«Қысқы орманға серуен»  ойын түрінде


Садыкова Күлшат Сатыбалдовна

тәрбиеші

«Дамуы шектелген балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернаты» КММ

Мақсаты:


Білімділік :
Жабайы аңдар, олардың қысқы тіршілігі туралы түсініктерін кеңейту. Қазақша аң аттарын дұрыс айтуға үйрету. Қазақ тіліне тән ғ,қ,ұ,ү,ң,ө дыбыстарын дұрыс айтуға үйрету.
Дамытушылық :
Балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттырып, тілдерін дамыту. Қызықты ойындар, ертегіден көрініс арқылы балалардың эмоциялық сезімдерін, шығармашылық талаптарын  дамыту.
Тәрбиелік :
Балалардың аңдарға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттырып, оларға қамқорлықпен қарауға, табиғатты аялай білуге, адамгершілікке тәрбиелеу;                                                                                                                                     Биллингвалдық компанент: орман – лес, орманда – в лесу, жабайы аңдар – дикие животные, мекендейді-обитает.

Көрнекілігі: слайд, ойыншықтар, мазмұнды суреттер, сызбалар, плакаттар.
Әдіс – тәсілі: Әңгімелеу, сұрақ – жауап, жұмбақтар,ойындар, ертегіден көрініс,
Ұйымдастыру кезеңі.

Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар мен балалар!

  • Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыс мезгілі.
  • Қыста ауа-райы қандай болады?
  • Суық, аяз, боран болады?

Аяз, суыққа  қарамастан, бізге аспандағы күн өз жылуын аямай төгіп тұр. Жылуын бүкіл әлемге сыйлап тұр. Қане, қолымызды күнге созып, біз осы жылулықты сезініп, жүрегімізге ұялатайық.

  • Мына суретте не көріп отырсыңдар?
  • Қысқы орман
  • Орманда қандай аңдар мекендейді?
  • Жабайы аңдар мекендейді.
  • Сендердің осы орманға серуенге барғыларың келе ме?
  • Орманға кіру үшін, мына қақпаны ашу керек. Ол үшін орманда қандай аңдар бар екенін білуіміз керек, дұрыс шешсек қақпа есігі ашылады.

(Үнтаспадан аңдардың дауысын тыңдап, қай аңның дауысы екенін табады)

Бүгінгі серуен кезіндегі әңгімемізде, сендер мына сөздерді жиі естисіңдер. Естеріңе сақтап қалыңдар.

Аңдар- звери

Жануарлар- животные

Орманда мекендейді -обитают в лесу

Үй жануарлары – домашние животные

Орман- лес

 

  • Міне, балалар есік ашылды. Орманға кіруге жол ашық. Жаңа біз дауыстарын естідік, енді сол аңдарды іздеп, қайда екенін тауып алайық.
  • Балалар, алдымызда тұрған қандай аңның үйі? Мен сендерге көмектесейін. Мына жұмбақты шешсеңдер мұнда қай аңның үйі екенін естеріне түсіресіңдер.

Қыс бойы ұйықтайды,
Көктемде оянады.  (аю)

 

  • Сонымен аюдың үйі екен. Аюдың үйі қалай аталады? (апан-берлога орысша, қазақша жауаптар)
  • Ұйықтап жатқан аюды мазалауға болмайды. Олар қыс бойы ұйқыда болады, көктемде оянады. Балалар, аюды апанның ішіндеқалай ұйықтап жатқанын көру үшін, аю туралы тақпақ айту керек, сонда аюды көре аламыз. Аю туралы тақпақты кім айтып береді екен?

 

Аю отыр партада,

Екі қолы қалтада.

Мұғалім сабақ сұраса,

Ұйықтап қапты, масқара!

 

  • Міне, енді апандағы аюды көруге болады. Аю қыста не істейді? Аюдың баласын қалай атайды? (қонжық-медвежонок)

Орманның ішін әрі қарай аралайық. Мұнда тағы үй тұр, бұл ненің үйі екен? Қиын болса мына жұмбақты шешіңдер сонда, ненің үйі екенін білесіңдер.

Қалқиған құлағы бар,
Елеңдеп қорқып тұрады. (қоян)

  • Дұрыс, қоянның үйі. Қоянның үйін қалай атаймыз?
  • Ін деп атаймыз. (нора-ін)

Қоянды іннен шығару үшін, қоян туралы тақпақ айтып беру керек. Кім айтып береді екен?

 

Ақ қоян-ау,ақ қоян,

Үркеек қоян, сақ қоян,

Қаша берсең орманға,

«Қорқағым» деп ат қоям.

  • Міне, қоян інінен шығып келе жатыр.
  • Қоян қыста немен қоректенеді?
  • Ағаштардың қабығын, құрғақ шөп, бұтақшаларды қорек етеді.
  • Түсі қыста қандай болады?
  • Түсі ақ болады.
  • Қоянның баласы қалай аталады?
  • Көжек деп аталады.

Қояндар белсенді өмір сүреді. Олар қысқа қорық жинамайды, табиғаттан іздейді. Қыста жүндері ақ және қалың болады. Қояндар қарда үйықтайды.

  • Әр қарай жүрейік. Міне тағы да бір үй тұр.
  • Мына жұмбақты шешсеңдер, қай аңның үйі екені естеріне түседі.

Белестен шапқан бесті ат,
Бүкір келген желісті ат.
Бейғам елде іздейді,
Малдан күдер үзбейді. (қасқыр)

  • Дұрыс айтасындар, қасқыр. Қасқырдың үйін қалай атайды?
  • Ін деп аталады.
  • Қасқыр немен қоректенеді?
  • Жабайы аңдарды аулап жейді, қорек табылмаса үй жануарларын да аулап қорек етеді.
  • Қасқырдың баласы қалай аталады?
  • Бөлтірік.
  • Ал қасқыр іннен шығу үшін, мына тапсырманы орындайық.
  • «Аңдардың құйрығын тап»

Тапсырманы дұрыс орындадыңдар. Міне, енді қасқырды да көруге болады. (слайд)

 

  • Орманды әрі қарай аралайық. Айнала, қандай тамаша! Мұнда тағы бір үй тұр. Үйдің иесін табу үшін, мына жұмбақты шешейік.

 

Өзі айлакер, өзі қу,
Жүрген жері айқай-шу. (түлкі)

 

Бұл түлкінің үйі қалай аталады? (ін-нора)

Түлкі інінен шығу үшін өлең оқып берейік.

Қазір бізге түлкі туралы Руслан  мен Юра өлең оқып береді.

– Түлкі, түлкі, түлкішек,

Қайда зулап барасың?

– Апам үйіне барамын.

– Апаң үйі не берер?

– Ешкі сауып сүт берер,

Лақ сойып ет берер.

– Оны қайда қоямыз?

– Тал түбіне қоямыз.

– Ит жеп кетсе қайтеміз?

– Таяқ алып қуамыз.

– Жеткізбесе қайтеміз?

– Жылай-жылай қаламыз.

 

  • Міне, түлкіні де көруге болады. Түлкінің баласы қалай аталады?
  • Мыршай. (мыршай-лисенок)
  • Түлкі немен қоректенеді?
  • Тышқандарды, ұсақ жәндіктерді аулап жейді.
  • Серуенімізді әрі қарай жалғастырайық. Балалар, қараңдаршы, ағашта тағы бір үй тұр. Бұл ненің үйі екен?
  • Ненің үйі екенін табу үшін, мына жұмбақты шешейік.

 

Қарғып жүрер жан-жаққа,

Өте құмар жаңғаққа. (Тиiн)

  • Тиіннің үйін қалай атайды? (қуыс-дупло)
  • Дұрыс таптыңдар. Олар қуыста тығылып жатыр. Оларды қуыстан шығару үшін, кім тиін туралы тақпақ айтып береді екен.

 

Мен тиінмін, тиінмін,

Қысқа жылы киіндім.

Қоймам толы жаңғаққа,

Іші жылы үйімнің.

 

– Тиін қыста немен қоректенеді?

–  Жаңғақ, кептіріп жинап алған саңырауқұлақтармен.

 

  • Орманды әрі қарай аралайық. Мұнда тағы бір үй тұр. Үйдің иесін табу үшін, мына жұмбақты шешейік.

Үстi толы ине,

Бiрақта, iс тiгiп,

Қадамайды түйме. (Кiрпi)

–   Қыста кірпі не істейді?

–   Ұйықтайды.

Дұрыс, қыста ұзақ ұйқыда болатын аң.  Ол жәндіктермен қоректенеді. Кірпінің баласы қалай аталады?

– Кірпі.

 

  • Міне, біздің серуеніміз осымен аяқталды. Табиғат біздің байлығымыз, біз табиғатты қорғауымыз керек.

Қазір балалар, құрметті қонақтарымызға өзіміздің дайындаған «Шегіртке және орман аңдары»  атты ертегімізді сомдап берейік.

 

Шегіртке және орман аңдары

– Ерте, ерте, ертеде, ертегілер елінде әнші шегіртке болыпты. Шегіртке жаз бойы ән айтып, би билеп скрипка ойнайды.
Күн артынан күн өтіп, жаз да, күз де бітіп, қылышын сүйретіп қыс келеді. Орман іші ертегідей тыныштыққа бөлінген. Көп қар жауып, күшті аяз болды.
Әбден тоңған шегіртке ән айтуға шамасы келмейтін болды. Шегіртке дірілдеп ағаш түбіне отырып:
–  Енді күнім не болмақ? Бекер жүрісті қойып, тамақ тауып жейін. Жақын жерде аюдың апаны бар еді. Аюға барып бір амалын табайын.
–  Тук, тук. Аю ағай, аман ба?
–  Бұл кім?
–  Үйіңе кіргіз, қыс біткенше асыра.
–  Қыс боларын біліп пе едің? Қыста мен ұйықтаймын, мен қорегімді жазда жинап алғанмын. Ұйқымды бұзба, әніңді айтып, билей бер.
Шегіртке дірілдеп келіп бұта түбіне отырады:
–  Енді күнім не болмақ?
–  Жақын маңда түлкінің іні бар еді, соған барайын.
–  Тук, тук
–  Бұл кім?
–  Түлкі апай, аман ба?
–  Үйіңе кіргіз, қыс біткенше асыра.
–  Қыс боларын біліп пе ең?
Қыстың қамын жазда ойла. Мен ұзақ жолға шығып барам. Қар астынан азық іздеп жеймін мазамды алма. Әніңді айтып, билей бер дейді түлкі
Шегіртке енді күнім не болмақ, деп кірпі қыздың үйіне келеді
–  Түк, түк
–  Бұл кім?
–  Кірпі апай, аман ба?

–  Үйіңе кіргіз, қыс біткенше асыра.
–  Қыс боларын біліп пе ең? Менің інім тар. Өзім жапыраққа оранып, ұйықтап жатырмын, қыс бойы ұйықтайтынымды білген жоқсың ба? Мұнда саған орын жоқ. Бар, әніңді айтып, билей бер.
Шегіртке дірілдеп келе жатып, бұта түбіндегі қоянды көреді.
–  Сәлем бердік, қоянжан. Мына суық аяздан құтқар, тоныңды бер, қыс біткенше асыра.
–  Қыста тонымды ауыстырып, жауларымнан қорғанамын, ағашты кеміріп, күндіз ұйықтаймын, түнде жүгіріп азық іздеймін, мазамды алма, әніңді айтып, билей бер.
Шегіртке дірілдеп құлап түседі.
– Мұнда келіңдер, шегіртке құлап қалды! Аңдар келіп шегірткенің аяқ қолын уқалайды, ыстық сүт беріп, жылы төсекке жатқызады. Шегіртке көзін ашады.
– Мен қайдамын (дірілдеп)
– Қорықпа, енді біз сенімен біргеміз.
– Қамқорлықтарыңа рахмет.
– Мен де, сендер сияқты қыстың тіршілігін жазда жасайтын боламын.
Аңдар өздеріне жинаған азықтарын шегірткеге сыйлыққа береді.
– Рахмет, рахмет. Мен де сендерге мына әуенімді сыйлаймын. Аңдар көңілді билейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *