«АРҚАНЫҢ АҚИЫҒЫ – АҚАН СЕРІ» АҚАН СЕРІ ЕСКЕРТКІШІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА АРНАЛҒАН СЦЕНАРИЙ


Аменова Галия Бахитовна

Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі» МКҚК демалыстану пәндерінің оқытушысы

 ( Домбырашылар көңілді күймен қонақтарды қарсы алады)

1 жүргізуші:Ассалаумағалейкум, Сарыарқа төріндегі Көкше жұрты!

Әуелден жомарт еліміз

Асылын жырдың теріңіз

Білгіңіз келсе қазақты

Ән күйін тыңдап көріңіз

2 жүргізуші: Алтын қазына ел іші

Алаштың асқақ жеңісі

Қазақтың мәңгі жасасын

Ақындары мен серісі

Армысыздар, құрметті қонақтар мен өнер сүйер қауым!

Алты Алаштан «сері» деген ат алған озық ақын, саңлақ сазгер, дүлдүл әнші, майталман орындаушы Ақан сері Қорамсаұлыескерткішінің ашылу салтанатына  қош келдіңіздер.

1 жүргізуші: «Ұлы адамдар өз ескерткіштерінің тұғырын өзі орнатады,  мүсінін болашақ соғады» деген екен белгілі қаламгер  Виктор Гюго. Кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін әсерлі ән мен мағыналы сөз қалдырған біртуар таланттың  мәртебесін асқақтатып, мүсінін соғу – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында қолға алынып отырған игі істердің бірі.Олай болса, бүгін сал-серілеріміздің елінде, киелі шаңырағымыздың төрінде, бабамыздың құрметіне қойылған ескерткіштің  салтанатты түрде ашылуына Көкше жұрты болып куә болғалы отырмыз.

2 жүргізуші:Өнері өрісті колледж қабырғасында Ақан сері бабамыздың өнері мен өмірі ұдайы насихатталып отырады. Ән ұшқан, өлең қонған өлкенің өрендері үшін бұл өміршең парыз. Ендеше, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері дайындаған қойылымды сіздерге ұсынамыз. (театрализация)

1 жүргізуші:Бабаларымыз аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі күні ұрпақтар қол жеткізіп, тәуелсіздік арқасында, елбасының көреген саясатымен, нық сеніммен алға басып келеді.(фанфар)

2 жүргізуші: Ақан сері Қорамсаұлы ескерткішін салтанатты түрде ашу құрметі Ақмола облысының әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалинге жәнеде Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Жүнісов Талғат Тұрлыбекұлына ұсынылады.  (барабандар ойнатылады)  (шашу?)

(Ескерткіштің ашылуы)  (барабандар дыбысы)

1 жүргізуші:Арқаның ардагері атанған Ақан сері асыл өнерімен де, сән-салтанатымен де көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Ол – ақынның айтқыры, әншінің саздысы, сазгердің наздысы, серінің серісі. Кешегі сал-серілердің ізін жалғап келе жатқан, Ақан сері мен Біржан сал әндерін орындап, бабалар аманатын арқалап жүрген Әлбосын Таңнұрды өзінің арнауымен ортаға шақырамыз!

Арнау

2 жүргізуші:Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі.

1 жүргізуші:Құттықтау сөз Ақмола облысының әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалинге беріледі. (сөз)

2 жүргізуші:Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз. Біз мәңгіліктің қосын жегіп келе жатқан өнер керуеніміз. Келесі құттықтау сөз кезегі: Ақмола облысы  білім басқармасының басшысы Талғат Тұрлыбекұлы Жүнісовке ұсынылады.

Құттықтау сөздер. (Қонақ, ардагер)

Үлгісіз сөз болмайды

Батасыз ел болмайды

Сөз ұғарлық ер болса

Айтылмас шын сөз болмайды

Қарты бар үйдің қазынасы бар демекші кезекті құттықтау сөзді ардагер ақсақалымыз (апамыз) ( Сейфат Серікбай қызына)  ұсынамыз.

 

1 жүргізуші:Келесі сөз осындай игі істің орындалуына себепші болған, Ақан сері бабамыздың аты берілген,  жоғары мәдениет колледжінің директоры, ҚР мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісінің иегері Ыдырысова Құралай Ғазизқызына беріледі.

2 жүргізуші:Күй шыққан  домбыраның шанағынан,

Бұлбұлдай ұшып шықты жаңа бір ән.

Ардағы Алты Алаштың Ақан сері,Әуенді әуелеткен дара қыран,-демекші,Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай бабаларымыздың ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырған ән өнерін жалғастырып келе жатқан ізбасарларын қарсы алыңыздар!

Хасен Әмина (Дәстүрлі ән)

1 жүргізуші:Алаштың ән аспанында өлмес, өшпес, айшықты ізі қалған Ақан серінің есімі өнерді құлай сүйген халқы үшін қашанда қасиетті.

2 жүргізуші:Ақан сері Қорамсаұлының ақындық-әншілік мұрасы – біліктілік пен білімнен, сыршылдық пен сыншылдықтан, әдептілік пен әдемілікке құмартудан, көрегендік пен көсемдіктен, қуатты шабыт пен құдіретті қиялдан өріліп туған дүниелер.

1 жүргізуші:Қазақтың жаны бар кезде, қазақтың әні бар кезде Ақандай тұлғалар ұмтылмайды, асқақ рухы халқымен бірге мәңгі жасайды.

2 жүргізуші:Ақан сері  мұрасын насихаттау – ұрпақ борышы. Олай болса ортақ борышымызды сіз бен біз болып, абыроймен атқарайық.

Колледж гимні.

1 жүргізуші: Осымен Ақан сері Қорамсаұлы ескерткішінің ашылу салтанаты өз мәресіне жетті.

2 жүргізуші:Келесі кездескенше аман, сау болыңыздар!

Метки: , ,