Мақала “ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҰСТАЗДЫҢ РӨЛІ”

Табуктинова Жайдары Нургалиевна
преподаватель казахского языка
Екибастузского колледжа инженерно-технического института имени академика Сатпаева

Бүгінгі жас ұрпақтың алдында әлемдік стандартқа негізделген білім алу жауапкершілігі тұр. Ұстаз шәкіртінің жеке дамуын қамтамасыз етуде үнемі ізденісте болу қажеттілігі айқын көрінеді. Оқу орынды бітіріп шыққан түлек өзіне сенімді, білімді өздігінен алатын, өз елінің патриоты болатын, коммуникабелді болуы тиіс. Сондықтан қоғам әрдайым мұғалімдерге жоғары талаптар қояды, сол талаптардың бірі – бүгінгі педагогтар қауымының алдында оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру, рухани өсуіне жағдай жасау.

ХХІ ғасырдағы оқушыны сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін мұғалімге алдымен оқушының функционалдық сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамыту маңызды болып отыр.

Білім беру саласы қызметкерлері алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін пайдалана отырып оқушылардың функционалдық сауаттылығының дамуына  ықпалын тигізуде.

Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін педагогикалық аса зор тәжірибені жұмылдыру қажет. Бұл өз қызметіне шығармашылықпен қарайтын, жеке басының белгілі іскерлік қасиеті бар адамды қажет ететін жұмыс.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында [1, 23-34б.] «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу» деп атап көрсетілген.

Елбасының тапсырмасы бойынша функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында [2, 4б.]  анық көрсетілген.

Білім беру жүйесін жаңартуға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында [3, 7б.]  ерекше атап өтсе, «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында білім беру саласындағы басымдықтарды қадап айтты. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Білім беруді жаңарту оқушы білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда функционалдық сауаттылығын қалыптастырады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заманның талабы. Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасын сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы, қоғамның кез-келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.

Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда, функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.

Жалпы, функционалдық сауаттылық дегеніміз не? Функционалдық сауаттылық дегеніміз­­ ­- адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығына, жасына қарамай үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Мұндағы басшылыққа алынатын сапалар:

-белсенділік;

-шығармашылық тұрғыда ойлау;

-шешім қабылдай алу;

-өз кәсібін дұрыс таңдай алу;

-өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады.

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан меңгертілуі басты орында болуы керек. Біздің өзекті мәселеміз: жаңа оқыту әдіс-тәсілдері арқылы қазақ тілін меңгерту. Осы ретте, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс жүргізе білудің маңызы зор. Педагогтың шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынында өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады.

Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады. Жаңа технологияларды меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін – өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Бүгінде жаңаша ойлай алатын мұғалім мәртебесі де жоғары болмақ, ол оқушылар мен олардың ата-аналарының сұраныстарын қанағаттандыра алатын жаңа формациялы мұғалім. Сол себепті білім кеңістігінде «Жаңаша мұғалім қандай болу керек? Өскелең ұрпақты қалай және неге үйрету керекпіз?» деген сұрақтың өзектілігі арта түспек. Ол үшін алдымен мектеп

бітіріп шыққан оқушының табысты болып қалыптасуына кәсіби білімді мұғалім қажет [4, 14б.].

Қоғамның қойып отырған талаптары да осы, ал қоғам талаптарына сәйкес болу үшін мұғалім өзінің білімін жетілдіре, мінез-құлқын тәрбиелей, шығармашылық даму шараларын жүзеге асыра білуі керек. Нағыз мұғалім – өзін-өзі дамытып отыратын тұлға. Мұғалімнің кәсіби дайындығы, білім мен біліктері, оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүруі тек шығармашылық қызмет арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сонымен қатар жаңа технологияларды кеңінен пайдалану да маңызды болып отыр. Бүгінде жаңа технологияны меңгеруде мұғалімнің жан-жақты, білімі қажет. Жаңа технологияларды өз тәжірибесінде тиімді қолданып жүрген ұстаздар ғана оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыта алады [5, 27б.].

Сондықтан бүгінгі оқушының функционалдық сауаттылығын арттыруда жаңа формациядағы мұғалім бойында төмендегі кәсіби құзыреттілігі болса мақсатымызға бірге жетпекпіз, ол:

– оқушыларға қамқорлық көрсете білетін, оған ықпал жасай алатын және өз бетінше шешім қабылдауда бағыт-бағдар беретін;

– әрбір оқушының пәнді түсінуді қалай құрылымдау қажеттігін ойластыра білетінін сезінетін, осы көзқарастар тұрғысынан білімі мен тәжірибесін қалыптастыратын;

– оқушының білім беру бағдарламасы деңгейлері бойынша ілгері жылжуын өрістету мақсатында мазмұнға сәйкес кері байланыс орната алатын кәсіби білімі мен түсінігі бар;- оқытудың мақсаты мен сабақтың нәтижелі де табысты өту өлшемдерін, өзі мен оқушыларының бұл өлшемдерге қандай дәрежеде сәйкес келетіндігін білетін;

– оқушылардың игерген білімі мен оқушылар мойындаған «Біз қайда бара

жатырмыз?», «Қандай іс-әрекет жасау керек?», «Одан әрі не істеу керек?» деген сияқты табыстылық өлшемдері арасындағы алшақтықты жою үшін не істеу керек екенін білетін;

– бастапқы идеядан өзге идеяларды өрістете байланыстыратын және сол идеяларды оқушылардың өздері құрастырып, жандандыра алатындай етіп жинақтап, толықтырып, тереңдетіп бере алатын мұғалімдер. Бұл құзыреттіліктер деңгейлік бағдарламада көрсетілген.

Белгілі педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» – деген пікірін негізге ала отыра мұғалім әрдайым кәсіби дамуына назар аудару қажет.

Leave a Reply

Your email address will not be published.