«Тәуелсіздікпен жаңғырған Әз -Наурыз» мерекесінің сценарийі


 Саурбаева Салтанат Бүркітқызы

СҚО, Петропавл қаласы, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы

Колледж директоры: Таженова Нағима Өмірзаққызы

(Сахнада көңілді музыка ойнап тұрады. Алаңға аяқтарына етік, үстеріне ақ көйлек киген, белдерін түсті матамен немесе жалпақ кемер белдік, белбеумен буынған, қолдарына ұзын, өрнекті керней ұстаған төрт жігіт  кернейлерін тартып шығады.)

1-кернейші: О, жараңдар, жараңдар!

Бәрің мұнда қараңдар.

Наурыз тойы басталды,

Текке қарап тұрмаңдар!

 2-кернейші:   Әуелесін армандар,

Үміті от боп жанғандар.

Бақ дарып,Қызыр қарасын,

Мерекеден қалмаңдар.

 3-кернейші:  О, жараңдар, жараңдар!

Тамашадан қалмаңдар.

Құс қанатты көңілмен,

Жер-әлемді шарлаңдар.

 4-кернейші:   Оятып шың мен асқарды,

Ерітіп мұз бен ақ қарды.

Нұрландырған даланы,

Наурыз көктем басталды!

 1-кернейші:  О, халайық!Наурыз тойы құтты болсын!

 2-кернейші:  Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

3-кернейші:  Ұлыс оң болсын, қайда барсаң жол болсын!

4-кернейші:  Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын

 

1-жүргізуші:                Армысыңдар халайық

Бармысыңдар халайық

Наурыз тойда жиналып

Шаттанып бір қалайық.

Бірлік, бақыт орнаған тыныш күнің,

Құт, береке сыйлайтын ырыс күнім.

Тойымыз Наурыз ауылында жалғасуда

Көпке дейін тойлау керек Ұлыс күнін.

Тәуелсіздікпен  жаңғырған Әз –Наурызымыз Кең байтақ ұлысыма Ұлы күн алып  келді!

Музыка жүреді. Екі ұлттық киімдегі қыздар тойбастар әкеледі.

Ән: «Қазақ осы»            

(Сахнаға ұлттық киімде киінген ұл бала шығады)

           1 Бала:                         Армысыздар, үлкен-кіші ағайын!

Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн.

Бүгін – Жаңғыру мейрамы!

Бүгін – Жыл басы, Жаңа жыл!

(Сахна сыртынан шу естіледі)

2 Бала:

Бұл не шу? Бұлар кімдер? Ә, көріп тұрмын, танып тұрмын. Анау тұрған Қар екен,

Мынау тұрған Күн екен!  Ендеше, достар, біз қазір бүгінде ұмытыңқырап бара жатқан, жиі айтыла бермейтін,  Ақ пен Қараның, Зұлымдық пен Залымдықтың, Жамандық пен Жақсылықтың тартысын суреттейтін Қыс пен Жаздың айтысына куә боламыз.

/Қар мен Күн, барыс, қоян костюмін   киінген балалар және екі қыз шығады/

Қар:

Қара жерді ақ көрпеге ораған,

Кең даланы боранымен бораған,

Қыс керемет емес пе?

Күн:

Мал төлдеп, адам аузы аққа тиген,

Жер бусанып, мал ауызы көкке тиген,

Жаз керемет емес пе?

Қыс:

Құрт-құмырсқа, бақа-шаян жер бетіне шығатын,

Шыбын-шіркей, маса-қоңыз ызыңдап мазаң алатын,

Жаздың несі керемет?

Күн:

Дүлей боран бораған,

Бетіңді аяз қарыған,

Қыстың несі керемет?

Қыс:

Борандатсам, қырсыздарды сынағаным емес пе?

Қар жауғызсам, жерді көкке дайындағаным емес пе?

Күн /көніп/:

Қой жылы  кетті,

Мешінім  жетті,

Бер жолыңды, қарекем!

Қыс:

Жолымды мақұл берейін,

Өз жөніме кетейін!

Қыс кетеді

Күн: Самарқанның көк тасы

Ериді мен келгенде.

Тоң боп қатқан топырақ

Жібиді мен келгенде.

Тар көңілдер түнерген

Кеңиді мен келгенде.

Ақ жүзіңді бері бұр

Тұсыңа бір келгенде.

 

Жүргізуші:

Наурыз келсе барлығы жарасады

Жасарады, табиғат жасалады.

Алпыс төлдің анасы ақ жүрекпен

Аластасын пәледен босағаны.

Аластау рәсімі  

/қазақ көйлегінде жеті  қыз  арша жағып аластау рәсімін өткізеді/:

Сахна сыртынан:

2 жүргізуші:Алас, алас,   Надира

Мың бір пәледен алас,

Жүз бір қатерден алас,

Көзі жаманның көзінен сақта,

Тілі жаманның тілінен сақта,

Ниеті жаманның ниетінен сақта.

Жер-Ана, күш-қуат бере гөр, тәу-тәу!

Атар таң, ақ ниет бере гөр,тәу-тәу,

Самал жел, жаңа леп бере гөр, тәу-тәу!

1-жүргізуші (Сахна сыртынан): Наурызда дүйім жұрт алаңға жиналып, ат жарыстырып, ақындарын айтыстырып, балуандарын күрестіріп, той тойлатып, ойын ойнатып, алтыбақан тебісіп, наурыз көже ішіп, таңды көзбен атырған. Сол түні ғашықтар бір-біріне көңілін білдірген.

Музыка ойналады. Сахнада «Сырға салу» («құда түсу») дәстүрі көрсетіледі».

Музыка жүреді. Қыз бен жігіттің ата-анасы шығады. Амандасады.

Жігіттің әкесі: «Той десе қу бас домалайды» дейтін қазақ, «тойға бұйырсын» деген үмітпен мал жиып, дәулет құрдық. Ұл-қызымыз ер жетіп азамат болды. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіп, ұлымызды ертіп, осы  ауылға ат басын тіреп отырмыз.

Шешесі: Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді?» деген мақал бар емес пе? Ұлымызды сіздердің қыздарыңызбен байласқан сөзі бар көрінеді.

Қыздың әкесі: – «Е, қызым өсті, өрісім кеңейді» деген осы екен-ау!

Қош келдің құдай қосқан құдаларым,

Төрімде не десең де құп аламын.

Бір жүріп, бірге тұрып қызықтайық

Өмірдің енді келген нұр-алабын!

Қыздың шешесі:Құдалар өрлеңіздер төрімізге,

Қарап тұр екі рулы ел – бәрі бізге!

Жетейік кәрілікке сыннан өтіп,

Сыйластық қалсын мәңгі өңімізде!

Жігіттің шешесі: Ұл-қызымыз «тереземіз тең» деп қосылса – не тұрыс бұл, ендеше төскейде малымыз қосылсын, сырласып жанымыз қосылсын! Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын! Егіз арна қосылды – аяғы теңіз болғай! Бауда ойнаған екі құлынымыз бір ноқтаға бас сұқты – аяғы сегіз болғай!

Жігіттің әкесі: Біздің ұлымыз – Сіздікі, Сіздің гүліңіз – біздікі! Барша гүлдің сыйлайтын ләззаты – бір, сұлулық. Ұл-қыз –перзент, ортақ немере сүйіп қуанышымызды бір етелік!

Алып келген сыйымыз  «Сырғасын» салып кетейік.

(Қызды ортаға алып шығады, жігіттің шешесі құлағына сырға тағады)

Қыздың әкесі: Көзіміздің ағы менен қарасы қос қошақанымыздың бақыты үшін келіңіз, төс түйістіріп құшақтасайық, құдалар!

(Құдалар төс түйістіреді, төрден орын алады)

Қыздың әкесі: Ал, енді, құдалар, жоғары шығыңыздар.

Бірінші бала: Құдай қосып құда болдық!

Құдалар келді!  Қарсы алып жүгір, ағайын

Гүл менен биге ораңдар бүкіл маңайын!

Алдынан шықсын Аталар мен аналар,

Ақ қырау шалған самайын!

Екінші бала: Күмбірлеп күй мен жаңғырып жаңа ән ойналсын,

Отыз күн ойын,

Қырық күн тойың тойлансын!

Жайылып жастық, иіліп төсек болайық,

Құдалар аты байлансын!

Құтты да болсын, қарсы алған құдаң гүлдермен, жандар деп жатыр тәрбие                     көрген, үлгі өрген.

Бала: Асауды – ноқта, Құданы құдай қосады,

Баянды болсын қызықтарыңыз бұл көрген.

1-жүргізуші: Күннің нұры көк аспаннан шашылады,

Басымыз Ұлыс күні қосылады.

Уа, халайық, жинап ал несібеңді,

Наурыздың шашуы шашылады!

2Жүргізуші: Шашу! шашу! Көп шашайық шашуды,   

Жауғандай көк аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа, жамағат, жинап ал несібеңді,

Ризығың болсын көл көсір!

Шашу!Шашу!Шаушу!

Тойларда шашу шашу салты елімнің.

Көңілім дарқан,

Несібем мол болсын деп,

Екі жас бақытты болсын деп,

Дәм тат мынау шашылған шашудан

(Әжейлер шашу шашады)

«Үркер» тобының орындауындағы «Наурыз» әні жіберіледі

Қыздың әкесі: Уа, құдалар!  Ұлыстың ұлы күні Наурыз ауылымызда үлкен той боп жатыр. Алыстан ат терлетіп осы тойымызға келген қонақтарымыз да бар. «Ауылдың алты ауызы» айтылып, шашуымыз шашылып тойымыз қызу жүріп жатқан сияқты.

Жігіттің әкесі: Еее, ендеше, тойда, ойын-сауықта осы қонақтарыңыздың алып келген қонақкәдесі де бар шығар. Өнерлеріңізді тамашаласақ дейміз.

Әжелер ән айтады.

 4 кернейші : О, халайық, біз жай қыдырып жүрген жоқпыз, ұлттың дәстүр, ән-жырды ел есіне түсіріп, жастарға таныстырып жүрміз. Сіздерге де «Бүркіт» деп аталатын бір қызық ойын ала келдік. Ал, қане, болашақ қырандар, бері келіп бақ сынаңдар.

(Сахнаға залдан ұл балалар шақырылады)

Ойынның шарты мынау: Ойнаушы жүресінен отырып, екі аяғының арасынан екі қолын жерге тіреп, еңкейіп жердегі орамалды түйіншегінен аузымен іліп алуы керек. Бұл ойын екі білектің  күшін сынауға арналған.

4 кернейші : Жарайсыңдар, қырандар! (Сыйлықтарын тапсырады)

 1 кернейші: Бізде құр қол емеспіз. Сіздерге арналған сый-сыяпатымыз бар. Оны алу үшін «Сақина жасыру» ойынын ойнайық  Ойынды өткізу үшін басқарушы және сақина іздейтін кезекші белгіленеді. Қалған ойыншылар дөңгелене отырады. Ойыншылар тізелерін көтеріп, оның үстіне алақандарын ашып қояды. Ойын жүргізуші қолына сақина алып, әр ойыншының қолына кіргізіп, сақинаны бірінде қалдырады. Басқарушы жұмулы қолын әрбір ойыншының қолына салысымен, алақанын жаба қалады. Сақина жасырылғаннан кейін, ойын жүргізуші өз қалауынша ойыншының бірінен: «сақинам кімде?» – деп сұрайды, осы кезде барлық ойыншы тынышталады. Кезекші сақинаның кімде екенін тапса, онымен орын ауыстырады, ал егер таба алмаса, өлең айтып, би билеп, т.б. өнер көрсетеді де, өз қызметін қайтадан атқарады.

( сахнадан залға түсіп, отырғандармен ойын жүргізеді.)

Ән «Бір тілек»  Сысыкбаева Самал НО-1-15

 Жүргізуші:Наурыз – мейрамы ел арасында бір ай тойланады. Қазақ халқы бұл күндері бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап, қонаққа шақырады. Әртүрлі ойын-сауықтар, бәйге, көкпар, қыз қуу  жарыстарын ұйымдастырады. Наурызды неғұрлым жақсы қарсы алсаң, соғұрлым жыл жақсы болады деген ұғым бар. Әр үйде тамақ дайындалып, наурыз көже пісіріледі. Астың алдында аруақтарға міндетті түрде құран оқиды. Ең соңында үйдегі үлкен кісі жаңа жылды жақсылыққа жорып бата береді.

 Жігіттің әкесі бата тілеп : Ендеше, үлкеннен  бата сұрайық.

Үлкендер бата  берер ырыс күні,

Бұзылмасын елімнің тыныштығы.

Құт қонсын, бақыт қонсын, бірлік болсын,

Нұр сыйласын Наурыздың Ұлыс күні!.

/бата тілейді/

 Бата: (шақырылған қонақтардың ішінен біреуі бата береді )

«Қыз ұзату» дәстүрі. (көрініс)

Қыздар ортаға шығып, жігіттерді «Жар-жар» айтысына шақырады.

Ортада бір-біріне қарап, сап түзіп қыздар мен жігіттер айтысады.

«Қыз ұзату» әні айтылып, қыз үйінен шығарылып салынады.

Ән: «Мерекем»

2-жүргізуші: Дүр сілкінтіп Наурызды тойлатты елім,

Қазақстан тәуелсіз, айбатты елім.

Көк байрағың көгіңде желбіресін,

Гүлденіп, өркендей бер, байрақты елім!

1-жүргізуші: Қадірлі бауырлар! Ұлыстың ұлы күні елімізге нұрлы өмірдің бақытын сыйлап, егеменді ел еңсесі биік, шаңырағы берік болсын! Қазақстан мемлекеті жасай берсін! Наурыз мерекесі әр отбасына береке, бірлік, молшылық әкеліп, тынышқан жылында тыныштық болсын деп тілейміз.

Наурыз құтты болсын.

«Наурыз» әні музыкасы қойылады, қонақтарға ас беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *