Балабақшадағы экологиялық, адамгершілік тәрбиенің мақсаты


Сүлейменова Назира Бекболатовна
№134 «Гауһар» балабақшасының тәрбиешісі 

Балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысы, тәрбиенің негізгі салалары болып есептелетін адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиелерінің желісінде және халықтық педагогиканың қайнар бұлағын пайдалана отырып жүргізсе, айналадағы орта, табиғат жайындағы жалпылама ұғымдар нақтыланып, қалыптаса береді. Экологиялық тәрбие жұмысына орай көрнекіліктерді қолдана отырып, табиғат бұрышының жабдықталуына байланысты конкурстар ұйымдастырылып экология проблемалары туралы, жағымды-жағымсыз әрекеттер бейнеленген картиналар пайдаланылғаны, ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде табиғат туралы шағын кітапхананы өлі және тірі табиғатпен жабдықтау арқылы көрме ұйымдастырылғаны дұрыс. «Алтын күз», «Құстар күні», «Табиғатты сүйеміз»,  т. б. ертеңгіліктер бала еңбегімен ұштасып, әр педагогтың ізденімпаз әрекеті ғана болашақ табиғат жанашырын тәрбиелей алады дей келіп, тәрбие жұмысын жүргізудің мынадай екі нысанасына назар аударамыз:

А.  Баланың айналадағы табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, ұғымын кеңейту, оның әсемдігін нәзік сезінуге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қамқорлыққа алуға баулу.

Ә. Балабақшада табиғат жайында алғашқы ұғымды қалыптастыру отырып, қарапайым білім беріп, осының негізінде тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде нақты және жалпылама таным-түйсік қалыптастыру. Табиғат туралы бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтіп, осы түйсіктер арқылы бүлдіршіндерге табиғат сырларын ұғындыру жөніндегі экологиялық тәрбиенің ересектер тобына арналған жоба-бағдарламасын ұсынып отырмыз:

Бұл топтағы балаларда ортаны танудың физиологиялық механизмдері өзінің жоғары даму деңгейіне жетеді. Іштей ойлау, ой түю пайда болады. Баладағы ой-сана мен жүйкенің қозғалуы мен тежелуі ширығып, күшейеді, тепе-теңдік сипатталады. Абстракті ойлау біршама дамиды, айналадағы орта туралы талдау, ой түю әжептәуір жетіледі, табиғат туралы кәдімгідей түйсік таным қалыптасады. Ол енді табиғаттың өзіне тән кейбір құбылыстары мен қасиеттері жайында білетін болады. Ойын мен еңбек әрекеті ұштаса жүреді. Табиғат құбылыстарының кейбір заңдылықтары, бұл құбылыстардың мерзімді қайталануымен таныстырылады, осының негізінде табиғат құбылыстарын реалистік тұрғыдан ұғынуы, білуге құлшынысы, байқап-көре білуі, логикалық ойлауы, табиғатқа эстетикалық  қарау сезімі қалыптаса береді.

Өсімдіктер туралы ұғымдары кеңейтіліп, оның ішінде күнбағысқа  т.б. өсімдіктерге тоқтала, оның күнге қарап өсуіне байланысты аталатын және дәнінен май сығып алып, күнделікті өмірде пайдаланатындығын айтып әңгімелеу, олардың сондай-ақ өсуі үшін белгілі бір жағдайлар – топырақ, ылғал, күннің нұры, жылуы керек екені түсіндіріледі. Кейбір жануарлардың өсіп дамуы жөнінде балалардың білімі толықтырылады, құстар жұмыртқалайды, балапан басып шығарады, оларды азықтандырып асырады және түйе ботасын, сиыр бұзауын, ит күшігін, мысық баласын өз сүтімен асырайтындығы түсіндіріледі. Балалардың жабайы хайуандар / қасқыр, аю, түлкі, қоян, кірпі / олардың тіршілігі, қорек табу әрекеті жөніндегі ұғымдары кеңейтіледі.

Балалардың өлі табиғаттағы, өсімдіктердің құстар мен аңдардың тіршілігіндегі күзді өзгерістері туралы нақты түсініктерін кеңейту, балаларға бұрыннан таныс кейбір құбылыстар мен ауа райының жағдайы және өсімдіктер мен жануарлар тіршілігі арасындағы байланыстың реттілігін анықтап «күз» ұғымының мәнісін айқындап, қорытындылауға бағыттау. Балалардың жансыз табиғаттағы, құстардың хайуандардың өмірінде бірте-бірте болатын өзгерістер: жапырақтардың түсуі, құстардың жылы жаққа ұшып кетуі жайындағы ұғымдарын бекіту. Күзде балабақша егістігіндегі көкеніс жинау, қазып алу, ауланы тазарту /жапырақтарды жинап бір жерге үю/  т.б. жұмыстарға көмектесіп, пайдалы еңбекке араластырылады, әңгімелесулерде күз туралы түсініктері нақтылана толықтырылып бекітіледі, диафильмдер көрсетіледі.

Балалардың қысқы ауа-райының сипатты белгілері ағаштардың, ормандағы құстар мен аңдардың тірлігі туралы білімдерін кеңейту және қорытындылау мақсаты көзделеді. Еңбек дағдаларын қалыптастыру, жанды нәрселерге ұқыптылықпен қарау сезімін тәрбиелеуді жалғастыра беру. Қар жауып тұрған кезде балаларға қара қоңыр қағаз қиындысын беріп, оған қар ұшқынын тосып алып, оны анықтап қарап, соңынан суретін салуды ұсыну, бала қиялын ұштау. Қыс туралы ұғымын толықтыра отырып, күнделікті байқау, кештің ерте түсуі, ай мен жұлдыздардың шығуы, ауа-райы құбылыстарына (қардың жаууы, аяз, боранның болуы) назар аудару. Қыс қызығын тамалап, жүздері суықтан бал-бұл жанған балалардың ақ қар, жылтыраған көк мұзда шана, шаңғымен сырғанақ ойнап жатқан суреттері бейнеленген картиналар арқылы «Қыс қызығы», «Ортақ шана» атты қимылды ойындарын ойнату. Адамдардың еңбегімен көшені, жолды тазарту, қарды күреуге жәрдемдесулері. Қыс туралы картиналар, бақылаулар бойынша әңгімелесу, қыс қызығын тамалаумен қатар, қысқы табиғатты қорғай білуіне назар аудару.

Табиғаттың көктемгі құбылыстары, олардың себептері туралы, көктемдегі адамдардың еңбегі жайында балалардың білімдерін толықтыру қажет болады. Көктем ұғымын қалыптастыру. Өлі табиғаттағы өзгерістерді күннің ұзаруын, сеңнің жүруін өсімдіктер дүниесіндегі ағаштар мен бұталардың бүр жаруын, алғашқы жапырақтың шығуын, көктемгі гүлдердің гүлденуін байқау. Жәндіктердің іс-қимылдарын бақылату арқылы балалардың түсініктерін толықтыру. Құстардың ұшып келуін, ұя салып, балапандарына жем беруін бақылай отырып, қарлығаштың ұясы туралы әңгімелеп беру, құстардың пайдасы, оларды қорғау, қамқорлыққа алу жөнінде әнгімелесу. Қарлығаштардың суреті салынған көрнекі құралдарды пайданалана отырып әңгімелеу. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты мульфильмді пайдалану. Көктемнің алғашқы гүлі бәйшешекке тоқталу, тақпақ жаттату, бейнелеу жұмысы бойынша суретін салғызу.

Жаз мезгіліндегі күннің жарығы мен жылудың әсерінен өсімдіктердің өсіп жетілуі жөніндегі бала ұғымы кеңейіп, жинақталады. Адамдардың гүлзарлардағы, егістіктердегі еңбегімен таныстырады, табиғатқа құмарлық, сүйіспеншілік, ұқыпты қарау сезімін тәрбиелейді. Балалар арам шөптерді отап, гүлдердің тұқымын жинауды үйренуі тиіс. Тәрбиеші күнделікті серуен кезінде аспанға назар аударады (бұлтты, бұлтсыз сөздерінің мағынасын түсіндіру). Жаңбырдың жаууы кезінде тәрбиеші балаларға оның бұлттан жауатындығын түсіндіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *