Тәрбие сағаты. Сыр сұхбат


Итжанова Назгуль Алпановна
Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп интернаты
Тәрбиеші

Сыр сұхбат

Мақсаты:

а) Ардагерлер жолын оқушыларға үлгі ету. Олардың әңгімесінің мәнін ұғына білуді, үлкендерді сыйлауды, құрметтеуді, атаның батасын, ананың алғысын ала білуді үйрету.

ә) Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, сөйлеу тілдерін дамыту. Белгілі бір мамандыққа баулу. Өзін-өзі ұстау әдебіне қалыптастыру.

б) Ерен еңбегімен ел есінде қалған жерлестер есімін келешек ұрпаққа ұмыттырмау.

Армысыздар көрермендер, қымбатты оқушылар! Көңіл – күйлеріңіз қалай, жақсы ма? Балалар білесіздер ме ардагер сөзін кім қалай түсінеді? Ардагер – құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мәнді білдіретін этикалық ұғым. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагері деп жоғары бағалайды. Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Қазіргі кезде еңбек ардагері, соғыс ардагері деп атаймыз. Олай болса, бүгінгі біздің сыр сұхбат кешімізге Ұлы Отан соғысының ардагері Итжанов Алпан атамыз келіп отыр.  Сонымен қатар еңбек ардагері, мектебіміздің ұлағатты ұстазы Сухамберлин Ошақбай атамыз келіп отыр.

Кешті бастан, алапат күн сынағын,

Қан майданда жалау етті ұранын.

Ұлы жеңіс бақытына – 70 жыл,

Атамыздың ұлық тойы мына күн.

Фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО-ға шабуыл жасады.

Тарихта Ұлы Отан соғысындай қасіретті соғыс болған емес. Соғыста 27 миллион кеңес адамы қаза тапты. Соның ішінде 41 мыңы қазақстандықтар болатын.

Фашистік Германия Кеңес Одағының астанасы- Мәскеуді бірнеше апта ішінде басып аламыз деп жоспарлады. Бірақ Мәскеу түбіндегі шайқаста Қызыл армия ентелеп келе жатқан фашист басқыншыларын тоқтатып өздері қарсы шабуылға шықты.  Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі зор болатын.

Қош келдіңіз, Сіздің көңіл-күйіңіз жақсы ма? Балалармен кездесуге дайынсыз ба? Ендеше бастамас бұрын өзіңіз туралы жазылған экрандағы анықтамаға назар аударалық! (слайд-презентация)

Құрметті ардагер ата, Сізге балалар тапсырмалар мен сұрақтар қояды, соны орындаймын деген уәдеңіз керек? Уәде бересіз бе? Ал, ендеше басталық! Сұрақ балалардан, алғашқы оқушының сұрағы тыңдайық.

Оқушылар кеш қонағына сұрақтар қойды.

Ақсақалдың соғыста ерлік жолдары өзінің қарулас жолдасы Иван Анисимович Редоктың «Огнем и словом» атты естелік кітабында жақсы егжей-текжей баяндалған.

Соғысты 23 жасында аяқтаған Алпан аға, одан кейінгі алпыс тоғыз жыл бойы Жеңіс мерекесін аса бір шабытпен өткізіп келеді. Осы қалпынан жаңылмай алдағы Жеңіс күндерін көргісі келеді. Алла денсаулық бергей! «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» (Қасым) десекте, адамзат тарихындағы бұндай жойқын соғысты ешкім де ұмыта алмас. 1942 жылдың 13 сәуірінде шақыру қағазын алған Алпан ағаның соғыс жолдары Сталинград бағытында ұрыс жүргізіп жатқан 72-ші гвардиялық атқыштар полкінің барлаушылар тобында басталады. Майданның алдыңгы шебінде полк барлаушысы дәрежесінде жүріп Сталинградты, Оңтүстік Украинаны, Белорусияны, Қырымды, Литва аумағын, Шығыс Пруссияның өңірлерін, оның ішінде немістер «корольдік тау» деп атайтын атақты Кенингсберг қаласын басқыншылардан босатуға қатысады. Күндіз-түні жорық. Бел шешіп дем алатын жер таңдап жатпайсың. Алпан аға ерекше есте қалған әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрген екі арпалысты былайша еске алады: біреуі Қырымды, екіншісі Кенингсбергты азат ету еді.

1.Қырым. Немістер 1944- жылға дейін Қырымды бермей қойды. Наурыздың ортасынан сәірдің ортасына дейін біздің авиация мен артиллерия бірнеше рет жаудың алдыңғы шебіне оңдырмай соққы берді. Жарылған бомбалардан аспанға атылған жердің топырағынан маңай қап-қараңғы боп кетеді. Жер – Ана бұлқынып, жұлқынып ыңыранып жатқандай әсерде боласың. Бір шағын өзектің арғы бетіндегі немістердің тыл жағына өтіп алды да, ойламаған жерден «уралап»  немістер жатқан траншеяларға лап қойдық. Артымыздағы өкшелеп келе жатқан зеңбірекшілер мен артиллеристер үсті-үстіне немістердің негізгі бекінісіне снарядттарды қарша боратты. Ендігі мақсатымыз алдымызда жатқан Шатырлық өзенінен өтіп, Евпатторияға жол ашу.  Бұйрықты таңғы үшке дейін орындау керек. Өзеннің арғы бетінде тағы да немістер. Қатты бекінген. Күзет күшті. Уақыт тығыз. Арғы бетке өту үшін қолдан  жеткілікті етіп сал жасап және бар қару-жарағымызды артып, түнделетіп неміс бекінісінен 3 шақырымдай жердегі «Жаңа Қызылбай» поселкасының түбінен шықтық. Біздің отрядтан алға кеткен барлаушылар тобы бір топ немістің поселкаға қарай келе жатқанын  байқап қалып бізге жеткізді. Біз екіге бөлініп жолдың екі жағына  жатып немістердің ортадан өтуін тостық. Дәл ортаға келді-ау деген тұста көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, қоршап алып, қарусыздандырдық. Ұстағанымыз немістің жеті солдаты және 1 фельдребелі екен. Олар біздің десантниктер жатқан жағалаудағы немістердің түнгі күзетін айырбастауға келе жатқан болып шықты. Біз асығыс түрде 12-шақырымдық жерді марш-бросокпен жеделдете жүріп отырып, Воронцовка селосына кіріп ашық соғыстық. Немістердің арт жағынан сал жасап өзеннен өткен гвардия майоры Шепеловтың батальоны да атойлап ұрысқа араласып кетті. 2 сәуір таңғы бестің кезінде біздің барлық бөлімшелеріміз немістерді шегіндіре отырып, Евпатторияға жол ашты. Әрі қарай 4-ші Украин майданының әскерлерімен Қырымды, Севастопольге дейін түгел тазартып шықтық. Осы соғыста «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «За взятие Севастополя» медалімен наградталдым.

2. Кенингсберг (қазіргі Калининград қаласы). Кенингсбергты алу оңайға түскен жоқ. Немістер оны «Корольдік тау (королевская гора)» деп атайды екен. Біз соғысы отырып, барлаушылар арқылы шеткері бөлек тұрған үш этажды үйге орнасластық. Жертөлеге полктың бақылау пункты орналасты. Біздің гвардияның қатардағы жауынгері Иван Анисимович Редок (кейін «Огнем и словом» деген естелік кітап жазған) тынығып алуға жер төлеге кірген мезетте мина жарылып үйдің біраз бөлігі опырылып түседі. Абырой болғанда Редоктың жарасы жеңіл, Сенцов және Косарев деген екі жолдасын сынған бетон астынан босатып алады. Сенцовтың оң аяғы, Косаревтің екі аяғы езіліп кеткен екен. Біздің саперлардың жақсылап тексермегендігінен болған қателік еді. Ал Бельчиков басқарған бір батальон маңайды саперлармен сүзіп жүріп, жер астынан  шығып жатқан дыбыстарды естіп қалады. Жалма-жан гвардия жауынгерлері бункерге түсіп, жан-жаққа таралып жатқан жер асты тунельдеріне кездеседі. Жер асты толған әскери зауыттың цехтары, қатар-қатар жинап қойған пулеметтер екен. Қолма-қол немістер жағынан атыс басталды да кетті. Қара көлеңке жер астындағы соғыс алай-түлей, түтіннен көрінбейді. Біз жер асты жолының екінші жағынан мұндағы немістерді қуып шықтық. Жер астындағы үлкен зауытты, қоймаларды, жасырын баспаналарды, цехтарды көріп таң қалдық. Барлаушылардың мәліметтері бойынша Кенингсбергтің айналасы осылайша қоршалған және бекіністер орнатылған. 6-сәуір күні артиллериялық және авияциялық шабуыл басталды. 3-ші Белорус майданының 33-ші және 87-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Кенингсбергтің солтүстік жағынан жаудың қорғаныс шебін бұзып қалаға енді.  Одан әрі қаланың ішіне қарай кірерде екі тірек пунктін көрдік. Біреуі шіркеуге орналасқан. Оны 4-ші рота жансыздандырды. Екінші тірек пункті төрт этажды №14 мектепке орналасыпты. Оған екі топ болып кірдік. Бірінші топты Қабылов Төлен бастаған бес адам мектептің оң жағындағы 1-ші этажын, мен және Редок басқарған екінші топ жертөлені алуымыз керек. Бұл кезде мектепке орналасқан немістер қашып кетіп жатқан. Қабылов Төлен бастаған топ 2-ші, 3-ші, 4-ші этаждарды жаудан босатып, өзі мектептің шатырына ту ілді. Бұл оның бесінші туы еді. Ал біз, Редок екеуміз жертөлеге келсек, есік жабық. Жақтауынан сығаласақ оншақты неміс жанталасып, жиналып жатыр екен. Қарулары қолдарында. Тікелей кіре алмаймыз. Бізден таяу жерде біраз жауынгер көмекке келуге біздің дабылымызды күтіп жатыр. Немістер қол жүктерін жинап болып, ортадағы үстелге айнала жиналып, біреуі жағалай арақ құю бастады. Біз Редок екеуміз ымдасып,  олар стакандарын қолдарына ұстап, ауыздарына апара бергенде басып кірейік деп келістік. Олар стакандарын көтеріп іше бастағанда «хенде хох!» деп айқайлап ішке лап бердік. Немістер арақтарына қақалып-шашалып қалды. Дайын тұрған жолдастарымыз да жетіп келді. Немістерді ұстадық. Он екен. Жігіттер көрші бөлмелерден жеті немісті айдап әкелді. Бас аяғы он жеті немісті жиын пунктіне жібердік. Сөйткенше болған жоқ, жанымда тұрған Редок немістердің екі танкісі мен автоматчиктерінің мектептің іргесіне келіп қалғанын көріп қалды. Бұл кезде жертөлеге түскен Қабылов Төлен сыртқа жүгіре шықты. Фашистердің екі танкісі үйге тақалып қалған екен. Оның артында отыз шақты автоматчиктер оқ жаудырып келе жатыр. 100-120 метрдей қашықтықта тұрған артиллеристердің танкіге қарсы снарядтары таусылып қапты. Енді кешіксе артиллеристерден де, біздерден де ешкім қалмайтыны анық. Ойланып жататын уақыт жоқ. Қабылов Төлен танкіге қарсы пайдаланатын гранатын қапшығынан суырып алып, жауып журған оққа қарамастан келе жатқан танктің алдына барып, астына қарай лақтырып үлгерді. Танк отқа оранды. Қайран Қабылов Төлен өзі мерт болды, бірақ жолдастарын аман алып қалды. Бұл кезде біздің 72-ші гвардиялық полк пен 49-шы гвардиялық полк келіп үлгерген еді. Осы соғыстағы Қабылов Төленнің жанкешті ерлігі үшін Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Кейін 1985 жылдары Қабылов Төленнің қабірін тауып, белгі орнатуға, «Қабылов Төлен» атындағы балық аулайтын кеме экипажымен, №14 мектепке ескерткіш тақта қою рәсіміне және Калининград әкімшілігінің Қабылов Төлен туралы деректі фильм түсіруге арналған кездесулерге Ұлы Отан соғысының ардагерлері Дүйсенбеков Кәмәли, Сансызбаев Нұрымдармен бірге барып қайттым.

Соғыста талай рет жаралансам да есімнен кетпейтіні 1945 жылғы қаңтар айында Кенингсберг қаласының маңындағы атыстарды осының ғана алдында алған «За боевые заслуги» медаліме жаудың оғы тиіп медальдің бір жарықшағы оқпен бірге кеудеме кіріп кетіпті. Госпитальға түстім. Ота жасаған дәрігерлер – сен енді көп жасайсың, аман қалдың – деді. Міне, осылар және Қабылов Төлен мен Иван Редоктың тағы басқа қаруластарымның бейнелері есімнен кетер емес, -дейді Алпан аға. Госпитальден шыққаннан кейін Алпан аға өз бөлімшесінде соғысты әрі қарай жалғастыра береді. Кейін бейбітшілік кезде, құжаттары бойынша осы медалін қайтадан алуға ұсыныс беріп, іздестіріп жүргенде, аудандық комиссараттан тағы да «За отвагу» деген медаль алғанын біледі.

Құрметті ардагер ата, біздің сізге берілген сыр сұхбат аяқталып қалды. Бағанадан бері әр түрлі сұрақтар қойылды. Сол сұрақтардың ішінен өзіңізге ой салған немесе ұнаған сұрақтар болса сұрақ иесіне мына рамкаға қолтаңбаны жазып, беруіңізді сұраймын.

Қазірге жастар арасында смайлик деген сөзді көп қолданады. Әсіресе әлеуметтік желілерде бір-біріне көңіл күйлерін білдіру арқылы смайликтерді жіберіп жатады. Ағылшын тілінде «смайл» – күлкі дегенді білдіреді. Олай болса, сіз осы сұхбаттан алған көңіл күйіңізді, оқушылардан алған әсеріңізді осы смайликтер ішінен біреуін таңдап алып көрсетіңіз! (ардагер жымиған смайликті таңдады).

«Батамен ел көгерер» (ардагер атадан бата сұрау)

Міне, балалар, бүгінгі сіздермен өткен сыр сұхбат аяқталып қалды. Бүгінгі кездесуден үлкен әсер алдыңдар деп ойлаймын. Кездесуге қонақ болып келген Алпан ата мен қонақтарды естелік суретке түсуге шақырамын. Ал, ата сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Алтын уақытыңызды бөліп келгеніңіңз үшін мың алғыс.

Метки: , , , ,