«Тіл кемістігі бар балалардың тілін түзетуде логоритмиканың пайдасы»


 Акимжанова Гульшат Сулейменовна
 Қарағанды қаласы, «Алданыш» бөбекжай КМҚК логопеды 

Қазіргі кезде түрлі дәрежедегі тіл кемістіктерінің көбеюі – шешімі табылмай келе жатқан өзекті мәселеге айналып отыр. Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан, бұл жағдайда тіл кемістіктері бар балаларда көптеген қиындықтар туындайды. Әр жастағы балаларда сөйлеу тілінің әр түрлі бұзылыстары кездеседі. Олардың ішінде ең көп таралған түрі – дыбыс айту кемшіліктері. Мұндай кемшіліктер өз бетінше кемістік ретінде де, сөйлеу тілінің басқа, күрделі бұзылыстарының құрамында болуы да мүмкін. Бірақ дыбыс айту кемшілігінің ең қарапайым түрін де «кемістік емес, кейін түзеліп кетеді» – деп жайбарақаттықпен қарауға болмайды. Олар балалардың өсуіне кері әсерін тигізіп, өз тілін меңгерудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Сөйлеу тілінің  дұрыс дамымауы – есту қабілеті мен зияты әдеттегідей дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері болып табылады. Дыбыстарды айтуының бұзылуы, фонематикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшіліктің түрі.

Осындай кемшіліктерді түзетуде логоритмиканың көмегі мол. Логоритмика дегеніміз – қимыл әрекеттерге арналған жаттығулардың жүйесі. Әр түрлі қимылдар арқылы арнайы материалдарды қайталаумен беріледі.

Логоритмиканың жалпы міндеттері:

1.     Сауықтыру;

2.     Оқыту;

3.     Тәрбиелік;

4.     Коррекциялық.

Логоритмиканы топпен немесе жарты топпен жүргізуге болады. Өзімнің түзету жұмысымда логоритмика элементтерін жүйелі түрде кірістіре отырып, сөздің, әуеннің және қимылдық синтезі балаларды белсенділігін, өзіне деген сенімділігін арттыруға тәрбиелеуде көп көмегін тигізетінін байқадым. Логоритмиканың әртүрлі тәсілдерін алмастыра ұйымшылдықты талап етеді. Барлық осы айтылғандар баланың ойлау қабілетін жетілдіреді.

Сөзді, әуенді және қимылды біріктіру нәтижесінде балалар оқу іс-әрекетінде өздерін еркін ұстай білуге, үйренеді. Олардың ритмикалық қабілеттері жақсарады. Балалар өз қимылын басқара білуге үйреніп, жинақты және мұқият бола түседі. Логоритмикалық жаттығуларды жасату арқылы бала дауысын, тыныс алуын, еске сақтау, байқау қабілеттерін жақсартуға болады.

Логоритмиканың элементтері бар музыкалық түзету жұмыстары өз жемісін бере бастады. Балалар ол логопед маманымен кездесуді асыға күтетін болды. Тілдік жаттығулары бар ойындарға белсене қатыса бастады. Мен сөздік жаттығуларды, өлеңдерді балалардың қол, аяқтарының, денесінің қозғалысын әуен ырғағына сәйкестендіріп таңдаймын.

Әуелі балаларға көрсету бойынша әрекет жасаймын, сосын қажетті ырғақпен, сол ырғақта айта немесе әндете отырып, өз беттерімен орындайды. Тіл кемістігі күрделі балалар мен логоритмиканы жүргізуде:
балалардың қимыл – қозғалысын қалыптастырады, сымбатын, жүрісін, қозғалысын түзейді, ептілікке, шапшаңдыққа, төзімділікке үйренеді.
Тыныс алуда, моторикалық функцияларды, есте сақтау, есту, көру ынтасын, бет мимикасын дамытады.

Логоритмика саусақ ойындары, көзге арналған жаттығулар, әуен арқылы әр түрлі бағытқа жүру, жүгіру, өлең сөздерімен қимыл – әрекет көрсету, мимикалық жаттығулар, сөйлеу тілді ойындар кіріктіріледі. Музыкалы ритмиканың негізгі қағидасы қимыл-қозғалыстың музыкамен байланыстылығында. Музыканы таңдауға үлкен көңіл бөлінеді,балаларды музыка түрін, қарқынын, музыкалық фразалардың қарама-қайшылығын ажыратуға, музыка әуеніне қарай қимыл-қозғалысын өзгертуге үйрету. Осы жұмыстардың нәтижесінде музыка түрін, қарқынын басшылыққа ала отырып, қимылды өз бетімен орындауға дағдыландыру болып табылады.

Мысалы:

«Алақай»

Алақай-алақай,

Кел билеші балақай

Қол бұлғап, ән салып

Ойын ойнайық.

Соқшы кәне алақанды,

Би билеші балақан

Тік тұрып қол бұлғап

Қайта тұрайық.

 

«Кәне қайталашы»

Кәне қайталаймыз ,

А-а-а

Және қалыспаймыз,

А-а-а

Мұқият тыңдасандар

Сонда  ұмытпайсыңдар

Шаршамай қайталаңдар

А-а-а

Және қайталаймыз

А-а-а

 

«Аяқпенен топ-топ»

Аяқпенен топ-топ

Ал қолымен хлоп-хлоп

Бір оңға, бір солға

Айналайық кел мында.

Қолымызды бір сілтеп

Басымызды шайқайық

Бір оңға, бір солға

Ойнайықшы кел мында.

Секіреміз жоғары,

Қиын емес секіру

Бір оңға, бір солға

Секірейік кел мында. (2 рет)

Логоритмикалық сабақтарда балалар әнді тыңдау арқылы ырғақты сезінуге, кеудемен терең тыныс алуға үйренеді. Еркін тыныс ырғаққа, әуенге сай қимыл-қозғалыстар жасауға негізгі себеп болатыны сөзсіз. Әннің әуенін бірнеше рет музыкалық аспаппен ойнап, тыңдата отырып, әуенін айтып музыканың биіктігін, жоғары-төмендігін, әсемдігін сезінеді. Бірте-бірте әнді музыкалық аспаппен сүйемелдей отырып, бала сөзді, ырғақты, әуенді меңгеріп, кеудемен терең, толық демала отырып, музыкаға аясында сөздерін анық айтуға және ырғаққа сай, еркін қимыл-қозғалыстар жасауға үйренеді. Ең бастысы, күнделікті қарым-қатынас кезіндегі сөйлеу қорқынышынан арылады. Өздеріне деген сенім мен еркіндік пайда болады.

Мен логопедиялық сабақта осы тәсілді қолдану барысында балалардың түрлі тіл кемшіліктерін түзетуде тигізетін оң әсерін жиі байқаймын. Бірақ логопедтің барлығы музыкалық аспапты меңгеретін музыкант болуы шарт емес, ол үшін ұжымдағы музыка жетекшісі көмекке келеді. Сондықтан, логоритмиканы пайдалану – жалпы түрлі тіл кемістіктері бар балалармен жұмыс жасауда әрбір логопед маманның тәжірибелік топтамасында маңызды орын алары сөзсіз деп ойлаймын. Баланың келешегі біздің қолымызда. Ертең ол қандай азамат болып өсетінін бізге байланысты, сондықтан қолымыздан келетін көмегімізді берейік.

 

Әдебиеттер

1.                     Волкова, Г.А. Логопедическая ритмика [Текст] / Г.А. Волкова. – М. : Изд-во Владос. – 2002.-272.с.

2.                     Коновалова, Л.С. Логоритмика как эффективный метод преодоления речевых нарушений: [Электронный ресурс] /Л.С. Набиева // festival.1september.ru

3.                     Музыкальное воспитание детей с проблемами в развитии и коррекционная ритмика: Учеб. пособие для сту. сред. пед. учеб. заведений [Текст] / Е.А.Медведева, Л.Н. Комиссарова, Г.Р.Шашкина, О.Л. Сергеева; Под ред. Е.А. Медведевой. – М.: Издательский центр «Академия», 2002.-224с.