Кәсіби қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс – тәсілдері


 Сагатова Назым Амангельдыевна
 Құмаш Нұрғалиев атындағы колледж Өскемен қаласы кәсіби қазақ тілінің оқытушысы

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасында қазақ тілінің мәртебесін жоғары деңгейге көтеретін мәселелер қамтылған. Біріншіден, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданып, толыққанды жұмыс жасауда. Екіншіден, қазақ тілі коммуникативтік қарым – қатынас, ресми қатынас тілі ретінде жұмыс жасауда. Осыған байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесі өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне оқыту, оның ішінде кәсіби қазақ тілін жеке бөліп қарастыру арқылы жүзеге асады. Себебі, қазіргі таңдағы негізгі жайт орыс аудиториясында кәсіби қазақ тілін базалық пән ретінде оқыту.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасында бәсекеге қабілетті тілдік тұлғаны қалыптастыруда тиімді әдістер қолданылады. Сол себепті оқыту әдістемесі және тіл үйрету ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және өмірде, тәжірибеде бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етуде.

Мамандардың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – коммуникативтік құзыреттілік. Бірнеше тілді меңгерген, әртүрлі сөйлеу жағдайында еркін қарым – қатынасқа түсіп, өз кәсіби қажеттілігіне қарай тіл құралдарын жеткілікті деңгейде пайдалана алатын коммуникативтік тұлғаны қалыптастыру қазіргі орта білім беру жүйесі алдында тұрған мақсат болып табылады. Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі ұстанып отырған үштұғырлы тіл саясатында мемлекеттік тілдің қызметіне басымдылық берілетіні анық. Сонымен байланысты көптілді тұлғаның кәсіби қазақ тілін меңгеруі оның біліктілік сапасын көтеріп қана қоймай, іскерлік қатынас тілін дамытып, толыққанды қызмет етуіне, сонымен байланысты қоғамның лингвистикалық интеллектуалдық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады.Орта арнайы оқу орындарында кәсіби қазақ тілі курсын оқытудың мазмұны мен оқыту технологияларын нақтылауды, оқытудың мақсаттары мен міндеттерін болашақ маманның кәсіби біліктілігін арттырумен байланыстыруды көздейді.

Кәсіби тіл – белгілі бір мамандық, не кәсіп саласы шеңберінде жиі қолданылатын тілдік құрылымдар жиынтығы.

Кәсіби тіл – өз саласына сай терминологиясы, кәсіби – ғылыми ұғымдық аппараты бар, сөз қолданысы мен тіркесуінде қалыптасқан нормалары бар тіл болып табылады.

Қазақ тілін кәсіби бағытта оқыту – ертеңгі болашақ маманның кәсіби даярлығы мен дағдыларын қалыптастыра отырып, өзінің болашақ мамандығына тән барлық аспектілермен жете танысып, игерген теориялық білімдерін тиянақтап, мамандығына деген өз көзқарастарын жан – жақты қалыптастыра бастайды. Кәсіби тілде оқыту болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғыза отырып, білім алушыларды мамандығына сәйкес оқыту, яғни мамандықтарына қатысты лексикалық минимумды меңгерту.

Кәсіби қазақ тілі пәні білім алушының болашақ маман ретінде кәсіптік шеберліктерін мемлекеттік тілде меңгеруіне негіз бола отырып, сөйлеу әрекетінің төрт қағидатына (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) негізделген білім алушының мақсаты, тілді қолдану саласы, коммуникативтік жағдаяттар компоненттері, контекспен байланыстылығы тіл бірліктерінің қолданыстағы қызметіне сай анықталады.

Кәсіби қазақ тілі мен қазақ тілін оқыту әдістемесі екі жақты, себебі: қазақ тілі тіл үйрету, яғни оқытушы тілді үйретуді басшылыққа ала отырып, тіл үйретудегі барлық әдіс – тәсілдерді, тілдік нормаларды, грамматикалық тұлғаларды қамтып, тілдік, оның ішінде ауызекі сөйлеу әрекетіне бағыттайды. Ал, кәсіби қазақ тілі – әр маман иесін өз маман тілінде сөйлей алуға бағыттау. Бұл салада болашақ маман, яғни студент тілді меңгерген немесе түсіне алатын, сөйлеуге талпыныс жасайтын, грамматикалық тұлғалардан, тілдік нормалардан хабары бар тұлға болуы тиіс. Мұнда оқытушының мақсаты – әр мамандық ерекшелігіне байланысты термин сөздерді меңгерте отырып, кәсіби тілде сөйлеуге бағыттау.

Кәсіби қазақ тілі тәжірибелік сабақ болғандықтан, оны жүргізу жолдары қазақ тілі сабағына жақын болады, яғни сабақта міндетті түрде педагогика ғылымы көрсетіп бергендей әдістеме саласындағы сабақтың барлық сатылары қарастырылып, сабақты түрлендіріп өткізіп отыруға міндеттейді.

Мәтін бойынша тапсырмалар беріледі. Ол тапсырмалар студенттердің қазақша сөйлеу тілін дамытуға бағытталады. Олар:

–                    Мәтіндегі сөздердің түсінікті, түсініксіз екенін сұрау;

–                    Мәтіндегі сөздерді лексикалық жақтан түсіндіру;

–                    Сөздердің түбір тұлғасын анықтау;

–                    Мәтіндегі сөздерді сөз таптарына сай талдау,
мәтіндегі сөз тіркестерінің түрлерін ажырату;

–                    Мәтіндегі жай сөйлемнің түрлері мен тыныс белгілерін ажырату;

–                    Мәтіндегі құрмалас сөйлемдердің жолдары мен компоненттерін талдау;

–                    Мәтіндегі сөздердің орын тәртібі мен байланысу жолдарын ажырату;

–                    Мәтіндегі қиындау сөздер мен сөйлемдерді қайталатып оқыту;

–                    Мәтіндегі қате оқылған объектілерді тыңдап отырған студенттерге түзеттіру;

–                    Мәтіннің қысқаша мазмұнын айтқызу;

–                    Мәтінді дұрыс оқуға пайдасы тиетін жаңалық хабарларды оқыту.

Сабақтың тақырыбы: Менің мамандығым

Өмірде мамандықтың түрі өте көп. Таңдаған мамандықты кәсіптік орта оқу орындарынан алуға болады. Жақсы маман болу үшін көп оқып, үйреніп, еңбек ету керек.

Менің атым – … . Мен Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжде оқимын. Колледж Протозанов көшесі, 87-нші үйде орналасқан. Колледжде екі бөлімше бар. Олар: техника-гуманитарлық және сервистік бөлімшелері. Техника-гуманитарлық бөлімшесінде: заңгер, бағдарламашы, автотехник мамандықтары, жоғары білікті есепші, технолог, маркетолог мамандықтары бойынша,  сервистік бөлімшесінде шаштаразшы, туризм менеджері, дизайнер мамандықтары бойынша оқуға болады.

Менің болашақ мамандығым – …

Бағдарламашы арнайы математикалық модельдеудің көмегімен компьютерлік бағдарламаларды және алгоритмдерді құрастыратын маман.

Мамандықтың оң жақтары:

–        Жоғары төлемақы;

–        Мамандықтар арасында сұраныс ең көп болатын мамандықтың иесі болу;

–        Кейде жоғары білім болмай-ақ жұмысқа тұру мүмкіндігі;

 

Бағдарламашыларды үш салаға бөлуге болады:

Қолданбалы бағдарламашылар: көбінесе ойындар, есептеу бағдарламалары, редакторлар мен мессенджерлерді қамтамасыз ететін бағдарламаларды жабдықтау.

Жүйелік бағдарламашылар: операциялық жүйелерді, желі платформаларын, интерфейс жабдықтарын, әр түрлі ақпарат орталықтарын жинақтайтын ғаламтор беттерін жасайды.

Web бағдарламашылар да желімен жұмыс жасайды. Негізгі міндеттері – ғаламтормен жұмыс істеу.

. Жақсы … болу үшін оқу керек. Мен … жыл оқимын. Менің мамандығым қазіргі уақытта өте қажетті.

Менің мамандығым маған ұнайды.

Алдымен студенттерден өз мамандықтары туралы не білетіндерін білу.

Тапсырма. Мәтінді таспадан тыңдатып, түсінгендерін айта білуге дағдыландыру.

Тапсырма. Сұрақтарға мәтін бойынша жауап беріңіз.

1. Таңдаған мамандықты қандай оқу орындарынан алуға болады?

2. Сенің болашақ мамандығың кім?

3. Бағдарламашы деген кім?

4. Сенің мамандығыңның оң жақтары ?

5. Қолданбалы бағдарламашы немен айналысады?

6. Жүйелік бағдарламашылар немен айналысады?

7. Web бағдарламашылар қандай қызмет атқарады?

Тапсырма. Мәтіндегі асты сызылған сөздердің синонимдерін айтыңыз.

Тапсырма. Етістіктерді пайдаланып, сөз тіркестерін, сөйлемдер құраңыз.

Тапсырма. Мәтіннің қай абзацын өз сөзіңізбен әңгімелей аласыз? Ол абзацқа ат қойыңыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Б.Т.Абильбекова Қазақ тілін оқытудағы тиімді әдіс – тәсілдер

2. Г.Т.Тұрсынова Кәсіби қазақ тілі. Алматы, 2011ж.

3. З.Ерназарова Кәсіби қазақ тілін оқыту (Қазақ тілі әдістеме журналы №8), Алматы, 2012ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *