Мақала. «Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек»


Кушербаева Эльмира Серикпаевна

Жамбыл облысы Тараз қаласы, Төле би атындағы №8 гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Жастықта әр тараптың басын шалсаң,

Қармақты тәуекел деп суға салсаң.
Еңбегің еңбектенген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.

Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз.
Әл – Фараби

Тараз қаласының Төле би атындағы №8 гимназиясының 11«А» сыныбында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында түлектер сабағы өтілді. Тәрбие сағаты гимназияны бітіріп кеткен түлектерімен (қазіргі кезде олар түрлі мамандық иелері), ұстаздар мен ата-аналар арасында уәждемелік кеңістік құру мақсатында ұйымдастырылды.

 

Әр мектеп бітіруші түлек өз болашағын ойлағанда, біріншіден қандай мамандықты таңдайтынын шешу мәселесі тұрады. Ал біз, ересектер оларға өз бетінше мамандықты таңдау дағдыларын меңгеруге көмектессек, жасөспірімдердің бұл ең қиын әрі ерекше өмір кезеңінде  бағаланбас қызмет әрі көмек болып есептелетініне күмәнім жоқ. Мен өз сыныбымды осы сәтке сегізінші сыныптан дайындаудамын. Бұл қиын әрі еңбекті қажет етеін іс, нәтижесі де соғұрлым жақсы болатынына сенемін.

12-14 жаста балалардың алдында «өмірлік мақсатым» қандай,  бұл өмірде менің орным қандай? деген сұрақтар пайда болады. Бұл сұраққа оларға ешкім жауап бере алмайды: ата-ана да, мұғалім де, құрдастары да, тіпті мамандар да. Бұл мәселені практика жүзінде шешуге тырыстым, яғни жасөспірімдердің өмірлік өзін-өзі анықтау үдерісін зерттедім. Зерттеу нәтижесінде жасөспірімдер өз өмірлік мақсатын болашақ мамандықпен байланыстыратынын көрсетті. Менің негізгі мақсатым балаларыма тек мамандықты дұрыс таңдауға көмектесу емес. Маңызды бір нәрсеге үйрете отырып (өз бетінше мамандықты таңдау дағдыларын меңгеру), одан да маңызды басқа нәрсеге де үйрету (өмірлік өзін-өзі анықтау дағдыларын меңгеру) мүмкіндігін тиімді пайдалану. Мақсатыма жету үшін оқушыларыма «Менің өмірлік мақсатым» тақырыбында ой-толғау жазғыздым. Шығармаларды саралай отырып, көпшілік оқушылардың өмірі 30 жасқа қарай  «аяқталады» екен. Ары қарай мақсат жоқ. Олар тек беделді біліктілікті алып, жақсы жұмыс орнына тұрса ғана болды. Тек осы ғана! Осыдан жасаған қорытындым: жасөспірімдердің, ата-аналардың, тіпті мұғалімдер мен психологтардың кәсіби бағдар үдерісіне көзқарастарын өзгерту

керек. Қазіргі уақытта үш топпен жұмыс жүргізудемін: жасөспірімдер (менің сыныбым), ата-аналар және мұғалімдер. Шын мәнісінде, негізгі нысана ол балалар мен олардың ата-аналары.

Бірінші нысаналы топ –жасөспірімдер. Тренер ретінде мен шешім қабылдау керек едім: мен олармен қандай қарым-қатынас жасаймын: таңдауға екі нұсқа болды: «үлкен балалар» және «кішкентай ересектер». Мен екінші нұсқамен жұмыс істегенді жөн көрдім. Олармен түрлі тренингтер өткіздім. Барлық тренингтер «мамандақты таңдау формуласына» негізделген. Ол негізгі үш компоненттен тұрады: «мен қалаймын», «менің қолымнан келеді» және «қажет».  Қатысушылар кезең-кезеңмен жаттығуларды орындайды, формуланың көмегімен практика жүзінде тәжірибе алады. Нәтижесінде өмірлік өзін-өзі аңықтау дағдыларын шыңдай түседі.

Екінші нысаналы топ -ата-аналар. Олармен де тренингтер өткізілді (бір күндік). Әрине, ата-ананың рөлі ерекше. Бұл үдерісте бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін арттыруды, олардың рөлін көтеруді көздейміз. Тренингтерді ата-анасыз да өткізуге болатын еді, алайда ол тиімсіз болады. Кейбір ата-аналар жасөспірімнің кәсіби таңдауында тіпті кедергі де келтіреді. Көбінесе ондай ата-аналар 2 позицияны ұстанады:

1- баланың орнына өздері шешім қабылдайды;

2-шеттеледі, жауапкершіліктен қашады (менің міндетім киіндіру, тамақтандыру).

Осы кедергілерді жою үшін ата-аналарды міндетті түрде үдеріске тарту керек.

Биыл менің сыныбым мектепті бітіргелі отыр. 3жыл бойы жүргізген жұмысым өз нәтижесін көрсетеді деп ойлаймын. Түлектер сабағы осы үлкен үдерістің соңғы нүктесі деп те айтуға болады. Біздің гимназины бітіріп кеткен түлектерді де осы үдеріске тарттық. Себебі олардың ақыл-кеңестері, өмірлік тәжірибелері жас түлектерге өте құнды болды. Қазіргі таңда жас түлектер «субъект» болуды үйренді. Мен оларды дұрыс таңдау жасауды үйрете алдым деп айта аламын.

Мамандық таңдауда Ж. Аймауытовтың жастарға айтқан ақылымен аяқтағым келеді: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет».

Кушербаева Эльмира Серикпаевна

№8 Төле би атындағы гимназияның

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

 

Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *