Арманымыз орындала берсін


Саурбаева Салтанат Беркутовна

Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл

гуманитарлық колледжінің оқытушысы

СҚО, Петропавл қаласы

Мен соңғы екі-үш жылда мектепте қызмет ететін әріптестерімнен 7 модуль, үш айлық курс, тренер, Кембридж тәсілі, бірінші, екінші, үшінші деңгей, т.б. көптеген сөздер мен сөз тіркестерін жиі естіп келдім. Жиындарда, қонақта, демалыс орындарында кездесе қалсақ болды, айтатын әңгімелері «мен барып келдім, сертификат алдым, басқа облыста қызмет етіп жүрген әріптестерімнің тәжірибесімен таныстым, қызықты жұмыстар болды, топпен жұмыс, рефлексияның өзі бір қызық…» деген әңгімелерін қызыға да қызғана тыңдап жүрдім. Ішімнен армандап қоямын «мен де,шіркін, барып келсем…».

Қазіргі заманда білім беру жүйесінде болып жатқан тың өзгерістерден хабардар болу, кәсіби өсу мақсатында іздену – әр педагогтың міндеті. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының 7 модулінің негізгі идеясынан алған білімім арқылы мен өзімді де, өзгені де өзгерте аламын деп ойлаймын. Тәжірибемдегі тың өзгерістер қазіргі жаһандану заманында болашақ жас мұғалімдерді даярлауға үлкен септігін тигізетінін түсінемін.

Жалпы арман деген дүние – сәттілікке бастар жолдың алғашқы баспалдағы екені рас екен. Мен осы курсқа келген алғашқы күннен-ақ тәжірибеме қажет  жаңа бастаманы қуанышпен  қабылдадым. Мұндай курс – оқытушыға қажетті ғылым. Бірінші бетпе-бетте оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен  әріптестеріммен бірлесе танысып, оқулықтарды оқып, тәжірибе алмасу мені шығармашылық ізденіске, сыни ойлай білуге бағыттап, жасаған іс-әрекетке кері байланыс жасай отыра өзімді реттеуге үйретті.

Үздіксіз ізденіп өтуде әр күнім.

Жаңаша  оқытам жастардың барлығын.

Білім мен ғылымның  қыр-сырын танитын,

Бұл курстың  мен үшін  берері көп бүгін.

«Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» – деп қазақтың ғалымы, тіл білімінің атасы А.Байтұрсынов айтқандай, шәкірт оқытып, тәрбиелеуде үздіксіз ізденіп, еңбектенуге  әрдайым дайынмын дегім келеді.

 

 

Кіріспе

Қазіргі заманында білім беру жүйесінде болып жатқан тың өзгерістерден хабардар болу, кәсіби өсу мақсатында іздену әр педагогтың міндеті деп ойлаймын. Өз тәжірибемдегі соңғы  ерекшеліктің бірі ретінде Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың үшінші дeңгeйлiк бaғдaрлaмaсы негізінде әзірленген тренерлерді оқыту курсын айтуға болады. Осы курстың «Бірінші бетпе-бет» кезеңінен өткеннен кейін мен әдістемелік жұмысымды реттеуде  қандай бағытта қозғалу керектігін анықтадым. Өйткені  танысқан 7 модуль илеясы, яғни сыни тұрғыдан ойлау, бірлескен топтық жұмыс жасау, диологтік оқыту студенттердің өздігінен білім алуға, теориялық білімдерін тәжірибе барысында қолдана білуге, кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға жауапкершіліктерін арттыратынын байқадым. Сабақтарымда жаңа әдістер қолдануда табысты оқуға қол жеткізуге болатынын түсіндім.

Бірлескен топтық жұмыс бойынша рефлексиалық есеп

 

Колледждегі іс-тәжірибе кезінде курс барысында алған біліміммен атқарылған іс әрекеттерді екере отырып, оны студенттерге дағдыландыру іске асырылды. Бұған дейін  мен өз сабақтарымды негізінен дәстүрлі оқыту түрінде өткізіп  келдім. Өз тәжірибемдегі қолданылып жүрген топтық жұмысты ұйымдастыру әдіс-тәсілдері оқытушы үшін ғана тиімді екенін түсіндім. Осы курста алған білімімді сабағымда қолдану барысында бағдарламаның негізгі идеясы жеті модульді қолдану ретінің тиімділігін көруді мақсат еттім. Деңгейлі курс негізінде үйренген әдістерді іс-тәжірибемде қолданғанымда топтық жұмысты ұйымдастырудың ұтымды тұстарын байқағым келді. Топтық жұмыс студенттерді өзара еркін қарым-қатынасқа түсуге, бір-бірініне көмектесуге, өздерін, басқаларын бағалай алу, тыңдай білуге бағытталу қажет дегенді зерттедім.

Топпен жұмысты топ ережесін құрастырудан бастадым. Бұл бір-бірінің іс-әрекеттерін бақылау, тыңдауға, шыдамдылыққа үйретуге ықпалын тигізді. Шағын топтардағы белсенді студенттер өз пікірлерін дұрыс деп, басқалардың пікірлерін тыңдағысы келмей, шулап кеткен кезде топ ережесіне қайта оралып, өзара тыңдай білуге бір-бірінің назарарларын аударып отырды. Кейін студенттер ережеге сүйене жұмыс жасауға дағдылана бастады.

Бірлескен жұмысты бірінші сабағымда толығымен байқай алмадым. Үлгерімі нашар студенттер толығымен топ жұмысына кірісіп, белсенді жұмыс жасамады. Е. деген студент топта талқыланып жатқан жұмысқа араласқысы да келмеді. Жақсы оқитын студенттер негізгі жұмысты өздері ғана басқарып отырғанын байқадым.  Осыны келесі сабақтарымда жақсарту үшін топқа бөлу әдістеріне де, берілетін тапсырмаларға, топ мұшелерінің рөлдеріне көңіл бөлу керектігін ескердім. Студенттердің бірлескен жұмыстарын 5-6 студенттен құралған шағын топтарда ұйымдастырған жұмыс  сабағымның мазмұнын айқын ашуға мүмкіндік берді және де топтың барлық мүшелеріне  еркін сөйлеуге жағдай туғызды. Топтың бір-бірімен сәлемдесуі, аудиторияда психологиялық  жағымды ахуал қалыптастыру мақсатында «Сағат тілі бойынша достар», «Көршім», «Шаттық шеңбері» тренингтерін өткіздім. Бұл жаттығулардың көңіл-күйлерін көтеруде өздеріне жақсы әсер қалдырғанын, бір-бірімен шағын топта жақын, еркін қарым-қатынас жасауға пайдасы болғанын, өмірде қолданатындарын өздері сабақ соңында айтып өтті.

Студенттерді шағын топқа бөлуді ұйымдастырарда мен уақытты көп жұмсамау үшін көп көңіл бөлудің қажеті болмас деп ойлап едім, бірақ сабақта түсірілген бейнежазбамнан мұны жақсарту қажеттігін көрдім.

Топқа біріктіруде өлеңді құрастыру, түрлі түсті фигуралар, конфеттер бойынша топтасу тәсілдерін қолдандым. Топтағы жұмыстың мазмұнына қарай топ құрамын үнемі ауыстырып отырдым. Бұл өзіме студенттердің қаншалықты деңгейде топ жұмысына қатысатынын бақылауға мүмкіндік берді. Конфетпен бөлген кезде бірыңғай белсенділер бір топқа жиналып қалды. Сол кезде оларды араластыру үшін сергіту сәтін өткіздім. Екі шеңбер құрып музыка ырғағымен билей отыра, жұптасқан студенттер бір-бірлеріне конфеттерін сыйлап, бірдей түсті конфеттер арқылы топқа бөлінді. Күнделікті жұмысымда топ ішіндегі Е. деген студенттің нашар тәртібі, сабаққа көзқарасы мені ойландырып жүретін. Алдынғы сабақтарымда тек осы студентке көп ескертулер айтатынмын. Бағасы да нашар еді.  4 сабақта осы студентті назарда көп ұстап бақылап көрдім. Бірінші сабағымда өзі түскен топқа тартылып, онша жұмыс істемеді. Ал келесі сабақтарымда шағын  топпен жұмыста тапсырмаларды бірлесе атқару кезінде Е. деген студентімнің тәртібі біршама өзгергенін көрдім. Топтарға тапсырма бергенде ұйымдастырудағы жауапкершілікті сол студентке арттым, бұдан оның белсенділігі, көшбасшылыққа ұмтылысы байқалды, өзін-өзі реттеп топқа тартылды.

Сабақтарыма қорытынды жасай келе, кері байланыстарды, фото, бейнежазбаларымды көре жақсарту керек тұстарын жоспарлауды реттеу керекпін. Сабақты жоспарлауда кез-келген топпен істейтін жұмыстың әр студент үшін қандай пайдасы бар, не үшін қолданамын, өмірлік маңыздылығы неде деген сұрақтарды өзіме үнемі қойып жоспарлауымды жетілдіру қажет екенін сезіндім. Бірлескен жұмысты ұйымдастыруда  әр топ мүшелеріне рөлдерді бөліп алып жұмыс істетуді жақсартсам, барлық топ мүшелері бірдей нәтижеге қол жеткізе алады екенмін.

Диологтік оқыту туралы рефлексиялық есеп

 

Мен дәстүрлі сабақ беру жүйесі бойынша дәрісті өзім оқып, тақырып бойынша қажетті ойлар мен ақпараттарды негізінен өзім беріп, талдау жасап жүрдім, ал студенттер тек тыңдаушы және көшіріп алушы болды. Диалогтік оқу тек практикалық сабақтарда ғана жүзеге асырылады деген едім. Бұл ойымды өзгертуге курста бірінші бетпе-бет кезеңіндегі теориялық алған білімім үлкен септігін тигізді. Тәжірибеден өту кезінде диалогтік оқытуды студенттердің  теориялық тақырыптарды өздігінен меңгеруіне көбірек көңіл бөлдім. Студенттердің өз бетінше ізденісі мен жеке пайымдаулар жасап, өз пікірін, өз ойын айтуға бағытталған тапсырмалар ұсынып, оларға топтарда бірлесе жұмыс жасауға, ортақ пікір шығаруға мүмкіндік бердім. Оларды тақырыпты талдауға, дәлелдеуге, жауаптарын салыстыруға, зерттеулерін негіздеуге жетелеу керек екеніне көз жеткіздім.

Мұның бәрі бірден бола қойған процес емес. Өткізген бірінші сабағымның ұйымдастыру кезеңінде диалогтік оқытуды тақырыпты ашуға бағыттаған сұрақтарымнан кумулятивтік әңгіме басымырақ болып кеткенін аңғардым. Жүргізілген сұрақ-жауап барысында студенттер механикалық түрде бәрімен келісе бергені мені алаңдатты. Оның себебі жауап берулеріне көңіл бөлмей, студенттерді асықтырып ойларын жинақтатпай, өзім сөйлеп кете беріппін. Мұны топпен жұмыс жасау барысындағы дилог кезінде ескеруге тырыстым. Диалогтік оқуда ДЖИГСО әдісін қолданғанымда ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жету аясындағы табысты талқылауларда әңгіменің зерттеушілік түрін басшылыққа алдым. Студенттер дәріс мәтінімен  танысты, топ ішінде талдады, постер құрып, өзгелерге түсіндірді, сұрақтар қойды.Дегенмен де сұрақ қоюдың түрткі болу, ой салу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әр түрлі техникаларына мән бермегенімді, сабағымнан түсірілген бейнежазбамнан кері байланыс жасап отырып байқап қалдым. Бұл олқылықтарды жақсартуда алдыңғы жоспарлаған сабақтарымда студенттерді сұрақ қоюдың техникасын меңгеруге бағыттадым. «Жуан және жіңішке сұрақтар» қоюдың әдісімен таныстырып, өткен сабақтар бойынша сұрақтар дайындап, қайталау жүргіздік. Өткізген әр тапсырма негізінде жасалған іс-әрекетке ауызша диалог негізінде кері байланыс жасатып отырдым. Мұндағы мақсатым, әр студент бір-бірін қалай бақылап отыр екен, тапсырмаларлы орындау барысында барлық топ мүшелері қатысып отыр ма екен, оны көріп алу болды. Сондағы байқағаным топтағы белсенділер ғана көп жұмыс істейді. Топтардың ішіндегі орташа деңгейде оқитын студенттер отырып қалады екен. Белсенділік танытпайтын студенттерді көбірек жұмысқа тарту үшін «BLAB TREE» ағашын пайдаланып, өзін-өзі реттеуге суретпен жұмыс жасаттым. Бақылап қарағанымда 7 студент әлі де болса белсенділік танытпай отырғаны көрінді. Ә. есімді студент бірінші суретті бояғанда өзінің еріншектігін, жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтінін айтып, өз әрекетінен өзі ұялғанын айтты. Бұдан кейін топ ішінде белсенділік танытуға ұмтылатынын білдірді.

Өткізген сабақтарым қазақ тілі мен әдебиеті мамадығында оқитын  студенттер болғандықтан, диалогтік оқыту бұл топ үшін жақын әрі ең маңызды әдіс деп ойлаймын. Егер мен студенттермен сабақта диалогтік оқытуда әдіс-тәсілдерді жүйелі, орынды қолдана алсам, онда студенттер өмірде де дұрыс пайдалана алады, өз ойларын еркін айтуға тырысады, ауызекі сөйлеу қабілеттері дамиды, ынтымақтастықпен бірлескен жұмыс болады, түрлі ойындар арқылы тілдесім құзыреттіліктері артады. Сондай мақсатпен 2-ші сабағыма дайындық ретінде, бірін-бірі оқытуға негіздеп  «Оқушылардың тілін дамыту, ауызша тіл мәдениетіне баулу жолдары» атты тақырыбына дайындық ретінде алдын-ала үйге топтарға шығармашлық тапсырмалар бердім: 1.М.Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мазмұнына коллаж жасау; 2. «Әйел-ана» тақырыбы бойынша коллаж жасау;  3.Поэманың мазмұнымен үндес шығармамен салыстыру; 4. Поэмадағы қасиетті ұғымдар жайында әңгімелеу. Бұл тапсырма студенттер үшін маңызды болғанын көрдім, өйткені 3 топтың тапсырмасынан сабақ үстінде ғана емес, үй жұмысын орындауда да диологтік оқу жүретінін аңғардым. Олар осы жұмысқа дайындаларда жиналып бірге кітапханаға барған, бірі сурет салып дайындаса, бірі жинаған материалдарын жүйелеген, оны қорғауға дайындалғанда, алдын-ала бір-бірімен ақылдасып, талдап, айтатын ойларын жүйеге келтіріп, әңгімелеуге дайындалған. Мұндай жұмыс түрі оларды бірлікке жетелейтініне көз жеткіздім.

Диологтік оқудың тағы бір ерекшелігі студенттердің бірігіп шешім қабылдауына әсерін тигізетінін  айтуға болады. «9 ромб» әдісі арқылы мұғалімдердің оқушылармен қарым-қатынасындағы маңызды, маңыздылығы төмен әрекетті орналастыру үшін, «Менің атым-Қожа» фильмінен сыныптағы мұғалім мен оқушылар арасындағы диалогті көрсеттім де, сол негізінде өздерінің ойларын жинақтап орналастыруларын сұрадым. Үзіндіні көрген соң бірінші топта қызу талқылауға көшті, содан кейін ортақ шешімге келіп, жалпы сыныптағы мұғалім мен оқушылар арасындағы диалогтің (қарым-қатынас) маңыздылығы орналастырды. Бұл жұмыста студенттердің шешім қабылдағанда бірін-бірі тыңдауға ықпал еткендерін байқадым және де дұрыс шықпай жатқанда түзетулер айтқанда, қателіктерін мойындап, сынды жақсы қабылдай алатындары байқалды. Диалогтік оқу арқылы, тапсырмаларды бірлесе атқару кезінде орташа деңгейдегі студенттер де өзінің жауапкершілігін танытып топқа тартылды.

Диалогтік оқуда жұптық жұмыстар маңызды рөл атқарады.Тапсырманы оқып, орындап,  көршісі екеуі бір-бірлеріне сұрақтар қоя отырып талдау барысында барлығы жұмыс жасауға талпынады. Бұл ретте «Суреттер сөйлейді» әдісін қолдандым. Суреттермен жұмыс жасауарқылы бір нәрсе туралы ойындағы негізгі қажеттіліктерін, білетіндерін, білгендерін жұбымен бөлісті, ортаға салып топтады. Мұндағы тағы  байқағаным топтағы деңгейі орташа студент те жұптық тапсырма барысында өз үлесін қосты. Өзара оқыту арқылы белсенді студенттер өз топтарындағыларға көмектесті. Жұптық жұмыстың жақсартатын тұстары да жоқ емес. Топта тапсырма орындағанда уақыт белгілеп отырғанымдай, жұппен жұмыста да берілетін уақытты нақытылап алсам, бұл жұмысым анағұрлым тиімдң болар еді. Бұл оларға ойын тез жинақтауға ықпалын тигізеді екен.  Екінші сабағымның бекіту кезеңінде  диалогтік оқыту бағытында жұмыс істеуді жалғастыру үшін «Соқыр ана» бейнежазбасын қолданған едім. «Бейнефильмдегі проблема тұсында ойлан, ойыңды жинақта, жұбыңмен бөліс, топта талқыла» деген тапсырма студенттердің диалогтік оқу жұмысын бақылауға көмектесті.  Бұдан бейнежазбаларды сабақта пайдалану зерттеушілік әңгімелеу әдісін жүзеге асыруды түсінуге көмектесті. Үшінші сабағымда бірін-бірі толықтырып, тақырыпты өздігінен түсініп, талдауға «Айналмалы бекет» әдісінің пайдасы болды. Жаңа тақырыпты 4 бөлікке бөліп, алдарына плакат бердім. Мұндағы мақсатым жаңа тақырыпты өздері зерттеп, ойларымен бір-бірімен бөлісіп, толықтыру арқылы әңгімелестіру еді. Кейін менің берген дәріс мәтінімен салыстырып, өз кемшіліктерін тауып, бір-біріне cұрaқ-жaуaп тәcілі aрқылы диaлогқa түcті. Мен олaрғa жеңілдетілген бaғыттaушы cұрaқтaр қойып ойларын жүйелетіп отырдым. Поcтерге жaзу кезінде бөлінген уaқыттaн aртық уaқыт жұмcaп отырды. Сол себептен алдағы уақытта бұл әдістің теориясын тағы қосымша ресурстардан қарап жұмысымды жақсартуды жоспарладым. Соңғы сабағымда диалогтік оқытуда мектепте жазба жұмыстарын ұйымдастыруда СМАРТ-ты түсініп, қолдануды үйретуге бағыттадым. Бұл жұмыста студенттердің бір-бірінің қателіктерін көре алуларын бақыладым. Сонымен қатар, шығармашылық жұмысты жүзеге асыру арқылы әңгімелесуді қолдану тиімді екенін түсіндім. Сабақтан тыс 4 студентпен жүргізген «Ашық сұхбатты» да диалогтік оқыту деп  айтуға болады. Бұл студенттерді еркін әңгімеге жетелеу, жеке ойларын ортаға сала отыра, бір-бірін тыңдай білуге бағыттау еді.

Қорытындылай келе, сабақтарымда диалог ынтымақтастық пен серіктестікті тудырды, студенттер зерттеушілік әңгіме жүргізгенде бір-бірінің ойымен де есептесуге ұмтылды, ойларын жүйелеуге тырысты. Орташа деңгейдегі студенттердің сабаққа қызығушылығы артып өз еркімен ынталанып жұмыс жасай бастағанын байқадым. Ол үшін мен студенттердің не білетінін және нені жасай алатынын, сондай –ақ олардың қызығушылықтарын арттыру үшін әр студент нені жақсы көретінін және нені істегісі келетітін түсінуге тырысып, бaқылaушы және бaғыттaушы қызметін aтқaрдым, кейбір кездерде бaғыт – бaғдaр беруге дaйын болдым. Бұдан өзімнің бiлім бeру және оқыту жөнiндегі жеке көзқарасым өзгерді.

Сын тұрғысынан ойлау бойынша рефлексиалық есеп

 

Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзірленіп өткізілген курс білімімді зерделеуге және жаңаны меңгеруге көмектесті. Осы бағдарлама аясында алған білімімді  іс-тәжірибеде қолдана білу, заманға сай студенттерді қалай оқыту керектігін үйренуге септігін тигізіп отыр. Бұл маған  студенттерге білім беруде іс-әрекетімді реттеп, жұмысымды жаңаша жоспарлауға көмектесті. Бағдарламаның негізгі идеясы 7 модульді игеріп, оны өз сабақтарыма үйлестіре қолдана алудың өзі жұмысыңа сыни көзқараспен қарауды мақсат етеді. Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді. [1]

Оқытушы ретіндегі менің кәсіби мақсатым – білім беруде үнемі ізденісте болып, нәтижелі еңбек ету болып табылады. Осы негізде Мен кім? Кімді және қалай оқытамын? Нәтижесі қандай болмақ? деген сұрақтарды шешіп көрдім.Өз тәжірибемді «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқитын 3 курс студенттерімен жүргіздім. Сабақтарыма тапсырмалар дайындаған кезде сыни тұрғыдан ойлауға негізделген әдіс-тәсілдерді қолдандым. Сыни ойлаудың әр стратегиясының өзіндік ерекшеліктері бар. Әдіс тәсілдерді оқытушылар студенттердің қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп, қолданған дұрыс. Сол себептен осы тәжірибемде қолданатын тапсырмаларды студенттерге тиімді жағын таңдап алып жетілдіру керек деген мүмкіндік туды. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. [1] Осыны тәжірибеден өткенге дейінгі күнделікті сабақтарымда қолданып жүрсем де, толық көңілім толмай жүретін. Сабақ мазмұнына сай қолданатын әдіс-тәсілдердің неге сәтсіз шығатынын нақты байқай алмайтынмын. Бірінші бетпе-бет кезеңінде алған теориялық білімнен сын тұрғысынан ойлау әдісі дәлелдер мен мәнмәтіндерді, тұжырымдар мен әдістер және критерийлерді қолдана білетін, нысаналы, өзін реттей алатын ой үдерісі екенін білдім. Студенттердің  тыңдау мен зерттеу арқылы оқу, мәнмәтінге көңіл бөліп, шешім қабылдау үшін тиісті өлшемдерді қолдана білу сияқты дағдылармен қоса, білім беру бағдарламасы мен оқыту үдерісін түсіну үшін қажетті теориялық базаны, қорытынды мен тұжырымдарды қалыптастырудың тиісті әдістері мен технологияларын дамыту керек екенімді ұқтым.

Ендігі кезекте өткізген 4 сабағымда сын тұрғысынан ойлаудың әдіс-тәсілдерін қалай қолдандым, соған тоқталсам деймін. Сабақты өткізу кезінде ой қозғаудан бастадым. Бұл сұрақ – жауап арқылы өткен сабаққа қасқаша шолу жасауға, сол төңіректе ойларын жинақтап алуға мүмкіндік береді. Сабақтарымда  ой қозғауда «Ассоцияция», «Миға шабуыл», «Кластер» стратегияларын қолданып отырдым. [3] Бұл студенттердің жаңа тақырыпты ашуға  қызықтыруға  ықпалын тигізді. Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды да көздейді. Александердің диалогтік оқытуына тоқталатын болсақ ол диалектикалық және диалогтік педогогика тұрғысынан оқушылардың ой – пікірлеріне болмашы ғана алынатын сыныптағы қарым – қатынастың дәстүлі моделіне күмәнмен қарайды. Студенттерді диалог пен талқылауға тарту белсенді жүргізген жағдайда олардың оқуы тиімдірек және зияткерлік жетістіктері жоғары болатынын  өз тәжірибемде байқадым. Оқушылар сабақта диалогтік қатынастарды пайдалана отыра дұрыс сұрақ қоюға үйренеді. Осы ретте мағынаны тануда ДЖИКСО стратегиясын қолдандым.[2]Бұл мазмұнды жоғары табыспен меңгеру, оқығанды есте сақтау үшін өте тиімді екенін білдім. Бұдан студенттің оқуға деген қызығушылығының  артқанын, ұжымда жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын,  ең бастысы тақырыпты түсініп, талдауда жан-жақты ойлауға мүмкіндік беретінін байқадым. Дегенмен де тақырыпты түсініп, ойларын постерге түсірерде ойларын жинақтай алмай, көп уақыт отырып қалды. Постерді қорғауға шыққан кейбір топтың студенттерінің сөздерін бөлуге тура келді. Бұл олардың ойын толық жеткізе алмағандарына әкелді. Келесі жолы сабақ кезеңдерінде әр тапсырмаға регламент белгілеуді ескердім. Екінші сабағымда студенттердің кері байланыстарынан топпен жұмыс істеу тиімді, әрі ұнайтынын ескеріп, сыни тұрғыдан ойлау тапсырмаларын топпен де, жеке де жұмыстарда көруге дайындап әкелдім. Сабақтың басында «Суреттер не дейді?» әдісін қолданып, интербелсенді тақта көмегімен әр түрлі суреттер көрсеттім. Студенттер осы суреттер бойынша ойларына алғашқы келген сөздерді жазып отырып, топ ішінде талқылады, ортақ сөздерді құрастырып, жалпы тақырып қойды. Шығармашылық ойлауларын шыңдау мақсатында үйге берілген  М.Мақатаевтің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы мазмұны бойынша  «Коллаж» құрастыру, Ана тақырыбындағы басқа туындылармен салыстыруда «Венн диаграммасын» толтыру негізінде тапсырмаларын қорғады. Бұл тапсырманы орындау барысында байқағаным студенттердің алдын-ала дайындап келген жұмыстарын  бір- бірімен қызу талқылауының жоғары болғаны. Үй тапсырмасын тексергенде кейбір студенттер орындап келмегенімен, әрбір топтың  студенттері өз тобындағы тапсырманы орындамай келгендерге көрсетіп, өздерінің серіктестеріне көмектесті. Бұл жағдайда ынтымақтастық атмосферасын көруге болады.

Кейін «Бір айналым сөйлесу» стартегиясын қолданып көрдім. Бұл әдіс жаңа тақырыпты ашуға түрткі ретінде септігін тигізді. Дегенмен де, студенттер өз бойындағы қасиетті толық пайдалана алмады. Себебі,  сөздік қорларының аздығынан, ойды жүйелей алмауларынан  орташа белсенділік танытты. Келесі сабақтарда ашылып, топқа көмек көрсететіндей тапсырмаларды беру керек деп ой түйдім. Осыған байланысты СТО модулін өткізетін сабақ барысында кеңейтуге тырыстым.

Студенттердің сыни тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуда ұтымды шыққан «Алты ойшыл қалпақ» әдісін тиімділігіне тотала кетсем, бұл әдіс өзіндік менменшілдікті ойлаудан аластатуға мүмкіндік береді. Студенттердің ойлау қабілетін дамытады. Белсенділік, дербестік, шығармашылығы дамиды;сөздік қорлары, тілдері, ойлау қабілеттері дамиды; өзіндік әрекет жасауға үйретеді. Студенттерге бір проблеманың көпқырын тануға мүмкіндік берді. Дегенмен, қарақалпақ идеясын қолдану ойымдағыдай шықпады. Топтар тапсырмасын 5 қалпақ бойынша бөліп, қарақалпақтың тапсырмасын орындау үшін барлық топқа мүмкіндік берген едім. Бірақ бұл ойым толық жүзеге аспады. Студенттер  жұмыстарын ортаға салып талдауда, қателіктерін байқауға уақыт тығыз болғанынан  бұл қалпақ функциясын орындау мүмкіндігі болмады. Келесі ретте бұл әдісті қолданарда 6 қалпақтың тапсырмасын нақты бөліп берсем, жоспарланған жұмысым жақсырақ болар ма еді деп түсіндім. Сабақтарда бейнефильм көрсету арқылы проблеманы өз көзқарастарымен талқылап, талдап, өз бағаларын беру де студенттердің сыни ойлау қабілеттерін дамыта алады деп ойлаймын. Осы негізде «Соқыр ана» бейнефильмін көрсетіп, «Екі түрлі жазба күнделігін» толтыртып көрдім. Бұл әдіс те ойларын жан-жақты қарастырып, жұмыс жасауға үйретеді. Ақпаратты өз бетінше меңгеруге жағдай жасайды. Сөз астарын, құдіретін түсінуге бағыттайды. Сыни тұрғыдан ойлаумен бірге  студенттердің шығармашылық ойлауларын  дамиды. Бұл ретте өз тәжірибемде «Менің атым Қожа» повесі кейіпкерлеріне мінездеме беру, талдау жұмысын жүргізуде қолданғаным «Суреттермен сөйлету» әдісі. 4 топқа бөлінген студенттер түрлі-түсті қағаздардың көмегімен  «Түбінде адам болатын бала» (Қожа), «Жаман азамат шықпас еді…», (Сұлтан), «Білімді мыңды жығар» (Жантас), «Мейірімді қыз» (Жанар) тақырыбында ой бөлісіп, постер жасады. Әр топ қызықты суреттермен безендірген постерлерін ортаға шығып қорғады.Мұндағы мені қуaнтқaн жaғдaй оcы жұмыc түрі бaрыcындa бәрі жұмыла, бірі қағаз қиса, бірі суреттерді желімдеп, бірі ойларын постерге жазып шығaрмaшылық ойларын жарыса айтып, топта үндемей отырa бермей, caбaққa қaтыca бacтaғaнын бaйқaғaным. Осындай әрекетттің негізінде студенттерді басқа қырынан танып білуге мүмкіндік алдым.

Сын тұрғысынан ойлау студенттердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін түсіндім. Оқытушыға да, студентке де шығармашылық қабілеттерін шыңдауға септігін тигізетініне көзім жетті. Жалпы өткізілген 4 сабағымның аясында қолданған әдіс-тәсілдерім тиімді тапсырмаларды іздеуге  ұмтылуға, жеңіл жауаптарды іздеудің орнына ойды сыни ойлауға бағыттайтын сұрақтар қою, дәлелді сөйлей алу, кез-келген дәлелді есепке алу, эмоцияға емес себепке негіздеу керек екенін түсінуіме көмек болды.

Формативті бағалау стратегиялары бойынша рефлексиялық есеп

 

Курс негізінде тағы бір түсінуге жасаған қадам – «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалаудың» өзіндік айырмашылығы. Жалпы білімді бағалау, жайында педагогикалық тұрғыда түсінігім болса да, бағалаудың жаңаша талаптарын дұрыс меңгермей жүрмін-ау деген ойлар мені ғана емес, басқа да әріптестерімнің ойында жүрген сауал екен. Курстың бірінші «бетпе-бет кезеңінде» танысып, талқылаған теориялық білімнен ұққаным: күнделікті жұмысымда қолданып жүген 5 жүйелік бағалау студент білімінің нақты қай деңгейде екенін байқатқанымен,студенттің басқа жағынан жақсаруына мүмкіндік бермейді. Ал бағалаудың жаңа тәсілдері студентті өзін және өзгені бағалауда үлкен жауапкершілік пен сенім артқызады. Студент өз міндетін жақсы атқарудың жолдарын қарастыруға талпынады,қызығады, әділдікке үйренеді. Ал бұл жас маманға ең қажетті дүниелер.

Бағалау-оқытудың жүйелі және жопарлы жинақталған куәгері ретінді оның сапасы туралы  қорытынды қабылдау үшін пайдаланатын әрекеттің кез келген түріне қатысты берілген категория оқытудың екі аспектісін қарастырады: оқытуды бағалау (сумативті бағалау) және оқыту үшін бағалау (формативті бағалау).

Оқытуды, оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдерді жақсарту мүмкіндіктерін және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін анықтауға бағытталған бағалау қалыптастырушы немесе оқу үшін бағалау (ОүБ) деп аталады. Егер бағалау мақсаты баға қою, сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару болса, онда өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық болып табылады және кейде оны оқуды бағалау деп атайды.[1]

Оқыту үшін бағалау (формативті бағалау) туралы алған теориялық білімімді тәжірибемде байқап көргенімде студенттің өзін – өзі, бірін – бірі бағалауы, кері байланыстың маңызды екенін ұғындым.
Формативті бағалаудың студенттің пәнге қызығушылығын арттыруда, сындарлы оқуын және түсінуін дамытуда маңызы зор деп санаймын. Себебі студент жұмыс істеуге ынталанып, мамандығына деген қызығушылығы арта түседі, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын танып білуге деген ұмтылысы жоғарлайдыСабақты ұйымдастыру кезеңінде бағалауды студенттермен құрастырған ережеден бастадық. Бұның  алдағы жұмыстарымызға қолдау көрсетіп отыруға көмегі болды. Студенттер бір-бірінің жұмыстарына шапалақпен, смайликпен, түрлі түстермен және «Жарайсың», «Сенеміз», «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ынталандырушы сөздермен қолдау жасады. Постер қорғағанда, сабақ қорытындылағанда іс-әрекеттерге кері байланыс тәсілдері түрлерін қолдану арқылы баға беріп отырды. «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісі бойынша екі жақсы шыққан тұстарын айтып, бір сұрақ немесе ұсыныстар айтып баға берді. Дегенмен бұл әдісті қолданған кезде кейбір студенттердің селсоқтықтарынан бұның нәтижесін көре алмадым. Олардың кері байланыстарны оқығанымда, «жақсы», «маған ұнады» деген жалпылама сөздермен ғана шектелгенін байқадым. Бұл олқылықтарды студенттердің өздері түсініп, қателіктерін дұрыстату үшін бағалау алдында сабақтың басында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырдым. Бастапқы кезде студенттер «неге бағаны өзіңіз қоймайсыз? Студенттер әділ баға бере алмайды» деп бір-біріне сенбей, наразылық тудырды Осыны шешу үшін, осы мәселені өздеріне кері байланыс ретінде ұсындым. Студенттер өз ойларын айтып, талдады. Бір-біріне нақты жұмыс жөнінде әділ баға беру қажеттігін ескертті. Осыдан байқағаным қалыптастырушы бағалау студенттің бойына сенімділік ұялатады екен. Студентте жаман баға  алып қаламын деген ой бірте-бірте сейіледі. Себебі, ол еркіндік жағдайда жұмыс жасайды, түсінбегендерін бір- біріне түсіндіреді, өзара талқылайды. Топпен жұмыста белсенділіктерін арттыру мақсатында өз-өздерін бағалауда «BLAB TREE ағашы» әдісін қолдандым. Бұдан студенттер өздерінің белсенді емес екендерін түсінді.Бояған суреттері бойынша талдау жасап, себептерін айтты, өздеріне баға берді. Сол студенттер сабақтың келесі кезеңдерінде іс-әрекетке белсене араласа бастады.

Осыған дейін студенттерді жалпы сабақтарымда ынтасын жоғарылату мақсатында мадақтап, марапаттап отыруға аса көңіл бөлмейтінмін. Студенттер мектеп оқушылары емес деп ойлайтынмын. Курс негізінде алған теориялық білім оқуды жақсарту бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, бірақ оқытуға енгізілуі тиіс түйінді факторларға байланысты екенін түсінуге көмектесті. Сабақтарымда студенттермен тиімді кері байланыс жасатып отыру, өзін-өзі бағалауға қатыстыру, бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытуды түрлендіру, бұл олардың оқуға деген ынтасын арттыратынын мойындауға ықпалын тигізді.

Әр сабақта ой толғаныс бөлімінде мәтінмен жұмыс жасауда топтар тапсырма бойынша бір бірін «Бағдаршам» әдісімен бағалады.Топтар бір бірін түстер арқылы бағалады. Жасыл түс тапсырманың өте жақсы орындалғындығын көрсетті.Сонымен бірге топты бағалауда топ басшысы өз тобындағы студенттерге де түрлі фигуралар беріп бағалап отырды. Осы бағалау студенттерге өте қатты ұнады. Сабақ соңында осы әдісті өмірде қолданатындарын айтты.Сабақ соңында оқушылар осы сабақтан не білгенін, не үйренгенін, не үйренгісі келетіні жөнінде «Білдім, Үйрендім, Білгім келеді» стратегиясы арқылы сабақты бағалап, сабақта қандай көңіл күйде болғандарын түрлі смайликтермен бағаласа, ал сабаққа белсенді қатысқандарға мадақтауларын бас бармақтар арқылы білдіріп отырды. Қалыптастырушы бағалау студент пен оқытушы арасында кері байланысты қамтамасыз етіп, оқу үдерісіне уақтылы өзгеріс енгізіп отыруға мүмкіндік беретіні сабақатағы қолданған түрлі әдістерден байқадым. [1] Студенттің кері байланыстарынан “Cабақтар әрдайым осылай өтсе екен, бәріміз бірге жасаған жұмыс бізге ұнады” деген ұсыныстары сабақ жопарлауға көмегі болды.

Студенттер жұмысын бағалау кезінде кедергілерге де кездесіп отырды. Постерлері дайын болған кезінде топтың атынан бір студент шығып қорғау керек болды, сол сәтте, топтың ішінде үнемі көшбасшылық танытып жүрген студент қана шығуға ниет білдірді Мұны байқап орташа деңгейдегі студенттерді де ынталандыру мақсатында отырған студенттердің барлығы шығып жұмысты қорғауына ұсыныс білдірдім. Сол кезде топтағы белсенді студент сөйлеу ретін барлығына тездетіп бөле қойды. Топ мүшелерінің барлығы шығып қорғауын, қағазға қарамай айтуларын бағалау критерийлеріне енгіздік. Сабақ қорыныдысындағы «Сөйлемді аяқта» кері байланыс парақшасын қолдану студенттердің сабақта алған білімдерін қаншалықты деңгейде екені, және олардың тыңдау, бақылауларының қалай болғанын саралауға көмегі болды. Бірақ бұл жұмыста  студенттерге менің көмегім қажет болды, өйткені студенттер сабақ барысында жұмыс жасаса да, өз әрекеттерін тізбектеп жаза алмады. Сол олқылықты жетілдіру үшін, келесі сабақтарымда әр тапсырмадан кейінгі іс-әрекетке «Бір сөзбен…», «Табыс баспалдағы», «Өз жауабын дәлелдеу», «Менің көңіл күйім»(смайликтермен) сияқты әдіс-тәсілдер арқылы кері байланыс жасатып отыруға тырыстым. Бұл өзімнің жұмысымды реттей алуға септігін тигізді. «Бес саусақ» әдісі студентерге қызықты, әрі жұмыстарын тез реттеуге жеңіл болды. Маған келесі сабағымда назар аудартатын тұстарды байқауға көмектесті. Бірақ мұндай қалыптастырушы бағалау студенттерге нақты баға қоюда қиындықтар туғызды. Себебі барлығы бір-бірінен қалмау үшін сабақта белсенді жұмыс жасауға ұмтылады, сабақтың соңында бәрі бірдей «5» пен «4» алғылары келеді. Осынындайды болдырмау үшін СМАРТ мақсатты жақсы ұққан жөн. Сабақты жоспарлауда нақты мақсат, соған сәйкес тапсырмаларды белгілікті критерийлер негізінде құрастырғанда бағалауда жалпылама емес, нақты, шындыққа сәйкес болады деп түсінемін. Өзім әдістеме пәнін бергендіктен студенттердің де осыны жақсы ұғып, үйренсін дедім. Сол мақсатпен төртінші сабағымда СМАРТ мақсатты түсіндіріп кеттім. Студенттер жазба жұмыстарын жүргізу барысында мақсат қоя білуді жоспарладым. Бұндай бағытта өткізген сабағым студенттің өз пайымдауы мен түйсігіне сүйене отырып, жеке қабілетін ашуға қадам жасады. «Чемодан», «ет тартқыш», «қоқыс» жәшігі кері байланысынан студенттердің де, өзімнің де  теориялық материалды қайталап шығу керек екенін түсіндім.

Алдағы уақытта сабақтарымда бұданда басқа бағалаудың түрлерін іздестіріп тиімді пайдалану қажеттігін түсінемін. «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!»деген Абайдың cөзі мақсатымды іске асыруға жол сілтейді деп ойлаймын.

Дарынды және талантты студенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру жайында рефлексиалық есеп

 

Барлық мұғалімдер балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн қолайлы орта жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл – ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететiн едәуір күрделі мәселе. Әртүрлi теориялар мен стратегиялар балаларды оқытудың мазмұнын анықтау үшін тиісті бағдарлама шеңберiнде қолданылады. Тәжiрибеге жасалған талдау оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруда мектеп бүкіл оқушылар үшін мектеп стандартын күрделендіре отырып, бастауыш буын деңгейінде «жалпымектептік саясатты» және орта буын деңгейінде «кеңейтілген» мектеп тәсілін құрған жағдайда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсетті. Талантты немесе қабілетті үнемі айқындай отырып бастауыш мектептердiң мұғалiмдерi өздерін «дарынды бақылаушылар» ретiнде көрсетуге тиіс.[1] Дарынды және талантты студентті анықтау оқытушыға қиындықтар туғызатынын білемін. Дарынды бала табиғатынан болу керек, оны мен өзім анықтай алмаймын деп ойлайтынмын.

Дарындылар мен талантты студенттер біртекті топ болып табылмайды, олардың әрқайсысының бойында өз қасиеттері, ерекшеліктері болады. Студенттердің арасында мұндайды бірден байқау мүмкін емес екен, себебі күнделікті сабақта олардың қабілеттілігі көрініп тұрмайды. Кейбір студенттердің дарындылығы объективтік себептердің әсерінен көрінбеуі де мүмкін немесе сабағымда өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік бермейтін шығармын. Кей студенттер үлгере алмайтындардың санатына жатуы немесе өз дарындылығын әдейі жасырып жүруі де мүмкін. Осы сияқты себептерден бе екен сабақтарымда студенттердің ерекше қабілеттерін байқауда өзім көп қиыншылықтармен кездестім, бұл олардың шынайы қабілеттерін  көре алуыма кедергі болды

Студенттердің таланты мен қабілетін ашып, оларды оқыту барысында дамыту қазіргі кезде маңызды мәселе. Білім беруде жеке студенттердің жетістіктерін анықтайтын және ынталандыратын  түрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар сайыстар бар. Алайда мұндай жұмыстар барлық студенттердің талант пен қабілеттін ашуға мүмкіндік бермейді. Мұны зерттеушілер де өз сөздерінде келтіріп кетеді.

Әр студенттің ерекше бір қабілетін болатынын өз тәжірибелік сабақтарымда байқай алдым. Мәселен топтық жұмыстарда студенттердің дарындылығы мен қабілеттіліктерін анықтауға болады екен. Топпен жұмыс кезіндегі шығармашылық жұмыстар осыған дәлел бола алады.Атап айтқанда:кластер, постер, жоба қорғау, синквеин (бес жолды өлең), аяқталмаған сөйлем, дөңгелек үстел, рөлдік ойындар, суреттер сөйлейді т.б. түрлі шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар орындау барысында студент тарапынан «Мен мұндайды жасай алмаймын, суретші, әнші, ақын емеспін»  деген наразылықтар да туындады. Бұл жағдайда өзім мақтау, мадақтаулар айтып, мысалдар келтіріп бағыт-бағдар бердім, Л.С.Выготскийдің жақын арадағы даму аймағындағы «көпірше» көмекші сөздер беріліп, ал топтағы студенттер бір-біріне қолдау жасап, тапсырмаларды ынтымақтаса орындап отырды. [1]Нәтиже алған соң, «қалай тапсырманы орындап шыққандарын байқамай қалғандарын» айтып, бір-біріне рахметтерін айтты.

Тәжірибеден өту кезеңінде мен әрбір  студенттің  бойында өз қабілеті мен дарындылығы бар екенін өздерінің жасаған постерлерін қорғауда, сәйкестендіру жұмыстарында, кері байланыс жұмыстарынан  байқадым Постер жасаған кезде топта белсенділік танытып жүретін студенттердің ұйымдастырушылық қабілеттірінің ерекшелігін көре алдым. Орташа деңгейдегі студенттерге жұмысты ретімен жасауға ықпал етіп отырды. Бұдан байқағаным бір-біріне еліктеуден ортада бәсекелесітік туады екен. Топта көшбасшылыққа таласатын студенттер де көріне бастады. Тек жақсы оқитын студенттер ғана көшбасшы бола алады деген ойымның қате екенін Е. деген студенттің соңғы сабақта «Суретпен сөйлетеміз» постерін құрастырып, қорғауда өз тобында көшбасшылық қабілетін көрсете алғаннынан байқап қалдым. Көшбасшы студенттердің топтағы жұмыстарын реттей білу ерекшеліктерінен ұйымшылдық күшейе түсті деп ойлаймын. Бірақ мұндай жұмыс түрлерін берген кезде студенттердің жас ерекшелігіне қарай тапсырмаларды орындау маңызды екен. Топтағы студенттердің жастарындағы бір-екі жас айырмашылығы қабылдауы, зейіндерінің әртүрлі екенін байқатты. Мұндай жағдайда топтағы жұмысты жас ерекшелігімен ұйымдастырып, тапсырмаға қойылатын талаптарға да көңіл бөлу керек екен және де топқа бөлгенде де соны ескерген жөн сияқты. «Студенттер әр курсқа жоғарлаған сайын олардың білімді қабылдауы өзгеріп, жас ерекшеліктеріне сай әр сатыдағы қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, тапсырмалар бергенде студентте өздігінен даму жүреді. Сонда студент өзін-өзі дамытады» деген ғалымдардың пікірі оқытушыға ой салады екен.

Студенттердің қабілеттеріндегі ерекшелікті олардың эстетикалық талғамдарының өсуінен де байқауға болады екен. Алдын ала үйге берілген тапсырмаларды орындау барысында бір студенттер дайындап әкелген тапсырмаларының әдемі, көркем, таза безендірілуіне үлкен мән берген, кейбіреуі жай қарапайым орындай салған. Бұл студенттерге бір-бірінің жұмысына қарай отыра, өздерінің жұмысын көркем етуге болады екен ғой деген ой туғызды. Сабақ барысындағы жұмыстарын ерекше безендіре отыра жасауға ықпал етті.

Сабақ барысында интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалануға тырыстым. 2-ші сабағымның бекіту кезеңінде бейнефильм көрсетіп, сол бойынша әсерлерін білу мақсатында «Екі түрлі жазба күнделігі» стратегиясын қолданған едім. Бұл тапсырманы орындау барысында өзімнің жоспарлауда ескермеген қателерімді байқадым. Мен бейнефильмнің ұзақтығын, мазмұны топтағы отбасы толық емес студенттерге басқаша әсер ететінін ескермеппін. Бұл кестені тез толытырып, ойларын ортаға салып талдауға студенттерге кедергі келтірді. А. есімді қыз баланың жасы топтағы студенттерден үлкен болса да, өміріндегі жағдайлары есіне түсіп, жылап, өз-өзіне келе алмай, кестені толтыра алмады. Келесі сабағымда әр студенттің отбасылық жеке ерекшеліктерін ескеру маңызды екен деп ұйғардым.

Тәжірибе кезінде өткізген соңғы сабағымда студенттердің болашақ мұғалім екендерін ескере отыра, олардың өздерінің оқушы бойында дарынды, дарындылық деген ұғымдарды қалай байқай алады екендеріне көңіл бөлдім. Өткізген сабақтарым 3 курс студенттері және олар байқау практикасының алғашке кезеңін өтіп келгендіктерінен, «Сіз ерекше қабілетті бала деп қандай балаларды айтасыз? Сіз дарынды балалармен жұмысты неден бастар едіңіз? Дарын мен дарындылықты қалай түсінесіз?» деген проблемалық сұрақтар қойып, осы ретте талдау жүргізіп көрдім.Бұл жерде де студенттердің жас ерекшеліктері әсерін тигізді. Негізінен проблема шешуге топтағы, көшбасшылық қабілеттерін көрсете алған студентер араласты. Кейін «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкерлерін талдай отыра, қандай ерекше қабілеттерін байқай алады екен деп, түрлі түсті қағаздар үлестіріп, соның көмегімен плакатқа кейіпкердің ерекше қабілеттерін ашатын сурет салғыздым. Бұл студенттердің байқағыштық қабілеттерін ашуға көмек болды. Бұл жұмысқа топ мүшелері бәрі қатыса алды. Кейін студенттермен осы байқағыштық қабілеттерінің қаншалықты деңгейде екенін өздері тағы бір байқап көрсін деген мақсатпен 16 сауалдан тұратын сауалнама жүргіздім. Осының нәтижесінде жұп сандарды көп таңдаған студенттер баланың бойындағы жасырын қабілеттерін аша алатындардың қатарында екендерін көріп, қуанып, алған әсерлерін ауызша рефлекияда жасырмады. «Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты Адам болады» деген ұлы Абайдың сөзі дәл осы ойыма мысал бола алады деп білдім.

Қорыта келгенде, дарын мен дарындылық екі ұғым екенін, алдыма келген әрбір студенттің жеке бір ерекшелігі болатынын мойындау қажеттігін ұққандаймын. Талантты және дарынды балаларды оқыту модулін сабаққа кірістірудегі біршама кедергілер өзімнің әлі де болса түсіне бермейтін тұстарымның бар екенін білдім. Қабілетті студенттерді анықтау, өздеріне деген сенімін арттыру, білімге деген ынтасын жоғарлату, мамандыққа деген құштарлықтарын оятуда оқытушыға теориялық білім, зерттеу жұмыстары қажет деп түсіндім. «Баланың қажеттілігін анықтап, дарындылыққа итермелеу үшін түрлі әдістерді қолдануды талап етеді» – деген ұлылардың ойы әрбір студенттің дарындылығын анықтаудың негізгі кілтін біліп, қажеттілігін түсінуде оқытушыға ізденісті талап ететінін ұқтым.

Курстағы оқудың жіне студенттермен жүргізілген жұмыстың қорытындысы

 

Мен осы курсқа келген алғашқы күннен тәжірибеме қажет  жаңа бастаманы қуанышпен  қабылдадым. Дәстүрлі сабақтарымды өзгертіп, сабақтың негізі оқытушы емес, студент болатындай жағдай жасау керек екенініне көзім жетті. Курстан алған теориялық білімім жаңашылдыққа батыл қадам жасауды педагогикалық тәжірибемді жақсарту жөніндегі шаралар деп қабылдауға бет-бұрыс жасады. Екінші «бетпе-бет кезеңі» тәжірибе кезінде 7 модуль идеясынан керектісін тауып, қолдануым жайында есеп беруге көмектесті. Осы рефлексиялық есептегі негізгі пайымдауларым алдағы уақытта өз тәжірибемде оcы жеті модуль идеясын дамытуда өзіндік бір жаңа идеяны үйлестіруге, оны жетілдіріп, оқу үрдісін ұйымдастыруда бacқa әдіc – тәcілдерді меңгеріп, жақсы шыққан тұсын асырып шығармашылығымды шыңдай түсуге ықпал ететіне сенімдімін. Ал менен тәлім алған студент соның ішінен өміріне керегін тапса, оқысын, жазсын, одан әрі дамытсын, ізденсін дегім келеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Студенеттерге арналған нұсқаулық. Бірінші басылым. «Назарбаев зияткерлік мектептері» – ДББҰ, 2015ж.
  2. Үлестірмелі материалдар. Екінші апта. Бірінші «Бетпе-бет кезеңі»
  3. Асхат Әлімов. Интербелсенді әдістемені мектепте қолдану. Оқу құралы.-Алматы, 2015.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *