Баяндама “Қазақ тілін оқытуда лингвомәдениетік құзыреттілікті қалыптастыру”


«№35 жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесінің

Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

Сансызбаева Меруерт Жұмашқызы

Қазақ сөз мәдениеті туралы түсінік, ұғым, пайымдаулар ғылыми пән ретінде өмірге кездейсоқ келмегені белгілі. Тілдің қасиеті, сөз құдіреті жөніндегі өмірден түйген түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық сөз орамдарын т.б.) халықтың метатілдік рефлексиясы деуге болады. Әсіресе сөз мәдениетіне қатысты мақал-мәтелдердің мазмұнындағы терең пайымдаулар тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілігімен байланысты екенін айқын аңғартады.

Тілдің жүйесін үйретуді тілдің сөздік, грамматикалық құрылымын меңгертумен бірге лингвомәдени табиғатын танытумен байланыстыру кең қолдау табуда. Бұл бағыт тілдік кеңістік пен мәдениет (лингвистикалық өлкетану) бірлігін, әр тілдің өзіндік ерекшелігін айқындауға, үйретіліп отырған тілмен салыстыруға, тілді терең танымдық деңгейде оқытуға мүмкіндік береді.

Мұғалім мақсаты – бүгінгі заман талабына сай білімді, білікті, өздігінен тығырықтан шығар жол таба білетін оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Қазақ тілі сабағында шәкірттің рухани жетілуіне, әсіресе сөздік қорының бай болуына сондай-ақ жас ұрпақтың бойына халықтық салт – сана мен жаңа деңгейдегі лингвомәдени құзыреттілікті қалыптастыру талаптарын қатар сіңіру арқылы мұғалімнің ізденспен жұмыс жасағанда ғана белгілі бір нәтижеге жетері анық.

            Құзыреттілік оқушы үшін – білім, дағды, қабілет. Ұстаз үшін – білім, тәжірибе, іскерлік.

            Құзыреттілік – пайда болған мәселені өз бетінше шешу үшін қажетті, өз позициясын анықтауға, адамға қоғамдағы өмірлік нормалар мен ережелерді дұрыс орындауға мүмкіндік беретін даму деңгейі.

Ғылыми тұрғыдан құзыреттілікке негіз болатын ақпараттық құзыреттілік, коммуникативті құзіреттілік, лингвомәдениеттік құзіреттілік мазмұнын шеше білгенде ғана мақсат орындалады.

Ақпараттың құзыреттілік дегеніміз – өздігінен білім алуға және ақпараттық ресурстарды пайдалануға дайындығы.

Коммуникативті құзыреттілік – тіл арқылы өндірістік, мәдени өмірдің сан алуан міндеттерін шешу, қарым-қатынас мақсатын жүзеге асыру үшін сөйлей білу.

Лингвомәдениеттік құзыреттілік – ұлттық сипаты бар деп танылатын танымдық, этика-эстетикалық, рухани және тұрмыстық қатнастар мен олардың заңдылықтарын тілдік құрал арқылы зерттейтін тіл білімінің бір бағыты.

Ал мәдениеттанымдылық құзыреттілік дегеніміз – қоғамның дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, парасатты, ұлттық және әлемдік әдебиеттердің құндылықтарын игерген тұлға қалыптасуы.

            Құзыреттер – бұл пәндік білімдер жиынтығы емес, ол оқушының білімі, білігі және дағдыларының үйлестірмелі сипаттармен байланыстыратын жаңадан қалыптасқан сапа.

Оқушы өз жұмысын өзі жоспарлап, алдына мақсат қойып, оған қол жеткізуге үйренуі тиіс. Кез келген адамда білімділік нышандары болады. Сол нышанды дамытса әдет–дағды, дағды-дәстүрге, дәстүр-салтқа айналатын сияқты білімге құштар болуға – зор талап туады. Талапты ерге нұр жауар дейді атам қазақ. Ол үшін оқушыларға сөзді тыңдай біліп, кітапты көп оқып, отты сөздерді ойға тоқып, нағыз ділмарлық дәрежесіне келтірілілуі мұғалімнің, одан қала берсе ата-ананың міндеті. Сөз–адам үшін тәрбие құралы, білім, білік, мәдениет, өнер бастауы, әсемдік қазынасы. Игерген білімді сөз арқылы, тілдік қатынас арқылы жеткізе аласың.

Қазіргі кезде лингвомәдениеттің бірін-бірі толықтырып тұратын, бір-бірімен байланысты екі бағыты анықталады: теориялық және қолданбалы.

Лингвомәдени аспектіде тіл үйретудің лингво-әдістемелік мынадай міндеттері бар:

  • тіл үйренушіде үйретіліп отырған тілде сөйлеуші халықтың шындық өмірді қабылдауы жөнінде тілдік сана қалыптастыру;
  • тілін үйретіп отырған ұлттың тілдік қарым-қатынас мәдениетін меңгерту, дағдыға айналдыру;
  • үйретіліп отырған тілді қарым-қатынас құралдарын сөйлеуде дұрыс қолдана білуге үйрету.

Қазақ тілін лингвомәдени бағытта үйретуші оқытушы мына мәселелер жөнінде түсінігі болуы керек:

  • қазақ тілінде тілдік сана қалыптастыру жөнінде;
  • қазақ мәдениетінің негізгі бағыттары;
  • қазақ этномәдениетінің ерекшеліктері турасында;
  • мәдениетаралық қарым-қатынас негіздерін меңгеруі.

Сонымен бірге, оқушыларға мынадай іскерліктердің түрлерін қалыптастыру керек:

  • қазақи шын тілдік жағдайларда тілдік қарым-қатынасты жүзеге асыра алуы;
  • түрлі тілдік жағдайларда тілдік құрылымдарды қажетіне қарай қолдана алуы;
  • мәдениетаралық диалогтарда оқушы басқа этнос мәдениетіне түсінік танытуы.

Қазақ тілін оқушыларға терең меңгерту үшін дүниенің этномәдени бейнесі жөніндегі түсінігі, тілдік сана, қазақ халқының өмір сүру салты, әдет-ғұрпы жөніндегі түсінігі қалыптасуы керек.

Лингвистерді әрекет, тілдік қарым-қатынас және сөйлеу үрдісі арасындағы байланыстың табиғаты үнемі қызықтырып келеді. Сөйлеудің (айтылым мен жазылым)  жүзеге асуы мен қабылдаудың (тыңдалым мен оқылым) және қарым-қатынас пен әрекет арасында тығыз байланыс бары белгілі. Оқушының барлық ұйымдасқан әрекеті тілдік қарым-қатынас  арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Оқушылар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсу үшін олардың ортақ бір мақсатқа бағытталған әрекеттері болуы керек. Тіптен, көшеде өзіңіз іздеген үйді табу үшін бейтаныс біреуге сұрау салғанның өзінде сол адаммен екі ортада ортақ әрекетке түсесіз: алдымен мазалағаныңыз үшін кешірім сұрайсыз, сол арқылы көңілін өзіңізге аударасыз, одан көмек сұрайсыз, сол арқылы оның көңілін тоқтатасыз, іздеген үйіңіздің қай жерде екенін айтып, үйді сипаттайсыз, сол арқылы тыңдаушыңызды сізге қажетті әрекетке қатыстырасыз, ол үйді біраздан іздеп жүргеніңізді айтып, өзіңіздің көңіл-күйіңізге ортақтастырасыз.

Бірлескен іс-әрекетті ұйымдастыруға қажетті жағдайлар:

  • бірлескен іс-әрекетке бағытталуы (қайда, қашан, не мақсатта, т.б.);
  • бірлескен іс-әрекеттің мотивациясы ( өзара тиімділігі);
  • бірлескен іс-әрекеттің қажеттілігін екеуара мойындауы;
  • бірлескен іс-әрекетті жүзеге асыратын ортақ әрекеттерді анықтау.

Белгілі бір мақсатқа бағытталған әрекеттер қарым-қатынастың айырмашылығы, ол тікелей адамға бағытталады. Тілдік қарым-қатынас нақты әрекеттер түрінде емес, таңбалар арқылы жүзеге асып, есту және көру арқылы қабылданатыны белгілі. Қарым-қатынас жүзеге асу үшін:

  1. Тыңдаушының көңілін өзіңе аудару;
  2. Тыңдаушының сөйлеушіге көңіл тоқтатып тыңдауы;
  3. Сөйлеушінің айтпақ ойын ұғынуы; (Бұл бір тілде сөйлеушілер арасында жылдам жүргізілсе, әр түрлі тілде сөйлеушілер арасында қиындық келтіреді).

Сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы қарым-қатынас вербальдық және вербальдық емес құралдар арқылы да жүргізіледі.

Тіл – күнделікті тұрмыста, ресми жағдайларда және ғылыми түрде қарым-қатынаста жүзеге асудың құралы. Қарым-қатынас – ақпарат алмасу. Тілдік қарым-қатынас жүзеге асу үшін сөйлеуші мен тыңдаушы жалпыға түсінікті білім жүйесімен қатар, сөздің сол тілге тән «терең» мағынасын да түсіне білу керек. Әсіресе, бұл сөз тілді меңгерушілер үшін маңызды. Мысалы: орыс тіліне түркі тілінен енген богатырь сөзі мыңдаған жылдар бұрын енген. Бұл сөз күшті, батыр, құдіретті деген мағынада мықты бала, спортшыларға әлі де қолданып келеді. Сөздің халық санасына сіңуі  өздерінің Бог сөзімен және монастырь, пластырь сөздерімен үндес келуінен де болуы мүмкін. (Лингв.)

Адамдар көне замандардың өзінде өздерінің жануарлармен ұқсас жақтарының бар екенін байқаған. Қажет жағдайда адамдардың мінез-құлқын, сыртқы түрін әсерлі, көркем бейнелегісі келсе, жан-жануарлардың атымен атаған. Дүниежүзі тілдеріндегі зооморфизмдер сол халықтың дүниені түсіну, қабылдау мәдениетінен ақпарат береді. Мысалы, орыс халқы қоян деп қорқақ, жасқаншақ адамдарды атаса, американдықтар үшін өз ісін жылдам жасайтын адам,  Африка халықтары үшін қоян – жылдамдықтың символы.

Орыс тілінде «баран» мен қазақша «қой» сөзінің түсініктері арасына теңдік қоя алмаймыз. Орыс халқы қойды қыңыр, жөнге жүрмейтін түлік деп түсінсе, қазақ үшін қой – жуас, момын, күн көрісінің мәні, тірлігінің тынысы деп бағалайды. Адамдарға қатысты да «қойдан жуас», «қой аузынан шөп алмас» ұғымдары пайда болған.

Сол сияқты орыс халқы да, қазақтар да амандық-саулық сұрасқанда салқынқандылықты танытады.

  • Қалың қалай? – Ничего. –Жаман емес. –Шүкір.

Бұлайша жауап берудің түбінде халықтардың санасында сіңіп қалған мифологиялық табуға айналған «көз тимесін» деген ойлау жүйелері жатыр. Орыс тіліндегі ничего болымсыз есімдіг өз мағынасынан ауытқып, мақұлдау, кекесін мағынасында да қолданылып тұр. Халықтың санасында кейіннен пайда болған бейнелер негізінде пайда болған сөздермен қатар халықтың «балаң» кезінде қалыптасқан түсініктер сөздік қордың негізін құрайды. Мысалы, орынсыз айтылған сөзді «жүрегіме қанжар сұққандай болды» дейміз. Орыс тілінде «Это меня поразило». Бұлар сонау жаугершілік заманнан қалған түсініктер. Халықтың санасында сақталып, біздің тіліміздің экспресті-эмоционалды бояуын қоюландыра түседі. Сөзде халықтың мыңдаған жылдар бойы сақталған рухани қазынасы қарапайым адамның санасына бекіп, сол халықтың өзіне тән мінез-құлқын, философиясын, өмірлік қағидаларын айқындайды. «Қоғамдық сана мен жаңа бағыттағы зерттеулер деңгейі контексінде ұлттық болмысын дәлелдейтін күшті құрал ұлттық тіл екенін сезіну зерттеу мәселесіне бұрынғыдан басқаша келу талабын  қойып отыр: атап айтқанда, ұлттық тіл ерекшелігінің сырын, табиғатын сол тілде  сөйлеуші ұлт өкілінің рухани, психологиялық, әлеуметтік, т.б. сипаттарымен біртұтастыққа зерттеу» деп атап көрсетеді профессор Ж.А. Манкеева.

Қай кезде этномәдени білімнің көзі тұрақты сөз тіркестері, мақал-мәтелдер, ертегілер, өлеңдер – ауыз әдебиеті үлгілері екені түсінікті. Дәл осы үлгілерде халықтық таным, ұлттық ойлау жүйесі, мінез-құлқы сақталған.

Лингвомәдени түсінік бір сөзде де – дала, жуас, төр, малсақ, төзімді: сөз тіркесінде де – туған жер, қазақ қонақжайлылығы, көңілдің кеңдігі, құтты қонақ қойдан жуас: мақал-мәтелдерде де – Алтау ала болса, ауыздағы кетеді: төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Бидайдың басын көтергені – дақылы жоқтығы: жігіттің басын көтергені – ақылы жоқтығы. Арым жанымның садағасы … болмаса өлең жолдарында көрінеді. Мысалы, Қ. Мырзалидің мына өлеңінде қазақ халқының өмір сүру салты, философиясы дәл көрсетілген:

Бабамыздың шоқ басқан табанымен

Бірдей екен жақсысы жаманымен.

Бір жаманы – тынымсыз көше берген,

Бір жақсысы – қимаған даланы кең.

Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,

Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.

Бір жаманы сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған.

Қазақ халқында «туған жер» сөз тіркесіне ерекше мән беріледі. Байлық, тыныш өмір іздеп туып-өскен ортадан қолүзу сирек кездесетін құбылыс болған. «Туған жерге туын тік» деп сол жерде ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнген. Бұл да қазақтың өмір сүру салтына байланысты болса керек. Тіршілігінің көзі мал шаруашылығы болғандықтан жаз жайлау, қыс қыстауы үшін ұлтарақтай жерін көзінің қарашығында қорғаған.

Тіл мәселесінде қазақтардың түсінігі өзгеше. Бұл алдымен тұрақты сөз тіркестерінде: сөйлеу, ойын жеткізу мүмкіндігінтілге жүйрік, тілге шешен, тілі ащы, тілі тәтті, тілі қысқа, тілі ұзын; сөзден жаңылу, орынсыз сөйлеутілінен таяқ жеу, тілден жазу, тілден сүріну, тіл қайтару, тіл тию, тілі күрмелу;бос сөйлеу, сөзі мен ісі үйлеспеген жағдайдатілімен бидай қуыру, тілімен орақ ору, тілі мен жағына сүйену, тілімен тындыру, т.б.

Тіл тек адамдардың қарым-қатынасын ғана жүзеге асырып қоймаған. Өмірлік жиған тәжірибелерін де ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жеткізіп отырған. Қазақтың дау дамайы да билердің бір ауыз сөзі арқылы шешілгені белгілі.Тіл ақылдың өлшемі. Ақылды адам тауып сөйлейді, ақылсыз адам қауып сөйлейді. Әр түрлі тілдер тек дыбыстық жағынан ғана бөлек емес, бұл – түрлі мәдениеттің көрінісі. Сондықтан әр сөздің мағынасын біліп қана қоймай, мәдени ұғыммен де сәйкестендіру керек.

Қазақтың этникалық тәрбиесі өмір бойы жүзеге асырылатын біртұтас процесс. Адам өз халқының салты мен дәстүріне негізделген этникалық нормаларды, этникалық рөлдерді, этникалық құндылықтарды меңгереді. Нәтижесінде оның этникалық өзіндік сана сезімін, өз ұлтына деген мақтаныш сезімін, өзінің тіліне, тарихына, мәдениетіне жақсы көзқарасын, сондай-ақ басқа  өкілдеріне сыйластық пен түсініспеншілік сезімі қалыптасады.

Оқушыларды этникалық тәрбиелеуде қоғамның, ортаның орны ерекше. Қазақ этнопедагогика материалдарын оқу-тәрбие ісіне пайдалануды бүгінгі күн талабынан туындаған жаңашылық (инновациялық) процесс ретінде қарастыру үшін ең алдымен әдістемелік жағынан қамтамасыз етіп, оқу-тәрбие процесіне қажетті әдістемелік кешендер даярлау қажет.

Қазақ тілін оқытуда лингвомәдениеттік құзыреттілікті қалыптастыру оқушының мәдениеттанымдылық ой өрісін кеңейтіп, сөз қадірін қастерлей білуі, тілдік сөйлеу дағдысын дамыту, қалыптастыру тұрғысында білім мазмұнын игертуде айтарлықтай нәтиже береді. Осы тұрғыдан алғанда лингвомәдениеттанудың негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, халықтың танымдық рухани болмысын, мәдениетін таныту.

Қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, тіл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, мәдениет. Сондықтан оны зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі. Себебі бұл арада тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, ол (тіл) – этномәдени ақпаратты жинап, сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, сайып келгенде бір бүтін етіп тұтастырушы. Сондықтан да қазіргі қазақ тілн оқытуда лингвомәдениет сабақтастығын, атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салалары өріс алып келе жатыр.

Кез-келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңдылықтырына сүйеніп қана қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау лингвомәдениеттану пәнінің үлесіне тимек.

Осы тектес тұжырымдардың қалыптасуында, тілді зерттеудің барысында ұлттық мәдениеттің, дәстүрлердің ерекшеліктері ескеріледі. Әсіресе, ұлттық рухымыз жаңғырып, салт-дәстүрлеріміз қайта жанданып жатқан қазіргі қазақ қоғамындағы рухани-әлеуметтік құбылысты дұрыс бағалап, негізін түсіну үшін осындай тілдің дамуының ішкі формасынан туындайтын жалпы заңдылықтарды адам рухымен байланысты түсіне білудің маңызы зор. Тіл бірліктерінің ұлттық болмысын осы қағида негізінде зерттеу тіл мен мәдениетті сабақтас зерттейтін тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы «лингвоелтану», «лингвомәдениеттану», «этнолингвистика» т.б. салалары арқылы іске асады.

Аталған пәндердің зерттеу нысаны ортақ болып қоймай, кей жағдайда олардың зерттеу әдіс-тәсілдері, кейбір теориялық принциптері мен негіздері ұқсас болып келеді. Әрине, этномәдени факторлармен қатар лингвомәдени жалқы есімнің генезисі мен қызметінде басқа да факторлар қатысады: мәселен, тілдік, әлеуметтік, тарихи т.б., бірақ жалқы есімнің семантикалық көлемі мен оның қызметі аспектілерінде мәдени фактор басымдық танытады, бұл жағдайда жалқы есім – лингвомәдени таңба болып табылады. Жалпы тіл арқылы мәдениеттанудың ғылыми үлгілері: этнолингвистиканың, этномәдениеттанудың, елтанудың, лингвомәдениеттанудың пән ретіндегі жалпы және ұқсас мақсаттары мен міндеттері – ұлт тілі арқылы ұлтты тану, ұлттық ойлау жүйесінің ерекшеліктерін анықтау, қысқаша айтқанда, ұлттық менталитетті айқындау, басқалардың айрмашылығын көрсету. Мысалы, осымен байланысты қазақ ақын, жазушыларының шығармалары бойынша қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасына талдау жасаған С.Жанпейісованың рухани мәдениет лексикасының негізгі тақырыптық топтарын және олардың қалыптасу көздерін анықтау, лексиканың бұл аталмыш қабатын, этнолингвистикалық аспектілерін халқымыздың этномәдени өміріне қатысы тұрғысынан алып қарастыру, рухани мәдениетпен байланысты түрлі тілдік номинациялардың жасау тәсілдерімен даму жолдарын айқындап көрсетуге арналған зерттеу жұмысында жан-жақты айтылған дәйектелген.

Тілдік деректерді лингвомәдени тұрғыдан қарастыруды ғылыми негіздейтін бұл «тіл мен таным» және «тіл мен ұлт біртұтас» деген қағиданы басшылыққа алынуымен сипатталады. Атап айтқанда, бұл бағыттағы зерттеулер «тiл мен таным» сабақтастығын сипаттайды. Себебi‚ бұл тiлдiк деректердi сол тiлде сөйлеушi халықтың әр кезеңдегi тарихи-әлеуметтiк тәжiрибесiне негiзделiп‚ мәдени-танымдық деңгейiне сай қалыптасқан вербалды-ассоциативтi категория ретiнде қарауға болады. «Тiл мен ұлт бiртұтас». Бұл қағида ежелгi мәдениет көрiнiстерi‚ әртүрлi салт-дәстүрлердiң тiл арқылы сақталып жетуi ұлтты тұтастырушы‚ жалғастырушы қызметiмен дәлелденiп анықталады.

Тіл мен мәдениеттің байланысы тіл білімінің қазіргі лингвомәдениеттану саласында ерекше мәнге ие. Осымен байланысты лингвистикалық реконструкция мәдени реконструкциямен сабақтасады. Ежелгi дәуiр адамдарының әр түрлi әлеуметтiк — тарихи кезеңдердегi өкiлдердiң айналадағы алуан түрлi сыры туралы мифтiк бағам-пайымын‚ наным-сенiмiн көрсететiн тiл деректерi‚ кейбiр көне этномәдени сөз қолданыстары бүгiнгi заманға халқымыздың бай ауыз әдебиетi‚ ескiлiктерi‚ көркем әдебиет мәтiндерiндегi ұлттық-мәдени компоненттерi т.б. шығармашылық көздерi арқылы келiп жеттi.

Бұл тұрғыда Е.Ә.Керімбаев былай деп жазады: «Жалқы есімдерінің ұлттық мәдени ерекшеліктерін зерттеу қазақ тілінің ономастикалық жүйесін зерттеуде мәдениеттанымдық аспектіні пайдалуныды қарастырады. Қазақ тілі онимдерінің генизисіне, қалыптасуы мен дамуына қазақ халқының этномәдени өмірі шешуші мәнде әсер етеді.Халақтың этномәдени тарихи фактілерінің тұтас бір жиынтығы қазақ онимдерінің түрлі тақыптық топтарының пайда болуы мен қызмет атқаруының негізі мен себебі болып табылады.Этностың материалдық және рухани өмірі қазақ тілінің этностық болмысымен озара байланысты, этностық тұрғыдан өзіндік таңбаға ие болған онимиялық бірліктер өзіндік бейнеге ие болды». Сондықтан көне тiлдiк деректер халқымыздың ұзақ этномәдени даму жолын‚ материалдық және рухани құндылықтарын‚ түп-тамырын неғұрлым тереңiрек танудың бiр құралы‚ маңызды таным тетiгi ретiнде зерттеледi. Бұл екі фактордың тоғысуы нәтижесінде пайда болған тілдік деректер ұлт мәдениетін немесе ұлт тарихын, халықтың қоғамдық өмірін бейнелеп қана қоймай, ана тілінің сөздік қоры байлығының көрсеткіші ретінде де танылады. Мысалы, тіл мен мәдениеттің атауына ұйытқы болған этнографизмдер – ана тілі байлығының бір бөлшегі. Бұл атаулар – тілдік қазынаның сүбелі саласының бірі және бүгінде жалпыхалықтық қолданыста жоқ кейбір байырғы сөздер мен сөз тіркестерінің мағына-мәнін танытатын мәдени әрі тарихи ақпараттар көзі.

Бірақ этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мәдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер – тілімізде мағынасы ұмыт болған немесе сөздер мен сөз тіркестері олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ана тіліміздің бай ырысын танытудың бір жолы. Тақырыптың мақсатына сай нәтижеге жеткiзуге көмектесетін тiлдi зерттеудiң тиiмдi саласы — этнолингвистика. Ол — адамзат қауымының этностық деңгейдегi балаң‚ бастау тұсындағы тек-тамырын‚ мекен-жайын‚ өмiр тәжiрибесiн‚ салт-санасын‚ кәсiбiн‚ жеке этностық топтардың алғашқы анайылық қалпындағы дүниетанымын‚ мифтiк танымын‚ атап көрсетiлген жайлардың бәрi адамдардың бастапқы ұғым-түсiнiгiндегi өзiндiк «әлем үлгiсi» ретiнде тек тiлде таңбаланып отырған. Мұны ғалымдар‚ жоғарыда көрсетiлгендей‚ тiлдiң кумулятивтiк немесе құжаттық (Э.Сепир) қызметi деп сипаттайды. Міне, осылайша анықталатын қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер осындай ырысты байлықтың бір көзін құрайды. Қазірде бұл этноатаулар қоғамдық қарым-қатынас кезінде белсенді киiмiн‚ iшкен тамағын т.б. яғни мәдениетiн тiлi арқылы зерттейтiн тiл бiлiмiнiң саласы. Себебi жоғарыда қолданылмаса да, бұл сөздердің дені диалектілік лексикада, тұрақты бойына сақтаған этнотілдік деректерді сан ұрпақ танитын ана тіліміздің қорында мәңгілікке сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің құрамында, көркем шығарма тілінде, ауыз әдебиеті, фольклор мен эпос тілінде жиі кездеседі. Тілдің танымдық, мұрагерлік қызметі негізінде сан ғасыр құпиясын сақталатын сарқылмайтын қазына, «адамзат тарихыныњң қоймасы» (Қ.Жұбанов) деуге болады.

Сабақтың кейбір кезеңдерінде оқушылардың сабаққа белсенділігін арттыруда өз ойын жазбаша жазуын, логикалық ойлауын үнемі қарастырылады. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін, өзін-өзі ұстауын, өз ойын еркін жеткізуі, оқушы бойында инабаттылық тәрбиесінің қалыптасуына үнемі көңіл бөлініп отырады.

Осындай атқарылған істер барысында тәжірибелік істердің ілгері басқанын байқадық және мына нәтижелерге қол жеткіздік:

білім деңгейі мен білім сапасының артуына;

логикалық ойлау деңгейі мен тілдік қарым-қатынас деңгейлерінің өсуіне;

кез-келген ортада өзін-өзі ұстау мәдениетінің жоғарлауына;

қазіргі ортаға бейім, саналық та, тәрбиелік дәрежесінің оң өзгерістерінің сипат алғанына көз жеткіздік.

Ежелгі грек материалисі, философ Демокрит айтқандай, «Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі». Олай болса, жас ұрпаққа үйретері мол аға ұрпақтың ісі өрге жүзіп, еңбектері үстем болсын.

Болашақтың бәсекесіне қабілетті XXI ғасыр шәкіртін тәрбиелеу білім беру саласының еш назарынан тыс қалған емес. Соған сай ұстаз – нәзік психолог, тынымсыз еңбеккер, ортаның ұйтқысы, жан-жақты шебер, терең қазыналы білімпаз, белсенді патриот болғанда ғана қоғамның мықты да білікті, жоғарғы мәдениетті, жан-жақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелейтінімізге нық сенімдімін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Әбдуали Қайдар. Қазақтар ана тілі әлемінде (Этнолингвистикалық сөздік) I том. Алматы, 2009.
  2. М.А Брагина, В.В. Дронов и др. Лингвокультуроведческие аспекты формирования языкового сознания иностранных студентов в процессе изучения русского языка. М., 2008.
  3. Ж.А. Манкеева. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. А., 2008.
  4. «Ұлағат» Н. Шакузадаұлы. КАТЕВ халықаралық қоғамдық қоры. 31 бет.
  5. А. Мекебаев.  Зиялы  қауымның  қаруы  –  мемлекеттік  тіл. 27 бет. «Жаңа ғасыр» Алматы. 2006. № 9.
  6. Ш. Бағиева.  Басқа  ұлт  оқушыларын  Қазақстандық патриотизмге  тəрбиелеу.  17  бет.  «Қазақ  тілі  мен  əдебиеті  орыс мектебінде». Алматы. 2004. № 5.
  7. Р.Төлеубекова. Рухани-эстетикалық тəрбиенің педагогикалық негіздері. «Қазақстан мектебі». Алматы. 2007. №
  8. А.Əлімқұлова.  Ұлттық  мəдениет  жəне  тəуелсіздік. «Атамекен-Ай».

А. 2006/2.

 

 

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *