Шығарма Ыбырай ата – ұлағатты ұстаз


Раисова Зибагүл Сабанқалиқызы Қостанай облысының

Әулиекөл ауданының  Құсмұрын станциясының №121 Құсмұрын орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ ұлтының ұлағатты ұстазына айналған Ыбырай ата Алтынсарин жайында көп жазылғаны, еңбектерінің егжей-тегжейлі зерттелгені рас. Алайда көп жайт Кеңес дәуірінің саясатына орай бұрмаланып көрсетілді. Ол үшін кітап, мақала авторларына кінә артып айыптай қарағаннан гөрі түсіністікпен байыптай қараған жөн деп ойлаймын. Өйткені, олар солай жазуға мәжбүр болды, заманы соны талап етті.

Ыбырай ата өмір сүрген заманда Ислам дінін ұстанған халыққа одан алшақтау, оған қайшы келетін дүниелерді ұсыну киынның қиыны болатын. Басқа елдің салт-дәстүрін, өмір сүру әдетін, әдебін балалар түгілі, үлкендер де ол кезде біле бермейтін. Сондықтан да ұлы ұстаз басқа тілдерден аударған шығармаларын қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, діні мен діліне жақындатып, мақал-мәтелдер, «Құдай Тағала», «Алла жар болсын», «Шүкір» деген сияқты халықтың күнделікті қолданып жүрген, өздеріне етене жақын сөздерін қосып, қарапайым қазақы ұғымға лайықтады. Мұны Ыбырай мұраларын зерттеуші ғалымдар білгенімен де түбін қазып «Алла», «Құдай Тағала» деп қазақыландырған, діннің тәрбиелік жағын алған дегенді айта алмаған. Айтқандардың жазғаны жарыққа шықпай, қапасқа қамалған. Мұхтар ата Әуезовтің  1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» сондай «қапасқа қамалған» кітаптардың бірі еді. Араға 64 жыл салып 1991 жылы «Ана тілі» баспасынан қайта жарық көрді. Осы жинағында автор «кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын көп ұсынатын ақын Алтынсарин»,- деп жазған болатын.

Сол «дін мейманалығын көп ұстанатын» ақын атаны кеше Кеңес дәуірінде атеист етіп көрсеткеніміз шындық.

Педагогикалық, діни, т.б. көзқарастары жайында сөз қозғағанда да орыс, Батыс, Еуропа педагогтарының бала тәрбиелеу, оқыту жөніндегі ой- мақсаттарын қазақтың ұлттық педагогикасымен қалай ұштастырды, мұны да айту оңайға соқпады. Өйткені халық педагогикасының негізі – Ислам, түркілік дүниетаным. Бала тәрбиесінде ол кезеңде, әсіресе, мұсылман діні қағидаларының атқарған рөлі зор болатын. Ол әрқашанда бірінші орында тұрды. Мұны кеше айта алмағанымыз рас. Егемендігімізді алдық, ақтаңдақтардың орнын толтыру енді бізге міндет. Ыбырай ата шығармашылығын, педагогикалық қызметін зерттеуде кеткен басты кемшілік – сол Ислам дінін айтқызбаудан туындағаны қазір айдан анық көрініп отыр.

Ыбырай, Абай, Шәкәрім аталардың дінге көзқарасы жайында сөз болғанда көбінесе ұлы ұстаздың «Мұсылманшылықтың тұтқасы», қазақтың бас ақынының отыз сегізінші қара сөзі, Шәкәрім атаның «Мұсылманшылық шарты» ғана айтылып, басқа дүниелері сырт қалып жүр. Жоғарыда аттары аталған үш данышпан ойшылымыздың дін тақырыбы барлық шығармаларына тән. Осы жайтты ескере отырып ұлы ұстаз дүниетанымы хақында әңгіме қозғағанымызда жазған-сызғандарының бәріне дерлік көңіл бөлдік.

Ұлы педагог шығармаларындағы адам аттары, олар кімдер еді? Соны іздеп кім екендігін, қандай іспен айналысқанын, Ыбырай атаға қатысын, кісі болып қалыптасуына әсер-күшін анықтау, сөйтіп оларды кейінгі ұрпаққа таныстыру да бізге, бізден кейінгі ұрпаққа да үлкен борыш.

Ыбырай ата шығармаларындағы жер атауларының тарихы – ел тарихы, кешегі өткеніміз, ата-бабаларымыздың жүріп өткен ізі. Мәселен, Қостанайдағы Ыбырай ата мовзелейі тұрған жер Ақбейіт деп аталады екен. Мұны екінің бірі біле бермейді.

Балғожа биге тастан қалап зәулім биік ақ күмбезді там орнатыпты. Сол там мұнарасы күнмен шағылысып алыстан көзге шалынады екен. Сондыктан да Ыбырай ата-бабалары жерленген бұл жер «Ақбейіт» аталыпты.

Алтынсариннің үш жұрты – туған-туыстары мен нағашы, қайын жұрты жайында аракідік әртүрлі еңбектерде айтылғанымен, толық мәлімет беріле бермейтін. Нағашылары төңірегінде жазылған кейбір мақалалардағы адам аттарында, туыстық жақындықтарында, т.б. жансақтықтар да бар.

1991 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Ы.Алтынсариннің «Өнер- білім бар жұрттар» аталатын кітабында Тройцк гимназиясының шәкірті А.Балғожиннің Ыбырайдың қайтыс болғаны туралы Н.И.Ильминскийге хабарында аудармашы, «племяник» дегенді «жиені» деп аударыпты. Ахметбек Балғожин Ыбырайдың жиені емес, немере інісі.

Серғали Толыбековтің 1992 жылы республикалық «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Қазақ шежіресі» кітабында Торғай бойының Арғын ішіндегі Дәуітбай руын таратып жазып:

«Шегеннің бәйбішесінен Қазыбек, Қызайжан (Әймен), Бектеміс (1813- 1904), Бірімжан (1817-1873), (тоқалынан) Өтетілеу, Ділдәбек (үшінші әйелінен) Алтынсары. Қазыбектен Әміржан, Сабыр, Мырзақан, Қызайжаннан Ыбырай (Алтынсарин).

Қызайжанның баласы Ыбырайды Қызайжанның кіші шешесінен туған інісі Алтынсары алып, бауырына басып бала еткен, сондықтан, Ыбырай Алтынсарин болған», – дейді.

Мүлде жансақ пікір. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артық. Дәуітбай руынан шыққан елге танымал атпал азаматтар Әбдісалық Жармұхамедов, Әбдірашит Бектемісов, Сейітжан Хамзин, Ғабдол-Жәлел Қарабала жинап, құрастырған «Арғын Шақшақ тайпасы Дәуітбай тархан руының шежіресінде» «Шегеннен алты ұл, екі қыз туған: Қазыбек, Бірімжан, Бектеміс, Өтетілеу, Ділдәбек, Алтынсары…Шегеннің есте қалған қыздары: Аймен мен Айжықай. Айменді қыпшақ Балғожа бидің баласы Алтынсары айттырып, одан Ыбырай Алтынсарин туған. Айжықайдан да ұрпақ бар деседі» делінеді.

А.Байбосынұлы «Жәнібектің тегі» мақаласында Ер Жәнібектің Аймен деген қызы Балқожаға тұрмысқа шыққанын, одан Алтынсары туғанын айтып: «Бұл жөнінде қазақстандық Мұсатай Ахметжанов «Қазақ ағартушылары деген кітапта былай деп жазады» деп Мұсатай Ахметжановтың сөзін келтіреді: «Ы.Алтынсариннің әжесі Әймен де сауатты адам болған. Әймен ана халық аузындағы аңыздар мен ертегілерді көп білетін адам. Оның әкесі Жәнібек батыр Жоңғар соғысына қатынасқан қазақ сардарларының бірі. Талапты немересі Ыбырайға ұлы анасы Әймен жоңғар шапқыншылығы турасындағы әңгімелерді көп шерткен».

Біріншіден, Балғожа емес, Балғожаның баласы Алтынсарыға, Мұсатай Ахметжанов емес, Мұсатай Ақынжанов, екіншіден, ол кісі «әжесі» демеген, «Ұлы анасы» деген сөз де жоқ, шешесі деп көрсеткен. Сөзіміз түсінікті, дәл, дәлелді болу үшін М.Ақынжановтың жазғанын түгел келтірейік: «Шешесі Аймен сауатты адам болған, халық аузынан жинақталған ертегілер мен жырларды көп білген. Оның әкесі Жәнібек Жоңғар-Қалмақ соғысына қатысқан Сондықтан талапты баласы Ыбырайға ұлы анасы Аймен туралы Жоңғар шапқыншылығы әңгімелерді көп шерткен».

Бұл жерде М.Ақынжанов та дәл айтпаған. Аймен Жәнібектің шөбересі, Шегеннің қызы. Бұл жерде сөз болып отырған Ер Жәнібек емес, Қошқарұлы Жәнібек. «Шешесі Аймен» деп М.Ақынжанов дәл көрсеткен ғой… Ыбырайдың Қошқарұлы туралы «Жәнібек батыр» әңгімесін жазуы да тегін емес, ол нағашысы.

.

Осы жерде айта кетейік, жалпы Айман деген есім кейін пайда болған. Дұрысында ертеде егіз қызға «Ай мен Шолпан» деп ат қойған. Кейін бұл есім ұмытыла бастап «Аймен» «Айман» болып өзгеріске түскен. Сондықтан да Ыбырайдың шешесінің шын аты Аймен дегеніміз дұрыс. Ертеректе жазылған кұжаттардың бәрінде «Аймен» делінеді.

Қазақта тұңғыш реалистік шығарма жазған, балалар әдебиетінің де атасы Ыбырай ата Алтынсарин емес пе еді?! Неге мүлде аты аталмайды, түсінбедік.

Х.Сүйіншәлиев Ы.Алтынсариннің Торғайдан мектеп ашуға рұқсат алған жылын 1861 деп көрсетеді.  Дұрысында 1860 жыл. Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы барлық құжаттарда дерлік осы 1860 жылы ашылғаны айтылады. М.Әуезовтің 1922 жылы 12 сәуірде жазып, 1923 жылы «Шолпан» журналында жарық көрген. «Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жыл. 48 жас» деген мақаласында да, Ыбырайтанушы ғалым Ә.Дербісәлиннің «Ыбырай Алтынсарин» атты кітабында да. Қазақ ССР Ғылым Академиясы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты шығарған Ы.Алтынсариннің үш томдық шығармалар жинағының бірінші томында да 1860 жыл делінген.

Бұған Ыбырай атаның 1860 жылы 18 қарашада Н.И.Ильминскийге жазған хаты да толық дәлел бола алады. «Қазақтар мені құшақ жая қарсы алды, оқуға беретін балалары сансыз көп екенін білдірді»,- деп жазады ол.

2003 жылы Алматыдағы «Білім» баспасынан жарық көрген Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» жинағында Ыбырайдың туған жылы 1841 деп дұрыс көрсетілгенмен туған күні «2 ақпан» делінген. Дұрысында ұлы  ұстаз 20 қазанда туған. Сол сияқты туған жері де Аманқарағай деп қате жазылған, Аманқарағай емес, Арақарағай.

Ыбырай ата Алтынсариннің Ақтөбенің «Фатима принт» баспаханасынан 2013 жылы жарық көрген «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабының алғы сөзінде «Бір Алланың атымен, Кел, балалар, оқылық» деп жазылыпты. Енді бір басылымдарда «Бір Аллаға сыйынып» делінеді. Дұрысы – «Бір құдайға сыйынып». Ыбырай ата осылай жазған.

Арада ғасыр өтті. Біраз жайт халық жадынан өше бастады. Бүгінгі менің жазған осы шығармам сол бір ақтаңдақтардың орнын сәл де болса толтырар, ұлы тұлғаның ұмытыла бастаған кейбір ұлы істерін қайта еске түсірер деген ниетпен жазылып отыр.

Шығармамда айтылғандардың бәрі жаңалық дей алмаймыз, дегенмен, жаңалықсыз да емес. Өйткені осы дүниені жазарда мұғалім ретінде әртүрлі газеттер мен журналдарда әр кезеңде жарық көрген мақалалардың басын қосып, бір арнаға тоғыстырдым. Сондықтан да бірінде айтылған оқиғалар мен ойлар екіншісінде қайталанып жүруі әбден мүмкін.

Бірақ мұғалім ретінде, Ыбырай атамыздың шығармаларына қызығушылықтан ұлағатты ұстаздың өміріне терең зерттеу жүргіздім. Елге белгілі ғалымдар еңбектеріне шолу жасадым. Тақырыптан сәл ауытқысам да, осы жазған шығармамды Ыбырай ата – ұлағатты ұстаз деген тақырыппен қойдым. Әрі биыл ұлы ұстаздың 175 жылдығы республика, облыс деңгейінде аталып өтіп жатыр.

 

 

Метки:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *