көңіл күйді бейнелейтін «Қоңыр», «Көркем ханым», бұлбұл құстың поэтикалық образына арналған «Бұлбұл» күйлері осының айғағы. Күйші «Топан», «Жігер» күйлерінде терең философиялық толғанысты суреттесе, «Салық өлген» атты жоқтау күйінде ауыр трагедиялық сезім толқынысын бейнелеген. Дәулеткерей күйлерінің құрылысындағы аса дамыған бөлімі-орта буын мен кіші саға. Композитор күй желісін дамыта отырып, үлкен саға пернелеріне де барып қайтады, бірақ үлкен саға орнықты көрсетілмеген.
Дәулеткерей күйлері орындаушылық тұрғыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Дәулеткерейдің өзіндік ойнау мәнері қазақ қоғамының жоғарғы аристократиясы арасында жайылған «төре тартысы» этикасына байланысты қалыптасты. Құрманғазы күйлеріндегі оң қолдың қағыс ауқымы кең болуы төре күйлерінде кездеспейді. Дәулеткерей күйлерінің оң қол ауқымы «тар» болып, домбыраның мойыны аса жоғары көтерілмейді. Күйлердің әрбір қағысы барлық саусақ пен жұдырықтың түйілген қалпында артық қимылсыз, жұмсақ және дәл орындауды қажет етеді. Дәулеткерей күйлерін орындағанда дыбыстың интонациялық тазалығы мен тербелісін, мелизмдер мен қағыс өрнектерін дәл сақтау керек.                                                                                             Қазанғаптың күйлері өзінің орындалу тәсілі жөнінен де, мазмұны мен әуені жағынан да ерекше. Оның күйлерінен тегеурінді жойқын күш сезілмейді, тұнық лирика мен өрілген күй арқауындағы әрбір ойы философиялық тұжырымға негізделеді. Мәнерлі, қоңыр үнді, биязы күйлері тыңдаушысының жан дүниесін баурап алып, терең де-тылсым дүние төріне жетелей жөнеледі.
Қазанғаптың күйлерінде қағыс түрлері қаншалықты құбылып, тыныс-демі қаншалықты өзгергенімен, барлық күйлеріндегі саз-әуен бітімділігі ұзара сақталып отырады. Оң қол қағысының қимыл-қозғалысы күй әуенін айқындауда басты тетік болып табылады. Қазанғап күйлерін тек ойнап қою аздық етеді, оған орындаушы жан тәнімен берілу қажет.
Қазанғап күйлерінің өн бойында кездесетін «ілме» қағыстар мен «қара» қағыстарды сипай, әдемі үн шығара қағу әдістерімен орындау, «теріс» қағыстарды-сұқ саусақ пен бас бармақтың көмегімен алуы мен ерекшелінеді.
Қазанғаптың Балжан қызға арналған он бес түрлі күйі бар. «Жұртта қалған», «Боз жорғаның бөгелек қағуы», «Кербез Ақжелен», «Шырылдатпа», – деген күйлері бар.                                                                                                Абыл-Маңғыстау мектебінің күйшісі. Ол Адайдың атақты домбырашысы Қошқардан тәлім- тәрбие алып, күйлерін үйренген. Абыл стилі жағынан басқа композиторларға ұқсамайды. Оның күйлерінің формасы өте күрделі болып келеді. Абыл күйлерінде жалпы Батыс Қазақстан күйлеріне тән форма заңдылықтары сақталса да, бас буын мен күй тақырыбының арасы бөлінбей, күй формасының жалпы құрылысымен тұтасып жатады. Домбыраның орта буынында бірнеше тұрақталған ладтық пернелер кездесіп, олардың әрқайсысының өрнектеліп орындалуына байланысты күйдің дамуы негізінде домбыраның орта шеңінде жүреді. «Нарату» күйінде саға функциясы күйдің шарықтау шегі сияқты емес, дамудың тағы бір кезеңі іспетті. Ал «Абыл» күйінде кіші саға мүлдем жоқ, үлкен саға дәстүрлі қалпында көрсетілген. Әр буынның қайталанып отыруы және әр бөлімнен қайтқан қайырымдардың үнемі дамып, өзгеріп, жаңғырып отыруы Абыл күйлерінің стильдік ерекшеліктеріне тән. Абыл дәстүрінде қағыстың ырғақтық өрнегі де сан алуан болып келеді. Сонымен қатар, домбыраның әрбір ішегін тең мағыналы етіп, астыңғы ішекте келе жатқан ырғақтық әуенді үстіңгі ішекке ауыстырып отыру Абыл дәстүрінде кең дамыған. Абыл дәстүрінің аппликатуралық жағы да өз алдына бір төбе. Сол қолдың шынашағы басқа күй дәстүрдегідей аты жоқ саусақпен қабаттасып жүрмей, өз алдына бір перне басып жүреді.                                                        Дина – дәстүрлі халық өнерінен сусындап үлгі өнеге алған Қазақстанның батыс өңіріндегі ұлы күйшілердің соңғы буыны дейміз. Дина, біріншіден, халық композиторларының күйлерін бізге жеткізген шебер орындаушы. Күй атасының жолын қуған Дина өзінің ұлы ұстазы Құрманғазының күйлерін шебер орындаумен қатар, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Дәулеткерей, Түркеш, Әлікейдің күйлерін тартқанда алдына жан салмайтын. Өз күйлерін Дина импровизациялық формада еркін тартқан. Ол күйдің негізгі композициялық принциптерін сақтай отырып, әр тартқанында күйін жаңаша өрнекпен орындай беретін. Батыс Қазақстанның күй формасына сүйене отырып, Дина күй құрылысын өзінше дамытқан. Бас буын мен орта буын аралығындағы күй тақырыбы дәстүрдегідей өзгермей, дәл сақталса да, күй құрылысындағы басқа буындар үнемі өрнектеліп, құбылып отырады. Кіші сағаның өзінде дәстүрлі үстіңгі ішекте жүретін өрнек жол, ол күйдің даму бөлімін құрайды. Дина күйлеріндегі оң қолдың қағыс техникасы, сол қолдың аппликатуралық тәртібінің өзі де алдына бір төбе. Борандатып келе жатқан күй сарынының кілт тоқтап, күй ырғағының үнемі құбылып отыруы Дина күйлеріне тән басты қасиет болып табылады. «Байжұма», «Жігер», «Жаңа бозшалақ» күйлері дарынды күйші- композиторлар Дәулеткерей, Құрманғазы, Түркешке арналып, солардың күйі желісінің негізінде туған. «Қарақасқа ат» туған ауылын, жас кезін, бақытты шағын еске алуға, «Кербез» өмірінің ауыр кезеңінде ақыл беріп, демеу болған сүйікті абысынының бейнесіне арналған.                             Мәмен күйші-он төрт жасында күйші бала атанады. Сөйтіп, жас күйші ерекше дарынымен, орындаушылық шеберлігімен жұртшылықтың назарына ілігеді. Әлікей, Түркеш сияқты дарынды күйшілер мен ұлы ұстазы Құрманғазы дәстүрін жалғастыра отырып, Мәмен өзі де күйлер шығара бастайды. Оның әрбір күйі аспаптық музыка мәдениетіміздегі қайталанбас дара туындылар болып табылады. Мәмен өз күйлерінде әрбір әуендік фраза мен күй құрылысындағы детальдарды шеберлікпен өңдеп жетілдіруі соншалық, оған импровизациялық иірімдер қосып, күй формасындағы бөлімдердің бірін ауыстырып немесе алып тастау мүмкін емес. Композитор жалпы төкпе күй құрылысындағы заңдылықтарды сақтай отырып, күй формасын өзінше дамыта түскен. «Ақшолпан» күйінде бірнеше күй тақырыбы мен орта буын бір арнаға құйылса, кіші саға мен үлкен саға тұтасып жатыр. Мәменнің бізге жеткен алты күйі-оның үлкен мұрасының бір ғана бөлшегі. Шығармаларының күрделілігі мен орындалу әдісінің қиындығы оның күйлерінің жоғалып, ұмытылып кетуінің бірден бір себебі болды. Мәмен күйлері тек қана шеберлігі толысқан, дарынды домбырашылардың ғана репертуарында сақталған.                       Домбыра өнері бұл күнде де өз жалғасын тауып, дамып, өркендеп отыр. Өмірдің тұрмыс-тіршіліктің жаңғыруына байланысты орындаушылық дәстүр мен оның функциялары да қазіргі уақытта өзгеріске ұшырады.
Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина сияқты ұлы күйшілеріміз кейінгі ұрпаққа сарқылмас қазына, мәңгі өлмес рухани мұра қалдырды. Сол мұраны сақтап, жас ұрпаққа күй орындаудың шеберлігін үйрету арқылы жалғастыру – біздің басты міндеттіміз деп есептеймін. Осы дәулескер күйшілеріміздің күйлерін оқушыларға үйретіп, оларды түрлі сахналарда орындауын, байқауларға қатысуын біздің төкпе дәстүріне қосып келе жатқан үлесіміз деп ойлаймын. Сөзімнің соңын күй құдіретін тамаша суреттеген І.Жансүгіровтың «Күй» поэмасының үзіндісімен аяқтағым келіп тұр:

Кейде күй талмаураған, толықсыған,
Кейде өжет, кейде долы, албыртсынған.
Кейде паң, кейде дархан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шаншып шауып тынған.

Күй күшті тауды, тасты бұзатұғын,
Орнына өз өрнегін сызатұғын.
Талқандап тас кереңді үн оятып,
Дүкені дүниенің қызатұғын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *