Алашқа – 100 жыл


Есимбаева Меруерт Едылхановна
Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-лицей-интернатының тәрбиешісі

Мақсаты: Оқушыларға қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларына тоқталу, өз елін, жерін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Көрнекілігі: «Алаш» атты кітап көрмесі», Алаш қайраткерлеріне арналған буклет, «Азаттықты аңсаған Алаш» атты газет, Алаш туралы жазылған сөздер.

1-жүргізуші: Қайырлы күн құрметті ұстаздар, оқушылар бүгінгі «Алашқа – 100 жыл» атты тәрбелік шарамызға қош келдіңіздер! Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақтың зиялы қауымы ағартушылық, либералдық, демократиялық көзқарасты ұстана отырып, ұлт-азаттық жолында қызмет етті. Қазақ елінің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге жетуі, ол үшін оқу-білімді дамыту – ұлт зиялыларының басты мұраттарының біріне айналды. Осы ойларынан олар кеңес өкіметі кезеңінде де бас тартпады. Зиялы қауым ендігі жерде өз мүмкіндіктерін мәдени салаға, оқу-ағарту ісіне жұмсады.

2-жүргізуші: 1917 жылдың 13 желтоқсаны – қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің – Алашорданың дүниеге келген күні. Алашорда үкіметінің құрылып, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында автономиялық биліктің болуы ұлт-азаттық қозғалыс тарихында елеулі кезең болып саналады. Ғұмыры ұзақ болмаса да қазақтың тұңғыш үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттікке лайықты ел екені паш етілді. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар сол қиын уақытта толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, өз халқының мүдделерін батыл қорғау жағына шыға алуында. Алаш қозғалысы заманалық маңызы бар құбылыс, оның идеялары мен бағдарламалары ұлттық мемлекеттікті қалыптастыруды мақсат етті. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында ұланғайыр қайрат көрсетті.
Ахмет Байтұрсынов – қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист, ағартушы – ғалым, ұлт ұстазы.
1873 жылы, қаңтар айында Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келді.
А.Байтұрсынов бірнеше рет түрмеге жабылады.Патша тақтан түскен соң Ахаң қазақ зиялыларымен бірігіп, ұлттық «Алаш» партиясын құрады. Кеңес үкіметі орнаған соң А.Байтұрсынов Қазақстан үкіметінің мүшесі, Халық ағарту Комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болып сайланады. Орынбор, Ташкент, Алматы қалаларындағы педагогикалык жоғарғы оқу орындарында сабақ береді. Голощекиндік асыра сілтеу саясатына қарсы болғаны үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, жазықсыз атылды.

Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1919 жылдан бастап Жүсіпбек Семейде, Павлодарда кеңес өкіметінің жұмыстарына араласады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болады. 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында істейді. 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумға директор болады. Ара-арасында әр түрлі саяси жұмыстарға араласады. 1929 жылы жазықсыз тұтқынға алынып, «халық жауы» деген жаламен 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.

Міржақып Дулатұлы XX ғасырдың басындағы қазақтың ағартушылық, демократтық бағыттағы оқыған азаматтарының бipi — талантты қаламгер, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов еді. Аумалы-төкпелі заманда елдің болашағы үшін атқарған күреске толы кызметімен де, шығармашылық мұрасымен де ол халқына аяулы, еліне құрметті. Міржақып қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойды. Өз шығармаларында туған елін оятуға ұмтылды. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болды. Сол себепті де М. Дулатовтың есімі мен әдеби мұрасы туралы кеңес өкіметі тұсында айтуға да, жазуға да тыйым салынды. М. Дулатовтың Алаш қайраткерлерінің арасындағы орны ерекше. Елі үшін туылып, ел үшін шаһит кешетін тұлға болады. Ол сол елдің ертеңінің нұрлы болуы үшін жанталасады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бүгінде өз есімімен аталатын ауылында орташа ғана дәулеті бар отбасында дүниеге келеді.Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі- Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді. 1938 жылы қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы — ақын, жазушы, аудармашы, композитор, тарихшы және философ. Кейбір деректерде оның есімін «Шаһкәрім» деп те көрсетеді.Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11де дүниеге келген. Жан-жақты терең білім,араб, парсы, түрік және орыс тілдерін меңгеру Шәкерімге тек кана әдеби еңбектер ғана емес, тарихи, философиялык тақырыптардағы еңбектер жазуға мүмкіндік берді. 1931 жылы  ату жазасына кесілді.

Көрініс:

Түрменің қапас бөлмесі. Бір орыс, бір қазақ тергеушісі Әлихан Бөкейхановтан жауап алып отыр.

Қазақ тергеушісі: Қалай Бөкейханов мырза, Қазақстанды Ресейден бөліп алмақ болған әрекетініңізді мойындайсыз ба?

Бөкейханов: Әрине мойындаймын. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға әрекеттену қылмыс емес шығар….

Орыс тергеушісі: Қылмыс емес?! (Столды періп періп қалды). Қалай қылмыс емес?! Егер Ресейге бағынып келген әрбір халық өз алдына мемлекет болып бөлініп шыға берсе, Ресейде не қалады?! Жо оқ. Бұл тек жаудың әрекеті.

Қазақ тергеушісі: Мә, мойындаңыз да қолыңызды қойыңыз. (қағаз қалам ұсынады)

Бөкейханов: (қағазға үңіліп) Мына қағазда халыққа қарсы әрекет етті делінген ғой. Бұған қол қоя алмаймын.

Орыс тергеушісі: «Жә, жетеді! Мен қазір басшыларға барып баяндаймын. Жендетке тапсыр керек. Мықты болса шыдап көрсін. Мен қазір келемін.

Қазақ тергеушісі: (Есікті барып қарап келеді) Ағатай ай, мен сізге не жақсылық жасай алам? Сізді қашыруға да шамам жетпейді. Бар билік осылардың қолында. Бізге де сенбейтінін сеземіз.

Бөкейханов: Сен қуыршақсың ғой, шырағым. Менде бәрін түсінем.

Қазақ тергеушісі: Ағатай ай бәрібірде мойындатпай қоймайды ғой. Азап шегіп қайтесіз. Одан да қол қоя салмайсыз ба?

Бөкейханов: Ей шырағым ай, артымда маған қарап қара орманым – халқым тұрған жоқ па? Мен өзімді алдасам да оны алдай алмаймын.

Қазақ тергеушісі: Сізді Ленин мен Мұстафа Шоқаймен кездескен дейді, сол рас па?

Бөкейханов: Ол түрменің әңгімесі емес шырағым, қайтесің.

Қазақ тергеушісі: «Ағатай, мен де еліме, халқыма пайдамды тигізсем деймін. Бірақ қалай? Білмеймін….

Бөкейханов: (күбірлеп) Бәрі алдамшы, бәрі жалған болғаны ма?

Қазақ тергеушісі: Ағай сізге не болған, Мә су ішіп жіберіңіз. Қазір жаңағы жан алғышта келіп қалар…. Құдайым ай соншама дәрменсіз етіп жаратармысың?! Келіп қалды бекем болыңыз.

Бөкейханов: Рахмет, мен үшін қам жеме, бауырым. (бөлмеге орыс тергеуші және жендет келеді)

Қазақ тергеушісі: (ұшып тұрып) Жолдас капитан айтқанынан қайтар емес.

Орыс тергеушісі: (мырс мырс күліп) Онда өз обалы өзіне. (Қасындағы жендетке алып кет деп белгі берді. Жендет сүйрей бастаған кезде Бөкейханов жендетті итеріп жібереді де былай дейді)

Әлихан  Бөкейхан  5 наурыз 1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесінде дүниеге келген. XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. 1937 жылы тамызында жалған жаламен Мәскеуде ату жазасына кеседі.

2-жүргізуші :

Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз – ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.

 

Зар заман мәнерлеп оқу. Бақытбекова  Нұрай

Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жарағын асырып, міндік атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.

Заман – ай?

Азаматы алаштың

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Баптанатын күн туды.

Ел бастайтын қайдасың, көсемдерім?

Сөз бастайтын қайдасың, шешендерім?

Тәуекелге бел байлап, бастап топты

Тигізбесін жұртқа жау кеселдерін.

Заман – ай!

Бай, қайдасың, ортаға малыңды сал,

Азды – көпті аямай барыңды сал.

Жаны тәтті жақсылар, қайдасыңдар?

Мұсылманның жолына жаныңды сал.

Заман – ай!

Ел қорғайтын қайдасың, батырларым?

Өлең, күйдің шебері ақындарым?

Азаматтың міндеті елді қорғау,

Төнгелі тұр басына күшті толғау.

Заман – ай!

1-жүргізуші  Айбарлы елдің ұлымын ай таңбалы,

Кейіпкері емеспін ертегінің.

Қазақ деген жалғыз ұлы мен боламын,

Жер әлемге жетеді көпке үнім! Келесі сөз кезекті кітапханашымыз Гүлзира апайға береміз.

2 – Жүргізуші:Қазағым, қақтықпа, қамалма,

Ел болар халыңды амалда!

Кетті туы, атты таң, шықты күн,

Сал малды, сал жанды аянба!

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де алаш өлмес көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін.

(8 «б» сынып оқушысы Омарбекова Гүлім «Алаш арыстары» өз шығармашылығынан)

 

1-жүргізуші  Қазақстанда 101мың адам репрессияға ұшырады, қазір олардың барлығы ақталды.

Енді бізге қайта оралды заңғарлар,

Сталиндік тозақтарда жанғандар.

Ахметтер, Жүсіпбектер, Сәкендер,

Ілиястар, Бейімбеттер, Мағжандар.

(Алаш зиялыларын еске алу 1 минут үнсіздік)

 

1 –  Жүргізуші: Өшіп кетіп бір жылы жер бетінен,

Өзге орында балалап өскен елмін.

Ақталды боздақтардың ақ талабы,

Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым.

 

2 –  Жүргізуші: Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,

Қаралы жылдардай боп қарауытып,

Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым

Құрбандарым жазықсыз құрбандарым.

Ән «Өсиет» 8 сынып қыздары

1-жүргізуші :Алаш идеясы – ұлттық идеология.  Ендеше ұлт болып жұмылып, Алашарманын іске асыруымыз керек. Біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыстарын ардақтауымыз керек. Алаш ұрпақтары, киелі Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қадірлей білуіміз керек. Осымен бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Алашқа – 100 жыл» атты тәрбиелік шарамызды аяқтаймыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *