«Алтын асық қалмасын айдалада….» ғылыми жоба


Тұяқ Мирас Талғатұлы    8  жаста

Петропавл қаласы  “№ 9 орта мектеп” КММ-нің оқушысы

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы 

Жетекшісі: Жакубаева Саягүл Бағадатқызы

Петропавл қаласы  “№ 9 орта мектеп” КММ-нің  мұғалімі

Кіріспе

Зерттеу жұмысының тақырыбы: Асық – ұлттық құндылық

Зерттеудің жұмысының  мақсаты:

Қазақтың бұл ұлттық ойынның қажет екеніне көз жеткізеді. Асықтан қазіргі заманға сай ойындар ойлап табуға болады.

Зерттеу жұмысының  міндеттері:

  1. Асық ойынының барлық ережелерін, қыр – сырларын зерттеп, ізденіс жұмыс жасап, асықтың түрлерімен ерекшелерін білу.
  2. Қазақтың ұлттық ойыны асық ойынын дәріптеу. Асық ойынының маңызы мен оның түрлерін анықтау.
  3. Асық ойнының ұмытылып, мүлде ойналмай, ережелерінің сақталмай, ойнаудың өзіндік сырларының (техникасының) жоғалып бара жатқандығын басты назарда ұстау, ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлу керектігін дәріптеу.
  4. Өткенді зерделеп, келешек ұрпаққа насихаттау.

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

Біз балалар  ойын ойнағанды жақсы көреміз. Ойынның қызығына салынып кетсек, ойыншықтар қалып, планшет, ноутбук, сенсорлы ұялы телефондар, жалпақ тілмен айтқанда виртуалды ойын ойнағанды жақсы көріп барамыз. Үлкендер рұқсат берсе, тіпті куанамыз. Тіпті  басқа ойындарды ысырып қоямыз. Ауыз екі сөйлеу тіліміз дің аясы қысылып, қазақ тілімізге де біраз зияны тиіп жатады. Осы орайда мен ұлттық ойынымыз асық ойындарын ойнасақ, құндылығымыз жойылмас еді.

Зерттеу жұмысының болжамы:

Егер, балалар асық ойындарын жақсы меңгерсе, виртуалды ойындардан біртіндеп арылады.

Зерттеу жұмысының әдістері:

  • Теориялық (анализ, салыстыру)
  • Зерттеу
  • Сыныптастарыма сұрақ қойып, жауап алу
  • Асыққа байланысты көнерген сөздерді жинақтау, жаңа ойындар ойлап табу

Зерттеу жұмысының нәтижесі:

Асықтарды құрастыру әдісін пайдалана отырып, балалармен бірлесе конструкция жасауға болады. ұлттық асық ойындарын жаңа заманға сәйкестендіріп ойнауға болады. Мәселен, алшы ойынында дәл ережедегідей асықтарды қаз-қатар тізіп қойып, атуға болады, алайда ойынға қызығушылық арттыру үшін асықтардың үстіне тәтті кәмпиттерді қойып атсақ, атылған асықтың үстіндегі кәмпит сонікі болмақ.

 

 

  1. Негізгі бөлім
    • Асық – ұмытылып бара жатқан ұлттық ойын.

Асық – қазақтың ықылымнан келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының бір түрі.  Жобада қазіргі  заманның  ағымына  байланысты  ұмытыла  бастаған  қазақтың ұлттық  ойындарының  мән  мағынасы,  шығу  тарихы  баланың  рухани және  дене  тәрбиесіне  беретін  мол  әсері  жайлы мәліметтер  жиналған.   Ал виртуалды ойындардың зиян екені белгілі.   Сонда виртуалды ойындарда қалай құтылуға болады? Әдемі, көркем тілімізді қалай жетілдіруге болады?

Осы орайда мен ұлттық ойынымыз асық туралы сөз етуді жөн көрдім.

  • Асықты балалар біле ме?
  • Қандай асық ойындары бар?
  • Асықтың түрлері қалай аталады?

Осы сұрақтарға жауап іздегім келді. Жауап  алу үшін шағын  зерттеу  жұмысын жүргізгім келді. Ұстазыммен  ақылдасып, осы тақырыпты тандап алдым.

Интернет желісіне кіре отырып  асықтың жануарлардың аяқ жіліктерінің сүйегінен алынатындығын, олардың түрлі атаулары бар екендігі мен үшін аян болды.

Асықтың түсуіне байланысты оны алшы, тәйке, бүк, шік, омпы, сомпы деп бөлінетіндігін, асықпен ойналатын ұлттық ойындардың біразын жинақтадым. Енді осыны достарыма қызықты етіп жеткізу керек. Тек сонда ғана біз виртуалды ойындардан баст тартуымыз мүмкін, әрі қазақ тіліміздің дамуына да үлес қосамыз.

Сол себептен менің  жобамның тақырыбы өзекті деп ойлаймын. Сондықтан да  асық  туралы  әңгімелеу қажет деп таптым.

«Асық – ұлттық құндылық» тақырыбында ғылыми жобаны жазу барысында ең бірінші туындаған мәселе – қайнаған қаланың тіршілігінде асықты табу үлкен проблема болды. Сөйте келе, асықты біртіндеп сұрастыра жүріп жинадым. (№1 қосымша)

Міне, осылайша, асықты көптеп жинап алып, енді теория жүзінде ол туралы ақпаратты кеңейтумен қатар, практика жүзінде асық туралы ересектер мен балалар қаншалықты біледі деген өзекті сұрақ өзінен-өзі туындайды. Осыған орай мен балалармен жеке-жеке сауалнама жүргізіп көрдім.

Сауалнамаға толығырақ тоқталсам, балаларға арналған сауалнаманы жүргізу барысында олармен бірінші әңгіме жүргізілді. Әр бір сұраққа жауап беру барысында келесі сұраққа назар аудармау үшін сауалнама кітапша түрінде берілді, кітапша түрінде берілген сауалнама сұрақтары әр бетте бір сұрақтан болды.

(№ 2 қосымша)

 

  • Асық қайдан шыққан?

Асық – төрт түлік малдың ішінде қой-ешкінің тілерсегінде, асықты жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Аңдардың да тілерсек тұсында болады. Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. Бәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын (жабайт) тағады. Сұлу, көрікті болып бойжетсін деп ырымдағаны. Келіні құрсақ салғанда, атасы мен әжесі ырымдап асық жинайды. Онысы – ұл тілегені. Келінге көз тимесін, аман-есен босансын дегенге саяды. Мысалы, менің есім кіргенде, біздің үйде әке-шешем жиған алпыс асық болған.

        Асықпен ойналатын ойын түрлері

Жоба жұмысын жазу барысында асықпен ойналатын көптеген ойын түрлерін жинақтадым. (№3 қосымша)

Ойынның атауы: «Алшы»

Ойынның мақсаты: Балаларды ептілікке, шымырлыққа тәрбиелеу. Ұлт мұрасын сыйлауға тәрбиелеу. Тез ойлауға, алыстан көруге, қайраттылыққа баулу.

Ойын барысы:

Көнге әрбір ойыншы бір асықтан тігеді де, төреші олардың сақаларын иіру арқылы ойнаудың кезегін анықтайды. Бірінші кезекке ие болған ойыншы сақасын көннен алыстау жерге иіреді. Себебі, сақасы тәйге түсе қалса, оны ойыннан шығару үшін оны өзінен кейінгі ойыншы тәйке түскен сақаны көннен тұрып атады. Егер тигізсе, бірінші ойыншы шығып қалады. Ал тигізген ойыншы көннен бір асық алады да, сақасы түскен жерден өз кезегі келгенде көндегі асықтарды атады. Тәйкеге тигізе алмаса, ойыннан өзі шығады. Осыдан кейін үшінші кезектегі ойыншы сақасын иіреді. Егер сақасы алшы түссе, көннен бір асық алады да, өз кезегі келгенде сақасы жатқан жерден көндегі асықтарды атады. Ойын осылай жалғаса береді.

Ойын ережелері:

1.Ойыншылар ұтқан асығының санына қарай ұпай жинайды.

  1. Ойыншылардың ойнау кезегін анықтау үшін сақаны төреші иіреді.
  2. Әр ойын алаңында аға төреші және оның көмекшісі төрелік етеді.
  3. Ойынға пайдаланылатын сақалар тексеріледі. Ойынға пайдаланылатын сақаны жонып, егеп өзгертуге немесе оған қорғасын құюға болмайды.

Қолданылатын сөздер: алшы, омпы, сақа, тәйке, ойнайық, сенің кезегің, ұтылдың, менің кезегім, тигіздің.

Ойынның атауы: «Ханталапай»

Ойынның мақсаты: Балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру.

Ойын барысы:

Балалар бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады.Ойын жүргізуші қолындағы асықты «Ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді.Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі.

Қолданылатын сөздер: ханталапай, кім көп жинады?мына асық менікі, менде асық көп

Ойынның атауы: «Атқапыл»

Ойынның мақсаты: Балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру.

Ойын барысы:

Бұл ойынға екі бала қатысады.Біреуі сақасын иіріп, екіншісі сол сақаны екінші бала өз сақасы жатқан жерге дейін көтеріп апарады.Осылайша екі бала бірінің сақасын бірі атып, бір-бірін кезек-кезек көтерісіп ойнай береді. Бұл ойын балаларды шымырлыққа, дене күшін жетілдіруге үйретеді.

Қолданылатын сөздер: менің кезегім, енді сенің кезегің, мен сені жеңіп кеттім, сақа.

Ойынның атауы: «Бес тас»

Ойынның мақсаты: Балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, қол моторикасын дамыту. санауға үйрету.

Ойын барысы:

Бұл ойынға бірнеше балалар қатысады. Ойын бірлік, екілік, үштік, төрттік, бестік деген деңгейлерден тұрады. Асығын қағып ала алмаған бала сол деңгейде қалып, кезегі келгенде ойынды әрі қарай жалғастырады. Бірлікте асықты көкке лақтырып қалғандарын бір-бірлеп қағып алу керек, солай деңгей жалғасады. Бестікте барлық асқытарды «көпірден» екі саусақтың арасынан өткізеді.

Қолданылатын сөздер: бірлік, екілік, үштік, төрттік, бестік, көпір, сенің кезегің, бес тас ойнайық.

 

2.4.  Асықтың түсуіне байланысты түрлі атаулар

Сонымен қатар асықтың түрлі түсуіне байланысты атаулары да бар. (№4 қосымша)

Алшы –асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған аса мән беріледі. Ол – бірінші дәрежелі асық.

Тәйке- асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап,тұрық түсуі. Ол – екінші дәрежелі асық.

Бүге ( Бүк ) -асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі

Шіге ( Шік ) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.

Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді.Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды.

 

2.5 Асыққа байланысты мұра сөздер

Халқымызда  «асығың  алшысынан  түссін»  деген  жақсы  тілек  бар.  Асық ойынында  кімнің  сақасы  алшысынан  түссе, сол  бірінші  атады  немесе  басымдыққа  ие  болады. Яғни, асықтың  алшы  тұруы  оның  иесіне  (балаға)  сәттілік  жолдас  болып  тұрғанын  білдіреді.  Сондықтан,  аталарымыз  белгілі  бір  оқиғаға, болмаса  жағдайға  байланысты  мерейлі  болғанын  қалайтын  адамына  осындай  тілек  айтқан. Бұл  сөз  қандай  да  бір  даулы  мәселеде, айтыс-тартыста, бәс  тігілген  сәттерде  мерейі  үстем  шыққан немесе  бастаған  ісі  игі  жалғасын  тапқан  азаматтарға  қарата: «асығы  алшысынан  түсті»  деп  те  қолданылады.

«Қой  асығы  демегін,  қолыңа  түссе  құлжа(сақа)  ғой».  Бұл нақыл  да  қазақтың  болашағынан  үмітті  балаға  айтатын  сөзі.  Бала  деп  жасытпай,  сеніммен  қарасаң,  тәжірибеңмен  бөлісіп, тәліміңді  берсең, ол  да  ертең  елдің  жүгін  арқалар  азаматың  деген  мағынадағы  үмітті  меңзейді.

Әділеттілік  үшін  асыққа  қарсы  мысалды  да  келтіргенді  жөн  көрдім.  Қазақта  «асық  ойнаған  -азар,  доп  ойнаған – тозар,  бәрінен  де  оқу  оқып, білім  алған  озар»  (ертеректе  «қой  бағып,  құйрық  жеген  озар»)  деген  де  нақыл  сөз  бар.  Оның  балаларды  білімге  шақырған, насихат  тұрғысынан  айтылғаны  мәлім.

 (№5 қосымша)

2.6. Асыққа жаңаша көзқарас   

 

Қыркүйек айында болған диаграммадан кейін және асық туралы ақпарат жинау жүріп диаграммадан оның қаншалықты құндылық екенін түсінуге болады.

Ендеше бірден көкейге келетін тағы бір сұрақ туындайды, ол: Асық – ұлттық құндылық, асықтың жойылып кетпес үшін, мен не істей аламын?

Осы сұрақ бойынша ғылыми жоба жұмысын жазу барысында, зерттеу барысында бірнеше көкейкесті ойлар туындады. (№6 қосымша)

Біріншіден, асықтарды құрастыру әдісін пайдалана отырып, балалармен бірлесе конструкция жасауға болады.

Екіншіден, ұлттық асық ойындарын жаңа заманға сәйкестендіріп ойнауға болады. Мәселен, алшы ойынында дәл ережедегідей асықтарды қаз-қатар тізіп қойып, атуға болады, алайда ойынға қызығушылық арттыру үшін асықтардың үстіне тәтті кәмпиттерді қойып атсақ, атылған асықтың үстіндегі кәмпит соныкы болмақ. Осы ойын арқылы мен үйдегі інімді ойнатамын. Жинаған мәліметтермен сыныпта бөлісіп отырдым.

Бірқатар ойындар ойналып, біраз уақыт өткен соң, сауалнама қайта жүргізілді. Нәтиже көңіл көтерерлік болды. (№7 қосымша)

  

 

Қорытынды

Қорыта айтсам, қазір балалар ойын автоматтары, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Кез-келген ойын автоматтарына бас сұқсаң көбіне көп қазақтың баласын кездестіресің. Біріншіден, бұл ойындардың адам денсаулығына тигізер залалы көп. Екіншіден, баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады.

Ұлттық асық тарихын ұмыт қалдырмай, жаңашыл леппен ойындар ойлап табу да әрбіреуіміздің қолымыздан келері хақ. Асық – таусылмас мұрамен қатар, таусылмас идея деп айтар едім. Оған дәлел Б.Момышұлының айтқаны: «Асық ептілікке, мергендікке баулиды. Бұл – үлкен халықтық тәрбие »,- деп жоғарғы басшылыққа хат жазған болатын. Ендеше, құрметті тыңдарман, асық төңірегінде тақырыпты бірге түрлендірейік! Тыңдағандарыңызға алғысымда айта отырып, әрдайым асықтарыңыз алшысынан түссін дегім келеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 30 қараша 2015 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. Мектепке дейінгі оқыту және тәрбие №1080 ҚР МЖМБС, 23 тамыз, 2012 жыл.
  3. Аюбай Құралұлы «Ұлттық дүниетаным» Алматы. 1997жыл
  4. Ә. Доспанбетов, «Қырық қазына» Алматы 1997
  5. Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» (Алматы, 1994)
  6. «Бала би» журналы 2010 жыл № 5
  7. Г.Т.Ерғожина Ұлттық ойындардың білімділік, тәрбиелік рөлі мен мәні // Қазақстан-Заман. 2012. 22 наурыз. № 13. – 16 б.
  8. Дулат Аманжол, qasym.kz
  9. Е. Сағындықов Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Рауан, 1991. – 176 б.
  10. «Қазақ әдебиеті» газеті 1992жыл
  11. Қазақ Совет энциклопедиясының 1 томы.2006. 22 наурыз. № 63. – 10 б.
  12. Қазақтың Ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 1томы.
  13. Н.Жүсіп «Тутанхамонның асығы» // Егемен Қазақстан
  14. С. Қалиев, М. Оразаев «Қазақ халқының салт дәстүрлері», Алматы 1994
  15. Т.Асқартегі, Асық – мергендікке тәрбиелейді. // Азия транзит. – 2004. № 6. Б. 53-55.
  16. Ш.Ыбыраев, «Соқыртеке: ауыз әдебиетіндегі балалар ойындарының үлгілері», Алматы: Өнер, 1990. 176-бет.
  17. Ғаламтор желісінен:

http://almaty.ws/blog/tvorenie_evrazija/,

http://collegy.ucoz.ru/publ/59-1-0-10315,

http://bilimdiler.kz/adistemelik/1443-ulttyk-oyyndar-tan-men-zhan-saulygy.html

Көшіру… 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *