Естай Мырзахметовтың «Арайлым» романындағы басты кейіпкерлер бейнесі.


Жанузакова Айша Салимовна

Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі» МКҚК қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

««Арайлым» атымен қайтадан басылып отырған романымды өмірден арайлы нұрмен өткен асыл анам Рақыш пен аурухана төсегіне таңылып жатқан жылдарымда ауыр бейнетті қайыспай арқалап, өз сөзімен айтқанда «балапандай баптап» күткен жар қосағым Гүлжамиланың аяулы рухына арнаймын»,- дейді автор Естай Мырзахметұлы.

Қаламгердің өмірге деген құштарлығы, алға қойған мақсаты маған да, кімге де болсын жақсы әсер қалдырары сөзсіз.Ауруханада ауыр халде жатса да жазушының көңілін аулайтын сырлас серігі – кітап, газет және журналдар болған.Естай Мырзахметов ол жайында былай дейді: «Ойлай келсем, өзімді құтқарып алатында, бар сенерім де бір ғана еңбек. Ал менің қолымнан келер еңбек –жазу.Менің қайтсем де жазуым керек!».

«Арайлым» романының жазылу, шығу тарихына көз жүгіртсек, қызықты да, әсерлі деректері бар.Алғашында бұл роман «Он бес жыл өткен соң» деп аталғанымен,толықтырылып,өңделіп қайта басылған, бірақ оқырмандардың қалауы бойынша басты кейіпкер атына өзгерткен, яғни роман «Арайлым» атанған.

Жерлес жазушымыз, Көкше өңірінің мақтанышы Естай Мырзахметұлының «Арайлым» романы басты кейіпкері Болатбекті сипаттаудан басталады.

Жазушы былай деп суреттейді: Болатбек ат жақты,қоңырқай сұлу өңі отқа қызғандай күреңістік терлеп, тынышы кетіңкіреп-ақ отыр. Бағанадан бері оқиғаның енді ой таразысына тартқандай сыңаймен жүзін бұрып, терезеге қарады. Қалың қара қастары болар болмас түйіліп,ойлы қара көздері әнтек ырғая түсті. Жазушы оқырманды салған жерден Болатбектің кім екендігіне еріксіз назар аудартады. Бейжай тірліктің бейқам жағдайынан бөлекше сипатта көрінген Болатбектің мұндай қапалы уүйі тегіннен тегін емес болар деген ойда қаларсыз. Расында бейбіт өмірде де орын алатын мұндай жағдайлар аз емес қой. «Жаптым жала, жақтым күйе» деп елге танылған азаматтардың үстінен арыз жазу кешегі кеңістік кезеңіндегі жайсыз жағдай болғандығын жазушы жасырмайды. Қоғамдық жағдайлардағы мұндай қарым-қатынастар шығармадағы Николай, Уткин, Теміржан, Сүлікбай образдары арқылы айқын бейнеленеді. Осы бір жағымсыз кейіптегі образдардың Болатбектің ту сыртынан пышақ ұрып, өз істегендерін жөн санап, аярлыққа барулары кез келген қоғамда кешіріле бермейтін адамгершіліктен тыс әрекеттер болып табыларды. Жазушы Болатбектің айналасындағы кейбір кейіпкерлер арқылы адамның бойында жүре пайда болатын бақталастық, күңшілдік, көреалмаушылық секілді ит мінездері шенейді. Жазушы өзі жазғандай мұны «Хан сыптынан жұдырық» деп атайды. Кейіпкеріміз Болатбек ондайдың зардабын аз тартпаған.

Осыдан он бес жыл бұрын майдан даласында ерлікпен қаза таптыға санаған, әкесімен бірге еркін әңгімелесіп шешіле сөйлесіп отырғанын байғұс бала қайдан білсін. Жеткіншек баланы айтпағанда Болатбектің өзі де өмірдің мұндай тосын сыйынан мүлдем хабарсыз еді. Шындығында  романда мұндай әдемі киюластырған тосын оқиғалар оқырманды қызықтыра түсетіні сөзсіз. Көп жағдайда жазушы бүгінгі уақыттың шеңберімен сөйлей отырып, өз кейіпкерлерімен бірге өткен шаққа лирикалық шегіністер жасап отырады. Мұндай оқиғалардың негізгі арнасы шығарманың «Он бес жыл бұрын» деген тарауында баяндалады. Оқиға желісі оқырманды салған жерден ұрыс даласына алып келеді. Жаумен жаға жыртысып, ұрыс салып жатқан жауынгерлердің арасында, әрине, Болатбек те жүр. Майданда тамаша ерлік көрсеткен Болатбек Ленин орденімен марапатталады. Алайда айқаста ауыр жараланған ол ерлікпен қаза тапқандардың қатарына капияда ілініп кете береді. Міне, осы жағдай өзінің, Арайлымның баласы Болаттың ендігі тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрып әкетеді. Расында соғыс уақытынды мұндай жазмыштар аз болды ма? Оқиға нанымды, композициялық жүйесі тартымды ойларға жетелейді.

Арада ұзақ жылдар өткен шақта Болатбектің өзінің шынайы сүйген адамының табылғаны, онысымен қатар баласының, яғни Болаттың бар екендігі мәлім болған шақта, оның адами болмысындағы зор сілкіністі, ішкі қиналысты аңдамау мүмкін емес.

Романның соңында Арайлымнан, баласы Болаттан екінші рет тірідей айырылған Болатбектің шарасыз халін, бармақ тістеген өкінішін, әрекетсіз жағдайын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Романның тағы бір басты кейіпкері – Арайлым.Кішкентай кезінен ата-анасынан айрылып, туысқандарында тәрбиеленіп, қаншама қиындықты басынан кешіріп бәріне шыдап шыққан басты кейіпкердің бұл өмірі  қатты әсер етті.

Арайлымдай ақылды да аяулы жанға өмірлік жар болуға лайықты Болатбектің жеке тағдырының қат-қабат қалтарыстарын жазушы өте шебер берген.

Романның сюжеттік оқиға желісі негізінен бір адамның басынан өткен өмір жолына, өнегелі ғұмыр сапарына байланысты. Нақтылап айтар болсақ, көркем шығарманың «Арайлым» атының өзі-ақ айғайлап тұрғандай. Талабы биік, талғамы зор жазушы қазақ қыздарына тән есімдердің ішінен Арайлымды таңдауы тегін емес болар. Арай сөзінің мағынасы – таң мезгіліндегі құдіретті күннің ғажайып сәулесі, көкжиектегі алтын шапағына бөленген шұғылалы дүниесі. Кейіпкеріміз Арайлым да дәл осындай ғажайып сиқырлы бір болмыстың жаратылысындай әсер етеді.Арайлымның адамдармен қатынасы, танына, сүйген жарына, баласына деген махаббаты құтты бір жылуын аямай беріп, шуағын шашқан күн секілді. Осы салмақты да салиқалы мінезінің арқасында өмірмен күресе білді. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрді. Арайлым өмірінің ащы тұстары әкесінен қаршадайынан айырылуы, анасы тірі бола тұра тас жетім атануы, жеңгесінен естіген айбатты сөздері, жеген таяғы, сүйген жарымен өмірінің соңына дейін бірге бола алмауы еді. Ал оның мына жарық дүниеге келгенінен бастап, әйел заты үшін ең басты бақыттың бірі болып саналатын, яғни бала сүюі, өмірінің ең бақытты тұстарының бірі десек қателеспеген болармыз. Сонымен қатар кейіпкеріміз өзі айтқандай «Отан үшін жан аямай күресудің өзі бір бақыт» екендігін өз замандастарына және бүгінгі біздерге мақтаныш сезіммен жеткізгендей.

Шығармада ұрыс даласының киян-кескі шайқастарын бейнелеп жеткізген картиналар мол. Басынан бақайшағына дейін қаруланған жаудың анталаған алапат күшіне төтеп беріп, жан қиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің ортасында жүрген Арайлым секілді қыздар аз ба еді?

Жаралы жауынгерлерге қол ұшын беріп, өз жандарын шүберекке түйген батыр қыздың жиынтық бейнесі ретінде көрінетін Арайлым өзінің отансүйгіштік қасиетімен дараланып көрінді.

Арайлымның адал махаббаты казіргі заман адамдарына таң қаларлықтай. Иә, рас, кім мына заманда тап Арайлым секілді өлдіге санаған асылын ұзақ жылдар күтер дейсің? Зор адамгершілікке шынайы махаббаттың талап еткеніндей Арайлым ,бір ғана жанды сүйді және оның орнын ешкімге де айырбастамады.

«Мен сенен ештеңе де сұрамаймын, өзіме қайтып орал деп те айтпаймын, менің сенен өтінер бір ғана тілегім – ұлымыз Болатқа әкесінің бар екенін, тірі екенін білдіріп, әке қамқорлығын сездірсең деймін». Міне, осы бір ғана тілегінен кейіпкеріміздің ақылдылығы, көрегендігіне көз жеткіземіз.

Зерделеп оқыған әрбір оқырманға терең ой тастайтын осындай құнды шығармалардың ғибраты тіптен бөлек. Бір ғана Арайлымның көркем образы арқылы біз жалпы қазақ қызына тән көркем мінез бен жақсы қасиетерді өз бойымызға сіңіре аламыз. Шығарманың тәрбиелік мәні осында. «Бүгінгі уақыт бой салыстыратын заман емес, ой салыстыратын заман» екедігін шынайы түсінген бүгінгі жас адамгершілік ізгі қасиеттерге, оқу мен білімге деген құштарлығын арттыра берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Метки: , ,