Қазақ халқының ұлттық аспабы-домбыра


Байгужинова Томирис

Тимирязев жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернатының 5 «ә» сынып оқушысы

Жетекшісі: музыка пәні мұғалімі Ахмет Еркін

Кіріспе

Менің бұл жұмысымда ертеден келе жатқан қазақ халқының ең сүйікті, ел арасына кең тараған, түрлі шежіреге бай, музыкалық аспабы домбыра туралы зерттеу жүргізіліп, зерделеп жазылған. Домбыра – ішекті аспаптардың ең көне түріне жататынын талдап зерттеді. Домбыра қасиетін жырлайтын этнологиялық аңыздар ел ауызында өте көп екенің зерттеу барысында талданды.

Зерттеудің өзектілігі: Қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы домбыра. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап.

Болжамы: Халықтар арасындағы таралымы шертпе аспаптардың атасы домбыра екенін көрсетеді.

Жұмыстың міндеттері:

– Домбыра аспап туралы деректерді жинақтап, топтастыру;

– Домбыра аспабын  жасалу жолдары туралы мәліметтерді жазып алу;

– Домбыраның түрлері;

– Домбыра туралы аңыз.

Жұмыстың мақсаты: Қазақтың көне заманнан келе жатқан аспабы домбыра туралы зерттеп, ел арасында кеңінен таралған аңыз – әңгімелердің шығу тарихына үңіліп, домбыраның қазақ халқы үшін қасиетті аспап екенін талдау.

Зерттеу жаңалығы: Домбыраны қазіргі заманға сай аранжировка арқылы әр ұлттың өзіне тән ұлттық аспаптарына сай қолдану ерекшелігі.

Зерттеу жұмысымның негізгі обьектісі:  домбыра

Жұмыстың әдісі: зерттеу, іздену, тізімдеу, талдау және жалпылау, сауалнама әдісі.

Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Көне Шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан  шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен 16 ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Аспап әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып жасалады. Тоғыз, он бір, он төрт, жиырма төрт пернесі болады. Күй арнайы құлақтарымен келтіріледі. Аспап үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ болып келеді.

Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтап, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Дегенмен домбыра әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі болып келеді.

Домбыра аспабының негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған.

Домбыра шертудің «сұқпа» (сұқ және орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғары-төмен) деп аталатын түрлері бар.

Домбыра аспабының екі ішекті түрінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «Балақай домбыра» деген түрлері бар.

Домбыра аспабында халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындауға болады.

1.1 Домбыраның тарихы

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек.[1]

Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түскенді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сондай-ақ шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық, тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз.

Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12-14 перне тағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7-8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады [2].

Домбыра туралы аңыз

Ертеде биік таудың қиясын тұрақ еткен, бұғы-маралды аулап азық етіп күнін көрген бір аңшы жігіт болады. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек қарынын ақтармалап тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал тұс еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарғақұзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұр­ғанын аңғарады. Қарағайдың бұ­тақтарына кері­ле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сың­сып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады [3].

1.2 Домбыраның дамуы

Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б.Сарыбаев, Б.Орымбеков, Т.Әсемқұлов, А.Сейдімбек, Д.Шоқпарұлы, т.б. еңбектерінен кездестіреміз. Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті: 1932 – 1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, ағайынды И.Романенко және Б.Романенко, Қ.Оңалбаев, т.б. еңбек етсе, оны 1960 – 1970 жылдары Ә.Аухадиев, О.Бейсенбекұлы жалғастырды. 1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді. 1990 – 2000 жылдары аспап жасаушы – қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді [4].

Д.Шоқпарұлы, С.Ділманов, Ж.Тұрдығұлов, С.Кенжеғараев, т.б. домбыра жасаушы шеберлер шоғыры пайда болды. Олар дамытып, жетілдіріп жасаған домбыралар сырт нұсқаларына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай «үш ішекті», «кең шанақты», «қуыс мойын», «бүктемелі», «желбезекті», «тұмар», «қос шанақты» немесе «қос мойын», «үшем», т.б. деп аталып, халықтық-аспаптық музыка дәстүрін байыта түсуде. Домбыра тектес аспаптар Орта Азиядағы түркі халықтарының барлығында дерлік бар. Мысалы, башқұртта «думбыра», қырғыздарда «қол қомуз», түріктерде «саз», «уд» [5].

2.1 Домбыраның түрлері

Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған.

Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 – 9, әрі кеткенде 14 – 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», т.б.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде

– ән мен күй домбырасы

– торсық

– тұмар

– кең шанақты (екі нұсқасы)

– балдырған

– балашық

– шіңкілдек

– аша

– үш ішекті

– қуыс мойын

– шертер

– оркестр домбыралары:

– қоңыр дауысты (альт)

– жіңішке дауысты (прима)

– ащы дауысты (секунда)

– бас домбыралар (екі нұсқасы).

2.2 Сипаттамасы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып – қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, т.б. даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы Домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың дәстүрін, мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Ә.Хасенов, Науша, Махамбет Бөкейхановтар, Т.Момбеков, М.Хамзин, Қ.Жантілеуов, С.Балмағамбетов, Л.Мұхитов, т.б. сияқты домбырашылар болса, қазіргі майталман орындаушылар – Қ.Ахмедияров, У.Бекенов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов, Б.Ысқақов, Б.Тілеуханов, А.Үлкенбаева, А.Райымбергенов, т.б. [6].

Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Қорытынды

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»-деп Ж.Молдағалиев ақын айтқандай, домбыра десе «қазақ халқы» деп айтып тұрғандай естіледі. Ерте кездерде домбыраны бітеу ағаштан жасайтын болған. Мұны «бітеу домбыра» деп атаған. Кейін келе құрама ағаштан басын, мойнын, кеудесін, шанақ, тиек бәрін де желімдеп жасайтын әдістер шыққан. Қазіргі кезде бітеу домбыраны жасайтын шеберлер аз. Домбыраның түрлері көп. Олар бір-бірінен ішек, перне санына қарай және сыртқы фигураларымен ерекшеленеді. Күй домбырасы «шертпе күй домбырасы», «төкпе күй домбырасы» болып екі түрге бөлінеді. Жырау, термеші сал-серілердің  домбырасы төрт бұрышты шағын қалақшаға ұқсас болады. Домалақ шанақты «Абай домбыра», төртбұрышты қалақ сияқты «Жамбыл домбыра» деп аталады. Екі домбыраны қатар қойып жасаған домбыраны «қоссаз» деп атайды. Ал дауысы «таза» шығатын домбыраларды халық «шешен домбыра» деп атаған. Домбыраны қазақ киелі аспап деп үкілеп, биік таза жерге, не төріне іліп құрметтеп ұстаған. Домбырамен ісі жоқ, бір күй шертіп,ән сала алмайтын қазақтарды іштей «шала қазақ» деп жақтырмаған. Елбасымыз «домбыраның үніне ұйымаған, жусанның иісін аңсамаған қазақты, қазақ деудің өзі қиын» деп дәл айтқан.

 

Сауалнаманың қорытындысы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Абу Насыр  аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. – Алматы:

Ғылым, 1993.

2. Сарбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. Алматы, 1978.

3. Сейдімбек А. Күй шежіре. Алматы, 1997.

4. Қазақ музыкасы. Антология: Бес томдық. 3-том. Алғашқы авторлық музыка. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2006 ж.

5. Музыка өнері. Әлемдік өнертану 3том. Қоңыратбай Т.-Алматы,  2009 ж.

6. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы, 2001 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *