Қазақстанда қазақ күресінің даму жағдайы


Мендигалиев Батырбек Сарсенбаевич
Старший преподаватель, магистр педагогических наук Западно Казахстанский инновационно-технологический  университет

Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы болып табылады. Халқымыздың ұлан-байтақ аумақта орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдер салт-дәстүрлерінің ықпал етуі қазақ жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болды. Қазақ топырағында балуандық өнердің ежелден келе жатқанын мына бір тарихи оқиғадан айқын аңғаруға болады. Тарихи жазбаларда балуандық өнер туралы деректер өте көп. I.Жансүгіровтың “Құлагер” поэмасы мен Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” романындағы балуандардың айқастары халықтың бауырынан бастау алған өнердің мәңгілік екенін дәлелдейтін бір ғана мысал. Батырлар жырларына зер салсаңыздар халықтың жекпе-жек өнеріне асыл мұра ретінде қарағанына күмән келтірмейсіз.

Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастады. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін балуандар салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшеліктеріне қарай күрескен. Ол уақытта «итжығыс», «бас аттау» сияқты тәртіптер болған. «Итжығыс» – екі балуанның күресуі кезінде болатын жағдай. Екі балуан бір-бірін жеңе алмаған жағдайда «итжығыс» болды деп күресті тоқтатқан немесе балуандардың екеуі де бір мезгілде жерге құлаған жағдайда «итжығыс» деп, балуандарды қайта күрестірген. 1928 жылға дейін қазақ күресіне арналған бірыңғай ереже болған жоқ. Сондықтан күреске шыққан балуандардың жас ерекшеліктері, салмақ дәрежелері ескерілмеді. Балуандар күресі алдын ала өзара ауызша келіскен шарт бойынша өткізілді. Әр аймақта күрестің өзіндік ережелері болған. Күрес киімі әр өңірдің дәстүріне сәйкес ойластырылып, киілетін болған. Қандай ережемен белдесетіндерін балуандардың өзара келісімдері бойынша шешіліп отырған. Сондай-ақ, күресудің әдістерін балуандар өзара ақылдаса отырып, алдын-ала айтып отырған. Халық арасында ауыздан ауызға жеткен күрес ережелерін қатаң түрде сақтауға тырысқан. Сол заманда ең мықтыны атайтын «түйе балуан, өгіз балуан» сөзі бүгінгі күнге дейін айтылып жүр.

Күрестің ұлттық түрі «қазақ күресінің» даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған.

Қазіргі қазақ күресі Тұңғыш рет қазақ күресі 1938 жылы Алматыда өткізілген колхозшылардың республикалық спартакиадасының бағдарламасына енгізілді. Ұлттық күрестен сайысқа түсушілердің қарасы көп болғандықтан, оларды үш топқа бөліп тастады. Жеңіл салмақтағылар – 65 келіге дейінгі, орта салмақтағылар – 76 келіге дейінгі, аса ауыр салмақтағылар – 76 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті. Бұл спартакиадада Семей облысының балуандары: С.Адасқанов, К.Алтыбасаров және И.Түменов республика жеңімпаздары атанды. Бұл спартакиада Ел мықтыларының есімін көпке танытумен бірге, ұлттық күрес өнерінің өрісін кеңейтуге жол ашты. Кезекті екінші спартакиада 1939 жылы Семей қаласында жалғасты. Бұл жолы жанкүйер қауым боз кілем үстінде тағы бір таланттардың шоғырына куә болды. Жеңіл салмақта – Құрманбаев /Алматы облысы/, орта салмақта – Енсеп Досқалиев /Батыс Қазақстан облысы/, ауыр салмақта – Мусин /Павлодар облысы/ қарсыластарын түгелдей тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл осы жарыста «түйе палуан» атағы үшін сын өткізіліп, онда Батыс Қазақстан облысының өкілі Енсеп Досқалиев жеңіске жетті. Дәстүрлі қазақ күресінің өрісін кеңейтіп, балуандардың тәжірибесін халық мұратына жаратуға 1940 жылы жақсы мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерекесі құрметіне арналған біріншілікке қатысушылар енді бес салмақ дәрежесі бойынша күрес кілеміне шықты. Жеңіл салмақта – Байдәулетов, жартылай жеңіл салмақта – Құрманбаев, орта салмақта – Төлегенов, жартылай орта салмақта – Мақманов, ал ауыр салмақта – Жұмабаев бас жүлдеге ие болды. 1955 жылы салмақ дережесі сегізге дейін көбейтіліп, қазақ күресі бойынша жарыстың жалпы ережесі бекітіліп, жарыққа шықты. Бұл іске қамқорлықпен қарап, ұйтқы болған Мұзафар Рақымқұлов есімі жанкүйерлердің жадында сақталатыны даусыз. 1952 жылы Түрікменстанның астанасы – Ашхабадта Орта Азия мен Қазақстан Республикасы спортшылары арасындағы спартакиада ойындарының бағдарламасына ұлттық күрес те енгізілген еді. Бұл жерде бес елдің білікті мамандары өзара ақылдасып, ұлттық күрестің негізгі ережесі етіп қазақ күресі тәсілдерін алуға келісті. Өйткені, қазақ күресінің ережелері классикалық күрестердің табиғатына жақын әрі оның болашағы зор екендігі анық еді. Күткендей-ақ, бұл дүрмекті, аса тартысты күрес бәсекесінде қазақстандықтар табысты болды. Жеңіл салмақта семейлік К. Бибатыров, орта және жартылай ауыр салмақтарда қарағандылықтар Күлен Бәкіжанов пен Әлімшайх Селімбаев үздік шықты. 1959 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының екінші жазғы спартакиадасын өткізу кезінде ұлттық спорттық күрес түрлері бойынша бапкерлер мен мамандардың Бүкіл одақтық бас қосу семинар-жиыны болды. Негізінен онда жарыс ережесін түпкілікті екшеп, хаттау мәселесі қаралды. Мамандардың талқылау барысында қазақ күресімен бірге грузиннің «чидаоба», молдаванның «трынта» күресінің ережелері аса жоғары бағаға ие болды. Одан соң қарағандылық балуандар Ж.Тәтиев пен С.Аманжолов спартакиадаға жиналған қалың жұртшылықтың алдында қазақ күресінің әдіс-амалдарын асқан шеберлікпен көрсетіп, қошеметке бөленді. Бұған дейін 1949 және 1953 жылдары да Қазақстанның біріншілігі болып жатқан тұста республикамыздың беделді мамандары қазақ күресінің ережесін жетілдіріп, пысықтау мәслихатын өткізді. Қазақ күресінің басты ерекшелігі: табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан алуға болмайды. Қазақ күресінің ауқымы, көкжиегі өте кең. Қазақ күресін жетік меңгерген адам өзге халықтардың күресін еркін меңгеріп кетеді. Кейбір әдістер күрестің классикалық түрлеріне сай келетінін айта кеткен дұрыс. Қазақ күресінің ең бір ерекше тұсы мұнда төрттағандату (партер) жоқ. Әрине, осындай ғажап күресі бар қазақтан әлем мойындаған даңқты балуандардың (Ә. Айханов, Ж. Үшкемпіров, Д. Тұрлыханов т.б.) шығуы заңды құбылыс. Бүгінгі таңда қазақ күресінен үш Әлем, екі Еуропа, алты Азия біріншіліктері болып өтті. 2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда «Қазақша күрес» күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.

2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» күресі бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» күресі бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар. Биылғы жылдың шілдесінде Монғолияда «Қазақша күрес» күресі бойынша ІІ Азия Чемпионаты өтті.[1] 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.

Төл күресімізден тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем додасы 2006 жылы Алматы қаласында жалауын көтерсе, екінші Әлем біріншілігі Ресейдің Орск қаласында өтті, үшінші Әлем біріншілігі 2010 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында жалауын көтерді. Ал, Еуропа Біріншілігі 2007 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өтті. I Азия біріншілігінің тұсауы тұңғыш рет 2005 жылы Ресейдің Алтай республикасындағы Қосағаш елді мекенінде кесілді. II Азия біріншілігі 2006 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, III Азия біріншілігі 2007 жылы Қазақстанның Қарағанды облысындағы Қ.Сәтпаев қаласында, IV Азия Біріншілігі 2008 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата каласында, V Азия біріншілігі 2009 жылы Қазақстанның Қызылорда қаласында, VI Азия біріншілігі 2010 жылы Қазақстанның Өскемен қаласында, 2011 жылы VII Азия біріншілігі және І Әлем Кубогы Индияның Пуна қаласында, Жастар арасында І Азия біріншілігі мен І Әлем чемпионаты Иранның Машад қаласында болып өтті. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері («Самбо»). Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 5 минут,жастар үшін 4 минут, жасөспірімдер үшін 3 минут. Кейде жығылған адамды басып жаншып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың программаларына кіргізілген, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт таныган өнер.

2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін Қазақстан барысы атты Республикалық турнир өткізіліп келеді.. Бұл турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері және бапкерлеріне қомақты жүлде тағайындалады. Бұл турнирді әлемнің көптеген телеарналары тікелей эфирде көрсетті. [6]

Қазақстан барысы Республикалық турнирінің жеңімпаздары:

2011жыл Ұлан Рұсқұлов (Қызылорда облысы)

2012 жыл Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы)

2013 жыл Айбек Нұғымаров (ШҚО)

2014 жыл Мұхит Тұрсынов (ШҚО)

2015 жыл Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы)

2016 жыл Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы)

2017 жыл Еламан Ерғалиев (Қызылорда-Әскер барысы)

2014 жылы қазақ күресінен тұнгыш рет «Әлем барысы» халықаралық турнир өтті. Бұл турнирге дзюдо, самбомен күресетін әлемнің көптеген мықты балуандары бақ сынады. Куба балуаны Видал Брайсон Павлодарда алғаш рет өткізілген қазақ күресінен “Әлем барсы” халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Брайсон Видаль – дзюдодан Олимпада ойындарының қола жүлдегері. Екінші орынды отандасымыз Айбек Нұғымаров иеленсе, қола жүлдесін ресейлік Максим Ширяев жеңіп алды.[7]

2017 жылы қазақ күресінен екінші рет «Әлем барысы» халықаралық турнир өтті. Бұл турнирде Шығыс Қазақстандық Айбек Нұғымаров “Әлем барсы” халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Дзюдодан Еуропа чемпионы грузин Гурам Тушишвили күміс жүлде иеленсе, Қарағандылық Ержан Шынкеев қола жүлдегер атанды.

Қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі – кемел, болашағы жарқын. Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады.

1. Қазақ энциклопедиясы, 5 том

2. Сағындықов Е. С. / Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: «Рауан» баспасы, 1991 жыл .

3.https://www.zharar.com/kz/shygarma/

4.http://ulttyqsport.kz/

5.https://kk.wikipedia.org/wiki

6. http://kazakhstanbarysy.kz/

7. https://sport.nur.kz/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *