Психикалық дамуында тежелісі бар балалардың танымдық қызығушылығын ойын арқылы арттыру


Адырбек Мейрамкүл Әлібекқызы 

Әуезов ауданы алматы қаласы

Қалалық балаларды оңалту орталығының психологы

         Қоғамдағы жетістіктердің негізгі күші – Адам, оның білімі, шеберлігі, еңбектегі табандылығы, ойлауы мен адамгершілік қасиеттері. Оқу, білім және тәрбиенің қайсысын алып қарастырсақ та, адамның психологиялық мүмкіндіктерімен сәйкестендіріліп ұйымдастырылса ғана жақсы нәтиже берері анық. Мен адамның жан дүниесімен сырласып, оның психологиясын зерттеп жүрген жас маман ретінде, психологиялық көмектің аса қажет екенін байқаймын. Балаға психологиялық көмек көрсету- жан дүниесіндегі қиындықтан шығару, жолын табу, баланың өзіндік ерекшелігін танып-білу мен дамыту және өз мүмкіндігін пайдалы істерде қолдана білуге жағдай жасау. Дәннің өсіп-өнуі топырағына, күтіміне байланысты болғаны сияқты, бала ақыл-есінің қалыптасуы да өскен ортасына, алған тәрбиесіне тығыз байланысты. Психикалық дамуында тежелісі бар балаларға білім беру, олармен жұмыс жасау, оларға қарапайым түсініктерді жеткізу оңай емес. Олардың алға қарай аяқ басуына, мақсаттарына жетуге бағыт-бағдар беруіміз қажет. Кейбір ата-аналар баласының кемістігін бетіне басып, ұрысып, кекетіп, кемсітіп ұрып-соғады. Бұл әрине, дұрыс емес. Бұл баланың психологиясына кері әсер ететінін түсінбейді. Біздің орталыққа келетін балаларға әрқашан саналы, ақылды, инабатты екендерін айтып, көңіл-күйлерін көтеріп отырамын.

Психикалық дамуында тежелісі бар балалармен өткізілетін әрбір сабақты балалар өз күштерімен, сенімділігін сезінетіндей етіп, олардың оқуға деген ықыласын оятып, қызықтыратындай етіп ұйымдастыру қажет.

 

Мен өткізетін тренинг ойындарының мақсаты: Балаларды бір-бірімен таныстыру, таным қабілеттерін дамыту, өз-өздерін тануға, сезімі мен қабілетін түсінуге көмектесу, оларды дамытып, жетілдіруге мүмкіндік жасау, өз-өздерін бақылау арқылы өздерін танытатын адам болуға баулу.

Тренинг ойындарының тәрбиелік мақсаты: айналадағы ортамен үйлесімді қарым-қатынас жасауға дағдыландыру, өзара жағымды қарым-қатынас жасауға дағдыландыру, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, жағымды сезім қалыптастыру.

Сабақтың түрі: психодиагностикалық сабақ.

Керекті құрал-жабдықтар: әртүрлі ұсақ ойыншықтар, жыл мезгілдеріне байланысты суреттер, сөздер жазылған қағаздар, қағаздан жасалған алма ағашы және сұрақтар жазылған алма суреті

 

  1. «Танысу» ойыны

Барлығымыз шеңбер жасап отырайық. Қазір шеңбер бойымен оң жақта отырған қатысушыдан бастап топқа таныстырамыз. 1–2 сөйлем арқылы сыныбын, атын, өзінің мінезін айтуы керек. Психолог өзін таныстырып әңгімелейді. Психологтан кейін әрбір адам айналым бойынша өзін-өзі таныстырады. Танысу біткен соң, таныстырудың қалай өткені туралы пікірталас жүргізіледі. Психолог топқа мынадай сұрақ қояды: Кімнің таныстыруы сіздің есіңізде қалды және оның таныстыруы несімен ұнады?

 

  1. «Бұл қашан болады?»
    Жыл мезгілдеріне байланысты суреттер көрсетіледі. Сол суреттер ішінен керек суретті көрсетіп әңгімелеп береді.
    Кесте, құрал – жабдықтармен жұмыс
    1. Айлардың аттарын ата;
    2. Жыл мезгілдерін түстерге сәйкес ата;
    3. Әр мезгілде неше ай бар?
    4. Бір айда неше апта бар?
    5. Қазір қандай жыл мезгілі және қандай ай?
  2. «Сиқырлы қапшық»
    Балаларды шеңбер жасай отырғызып жүргізуші олардың алдындағы кішкентай үстел басына отырады. Үстелдің басында сиқырлы қапшық тұр. Ішінде әртүрлі ұсақ ойыншықтар. Балаларды кезекпен шақырып қапшықтың ішіндегі екі бірдей затты тауып алуды талап етеді. Мысалы: екі доп, екі машина, т. б. Балалар қолымен заттарды сипап бірдей затты тауып алған соң, сипаттап айтады. Айтқанын тексеру үшін, заттарды сыртқа шығарады, ойын осылайша жалғасады.

 

  1. «Төрт құбылыс»
    Балалар шеңбермен тұрады. Жүргізуші: «Су», – десе қолдарын алдына созады, «ауа» десе жоғары көтереді, «от» дегенде екі қолын айналдырады, «жер» дегенде қолдарын түсіреді. Кім шатасса, ойыннан шығады.
  2. «Орныңды тап»

Балалар шеңберге тұрады. Әр бала өзінің жанындағы баланы есінде сақтап, қарап алуы керек. Жүргізушінің бірінші белгісі бойынша, бөлменің жан – жағына тарап кетеді (белгі: шапалақтау, барабанмен беріледі). Екінші белгі бойынша, шеңберге бастапқыда қай орында, кімнің қасында тұрғанын есінде сақтап, қайта шеңбертүзеді. Өз орынын таппаған балалар ойыннан шығады.

6. «Мен жеңімпазбын»

Орындықтарды ортаға қойып, музыка әуені ойнағанда балалар шеңбермен айналып жүгіреді. Орындықтар саны балалар санынан 1 санға кем болуыкерек. Ең соңында қалған бала орындықтың үстіне шығып, мен жеңімпазбын деп айтуы керек.

  1. “Егер осылай болса…”

Балалардың біреуі фантастикалық жағдайды ойлап табады, ал басқалары оның шешімін табуы керек. Мысалы:

– егер әр адам туғаннан бастап барлық басқа адамдардың ойлаған ойларын оқуға қабілеті болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер жер бетіндегі адамдардың әрқайсысы өзіне ғана түсінікті тілде ғана сөйлейтін болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер жануарлар тілін адамдар түсіне алатын болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер адамдар құс сияқты ұша алатын болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер оймен барлық өсімдіктер өмірін басқаруға болатын болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер адамдар жер астында өмір сүре алатын болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді?

– егер адамдар су астында өмір сүре алатын болса, онда Жердегі өмір қалай өзгерер еді? т.с.с.

Фантазиялық әңгімелерге үлесін қосқандардың барлығы марапатталынады.

 

  1. “Сұрақ – жауап” ойыны.
    Ойынның мақсаты: Сұрақтарға дұрыс, әрі тез жауап беруге дағдыландыру.
    Ойынның шарты: Балаларды екі топқа бөлу. Әр топқа сұрақтардың жауаптары жазылған карточкалар тарату. Сұрақ оқылғаннан кейін оқушылар дұрыс жауабын көрсетеді. Қай топтың дұрыс жауаптары көп болса, сол топ осы ойынның жеңімпазы болады.
    Сұрақтар:
    1. Сөмкеде не жатыр?
    2. Бір аптада неше күн бар?
    3. Асханада кім бар?
    4. Сыныпта неше терезе бар?
    5. Қолда неше саусақ бар?
    6. Жазда ауа райы қандай?
    7. Бір тәулікте неше сағат бар?
    8. Мектеп неше қабатты?
    9. Күзде не сарғаяды?Керекті сөздер: қалам, жеті, аспаз, үш, бес, ыстық, жиырма төрт, үш, жапырақ.

    9. “Сиқырлы ағаш” ойыны.
    Ойынның мақсаты: Оқушыларды сұраққа жауап бере білуге үйрету.
    Ойынның шарты: Тақтаға қатты қағаздан жасалған алма ағашы ілінеді. Алмалардың сыртында бір сұрақтан жазылады. Тақтаға шыққан оқушы алманы алып, сұраққа жауап береді. Егер оқушы сұраққа дұрыс жауап берсе, алманы өзіне қалдырады. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалайды. Бұл ойынды «Мектеп», «Үй жануарлары», «Асхана», « Балықтар», және т. б. тақырыптар бойынша өткізуге болады. Мен «мектеп» тақырыбын таңдадым.

  2. Өзін-өзі бағалау (психодиагностика)

      Мен қандаймын?

Мақсаты: психология өзін тануға, бағалауға, қоғамдағы өзге адамдармен тіл табыса келе, тіршілік етуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда көп білу, өзіңді жақсы сезініп жүруің үшін өзіңді тыңдап, үйренуің керек. Өзіңді біл, өзіңді дамыт дей отырып, «Мен қандаймын?» деген сұраққа жауап береміз. Алдарыңыздағы бланкідегі 10 жағымды қасиеттерді оқи отырып, өз-өздеріңді қалай қабылдап-бағалайтындарыңды анықтайсыңдар.

 

Мен қандаймын Ия Жоқ Кейде Білмеймін
1 Мен жақсымын
2 Мен қайырымдымын
3 Мен ақылдымын
4 Мен ұқыптымын
5 Мен тіл алғышпын
6 Мен ықыласты, зейіндімін
7 Мен сыпайымын
8 Мен ақылды, қабілеттімін
9 Мен еңбекқормын
10 Мен шыншылмын

 

Нәтижесін бағалау:

«ия»- 1 ұпай

«жоқ»- 0 ұпай

«Білмеймін, кейде»- 0,5ұпай

 

10ұпай – өте жоғары

8-9ұпай – жоғары

4-7ұпай – орташа

2-3ұпай – төмен

0-1ұпай – өте төмен

 

Қорытынды: «Жалпы өткен тренинг балалардың көңілінен шықты ма? Қандай ойындар балаларға ұнады?»- деген сұрақтар қойылады. Әрбір қатысушы бала, топтағы балаларға көңілді күй тілеп, алғыс айтылып, тренинг аяқталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *