Әнді домбырамен мәнерлеп айту


Адилгереева Адеми Хайруллиновна
преподаватель пения с домброй (терме) ГККП Детская музыкальная школа №2 г.Уральска

Жоспар:

 

І. Ұйымдастыру

ІІ. Дауыс жаттықтыру

ІІІ. Үй тапсырмасын сұрау

ІV. Жаңа сабақ түсіндіру

V. Жаңа сабақты қорыту

VІ. Оқушыны бағалау

VІІ. Үйге тапсырма беру

VІІІ. Қорытынды

Сабақтың тақырыбы: «Әнді домбырамен мәнерлеп айту»

Сабақтың мақсаты: Қолына домбыра ұстаған әр қазақ баласынан көркемдік рухының көк жиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін ұштап, оны жыраулық, термешілік, әншілік өнерге жетелеу

Сабақтың әдіс-тәсілі: Түсіндіру. Аспаппен қосылып айту. Сұрақ – жауап

Білімділігі: Домбырамен ән айту үлкен рухани, адамгершілік мектебі, баға жетпес өмір оқулығы.

Дамытушылығы: Ұлттық дәстүрмен салт-сана тағылымын оқушының бойына дарытып, оның жан дүниесін оятуға, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасымен ән шырқаған кезде атқаратын рөлі мол екенін жеткізу

Домбыра үйрету тәсілі: Құйма құлақ арқылы үйрету, яғни көзбен көру, құлақпен есту әдісі арқылы

1.     Ұйымдастыру:

Оқушымен амандасып, құралдарын түгендеу, домбыраның құлақ күйін келтіру

2.     Дауыс жаттығулары:

1.     А-а-а-а (созу арқылы, яғни лига арқылы айту)

2.     Жоғары дыбысқа шыққанда ВА-ВЭ-ВИ-ВО-ВУ

3.     Төмен дыбысқа түскенде МА-МЭ-МИ-МО-МУ(барлығын тоқтамай бір деммен айту)

(Оқушының дауысын күйге келтіру мақсатында, домбырада ойналған жаттығуларды таза нақты айтуға үйрету)

3.     Үй тапсырмасын тексеру:

1.     Терменің авторы Құмар Әбуғалиұлы жайында қысқаша мәлімет айту.

2.     Құмар Әбуғалиұлының «Құмар термесін» үйден өз дәрежесінде аспаппен қосып орындап келу.

3.     Жаңылтпаш айту

 

4.     Жаңа сабақты түсіндіру:

 

**Жаңа сабақтың тақырыбын ашу.

Әнді домбырамен мәнерлеп айту үшін ең алдымен сол әннің немесе терменің сөзін жаттап, мәтіннің мағынасын түсіну крек. Терменің немесе әннің әуенін домбырада ойналуын жетік меңгеріп, қағыстарын нақты ойнау қажет. Әнді орындағанда сөзін анық халыққа жеткізе білу де үлкен еңбекті талап етеді. Алдыңғы сабақта да айтып өттім. Ол үшін жаңылтпаштарды көбірек жаттап айтып жүру керек. Мысалы жаңағы сенің айтқаның С мен Ш әріпін шатастырмау үшін берілген жаңылтпаш болатын. Мысалы: Л мен Р әрпіне де арналған жаңылтпашты да айтуға болады.

 

Толағайдың торы ала аты бар,

Толағай торы ала атыңды тағалатып ал.

 

Осы жаңылтпашты қоса жаттап ал.

 

**Композитор жайында мәлімет беру

Бүгін біз Махамбет Өтемісұлының сөзіне жазылған, Сағымқожа Ахметұлының «Бозторғай» атты термесін үйреніп бастаймыз.

 

 

Сағымқожа Ахметұлы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Сабынкөл ауылында дүниеге келген. Өзі жыршы, термеші, ұзын бойлы, денелі, көзі көк, мойыны ұзын келген кісі болған екен. Ән салғанда тамыры білеуленіп шығып кетеді екен. Дауысы зор болған. Туған жылы белгісіз, қайтыс болған жылы 1947-48 ші жылдардың шамасы деседі. Өз жанынан ән шығарған.

 

**Терменің мәтіні

Бозторғай

Сөзі: М. Өтемісұлынікі

Әні: Сағымқожа Ахметұлынікі

1.      Аспанда ұшқан бозторғай

Бозаңда болар ұясы

Бозаңның түбін су алса

Қайғы да болар анасы

Қара лашын, ақ тұйғын

Қайыңды болар ұясы.

Тоқсан тарау су ақса

Дария болар сағасы.

 

 

2.     Сан шерулі қол болса

Батырлар болар ағасы

Аз сөйлер де көп тыңдар

Қас асылдың баласы

Қалы кілем қара нар

Жарасады қатарға

Аруана жисаң жарасар

Ұлы бір күнгі сапарға

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да менде жоқ

Арызымды айтарға

 

**Терменің мәтінін түсіндіру

Бұл терме батырлардың ерлігі, аспанда ұшқан құстардың бейнесі бейнеленіп, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беретін асыл-нақыл сөздер айтылған.

 

**Терменің әуеніне тоқталу

Бұл терменің әуені созылмалы, сазды. Әуені бір-біріне жалғасып, жанданып, көркемдігі арта түседі. Әуен басынан аяғына дейін  созылып, бір-бірімен байланысып айтылады да, соңғы жолының екінші рет қайталануына келгенде әннің әуені өзгеріп, жылдамырақ айтылады. Одан әрі әннің жеңіл де ойнақы, әрі сазды бөлігі басталып, ай-и-ии, ай-и-ии, ай-и-ии, и-и, а-а-аи деп келіп бітіреді. Терме өте салмақты, созылып, сөзін анық айтуға мүмкіндігі мол, үлкен тебіреніспен орындалады.

 

**Терменің қағыстарына тоқталу

Бұл термеде күрделі сүйретпе қағыс басынан аяғына дейін жүреді.

 

**Мұғалім өзі толық дауыста домбырамен терменің бірінші шумағын ғана орындап береді.

** Оқушыға терме үйрету

 

5.     Жаңа сабақты қорыту:

1.     Бүгінгі жаңа бастап үйренген «Бозторғай» термесінің әні мен сөзін кім жазды?

2.     Сағымқожа Ахметұлы қандай адам болған?

3.     Бұл термеде қандай қағыстар кездеседі?

4.     Жаңылтпаш бізге не үшін керек?

 

Оқушыны бағалау:

 

Үй тапсырмасы:

1.     Махамбет Өтемісұлының сөзіне жазылған, Сағымқожа Ахметұлының «Бозторғай»  атты термесінің сөзін нақтылап жаттау

2.     Жаңылтпаштың екеуінде бір деммен 3 рет айтқанша жатқа айтып, қайталау.

3.     Терменің аспаптағы әуенін жаттап, берілген жерге дейін ойнап келу.

4.     Айтылған ескертулерге қорытынды шығарып келу.

 

5.     Қорытынды:

 

Үйге тапсырма түсінікті ме? Сабағымыз аяқталды, сау бол!