Ашық сабақ «Адам болам десеңіз…»


Учитель казахского языка и казахской литературы

Тулебаева Роза Каирбековна, высшая категория
 ГУ “Борисовская средняя школа

отдела образования Атбасарского района”

«Адам болам десеңіз…»

Мақсаты: Абай жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп, оның болашақ өсу, даму жолодарын байқатар басты нәрсе – ғылым деп көрсетеді. Әдепті болуға үйрету жақсылыққа тәрбиелеу болып табылады. Үйрету, үлгі көрсету, жақсыға жанастыру, дағдыландыру, жақсы салтты дәстүрге айналдыру, яғни игілікті іс-әрекетті қалыптастыру. Саналы азамат болып сапалы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек. Азбайтын, тозбайтын басты байлығымыз – білім мен ғылымды жастардың санасына сіңіру.

Тақырыбы: «Адам болам десеңіз…»

Көрнекілігі: 1) Абай Құнанбаевтың портреті. 2) Қанатты сөздер: Абай Құнанбайұлы адамгершілік, ғылым, білім жайында. 3) Буклет. Абайдың өлеңдері, өсиеттері қара сөздері. 4) Оқушылар шығармашылығы, жазған өлеңдері, жасаған қолөнері көрмеге қойылды.

Өтілу формасы: «Дөңгелек стол».

Тақырыбы бойынша оқушылар өз ойын еркін айта білді. Ұстаздың басшылығымен жүргізуші күні бұрын нақты жоспар жасады.

Бағдарлама:

  1. Бес нәрсеге асық бол.
  2. Бес нәрседен қашық бол.
  3. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
  4. Ескірмейтін ескі сөз (Абайдың, т.б. ғұламалардың нақыл, қасиетті сөздері).

1-жүргізуші.

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Қастерлеп сөз асылын өлеңменен

Мұра ғып кейінге қалдырған кім?

2-жүргізуші.

Ерте оянып, ойланып, ер жеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құба жон, қүбақан құм, құла қырды,

Өлеңнің бесігінде тарбеткен кім?

Абай суреті ілінген. Абай оқушы (жасырынып тұрып) болашаққа өсиет айтып тұрғандай…

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!»

1-жүргізуші.

Қазақ жерінің ақыны, данышпаны болғанымен Абай біреу-ақ, Абайы бар елдің мейірі үстем. Абай қазақтың бар жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.

2-жүргізуші.

Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бармек. Сол шыңнан көз жазбау – біздің парызымыз да қарызымыз.

Жүргізушілер Абай суретінің алдына келіп тағзым етеді.

Абай Ата! Өзіңнің үміт еткен шөберелерің сіз туралы толғап, сыр шертпек.

Тәрбиеші.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы классик ақын Абай Құнанбаев (1845-1904) ағартушылық жұмысында өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде оқу, өнер білім үйрену, оны халық қажетіне жұмсау, жастарды адамгершілік қасиеттерге, өнегелі мінез-құлыққа тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Абай жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп, оның болашақ өсу, даму жолдарын байқатар басты нәрсе – ғылым деп көрсетеді.

1-оқушы.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз-

деп өсйет айтады. Саналы азамат болып, саналы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек дейді ғұлама. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді халық. Данышпан ақын ғылымды үйреніп, білімді болу үшін жалықпай, ерінбей еңбек ету қажеттігін айтады.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүмше де өзі, молда да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз – деп ғылым үйренудің қиындығы мен бағыт-бағдарын шебер түсіндіреді.

Жүргізуші.

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек дейді 38-сөзінде – әуелі – надандық, екіншісі еріншектік, үшіншісі залымдық деп білемін», – деп, бұл үшеуімен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі – ғылымды, адал еңбекті, адамгершілікті атап, өзінің шығармашылығында осы үшеуін дәріптеп, өсиет етті және бұл үшеуінің жасампаздық күшіне сенді. Абайдың ағартушылық идеясы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айтылған. «Адам болу» қағидасымен ұштасып жатыр. Абайда «ғылым табу мен адам болу» бір-бірімен ұштасып:

Ғылым таппай мақтанба…

Адам болам десеңіз – деп келеді де ғылым тауып, адам болу үшін не істеу керек дегенде, Абай «Адам болу» қағидасын ұсынады.

«Бес дұшпанға» бой алдырған өз замандастарының қылықтарын «Дос жылатып айтады» дегендей жеріне жеткізіп, сүйегінен өткізіп айтып, олардың «ұятын, арын оятып», адам болғысы келген адамның асық болар «бес асыл ісін» өсиет етеді.

1-жүргізуші.

«Бес асыл іс» – адамгершілік – Абай ұсынған этикалық әдеп нормалары. Адамзат қоғамы тарихында – жеке адамның ақылы мен мінезі, адамгершілігі жағынан өсіп-жетіліп, толық адам болып қалыптасуы – күрделі мәселелердің бірі.

«Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз…» деп айқындап берді. «Адам болу, оған тезірек жетуге асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа Абай:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой-

Бес асыл іс, көнсеңіз…» – деп, тұжырымды жауап берді.

2-оқушы.

Талап. Абай 44-сөзін «Адам баласының ең жаманы – талапсыз»-деп бастайды да, талаптың түрлері көп болатынын баяндайды. Абайдың түсінуінше талапсыздық түрлері – ынтасыздық. Ықылассыздық, жігерсіздік.

Еңбек – бұл дүниедегі құдіретті күш, діни ұғымда құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден-бір жасампаз ұлы күш – еңбек.

Терең ой – адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек дағдысы барысында қалыптасқан адамды барлық жан-жануардан ерекше айырып тұрған екі қасиетті Абай жоғары бағалады. Оның біріншісі – ақыл-ой, екіншісі – сөз.

Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «Қанағат ұғымына ерекше мән береді. Ақынның түсінуінше қанағат – барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу.

Рақым. Рақым дегеніміз ұғымдық философиялық тұрғыдан алғанда адамның өзге кісілерге жасайтын жақсылығы, мейірім-шапағаты мен көмегі.

Жүргізуші.

Абай «Бес асыл ісінде» нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанда»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпанын білсеңіз…»

деп адамның бойындағы жағымсыз қсиетті сынға алады.

3-оқушы.

Өсек. Абай заманында ел арасына көп тараған, адамгершілікке жат, жаман қылықтардың бірі – өсек айту, өсекшілдік. Өсектің қазақ ортасын кең тараған бір түрі – жалақорлық, арызқойлық, өсек, өтірік, домалақ арыздар Абайдың өз атына да талай тжауған болатын.

Өтірік. Ақын өсекшілдікті опасыздықтың, арамзалықтың, екіжүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінде айыптайды, өсек-аяңға үйір, желбуаз жандарды өлтіре сынап, адамдар бойындағы өтірік айту секілді кеселдерді уытты тілмен әшкерелейді.

Мақтаншақ. Абай өмір сүрген заманда ел адамдарының, әсіресе үстем тап өкілдерінің бойында жиі кездесетін жаман қылықтардың бірі – мақтаншақтық, даңғойлық.

Еріншектік – адамдардың бойына біткен жаман қылықтардың ішінде ең жағымсызы. Абайдың түсіндіруінше: – еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.

Бекер мал шашу. Абай шығармаларында қолда бар қаржы мен мал-мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын білмейтін, сырт көзге жомарт болып көрінуге тырысатын мақтаншақ адамдарды өлтіре сынға алған.

1-жүргізуші.

«Бес асыл іс» пен «Бес дұшпан» жөніндегі тұжырымдарында өз заманындағы қазақ өмірінің диалектикалық тұжырымдарына нақтылы мысалдармен, болмыстық деректермен терең талдау жасайды.

2-жүргізуші.

Абай адамның адам болу қағидасымен шектелмей, адамтану туралы ойын әрі дамытып, тереңдете берді. Ойшыл ақынды көп толғандырған ендігі бір мәселе – адамның барлық жағынан жан-жақты жетіліп, «толық адам» болу мәселесі. Толық адам болу үшін адам бойындағы ең негізгі қасиеттер – қайрат, ақыл, жүрек тең болуы қажет деп тоқтамға келеді.

Көрініс.

Әдемі киінген қыз бала кеуде тұсына қызыл түстен жүрек бейнесін ілген.

Жүрек:

– Мен адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен. Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен таралады. Жүрек жанында тұрған «Ақыл» мен «Қайратқа» қарата сөз сөйлейді:

– Ей, ақыл! … Амал да, айла да – бәрі сенен шығады, жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені – сен екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің – соның жаман.

– Ей, қайрат! Сен де жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің – соның жаман. Ортада бой таластырған үшеуге әділ төрелікке «Білім» ата келеді. Басына шалма ораған, ойлы, қолында кітап.

Білім:

– Сенің үшеуіңнің басыңда қоспақ – менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Осы үшеуінің басыңды қос, соның ішінде жүрекке билет.

1-жүргізуші: Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық жүрек, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жолын білмек.

2-жүргізуші.

Өз халқының тағдыры тебірентіп, қолына қалам алған Абай заманының бет пердесін ашып, заман адамының бейнесін жасап, әне заманың, міне адамың, заманың тозып, адамың азып барады. «Сәуле болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл» деп, адам болар жолды да, жөнді де айтып берді. Жиған мол білімі, өзіндік терең танымы, адамды сүйген жылы жүрегі Абайды өз халқының деңгейінде қалдырмады. Баршаға ортақ гуманистік ой-қазынасын ұсынып, адамзаттың Абайы бола білді.

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *