«Армысың, НАУРЫЗ!!!» мерекесінің сценарийі


 Алпысбай Аққу Рымтайқызы
 КММ №88 ЖББОМ жанындағы «Айдана» шағын орталығының әдіскері, педагог-психологы, тәрбиешісі

Наурыз мерекесіне сай безендірілген зал іші көңілді.Ұлттық киім киген балалар әуен ырғағымен залға кіреді.

Барысы:

Дөңгелек үстел басында атасы, немересі, әжесі отырады. Келіні үстел жасап жүреді. Бүлдіршіндер залды жағалай жарты шеңбер құрып отырады.

Жүргізуші:

Наурыз құтты болсын ағаларға!

Наурыз құтты болсын апаларға!

Жыл сайын тойланатын мәңгі-бақи,

Наурыз құтты болсын баршамызға!

Наурыз тойы құтты болсын,

Дендеріңіз сау, мықты болсын!

Ұлыстың ұлы күні наурыз құтты болсын! Баршаңызға  ырыс, береке әкелсін!

Немересі:

– Апа, неге әдемі көйлегіңді киіп алып,үстел жасап жүрсіз? Қонақ келеді ма немене?

Әжесі:

–         Наурыз ғой, балам.

Немересі:

–         Онда не болады?

Әжесі:

–         Атасы, түсіндірші мына балаңа.

Атасы:

–         Балам, бұл ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі. Ол қазақтың жаңа жылы. Бұл біздің ата-бабамыздан келе жатқан мейрам. Наурыз мейрамында әжелер наурыз көже пісіріп, елдің бәрі дастархан жайып, қонақ күтеді. Қары қалың, аязды қыстың артынан суы мол,көгі қалың, жадыраған көктем  келеді.

Әжесі:

–         Иә, балам, көктем мерекесі осы наурыз болады. Наурызда адамдар бір-бірімен көрісіп, реніштерін кешіріп, құшақтасып, наурыз тойын тойлайды. Наурыз тойында наурыз көже, бауырсақ пісіріліп, ет асылады. Ән айтып, би билеп, қуанышқа бөленеді. Ал енді балалар өздерің наурыз тойы туралы не білесіңдер?

Жүргізуші:

–         Қане балалар, өз өнерлерімізді көрсетейік  «Наурыз келді, алақай!» әнін тыңдаңыздар!

1 – бала:

–         Көктем келді, наурыз келді

Жер көгерді, ел көгерді

Дастарханын жайып дархан,

Жақсылық пен бақыт шашқан

2 – бала:

–         Ата-бабам тойлаған

Наурызым армысың!

Қызығыңа тоймаған

Дархан дала, қарлы шың

Жүргізуші:  Келесі кезекте мың бұралған биші қыздарымызды «Айгөлек» биімен қарсы алайық!

3– бала:

–         Өлең өрлеп, жыр самғай,

Үйлесті әсем әніміз

Болады екен жыл сондай

Қандай  болса Наурыз!

4 – бала:

– Осыншама жақсылық,

Алып келген наурызым

Төрлет бізге нұр беріп

Шуақ шашып ақ жүзің!

 

Балалардың орындауында «Хош келдің, көктем!» әні

5 – бала:

Наурыз – гүл көктем,

Сәнді ай арайлы

Күлімдеп күн көктен

Нұр шашып қарайды

 

Ұлдардың орындауында би: «Балбырауын»

 

Әже: – Қандай тамаша, неткен керемет! Балалардың барлығы шетінен өнерлі екен! Қыздар да, ұлдар да тамаша билеп, ән салуда. Тақпақты да тамаша айтуда. Ал енді балалар айтыңдаршы, сендер қандай ұлттық тағамдарды білесіңдер?

–         Балалардың жауабы: Наурыз көже, қазы-қарта, жал-жая, ет, бешбармақ тағамы, айран, ірімшік, құрт, талқан, т.б.

Әже: – Өте дұрыс балапандарым, ал енді айтыңдаршы, наурыз көже қалай әзірленеді?

Жүргізуші: Әже, балалар сізге наурыз көже жайлы ән айтамыз дейді.

Әже: Жақсы, тыңдайық.

Ән: «Наурыз көже»

1. Ашылда да кебеже,

Дәм әзірлеу басталды

Әжем наурыз көжеге

Жеті түрлі ас салды

қ/сы: Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта тағы бар.

Ішілетін жейтіннің

Бұл көжеде бәрі бар

2. Наурыз көже қауымды,

Дастарханға шақырған

Шат көңілмен, ақпейілмен

Жаңа достар табылды.

Жүргізуші: Наурыз мерекесі барша шығыс халықтарының мерекесі! Бізге мерекемен құттықтауға ағайындар келіпті қане, қарсы алайық!

«Түрік халқының биі»

Әже: – Бәрекелді, тамаша, бақытты болыңдар, балалар!

6 – бала:

–         Наурыз келді құт болып

Мына бізге сүт болып

Аққа аузымыз толады

Бар жақсылық болады!

Балаларымыздың орындауында ән: «Наурызым, армысың!»

7 – бала:

–         Наурыз, наурыз жыл басы,

Жасыл көктем құрдасы

Төл мереке, кел мереке!

Би: «Көктем вальсі»

 

Көңілді күй ойнайды. Көрініс: «Тұсау кесу»

 

Ата бата береді:                    Тұсау кесер батасы

О, халайық, қол жайып,

Той тілеуін қолдайық.

Мұсылманның заңдарын,

Барша ағайын қорғайық.

 

Тоқ ішек пен ала жіп,

Жасыл шөппен жарасып,

Үш түрменен кесейік,

Тұсауды біз санасып.

 

Тәй-тәй басып жүретін,

Қуаныш қылып күлетін,

Жүйрік болсын балаңыз,

Мыңнан озып жүретін.

 

Қамқор болып халқына,

Берік болсын антына.

Есейгенде қымбатты,

Сыйлы болсын жалпыға.

 

Бүлдіршінім танып ал,

Көп тілеуін қабыл ал,

Тіл мен көзден сақтасын,

Бойға тұмар тағып ал.

 

Қызықтарың халайық,

Той думан ғып тарайық,

Балақайым өссе екен,

Ел жұртына лайық.

Әмин, қабыл болсын!

 

/ортаға аяғын тәй-тәй басқан  баланы әкеліп, беліне кішкентай қалта байлайды, оның ішіне тәттілер салып тұрып/:

 

Беліңе қалта байладым,

Дәулетіңді асырсын,

Ішіне тәтті сайладым,

Қиындықты қашырсын!

 

/осыдан кейін жиналған жұртқа көрсетіп, баланың аяғына мыналарды байлайды/:

 

Ішекпен байлағаным – малды болсын, тоқ болсын деген ниетім,

Көк шөппен байлағаным – жершіл болсын, көпшіл болсын, өсіп-өнсін дегенім,

Ала жіппен байлағаным – адал болсын, ақ болсын дегенім.

 

/тұсауын кеседі, тұсау кескен баланы бір-екі аттам жерге дейін сүйемелдеп барып, еркін жібереді/

 

Тәй, тәй, тәй, тәй!

Қаз, қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам!

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін!

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың,

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе!

 

Ақ матаға шашу шашылады!

 

Домбырамен ән салып Алдар көсе кіріп келеді:

Мен Алдармын, Алдармын,

Сақалымды талдармын,

Сақал түгіл, мұртым жоқ

Шайтанды да алдармын!

Жүргізуші:

–         Бізге Алдар көсе қонаққа келеді. Қарсы алайық!

Хош келдіңіз Алдар көсе!

Алдар көсе:

Армысыздар, халайық! Сәлеметсіңдер ме балалар! Мен сендерді наурыз мерекесімен құттықтап, сендердің өнерлі бала екендеріңді естіп өнерлеріңді тамашалауға, өздеріңмен ойнауға келдім.   Мен сендерді алдаймын!

–         Балалар: алдай алмайсың!!!

Алдар көсе:

–         Құмырсқа пілді басып кетіпті байқамай…

Балалар:

–         Жоқ ол өтірік!

Алдар көсе:

–          Етігімді пісіріп, сорпасын іштім керемет дәмді екен…

Балалар: – Жоқ, ол өтірік!

Алдар көсе:

– ой не деген ақылды балаларсыңдар, ендеше айтыңдаршы егер шынымен ақылды болсаңдар, қане қайсың мақал-мәтел білесіңдер?

8 – бала:

–         Атаның баласы болма,

Адамның баласы бол!

9 – бала:

–         Татулық – табылмас бақыт

10 – бала:

–         Өнерлі бала сүйкімді

11 – бала:

–         Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын!

12 – бала:

–         Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Қайда барсақ жол болсын!

Алдар көсе:

– Тамаша, рахмет балалар. Енді   қандай  жұмбақ білесіңдер?

13 – бала:

–          Жүз мүйізі бар,

Үстінде киізі бар.   (киіз үй)

14 – бала:

–           Ақ сандығым ашылды,

Ішінен жібек шашылды (жұлдыз)

15 – бала:

– Дастарханның басты асы   (нан)

 

Тәрбиеші: – Балалар қазақша жыл санау бойынша биыл қай жыл? Қане, бәріміз  жұмбақты тыңдайықшы:

–         Адамға серік,

Күзетке берік       (ит)

–         Дұрыс, балалар!

–         Ал енді біздің балалар санамақ та айта біледі, қане балалар кім айтады?

Алдар көсе: – Неткен білімді баласыңдар, мен сендерге ризамын қане, енді ұлттық ойындар ойнайық!

Жүргізуші ұлттық ойындар туралы айтып кетеді: Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп-жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі.

Алдар көсе балалармен ұлттық ойындарды ойнатады.

Тауық күрес

Балалар екі топқа бөлінеді. Осы екі топтан екі бала шығып, кәдімгідей күреседі. Оның ең қызығы да, басқаша күрестен айырмасы да –тек жалғыз аяғымен ақсаңдай  жүріп, иықтарын қағып күресуінде. Бұл күрес балалардың нық басып, орнықты жүруін жетілдіреді. Қайсысының екінші аяғы жерге тиіп кетсе, сол ұтылады.

Арқан тарту

Бұл екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа  бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып алып кетсе сол топ жеңіске жетеді.

Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып  әкетсе сол бала жеңіске жетеді.

Асау мәстек

Ойын бастаушы  арқанды жерден 50 см –дей биік етіп керіп байлайды  да қасындағы балаларға былай дейді.

Ер екеніңді білейін

Ешкі сойып берейін

Тақия алсаң еңкейіп

Құламасаң теңкейіп

Ерлігіңе сенейін

Ойын шартын қабылдап, ортаға шыққан бала:

Асау мәстек бұл болса

Үйретейін көріңіз

Маған таяқ беріңіз!-дейді де таяқпен арқаннан асылып жердегі тақияныіліп алуы керек.Ойынды келесі бала осылай жалғастырады.

Алдар көсе:

Тамаша, бәрекелді, балалар! Барлығың да тамаша ойнадыңдар! Ал енді мен  өздеріңдей басқа да балаларды наурыз мерекесімен құттықтауға кетейін! Хош, сау болыңдар!

Балалар Алдар көсемен қоштасады. Алдар көсе әндетіп шығып кетеді.

Жүргізуші:

–         Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жол болар.

Әжесі:

–         Атасы ұлыстың ұлы күні балаларыңа, қонақтарға бата бер.

Атасы:

–         Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жалажерге енсін!

Әумин!

Әже:                               Айналайын, балалар!

Жеті түрлі дәм салып,

Наурыз көже пісірдім,

Көжеге жас – кәріңді

Шақырамын бәріңді!

Балалар көңілді әуенмен мерекелік дастарханға жайғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *