Оқушыға жауапты жанашырлар кімдер?


Н.Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Калиева Эльмира Абдикадыровна

Мектеп директоры: Ахметов Әлмұрат Жұматайұлы

Тәрбие жұмысының даму қарқыны алдымен ата- ана мен мектеп арасындағы тығыз қарым – қатынастан бастау алады. Осының негізінде баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға жол ашылады.

Отбасы – баланы тәрбиелеу мен дамытуда ең басты орын алатын фактор. Дәл осы ынтымағы жарасқан ортада бала өмір есігін ашқан сәттен бастап, физикалық тұрғыдан дамумен қатар, ішкі жан дүниесін қоршаған орта әсерінен алған байлықтарымен сусындатады. Отбасында алғашқы өзін -өзі бағалай білу, мейірімділікті, сүйіспеншілікті сезіну, сұлулыққа, тазалыққа ұмтылу сынды басты қасиеттердің іргесі қаланады. Осы жылы ұяда баланың өмірге деген көзқарасы қалыптасып, әлеммен байланысының негізі салынады. Сондықтан, әр ата – ана қарбалас күйбең тіршілікте ақыл айтуға, көңіл бөлуге уақыт таппаса, баласының ізін басып келе жатқанын сезініп, қоғамда өзіндік алар орнымен жақсы жағынан үлгі ретінде көрсетіп жүруін еске салғым келеді.

Ал мектеп пен отбасы жетіліп келе жатқан жеткіншектің оңды – солын танытуға, ұшқыр ойлардың ұшқынын сездіртуге, қара түнектің өзіндік ақшамы болатынын байқату жолдарында үнемі жұмыла жұмыс атқаруы тиіс. Баланың санасына сапалы білімді сіңірту заман ағымымен тоқтамай ағатын ағыс екенін білеміз. Осы орайда тәрбие мен білімді ұштастыратын орталық, әрине,ол – мектеп. Негізгі біліммен қамтамасыз ету үшін мектеп те ақпараттық – ғылыми тұрғыдан қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Содан соң осы жабдықтарды игере білетін, іс – тәжірибесінде қолдана отырып, мектеп табалдырығын аттаған жас баланы толыққанды түлек ретінде шығарып салатын педагогикалық кадрлар талап етілетіні заңдылық.

Осы қағиданы басты назарда ұстанып, оқушының өзіндік «мен» деген жеке тұлға екенін таныту жолдарында отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту үшін үнемі ата – анамен жүргізілетін іс – шара түрлерін түрлендіріп отырамын. Мұндай кездерде ата – ана өзін баласының рөлінде сезініп, мектеп өмірінің бір күніне саяхат жасағандай болып отырады. Бір жағынан, жаңаша әдіс- тәсілдердің баласының оқуға деген ынтасын арттыруда қаншалықты орын алатынын түсінеді деп ойлаймын. Сол себепті мектеп – оқушы – отбасы бір құрам болып, сүрінген кездерде бір- біріне сүйеу болатындай түсіністікпен, жаңаша көзқараспен жұмыс атқарылғанда ғана отбасы мен мектептің ынтымағы жарасар еді және мұны көрген оқушы өзін толыққанды қорғаныста екенін сезініп, жан – жақты сүйіспеншілікке бөленіп жүрер еді дегім келеді.

Тоқсан ауыз сөзді түйер болсам, ұстаз ретінде оқушыға білім беріп қана қоймай, оларға жауапты жанашырларымен тығыз байланыста болсақ, түйсігі терең, дүниетанымы кең, санасы сан қырдан асатын сүйкімді де сүйікті ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *