Әлеуметтік серіктестік – дуалды оқытудың алғашқы қадамы


Қызылорда құрылыс және бизнес

колледжінің өндірістік оқыту шебері

Баданова Айгүл Бекмағамбетқызы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан -2050» Стратегиясының басты мақсаты – елімізде ХХІ ғасырдың ортасына орай жалпыға бірдей еңбек қоғамын құрып, ең дамыған 30 ел қатарына кіру. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз индустриалды-экономикалық инновациясы жоғары елге айналуымыз керек. Оның алғы шарты- білікті мамандар дайындау. Еліміздің экономикасы дамып, өндіріс орындары көптеп ашылуда . Ғылым ғарыштап дамып, технологиялар жетіліп келеді. Жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Сондықтан білімді де   білікті мамандарға да сұраныс артуда.

Кәсіптік –техникалық мамандар дайындаудың ең қолайлы түрі ретінде дуалды оқыту жүйесі танылып отыр. Германияның дуалды оқыту жүйесі тәжірибеден өткен және халықаралық бағалау институтының мониторингі бойынша кадр дайындау саласында көш бастап келеді.     Біздің жастар мектептен кейін жоғарғы оқу орнына түскенді қалайды. Ал, Германияда көбі кәсіптік-техникалық білім алуды қалайды. Біздің де жастарымыз әуелі жұмысшы мамандығын игерсе керемет болар еді. Елбасы да өзінің домна пеші жанында 10жылдай жұмыс істегенін айтқан болатын. Қарапайым жұмысшылардың арасында жүріп, қарапайым халықпен етене араласу жастар үшін – өмір мектебі. Олар жұмысшылардың мұң-мұқтаждары мен проблемаларын, өндірістегі кедергілер мен қайшылықтарды көріп сезінеді.

Нарықтық экономикасы дамып келе жатқан Қазақстан үшін де дуалды оқыту жүйесі қолайлы болмақ. Дуалды оқыту жүйесі бойынша оқыту білім мекемесі мен өндірісте қатар жүреді. Оның негізі практика мен теорияның ұштасуы. Дуалды оқыту жүйесі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі негізгі проблема , яғни теория мен практика арасындағы қайшылықтарды шешуге көмектеседі. Бұл оқыту жүйесі дәстүрлі оқыту жүйесінен практика мен теорияның тығыз байланысымен ерекшеленеді. Оқыту жүйесі теория мен практиканың тепе-теңдігі принципі бойынша жүргізіледі. Кәсіптік білім берудің бұл түрін іске асырудың бірден-бір жолы – әлеуметтік серіктестік болып табылады. Сондықтан оқу орындары мен жұмыс беруші мекемелердің әлеуметтік серіктестік орнатуы өте маңызды. Әлеуметтік серіктестік дуалды оқытудың іске асуына жол ашады. Оқу орнымен әлеуметтік серіктестік орнатқан мекемелер мамандарды тұтынушы әрі мамандарға тапсырыс беруші болып табылады. Сапалы мамандар дайындауға өздері де тікелей атсалыса алады.

Әр мекеме жаңа жұмысшыны өз бетінше тәрбиелеп оқытады. Біреуі оған тәжірибелі маманнан тәлімгер бекітсе, бірі қызметке бекітеді немесе әртүрлі оқыту, бейімдеу жұмыстарын жүргізеді. Яғни мекеме жұмысшыны бірнеше жыл оқытады, әрі қарай тағы білімін жетілдіртеді. 3-4 жылдан соң ғана маман тәрбиелеп шығарады. Дуалды оқыту жүйесінің өміршеңдігі екі жақтың да , оған қатысушы жақтардың талаптарына жауап беретіндігінен. Дуалды оқыту жүйесі әлеуметтік серіктес мекеме үшін өте тиімді, олар өз талаптарына жауап беретін қажетті мамандарды іздеуге шығындалмайды және жақсы студенттерді таңдауға мүмкіндік алады. Бұлай саралау студенттің де білімге, жұмысқа бас қойып, өзін көрсетуіне мүмкіндік береді.

Дуалды оқыту жүйесі еліміздің кейбір білім беру мекемелерінде қолданысқа да еніп үлгерген. Мысалы, Шымкент облысы, Сайрам ауданында орналасқан индустриалды-инновациялық колледждің құрылтайшысы – Оңтүстік Қазақстан Машина құрастыру заводы. Колледж завод жанынан құрылған. Өндірістік сабақ өтетін цехтар осы заводтың ішінде орналасқан. Кез-келген практикалық жұмыстар осы заводта орындалады. Студенттер завод жұмысшыларымен қатар тапсырыстар алып жұмыс істейді. Әрқайсысының өз тәлімгерлері бар. Өз еңбектеріне ақы алып отырады. Оқуды бітіргенде олар тәжірибелі дайын маман болып шығады. Сапалы маман дайындауда завод басшылығы ерекше ықылас танытып, оларға жағдай жасап отыр. Өндірісте шыңдалған студенттер олар үшін сапалы маман. Өздеріне қажетті мамандарды алып қалып, қажет дегендеріне әрі қарай жоғары білім алуға жағдай жасайды.

Дуалды оқыту жүйесінің дәстүрлі оқыту жүйесінен артықшылығы:

-Дуалды оқыту жүйесі дәстүрлі оқыту жүйесіндегі негізгі кемшілік практика мен теорияның алшақтығын жояды.

-дуалды оқыту жүйесінде маманның жеке тұлғасына әсер етіп, болашақ жұмысшының жаңа психологиясын қалыптастырады.

-дуалды оқыту жоғарғы дәрежеде сапалы білім мен біліктілікті қамтамасыз етеді. Өйткені білімі олардың жұмыс орнындағы міндеттерін орындауына тікелей байланысты.

-тапсырыс беруші мекеменің болашақ өз маманына деген қызығушылығы, ықыласы жоғары болады. .

-оқу орны мекемемен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен, оқыту барысында болашақ маманға қойылатын талаптарды ескереді.

 

Дуалды оқыту жүйесінде білім алушылар өз мамандығы бойынша белгілі бір дәрежеде білімге қол жеткізеді. . Оқу орнында мамандығына байланысты арнайы пәндермен қатар жалпы пәндерді меңгереді.Студент білім алумен қатар, өзі таңдаған мамандығын мекемеде үйренеді, яғни аптаның 1-2 күнін колледжде, қалған уақытын мекемеде өткізеді. Ал, мекемедегі шеберлер оларға практикалық жағынан үйретіп, мамандықтың ешбір кітапта жоқ қыр-сырын үйретеді. Сонымен қатар ортада командамен жұмыс істеу, шешім қабылдай білу, жауапкершілік сияқты жеке қасиеттерге ие болады. Жұмыс істей жүріп, болашақ мамандығы туралы кең мәліметтер алып, өз таңдауына деген сенімділік пайда болады. Мекемеде қосымша жұмыс істей жүріп, білім алушы өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз етеді және еңбек өтілі жүреді. Ең бастысы өзін жұмыспен қамтамасыз етеді. Практиканың білім алушының өміріндегі мұндай өлшеусіз көмегін, машықтану кезеңінде өзіміз бұрыннан да байқап келеміз. Өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен студенттерді мекемелер өздеріне жұмысқа алып қалғанына куә да болып жүрміз.

Дуалды оқыту жүйесі ерте есейіп, студенттің ересек өмірге бейімделуіне көмектеседі. Ал бітірген соң дайын маман ретінде жұмысқа тұра алады. Ешбір жоғарғы оқу орны мамандыққа байланысты кең көлемде өндірістегідей инженерлік білім бере алмайды. Студенттің практикадан алған білімі, оның мансабының жоғарылауының алғашқы баспалдағы болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *