Мектеп жасына дейінгі балаларға адамгершілік – рухани тәрбие беру


А.Нұрманов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 

шағын орталығы «Балапан» тобының тәрбиешісі

Қошанова Гүлшат Сәтеновна

Мектепке дейінгі балаларға адамгершілік тәрбие беру. Бала бақшада адамгершілік тәрбие берудің жалпы сипаттамасы. Адамның моралдық сапа негіздері мектепке дейінгі балалық шағында қалыптасады. Мектепке дейінгі жылдарда бала ересектердің жетекшілігімен жақын адамдарымен, құрдастарымен, заттармен, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың, тәлім-тәрбие алудың бастапқы тәжірибесіне ие болады. Балалардың іс-әрекеттерін басқара отырып, тәрбиеші олардың бойында Отанын сүю, айналадағыларға ықыласпен қарау, шамасы келгенше оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс-әрекетте белсенділік және белгілі бір іске бастама (инициатива) көрсету сияқты адамның маңызды сипаттарын қалыптастырады. Дұрыс тәрбие балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды.

Мектепке дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері – балалардың адамгершілік сезімдерін, мінез-құлықтың ізгі дағдылары мен әдеттердің адамгершілік ұғымдары мен мінез-құлық түрткілерін қалыптастыру. Баланың тәрбиелеуде оның өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамгершілік сезімдерін қалыптастыру үлкен орын алады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларға қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі ренішті немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады. Эмоциялық әсерлену: жақсы қылықтарына, үлкендердің мақтауына риза болу, өзінің орынсыз қылықтарынан: үлкендердің ескертуінен, наразылығынан ұялады, қапалану, уайым жеу оның адамгершілік сезімдерін қалыптастырудың негізіне айналады. Мектепке дейінгі шақта балада қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады. Сезім балаларды белсенді іс-әрекетке: көмек көрсетуге, қамқорлық жасауға, көңіл аударуға, жұбатуға, қуантуға итермелейді. Патриоттық сезімге: туған өлкесін, Отанын сүюге, басқа ұлттардың адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудің ерекше маңызы бар. Мектепке дейінгі балалардың ерекшелігі еліктеу қабілеттілігінің айқын көрінуі болып табылады. Тәрбиеші балаларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады. Мектепке дейінгі естияр жаста үлкендермен, өз қатарларымен мәдениетті қарым-қатынас жасау, шын айту, тазалық, тәртіп сақтау, пайдалы іс-әрекет жасау, еңбек ету әдеті қалыптаса береді. Мектепке дейнігі ересек жаста балалар қылығының адамгершілік мазмұнына ой жүгірте қарау негізінде дамыған адамгершілік дағдылар мен әдеттер неғұрлым берік болады. Тәрбиеші балалардың адамгершілік нормаларына бағынатын, саналы түрде меңгерілген мінез-құлыққа тәрбиелейді. Адамгершілік нормалары: қайырымдылық, сыпайылық, әділдік, қарапайымдылық, қамқоршылық, және т.б. ұғымдарды тәрбиеші бірте-бірте балаларға түсіндіру арқылы меңгертеді. Мектепке дейінгі балалардың адамгершілік тәрбиесінің мазмұны «Бала бақшасында тәрбиелеу бағдарламасында» көрсетілген. Оған мыналар: Отанға, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, оларды және олардың еңбегін құрметтеу, ұлтаралық, ұжымдық және адамгершілік бастамасы, мінез-құлық тәртіптілігі мен мәдениеті, мінездің ерік-жігер белгілері, жеке адамның жағымды адамгершілік сапалары кіреді.

Адамгершілік тәрбиесінің маңызды заңдылығы балаларды ұжымда тәрбиелеу заңдылығы. Ұжым – бұл баланың жеке басын қоғамдық бағытта қалыптастыру мектебі. Мұнда оның жеке қасиеті, қабілеттілігі және адамгершілік сапалары неғұрлым айқын көрінеді. Адамның адамгершілік тазалығы ең алдымен оның әрекетінде көрініс табады. Ұжымда бала өзінің білімін, айналадағы дүниеге, іс-әрекетке көзқарасын: көмек көрсетуге, нәтиже шығаруға, құрбыларына қамқорлық жасауға, рахымдылыққа, қарапайымдылыққа, еңбек етуге ұмтылуын көрсете алады. Ұжымда тәрбиелеу заңдылығы тәрбиешілерді әр баланың мінез-құлқына ізгі ықпал жасауы үшін балалады бірлесіп қызмет жүргізудің алуан түрлеріне біріктіруді міндеттейді.

Н. К. Крупская ұжымда тәрбиелеудің маңызды екенін атап көрсете отырып, былай деп жазды: «Мектеп жасына дейінгі балаларды бірігуге, ортақ мақсат, ортақ міндеттер қоюға және ол міндеттерді жұмыла күш жұмсай отырып шешуге үйретуі тиіс. Бұл заңдылықты іс жүзінде қолдану тәрбиешінің мейірімділікті балалардың жеке ерекшеліктерін, адамгершілік тәжірибесін, дамуы мен мүмкіншіліктерін ескере отырып талап қоя білумен ұштастыра білуінен көрінеді. Мұның өзі олардың істі бастау қабілеттерін (инициатива), ұсыныстарын, идеялары мен ұмтылыстарын басып тастамай, адамгершілік мінез-құлықтың, тәртіптіліктің негізін қалыптастыруға, топта орнатылған тәртіпті құрметтеуге мүмкіндік береді. Өз кезінде тәрбиешіден ұстамдылық, шыдамдылық, орынды қатаңдық, тәрбиеленушілерге құрметпен қараушылық талап етіледі. Сезімге, санаға және мінез-құлыққа ықпал жасау бірлігі заңдылығы жеке адам дамуы үдерісінің біртұтастығы ұғымынан туады. Ол адамгершілік тәрбие құралдары мен әдістерін таңдап алуда кешенді қатынасты талап етеді. Тәрбиелік ықпал жасаудың мазмұнын белгілей отырып, ол балада эмоциялық әсер тудыра ма, түсінікті бола ма, айналадағы өмір құбылыстары туралы белгілі бір ұғымдарды, сондай-ақ іс-әрекет түрткілерін қалыптастыра ма, саналы мінез-құлыққа тәрбиелей ме деген мәселелерді ескерген жөн. Бала бақшада және жанұяда балаға қойылатын талаптардың жүйелілігі, бірізділігі және бірлігі мінез-құлық дағдыларын бекем меңгеруді, баланың жеке басының адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл заңдылық тәрбиешіден барлық тәрбие жұмысын жүйелі түрде, тәрбие міндетін бүкіл топқа тұтас және әр балаға өз алдына (оның ерекшеліктерін және енгізілген адамгершілік ережелерді меңгеруін, мінез-құлық тәжірибесін есепке ала) біртіндеп күрделендіре отырып жүзеге асыруды талап етеді.

Сондай-ақ тәрбие міндетін неғұрлым толық шешуді қамтамасыз ететін жағдай жасау қажет: қандай да болса адамгершілік қасиетті қалыптастыру үшін баланың сол қасиеті бейнеленетін қылықтарын жүйелі жаттықтыру қажет, сонымен бірге оны тәрбиелеуші адамдардың талаптарының бірдей болуын қамтамасыз ету керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Дүкенбаева Г. Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу. Алматы,1992.
  2. Нысанбаева Ә. Ой. Ақыл. Адамгершілік. Алматы,1994.
  3. Отбасында балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің кейбір мәселелері. Алматы,1985.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *