Мақала «Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы»

Зеренді ауданы

«Первомай негізгі мектебі» КММ

Мұрат Нұрсәуле

 

Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға

дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл

ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.

Б.Момышұлы

 

Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз- тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі –  қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата – анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына  дарыған ана тілі ғана.Мағжан Жұмабаевтың тілінде айтсақ:

«Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!».

Бірақ, жоғарыда айтып кеткендей, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы әлі де болса кешеуілдеп тұр. Ақын Мұхтар Шаханов  былай деген еді:

«Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.

Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,

Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде ».

Расымен де ата – бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле – өлгенше қорғап өтті емес пе? Осыған бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны қазіргі кезде некен саяқ.  Себебі, көшеде бір қателіктер көріп жатсақ, үйреншікті нәрседей, бейқам жүре береміз.

Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емеспе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін.Алайда осыны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тіліндегі әнді тыңдауды қор санап жүрген қазақ жастары қаншама. Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім. Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім:

«Ана тілінде ата-баба сыры бар,

Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.

Өсе келе құстың тілін білсең де,

Ана тілсіз оның қандай құны бар».

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді.

Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес,өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқына Жолдауы»
  2. Өлеңдер жинағы

Leave a Reply

Your email address will not be published.