Бабалар мұрасын қорғау –ұрпаққа аманат


Қызылорда облысы, Қазалы ауданы

Аранды ауылы, №97 орта мектептің

Тарих пәнінің мұғалімі

Әжібай Гүлжанат

Мақсаты:Бойында қайырымдылығы мен мырзалығы, тектілігі жоғары Найзағұл атаның өмір жолы, оған орнатылған қорымның ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізу.Ауыл маңындағы қорымдардың ішіндегі құрылысы жөнінен сапасының жоғары деңгейде екенін айту.

Міндеті:

-Найзағұл атаның өмір жолына тоқталу.

-Атаға орнатылған қорымның құрылысы мен сол кезде атқарған қызметін саралап көрсету.

Т ү й і н

 

Бұл зерттеу жұмысында XYIII –  XIX ғасырда  өмір сүрген Найзағұл атаның өмір жолы  және кесенесінің салыну тарихы, ұрпақтары   туралы  мағлұмат берген.

Найзағұл атаның ірі тұлға екенін , тектілігін дәлелдеген.

Эпиграф

         «Адам байлығының ең тамашасы-білім.

Барлығы соған ұмтылады, бірақ ол өзі келмейді»

                                                                Эл-Бируни

 

Кіріспе

Зерттеу жұмысымның өзектілігі: Соңғы кезде еліміз егемендік алған соң, халықтық мәдениетке, тарихи мұраларға, мәдени ескерткіштерге баса көңіл бөліп отырғаны белгілі.

Тарихи ескерткіштер, бала бойына Отансүйгіштік тәрбие беруде, елге деген сүйіспеншілігін арттыруда басты орын алатыны анық. Бүгін біз сөз еткелі отырған ауылымыздың көне жәдігерлерінің бірі болып саналатын Найзағұл қорымы жайында болмақ.

Бұл жұмыстың өзектілігі: Найзағұл атаның қайырымдылық қасиеті мен оған орнатылған кесененің құрылысы туралы келешек ұрпақ есінде мәңгі сақтау.

         Зерттеудің  нысаны:   Тарих және өлкетану секциясы бойынша «Бабалар мұрасын қорғау- ұрпаққа аманат» тақырыбында ауыл маңында орналасқан Найзағұл қорымы туралы сыр шертпекпіз.

Зерттеу  жұмысының мақсаты мен міндеттері:

Бойында қайырымдылығы мен мырзалығы . тектілігі жоғары Найзағұл атаның өмір жолы, оған орнатылған қорымның ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізу.Ауыл маңындағы қорымдардың ішіндегі құрылысы жөнінен сапасының жоғары деңгейде екенін айту. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер анықталады:

-Найзағұл атаның өмір жолына тоқталу

-Атаға орнатылған қорымның құрылысы мен сол кезде атқарған қызметін саралап көрсету.

         Зерттеудің әдістері:   Зерттеу жұмысында материалдарды талдау барысында сипаттамалы-салыстырмалы, бақылау, қорыту әдістері зерттеудің сапасын арттыру үшін көрнекілік әдісі де қолданылды.

Зерттеу жұмыстарының дерек көздері: Аталған мақсат пен міндеттерге жетуде көне көз қариялардың, ұрпақтарының айтқан пікірлері, аңыздар басты назарға алынды.

Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.

Негізгі бөлім

I-тарау

Баба мұрасы –бізге өнеге

Біздің өлкеміз тарихи мұраларға өте бай.Кіндік қанымыз тамған туған өлкеміздегі тарихи ескерткіштердің, көне жәдігерлердің тарихын білу біздің парызымыз.Әрине, ол үшін тарих қойнауына терең үңіліп, көз жіберуді қажет етеді.

Ауыл-алтын бесік.Тереңірек айтар болсақ, күре тамыры.Сол ауылдардың бірі-қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,Қожабақы ауылынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Аранды ауылы.

Ауылдың батыс бөлігінде 7-8 шақырымдай қашықтықта орналасқан Найзағұл қорымы ауылдың тарихи жәдігерлерінің бірі болып саналады.Біз баяндағалы отырған Найзағұл қорымы XX ғасырдың басындағы сәулет ескерткіштерінің бірі.Оның салыну барысына тоқталар болсақ: ертеректе Қазалыны сарттар, тәжіктер, қарақалпақтар жайлаған.Сол адамдардың ішінен қарақалпақ Қазақбай деген ұста салған деп    айтылады.Қазақбай  ұстаның ұрпақтары іргелес жатқан Түктібаев ауылында тұрады екен.

Қорымның салынуы жөнінде айтылған әңгімелерге тоқталар болсақ .Аранды ауылының тұрғыны Дошымбетов Нұрмағанбет аға: «Қорымның осы кезге дейін сол қалпында сақталу себебі –кесене күйдірілген қыштан соғылған.Кесене қасында қыш күйдірілген орын бар. «Найзағұл тамы» атанған келісті құрылыс, ұзындығы бес метрдей, төбесі жабық, күмбез бен қабырғасы ою-өрнекпен өрнектелген».

Қорым биікте орналасқан. Себебі «Тіршілікте уақыты жеткенде мен де о, дүниеге барамын» ,-деп көзі тірісінде өзі сол жерді таңдаған екен.Сыртының әр

 

 

беті бір-біріне ұқсамайтын ерекше етіп салынған.Қорымның ішкі жағына келер болсақ, 2 бөлмеден, тұрады.Кезінде бөлмелердің ішкі жағы кілемшелермен қапталып, ою-өрнектермен безендіріліп, сырланған.Қорым көзі тірісінде салынғанына байланысты ертеректе мешіт ролін атқарған.Ондағы пайдаланған заттар кәмпескелеу кезіне дейін сақталған болатын.Қорымның ішіне Найзағұл атаның әйелі мен бала-шағасы бәрі 17  адам жерленген.Кесененің төрт бұрышы мен кенерелеріне зақым келген.Осыдан жеті жыл бұрын ата ұрпақтары өз күштерімен қалпына келтіріп, кесене күрделі жөндеуден өтіп жаңарған,айналасы темір қоршаумен қоршалған.

Сол кездегі қатар салынған қорымдарды  атап айтар болсақ: Малша, Келімбет  қорымдары.Найзағұл мен Келімбет қорымы бір ұстаның қолынан шыққан.Найзағұл ата қорымынының  ұстасы өзі болған,себебі бағыт-бағдар беріп отырған.Қазір де қорымның салынғанына  шамамен 125-130 жылдай уақыт болған.Соншама уақыт өтсе де, қорымның құрылысына пайдаланған кірпіштер сол күйінде.Бұдан қорымның сапасының жоғарылылығын көруге болады.

Найзағұл ата кесенесі Мәдени мұра бағдарламасы бойынша мемлекеттің  қорғауына алынды.Атамыз бір отбасы , болмаса бір әулет қана іздейтін тұлға емес. Ел болып құрметтеуге лайық тұлға.Жақын арада ұрпақтары елге даңқы шыққан атасына арнап ас бермекші.

Еліне еңбегі сіңген адам әрқашан құрметтеледі, есімі ел жадында сақталады.Найзағұл ата да осындай құрметке ие адам.

II  тарау

Атаның ата болу қасиеті

Асыл да шығатын жерінен ғана шығады. Бұл топырақтан талай талантты тұлғалар шыққан.

Әрбір тарихи тұлға туралы сөз қозғағанда сол дәуірдегі заман тынысынан, туып-өскен ортасынан айналып өтпейсің.

Заманының ірі тұлғаларының бірі –Найзағұл атамыз. «Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалсын» дейді халқымыз. Атамыз артында жақсы аты, аталы сөзі, игі ісі қалған пенде.

Найзағұл кім болған? XYIII  ғасырдың аяғы мен   XIX ғасырдың басында өмір сүрген адам.Өз заманында Қазалы уезінде байлығымен, билігімен аты шыққан.

Ата қонысы-қазіргі «Аранды» ауылы.Асанның Мәметек тайпасынан тарайды.Аранды қырдың батыс етегінен арғы  жағындағы Арал теңізіне  дейін мал жайылымы мен егістік жерлері көсіліп жтатын болған.

Енді Найзағұл ата тегін таратып көрейін. Әріге бармай-ақ Асаннан –Құдайберді, Өтеп, Сырлыбай, Қожамберлі. Біз Сырлыбайдан тараймыз.Матығұл, Дәулетияр, Қожаберген, Баймырза, Мәметек немесе «Бес Сырлыбай» делінеді.Мәметектен Тілеу, Тілеуден Ізбас, Ізбастан  Найзағұл, Найзағұл дан-Өтеулі, Өтепберген, Дәуқара, Мүсіре, Мырза. Өтепбергеннен-Пана,Ідіріс, Пайыз.Панадан-Ақберген, Қаражан, Айтуған, Әділхан.Айта берсек  ұрпақтары  көп.Найзағұл ата халқына жағымды, қайыры мол, әрі бай, әрі би болған.Атасы атақты Тілеу мырзаға ұқсап, мырза болған.Елді билеу үшін халық болыстыққа осы Найзағұл тұқымынан қалап ұсынады екен.Халықтың өзі сайлаған Өтепберген көп уақыт «Мақпал-Қостам» болысына болыс болып сайланып, ел ішінде абыройлы азамат болған.

Кейін «Жақсыны жақын күндейді, жат мақтайды» дегендей , ру-ру болып болыстыққа таласу басталады. Осы кезде Асан руынан болыс болатын адам жоқ

деп, Сермағанбет деген қожа елге  жік салып, өлеңмен халық арасына таратады.

Осыған қарсы жас шайыр Нұрсұлтан Жұбатұлы өлеңмен жауап өлең жазады.

Сермағанбет Қожаға

Ақ қағазға хат жазсам,

Жұғады сия қаламнан.

Жүйрікте дүлдүл озыпты,

Он сегіз мың ғаламнан.

Неше алуан халық өтті,

Дүниеге келіп көркейтіп,

Дөреген жалғыз адамнан.

Қылғандай пенде тағылым,

Осы күнгі заманнан.

Не жақсылар бұғып жүр,

Тек-тек көріп заманнан.

Қожадан шайыр шығыпты,

Тілі мен жағын таянған

Сұрасам аты Сермағанбет

Болсаң жүйрік озаған.

Атаңның жолын кірлетпе,

Пайда етіпсің зияннан.

Айтар едім сөзімді,

Мұнан да гөрі тигізе,

Мен қорқамын Қожеке,

Қожалық деген шырайдан.

Пікір, қиял, ақыл, ой,

Қызыл тілді ырғатқан.

Жерімнің атын сұрасың,

Аранды қыр, Сарытөбе.

Жергілікті қашаннан,

Үсен атам баласы-

Туып-өстім Жұбаттан,

Өзімнің атым Нұрсұлтан.

Нанбасаң қожам келіп  көр,

Қағазың бізде тозбаған.

Сол жылғы сайлауда Өтепбергеннің баласы-Ідіріс болыс болады.Ол кезде Ідіріс 17 жаста болатын.Құрмет деген шөпшегінің үйінде атасының мөрі осы кезге дейін сақтаулы екен.

Найзағұл атаның бесінші ұрпағы яғни неменесі №24 мектептің директоры Ерлан ағаймен атасы туралы  ой бөліскен едік.

«Найзағұл атам халқына қайырымы мол, әрі бай ,жомарт адам болған.Атасы-Тілеу мырзаға ұқсап, мырзалықты міндетім деп түсінген.Қарауындағы ағайынға сауынға екі сиырдан беріп, сұрамайды екен. Үйіне қонған қонақтарына жылқыдан әдейі айғыр мінгізіп жіберіп отырған. Үй болатын жастарына қалың малға нар береді екен.Осы қасиеттірмен елге аты тарап, Найзағұлмен жақындасып, жанасуға әркім құмар болады.Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады деген тағылым сөз бар.Барлық нәрсе текке байланысты ма, деп ойлаймын.Соған қарағанда өзімді сол кісінің ұрпағы болғандықтан қанымда тектілік бар деп есептеймін.»

Шөпшегі Дәстен ағаның атасының жомарттығы жайлы айтқан әңгімесі:

«Абыржының кезі болса керек. Бір топ адамдар Сырдариядан өте алмай қалады.Сол кезде Найзағұл ата өтіп кеткенше үй тігіп азық-түлікпен, қаражатпен қамтамасыз еткен.Өте бір қыдыр көрген, аузы дуалы  адам болған » .

Сонымен 2006 жылы шілде айында ертеде еліміздің шонжарларының бірі болған, Әлімнің атақты адамдарының санатындағы,әрі бай, әрі би атанған Найзағұл атамызға арнап ұпақтары ас берді.Найзағұл ата құрметіне ауданда футболдан турнир өткізілген.

Жергілікті ақын Сержанқожа Берденұлының ата асына арнаған арнауын келтірейін.Осы шумақтардан Найзағұл әулетінің ірілігі мен кісілігі байқалады.

Кіші жүздің ағасы Әлім, Шөмен,

Бойында қоныстанған Сырдың төмен.

Батыр Асан атанған аталық бар,

Ішінде осы елдің өсіп-өнген.

Асаннан батырлар көп ,жақсылар көп,

Кезінде өмір сүген ел қамын жеген.

Солардың бірегейі Найзағұл бай,

Әрі мырза би болған елге тірек.

Қонып шыққан қонаққа ат мінгізген,

Мырзалықтан шартарапқа аты кеткен.

Өзінің де, өзгенің де қамын ойлап,

Жетім, жесір кәріпке қайыр еткен.

Жайлаған Арандының өлкесін кең,

Бйлықтан жан шықпаған өзіне тең.

Бекетай бидің қызын айттырғанда,

Қалың малға 40 қызыл нарын берген.

Найзағұлдан Өтепберген би боп туған,

Мырза боп Тілеу баба жолын қуған.

Көп уақыт әділдіктің арқасында

«Мақпал-Қостам» аймағына болыс болған.

Өтепберген Панасы шешен еді,

Өз қатары алды еді, көсем еді.

Пананың Ақбергені кешегі өткен,

Асан атын шығарған нағыз ер-ді.

Пананың Қаражаны әділ еді,

Секретарь боп биледі дүйім елді.

Артында 10 баласы өніп-өсіп,

Бұл күнде қоныстанған талай жерді..

2009 жылы Найзағұл ата ұрпақтары тағы бір игілікті іс тындырды. Қорым маңына тілеухана салды. Оған шырақшы тағайындады. Найзағұл ата кесенесінің шырақшысы Аранды ауылының ақсақалы Жұмамұратов Шакизада.

. Қорытынды

Зерттеу жұмысымды саралай келе, заманында еліне қамқорлық танытып, ізгіліктің шамшырағын жаға білген  Найзағұл ата мен бізге мәңгі мұра болып қалған оның кесенесі жөнінде мынадай қорытынды жасаймыз:

 

1.Найзағұл ата Аранды топырағынан нәр алып, халқына қайырымдылық шапағатын  тигізетін ұлы тұлға.

2.Найзағұл атаның өмірі мен оның кесенесінің тарихы халқы мен келер ұрпақтың        есінді мәңгі сақталады.

3.Найзағұл қорымы-өз заманының қайталанбас ұлы мұрасы.

Сонымен, біз Найзағұл ата мен оның кесенесі туралы көптеген сырға қанық болдық.Дегенмен , әлі де зерттей беру бүгінгі күннің басты мәселері болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Тұран қазалы» газеті  6 қыркүйек 2006 жыл. Дәуірхан Айдаров.

  1. «Тұран қазалы» Ақанжан Келімбетов.
  2. Естеліктер.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *