Тәрбиеші болу бір бақыт


Каирбек Гүлім Оразбекқызы 

№ 10 «Алтын бала» балабақшасының тәрбиешісі

Бала жүрегі-кішкентай күй сандық.

Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады.

Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек.

М.Шаханов.

 

Болашақта үлкен мамандық иесі болатынын армандамайтын бала жоқ. Сол кезде менің ойымда «Қоғамға, адамдарға пайдасын тигізетін мамандықты қалай таңдауға болады?» деген сұрақ болды. Мені  де мектеп түлегі ретінде осы сұрақ қатты мазалаған. Енді міне, мектепті бітіріп, жан-жаққа тарап, біреуіміз жоғарғы оқу орнына түсіп, енді біріміз колледжге оқуға түсуді арман еттік. Менің таңдаған мамандығым-тәрбиеші болу. Бұл мамандықтың ерекшілігі, қазіргі кезде Қазақстанның гүлденген, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған сәтінде дамыған елдермен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуде, бүлдіршіндерді бәсекеге қабілетті, қазақтың әдет-ғұрыптарын , салт-санасын бойларына дарытып, сауатты, білімді етіп шығару.

Мектепті-білімнің тірегі десек, ал тәрбиеші мен мұғалім-сол мектептің, балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында адам тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол- күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Сондықтан да тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Жаңа заманға  лайық жаңа білім, жаңа тәрбие беру-    өмірдің талабы.

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін білім және қажырлы еңбек керек.

Әл-Фараби ең бірінші білім емес тәрбие болу керек деген екен  ендеше тәрбиеші болу үшін де, ең алдымен өзі де тәрбиелі болу маңызды.

Тәрбиеші! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Өйткені, мен  елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелейтін болашақ маманмын. Келешекте жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін бойларына сіңіріп, құрметтеуге тәрбиелеу, тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз.

 

 

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықты игеру басты мақсатым. Қиындығы мен қызығы және жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолында үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну, жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтанда бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен.

Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.

Халқымызда «Жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білетін боламын.

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Мен болашақта бала-бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеп, қазақ елінің адамгершілігі мол, жан-жақты ізденімпаз шәкірт болып өсуіне өз үлесімді қосқым келеді. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама А.Құнанбаев.

Мұндай қағидалардың барлығын мен оқып-түйгенімнен басшылыққа алынуға тиіс екенімді ұмытпай, болашақта еңбегімді осы бағытта ұстауым қажет. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді еш уақытта ұмытпай, болашаққа сеніммен қарау. Мен мектепке дейінгі балаларға арнайтын уақыттарымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айтатын боламын. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері «Сәлеметсіздер ме, балалар?» деген сөзіме берген балалардың «Саламатсыз ба?» деген жауабы бір сергітіп, серпілдетіп тастайтын секілденеді. Сондықтанда, бұл сөз мен үшін қадірлі, мен үшін құдіретті сөз. Болашақта жұмысқа барған кезде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелейтін болады. Алдымда отыратын жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені  білуге құштар, шабытты, сұраулы жанарларынан байқайтын боламын. Олардың  менен күтетіндері өте көп…

– Бүгінгі күннің ойындары, оқу іс-әрекеттері қандай болмақ? Осы сұрақ мені қатты толғандырады.

Әр бір оқу іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуы еш жадымнан шығарған емеспін. Шынайы оқу іс-әрекеті- бұл бала мен тәрбиешінің арасындағы бірлескен ізденіс нәтижесі, тәрбиешінің шығармашылық жұмысының жемісі. Әрбір оқу іс-әрекеттері  жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай  болса, тәрбиеші  сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің  сиқыршысындай. Әр оқу іс-әрекетінің сәтті шығуы, әрине өзіме  байланысты. Жыл сайын балабақшадан мектепке шығарып салатын, бүлдіршіндерімді қимастықпен шығарып салып отырытын боламын. Қоғам үшін, ел болашағы үшін ұстаздық жолды таңдаған адамдарға терең теориялық біліммен қатар, оған ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет.

Менің негізгі  мақсатым-балаларға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, саналы  тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді әр оқу іс-әрекеті үстінде балаларға бағыт беруші,  жол сілтеуші рөліне қоятын боламын. Бұл  балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс-әрекеттерін деген тұрақты зейін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады. Сөзімді қорыта келе, бүгінгі тәрбиеші-өз мамандығын сүйетін, патриот, өз ісінің шебері, ізденімпаз, жаңашыл, терең болуы тиіс. Жас маман ретінде ізденгіш, өз пікірін айта алатын, адамгершілігі мол, білімді, өз елін сүйетін, оң қолынан өнері тамған өнерлі болуы керек. Шынымен де, ұстаздық жол- қызығы мен қиындығы қатар жүретін өте қасиетті жол. Осынау қасиетті жолмен білім әлемінің тылсымына бойлай отырып, бала жүрегінен жол табу тәрбиеші үшін үлкен бақыт. Бала жүрегінен орын алу мен үшін үлкен бақыт. Олар өзгенің балалары болса да, өз балаларымнан  да артық көретін боламын. Бала  тәрбиесінің жолында талмай қызмет жасайтын боламын.  Қызмет етуді азаматтық, ұстаздық  борышым деп санаймын.