ТжКБ ұйымдарының оқу үдерісіне модульдік оқыту жүйесін енгізудің маңыздылығы


Серикбаева Салтанат Нұрлыбекқызы

«Шымкент аграрлық колледжі» МКҚК арнайы пәндер оқытушысы

      Баршамызға белгілі, модульдік оқыту жүйесі дәстүрлі оқыту жүйесіне балама ретінде өткен ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ-та пайда болған. Бұл жаңа жүйеде сол кезге дейін педагогикалық теория мен практикада жинақталған барлық тың идеялар мен прогрессивтік технологиялар топтастырыла бастады. Бүгінгі күні модульдік оқыту технологиясын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дидактикалық үдерісті жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін толыққанды және жүйеленген әдіс ретінде қарастыруға болады. Бұл мәселені ел үкіметі де айналып өткен жоқ. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25-сәуірдегі «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» № 243 қаулысында «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ әзірлеген кредиттік-модульдік білім беру бағдарламаларын тарату және ТжКБ жүйесіне модульдік оқыту технологияларын кезең-кезеңімен енгізу ісіне баса назар аударылған. Жалпы, заман сұранысына сай бұл бағытқа қоғам оң көзқарас танытып отыр. Өйткені, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде оқытудың дәстүрлі нысандары ең алдымен репродуктивтік әдіске, көрнекілікті қолдану арқылы түсіндіруге негізделсе, қазіргі таңда еңбек нарығында өз жұмыс орнын таба алатын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін дуальді оқыту жүйесінің, модульдік оқыту технологиясыеың маңызы еселеп артып отыр.

Модульдік технологияның мәні – оқу курсын өзара жалпы әдістемемен, оқу мазмұнын меңгерудің жалпы қағидаттарымен байланысқан бірнеше салыстырмалы түрде дербес бөліктерге (оқу модульдеріне) бөлу. Оқу модулі салыстырмалы түрде аяқталған ақпараттар топтамасынан, бағдарламаны табысты орындау үшін берілген оқытушының нұсқауларынан және оқушы іс-әрекетінің мақсатты бағдарламасынан тұрады. Модульдік оқыту жүйесі білім мазмұны, білімді игеру, өзіндік жұмыс жүргізу, оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Бұл жүйеде оқушылардың дербестігіне, өзіндік жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлінген. Ал оқытушы негізінен бағыттаушы, кеңес беруші және үйлестіруші рөлінде болады. Сонымен қатар, әрбір  модульмен жұмыс жасау тәртібі қайталанып отыратындықтан, модульдердің мазмұны мен көлемінің әр түрлі болуына қарамастан, оқушыларда өзінің оқу іс-әрекетін саналы түрде басқару механизмін қалыптастыруға негіз салынады. Сондай-ақ бұл әдіс оқушыны ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілетін арттырады.

Дәстүрлі оқыту мен модульдік оқытудың негізгі айырмашылықтарын кесте түрінде көрсетуге болады:

 

Дәстүрлі оқыту Модульдік оқыту
1. Оқытудың мақсаты нақтыланбаған,  айқын емес. 1. Оқытудың мақсаты нақты, айқын.
2. Оқытудың нәтижесі ең соңында белгілі болады. 2. Күтілетін нәтиже алдын-ала белгілі болғандықтан, білім алушылар соған жетуге тырысады.
3. Мұғалім – негізгі тұлға, сондықтан соңғы сөз педагог құзырында. 3. Мұғалім – бағыт беруші, кеңесші, үйлестіруші болып, білім алушыға жақыннан көмек береді.
4. Оқушының қызығушылығы төмен, көп белсенділік  танытпайды. 4. Оқушы өз пікірін білдіруге, қорғауға, дәлелдеуге белсенді болады.
5. Оқу материалын түсіндіру негізінен репродуктивтік әдіспен жүзеге асырылады, оқушылардың ізденісі төмен. 5. Әр  оқушы  материалды өз мүмкіндігіне сәйкес меңгереді. Тапсырмаларды орындауда оған таңдау беріледі.
6. Оқушының білімі сабақта ғана  тексеріледі. 6. Оқушының білімі әр модульден кейін тексеріліп отырады.

 

Сонымен қатар, модульдік оқытудың мынадай артықшылықтарын атап көрсетуге болады:

– оқытудың міндетті түрде нәтиже  беретіндігі;

– оқытушы мен білім алушының субъект-субъектілік қарым-қатынасы;

– топпен және жеке жұмыс істеуге мүмкіншіліктің болатындығы;

– нәтиженің басты бағытта болуы;

– оқу материалының мазмұнын игеруді тексерудің қолайлы жағдайда өтілуі;

– оқушы өзінің бар мүмкіншілігін көрсете алатындығы, оның ізденетіндігі.

Пайдаланылған әдебиет:

  1. «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» (25.04.2016 ж. ҚР Үкіметінің № 243 қаулысы).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *