Менің әуестігім – балабақша


Қабенова Батиха Аспаровна

Екібастұз қаласының №18 “Гномик” бөбектер бақшасының қазақ тілі пәнінің оқытушысы

       Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттерінің біріне айналды.

Қай халықта, қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Балабақшада жүрген әрбір бүлдіршін – еліміздің ертеңгі болашағы, тәуелсіз еліміздің саналы ұрпағы.

Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, бұл кісінің айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені, елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі керек. Қазіргі таңда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі. Біз бүгінгі тақырыбымызда

Павлодар облысы, Екібастұз қаласы әкімдігі білім бөлімінің дене шынықтыру – сауықтыру үлгісіндегі № 18 «Гномик» бөбектер бақшасы жайында ой қозғамақпын.

Ауласы жасыл желекке оранған. Ғимараттың іші таза. Ең бастысы, балалардың періштедей жарқын жүзін көргенде болашағымыздың тірегі осылар екен деп, іштей қуанасың. Баланың жасына сай сабақтар, сонымен қатар қосымша ағылшын, орыс тілі, қазақ тілі секілді пәндерді оқытамыз. Ән-күй, дене тәрбиесімен айналасатын бөлмелерден басқа, би өнеріне баулитын үлкен айналы бөлме мен әуіт бөлмелері жұмыс істеп тұр. Онда балалар ыстық саунада денелерін қыздырып, күзгі және қысқы мезгілдерде таза ауада салқын сумен шайынады. Балаларымыздың тәртібі жақсы, алғыр да зерек. Балабақшамызда толықтай жағдай жасалып отыр.

Ата-ана үшін бала өмір жалғасы, көздің нұры, үміт күткен шырағы, келешек қызық көрсетер болашағы десек, тәрбиеші үшін еңбегінің нәрлі жемісі болып табылады. Барлық мектепке дейінгі мекемелер сияқты біздің ұйымда да әртүрлі үйірмелер жұмыс жүргізілуде. Ырғақ өнерінен қолдың, аяқтың қалыпты жағдайларына арналған жаттығулары орындалып, би түрлері үйретілуде. Балабақшада балалармен ұйымдастырылған оркестр осындай игі істердің дәлелі болып отыр. Нәтижесінде ауданда «Сәулетай», облыста «Бүлдіршін» атты өтілетін байқауларда балабақша бүлдіршіндері көпшіліктің ризашылығына бөленіп, бірнеше дүркін жүлделі орындарға ие болуда.

Балалар –  біздің болашағымыз. Сондықтан балаларды ерекше күтіп, тәрбиелеу қажет. Мен өзім қазақ тілі маманы болғандықтан, әсіресе балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруіміз қажет. Және баланың үйде отырмай, балабақшаға барғаны жөн. Себебі, бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез араласады. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейміз. Ата-бабаларымыз айтқандай, баланың тәрбиесі бесіктен басталады, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Ата-аналар таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарамауға болмайды. Балалар аман, қуанып жүрсе, бізге одан артық бақыт жоқ. Оларды бір күн көрмесем, сағынып қаламын.

Балабақшамыздың ауласы сәбилердің сыңғырлаған күлкісі мен шаттығына толы болып, алдағы алар белестері биік, тамыры терең болсын!