Эссе «Біздің балабақша-бұл бала бағбандарының мекені»


Бабаева Зәуре Мұратқажықызы
Тәрбиеші
«Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп-бақша» КММ

«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде,

оларға жастайынан жақсы қасиеттерді сіңіре

білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған,

Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын

азамат өсіре аламыз»

Н.Ә.Назарбаев

 

Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бір ізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мен»-і танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады.

Эссеге арқау болып отырған тақырыпқа тоқталатын болсақ, балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата-ана үшін бала-бақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.

Бүлдіршін бақшаға-достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.

Ал, бала жүрегінде осындай орын алып, балабақшаға демалыс күндері де сәби жүректерін алып ұштырып тұратын деңгейге дейін жеткізетін ол әрине-балалардың бағбаны-тәрбиешілер болып саналады. Бір тәрбиеші-бірнеше баланың өміріне жауапты болғандықтан, ешқандай атүстілік танытпау керек, немесе кешке дейін жұмыс уақытын өткізіп, күн көрістің қамын ойламау керек. Әрине, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін.

Бақшадағы оқу іс-әрекеттер негізінде бала тілін дамытып қарым-қатынасқа икемдейді, математика әлемі арқылы танымдары кеңейіп, жапсыру, мүсіндеу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада не жақсы? не жаманды? өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, шымыр да сымбатты болып өсуі жолында да 5 білім беру саласы бойынша берілетін осы балабақша жұмысының берер жемісі жоқ емес. Бақшадағы мамандардың да, өз деңгейде әрқайсысының талапқа сай еңбек етуінің өзі жетістікке жол болып табылады. Әр тәрбиеші өз мамандықтары бойынша жұмыстанып, білім мен тәрбие беру әдіс-тәсілдерінде жылт еткен жаңалықтың жаршысы болумен қатар, заманнан қалмай мамандардың тәжірибесінен пайдаланып жұмыстанудың өзі бір сарындылықты жоятыны рас.

Тәрбиеші күннен-күнге білімін жетілдіріп отырумен қатар, өмірлік тәжірибелерді де белсене пайдалана білу керек. Қазіргі таңда баланың санасы мен зейініне тікелей әсер етіп, баланың тез арада қызығушылығын арттыратын нәрсе техника екені ешкімге де таңсық емес. Тіпті, бақша жасындағы бүлдіршіндер емес, кішкентай айлық сәбилердің көзі түрлі-түсті теледидарға түсіп, түрлі мультсериалдардың кейіпкерлері мен дыбыстарына ерекше назар аударады. Демек, қызығады, қарайды, әуестенеді. Ал, бақша жасындағы 3-5 жасар балалар да ойын балалары. Бұрынғыдай түрлі ойыншықтарға қызығатын баланың саны кемімесе артып келе жатыр деп айта алмаймыз. Баланың алдына көңілін аудармақ болып 1 этилен пакеттегі ойыншықты төгіп тастасаң, бала босаған этилен пакетіне жармасып соны біраз әурелейді. Қолымен біраз ермек қылады, ал егер сол пакетті үріп қолына беретін болсаң, ішінде ауасы бар пакеттің өздігімен қозғалысына да бей-жай қалмайды. Жоғарыға ұшырып қоятын болсаң тіптен қызығады. Демек, бұдан шығатын қорытынды –күннен-күнге баланың зейінін аудару жаңашылдықты қажет етіп отыр десек те, болады. Осындай қорытындылардан нәтиже шығару барысында әрбір тәрбиеші өздерінің әрбір оқу іс-әрекеттері барысында «баяғы жартас-сол жартастың» сеңін бұзу керек. Әр күн сайын жаңашылдықтың лебін сездіртуі керек.

Біздің балабақшалар-тәрбиешілер арқылы өздерінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра отырып, егемен еліміздің саналы да сапалы ертеңін тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікке бастау алады. «Баланы бастан…» деп айтыылған халықтық қағиданың бала болашағына ықпалы зор екеніне ешкімнің дауы жоқ.

Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Балалардың барлығы бірыңғай тәртіпті болып туылады, тәртіпті болып тәрбиеленеді деген қатып қалған аксиома жоқ. Бірақ, баларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта-тағы да балабақша.

Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те бақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын –адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Сондықтан да бақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Сонымен бірге балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін –сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.

Бақшаны-бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны-болашақтың қақпасына айналдыруымыз керек.

Болашақтың қақпасы-әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін.

Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал болашақ ұрпақты талапқа сай елжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде-бақша өмірінің рөлі зор.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *