Желтоқсан көтерілісінің саяси-психологиялық алғышарттарын талдау арқылы жасөспірімдерді отаншылдыққа тәрбиелеу


Ақылбеков Е.А.

Алматы сервистік қызмет көрсету

колледжінің оқытушысы

«Кім өткенін ұмытса, оның дәл сондай тағдырды тағы да бір басынан кешіретінін ұмытпағаны ләзім», [1,28] – деп ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ескерткеніндей  желтоқсан көтерілісінің  сабағы бүгінгі оқушы жастар үшін  өте өзекті екені даусыз. Енді осыны кеңінен тарқатып көрейік. Әр халық өзінің жүріп өткен жолында небір сын-қатерлерді бастан кешеді. Әсіресе ұлттың болу немесе бордай тозу мәселесі алдымызға көлденең тартылғанда сол тығырықтан шығар жол ізделінеді. Сондай сынақты біздің халқымыз 1986 жылдың желтоқсанында бастан кешті. Осы бір алмағайып сәтте басты қатерге ең алдымен қазақ жастары тікті. Неге? Меніңше оның басты себебі бас көтерген буын өкілдерінің елді құрдымға батырып бара жатқан тоталитаризмнің қысымын ең қатты сезінгендігінен еді. Бұдан әрі төзудің мүмкін еместігін жан-жүрегімен түйсінді. Қазақ жастарының төзімін тауысқан отарлық жүйеге олар енді көне алмайтындықтарын паш етті. Бұл сол кездегі өрімдей әр жастың ішкі үні болатын. Алайда олардың үніне құлақ асып, барынша түсінуге орталық дайын болмады. Алаңда трибунаға шыққан елдің саяси номенклатурасының бейкүнә жастарды иландыратындай парасат пайымы жетіспеді. Ондай сөз айтатындай олардың бойында қадір-қасиеті де қалмаған еді. Өйткені өз халқының мұң-мұқтажынан алыстап, қара басын күйттеп кеткен билік өкілдерінің пайымы мүлдем бөлек болатын. Қайтсек жан сақтаймыз, қайткенде көзге түсеміз деп ойлаған басқарушы элитадан қандай да бір үміт күту ол кезде күпірлік еді. Оларды мұндай бейшара халге түсірген жүйе айтқанын екі етпейтін, айдағанына жүретін етіп тәрбиелеп алғаны сонша, енді отарлаушының тәртібін, әдебін, тіпті көзқарасын да бойларына сіңірді. Мұны бұлар барын сала құлшына меңгерді. Біртіндеп өз қандастарынан алыстап, оған жиіркене қарайтындай деңгейге жеткізді. Олар үшін жүйе басындағылар жарты құдайдай қабылданды[2,26].Саяси номенклатураның жағымпаз, екі жүзділігін көрген жүйе қожайындары жерін басып, асын ішіп жүрген жұрттан өздерін алшақ ұстады, төбеден қарады. Олардың тілін, ділін, дінін керек қылмады. Әйтеуір жер-байлығын қарпып қалуға тырысып, білгендерін істеді. Өздеріне барлық қолайлы жағдайларын жасап алғаны сонша, тек өз тілі мен мәдениетін үлгі етіп, оның емін-еркін өрістеуіне кең мүмкіндік жасады. Мұндай жағдайды тек астанада ғана емес, облыс орталықтарында да қалыптастырды. Әсірес сырттан шақырылған жұмысшыларды өндіріс орындарына қажет мамандар ретінде тұрақты орнығуына, ең табысты жерлерге орналасуына барынша жол ашылды, әрі ешбір кедергіні сезінбеді. Олар үшін қалаға тіркелу заңдастырылып отырылды. Мұндай артықшылық жергілікті ұлттың түсіне де кірмейтін. Олар астана тұрмақ, облыс орталықтарына да жолай алмайтын. Жергілікті халық өндірістің ауыр да қара жұмыстарын ғана місі тұтты. Қалаға тұру, армандарын ұштау кез-келген жастың мақсаты болғанымен олар үшін сағымға айналды. Өз елінде өгей балаға айналған жәутең көздерге қаланың босағасынан аттау қиямет-қайым еді. Ал олардың білім алып жүргенде қалада көрген құқайларын адамның басына бермесін. Аяқ басқан сайын кемсітуді өктем ұлт тұрмақ өз мәңгүрттерімізден де аз көрмеді. Ел болашағы жастарды тығырыққа тіреп, тіксінткен жекелеген оқу орындарынан басқаларындағы өзге  тілде білім алу еді. Оқу әдебиеттері түгел дерлік ресми тілде болғандықтан санамыз сарсаңға түсіп, ойымыз дүбаралана бастады. Ана тіліміз қағажу көріп, күн өткен сайын аясы тарыла түсті. Ғайыптан тайып ғылыммен айналыссаң да осы кепті кешуге тура келді. Қоғамдық ортада қасиетті тілімізде емен-жарқын сөйлеу мұңға айналды. Ортамызда өзге ұлт өкілі тұрса немесе келе қалса амалсыздан ортақ тілде шүлдірлеуге мәжбүр болатынбыз. Ал қызметке тұру, мансап қуу тек үстем тілді білсең ғана мүмкін еді. Онсыз сені қызметке де алмайтын. Ақпарат кеңістігіміздің 95 пайызы сол тілде хабар тарататын[3,238]. Күнделікті баспасөз, ғылыми еңбектер «озық» мәдениет тілінде ғана мүмкін болды. Алқалы жиындар, іс-қағаздар да ресми тілде. Қазақ тілі  мүлдем аяқ-асты етілді. Бұл қоғамда орын алған орыстандыру саясаты екенін іштей түйсінсек те ашық айта алмайтынбыз. Ойыңды ашық айтуға, қарсылығыңды білдіруге темір құрсау  жүйеде әсте мүмкін емес-тін. Әрі-сәрі күйге түскен халық өзінің ұлттық мерекелері барын қаперлерінен шығарып, кеңестік мерекелерді тойлаумен шектелетін. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз де шетқақпайлана бастады. Олар тек ұлттың тығыз қоныстанған жерлерінде ғана сақталғанымен кең көлемде насихаттау мүмкін болмады. Асыл құндылықтарымыз басым шоғырланған ауылдық жерлерде ғана сақталды. Ондай шетін мәселелерді көтеру «ұлтшыл» атандыратындықтан одан қаралай  үрейленген  кім-кімде бойларын аулақ салатын. Ұлттық құндылықтардан алшақтау көкірегі ояу кім-кімді де қамықтыратын. Жергілікті ұлт дүниетанымына қайшы үрдістер көпшілікті екіұдай күйге түсіріп, қапаландыратын. Мұның ақыры не болады? Барымыздан айырылып, болмысымызды жоғалтамыз ба?  Жоғалтқанымызды қалай түгендейміз? Міне осындай әрі-сәрі күйде жүргенде жығылғанға жұдырық, көзімізді ашқалы көргеніміз, әйтеуір ес тұтқан «тіренішіміз», сол кездегі республиканың бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынуы сан жылғы қорлануды сыртқа шығарды. Онсыз да күнде де түнде де, жатсақ та тұрсақ та ойымыздан бір сәт шықпайтын іштегі булыққан жеккөрінішіміз сыртқа атылды. Отарлаушылардың астамшылығына әбден қаны қарайған сезіміміз бен көңіл-күйіміз ұлттық намыс боп атқақтады. Бойымызды кернеген сан ғасырлық ыза мен намыс оты енді бұдан ары төзе алмайтынын баршаға паш етті. Намысты қазақ жастарының шыдамын шегіне жеткізген наразылық энергиясы лық етіп бір арнаға құйылды. Іште әбден пісіп, жанартаудай атылған алау бет қаратпады. Оның аяқ-асты жарылысын сол сәт, өздерінен басқалар түсіне алмады. Алапат намыс отымен қопарыла көтерілген жастық жалын жүрек қалауын жасады. Жолындағы тоталитаризмнің тас құрсауына қарамай, жанын арының жолына садақа еткен қазақ жастары ұлттың ең басты құндылығы қадір-қасиеттің тапталуына жол бермей қасқая қарсы тұрды. Міне сөйтіп олар құрдымға кетіп бара жатқан ұлтты сақтап қалу үшін көзсіз ерлікке барды. Ал олардың мұндай әрекетін тарих та халық та әркез есте тұтып, тебіреніспен еске алары сөзсіз.

2016 жылдың  25 қазанында Астана қаласында қазақстандық және шетел ғалымдарының бас қосуымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда тиісті органдардан желтоқсаншылардың бас көтеруін алдағы уақытта ресми түрде «Желтоқсан көтерілісі» деп тану жөнінде қабылданған қарардың [4,541] өскелең ұрпақтың, әсірсе оқушы жастардың ұлттық санасының көтерілуінде алар орны ерекше екенін білу әрбір отаншыл ұрпақтың қай-қайсысына да ләзім. Осы мақсатта Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінде жыл сайын 16-желтоқсан қарсаңында колледж  студенттерінің қатысуымен «Желтоқсан оқиғасы»; «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбына ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқиғаға байланысты шағын спектакльдер өткізіліп тұрады. Осындай іс-шаралар тек желтоқсанға ғана байланысты емес, Кеңес әскерлерінің 10-жыл көлемінде Ауған соғысына қатысып шығарылуына орай және де Ұлы жеңіс күніне орай соғыс ардагерлерімен кездесулер, Қазақстан қарулы күштерінің құрылған күніне қарай «Айбын» әскери-патриоттық жарысын өткізу дәстүрге айналып келеді. Осындай игі істерді ұйымдастыруда колледж директоры Е.Карагулов және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Ергазина, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері Е.Ақылбеков,С.Ахметов және өндірістік оқыту шеберлерінің еңбектерін айта кеткенді жөн деп ойлаймын. Қорыта айтқанда  Елжанды,  Отаншыл боламыз  десек тарихтан сабақ алайық және осындай іс-шаралар арқылы жастарға патриоттық тәрбие беруден жалықпайық дегім келеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Алматы. 1986. Желтоқсан: Айғақ-кітап. 1-том.Алматы: «Толғанай    Т»  баспасы,2006.

2. А.Айталы     Желтоқсан-1986: саяси қарсылықтың мәні мен сабақтары /Ақиқат, №11, қараша, 2016.

3. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. Алматы: «Қазақ университеті» баспасы, 2005.

4. «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конфереция материалдары. Астана: «Бақорда баспа үйі» баспасы, 2016.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *