РЕЦЕНЗИЯ №0007 от 10.04.2019 г.


Қостанай облысы, Қарасу ауданы, «Ключевой орта мектебі» ММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері М.Т. Карбузова мен С.Т. Серкебаеваның құрастырған

«Фонетика – тіл дыбыстарының ғылымы»  (5-сыныпқа арналған факультатив курс) бағдарламасына

ПІКІР

Қазақ тілінің лексикасы халқымыздың бастан өткерген түрлі кезеңдерінде үздіксіз дамып, толығумен келеді. Алғашқы сөздік қорға әр дәуірде түрлі жолдар арқылы жаңа сөздер мен жаңа ұғымдар келіп қосылып отырды. Қазіргі кезде фонетика арнайы ғылым болып қалыптасты. Қазіргі кезде де, тіл дыбыстарының жүйесін, жасалуы мен ерекшеліктерін, әр түрлі сипаты мен бір-бірімен тіркесу зандылықтарын зерттейтін тіл білімінің фонетика саласын мектепте тереңдетіп оқыту оқушылардың  функционалдық сауаттылығын арттыруда аса маңызды. Десек те, 5 сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты фонетиканы меңгерту үшін арнайы бағдарламаның қажет ететіні рас. Авторлардың ұсынып отырған бағдарламасы осы үдеден шығып отыр.

Бағдарламада тіл білімінің фонетика саласы жеті бөлімге бөлініп берілген. Әр бөлім күрделілігіне байланысты арнайы сағаттарға бөлінген.  Мақсат оқушылардың білімін тереңдетіп, тіл дыбыстарының фонетикалық ерекшеліктерін, дыбыстардың өзара байланыстарын ажыратып, дұрыс сөйлеуге, дұрыс жазуға машықтандыруды көздейді. Дауыссыз, дауысты дыбыстарды дұрыс қолданып, тілдік категориялардың мәнін ұғынуды, үндестік заңдарды меңгеруді қарастырады. Тіл дыбыстарының сипаты да көрсетіліп, тіл үндестігі, буын үндестігі, буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаларды оқытуға да баса назар аударылған.

Бағдарлама соңында, оқушылардың фонетикадан алған білімдерін нығайту, тиянақтау, жүйеге келтіріп қорыту, теориялық білімін практикамен ұштастыру үшін бағдарламада жаттығу жұмыстарын жүргізуге де арнайы сағаттар берілген. Сөздерге фонетикалық талдаулар жасату оқушылардың тапқырлық, ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, өз ойын тиянақты жеткізе білуін дамытуда пайдалы болмақ. Ең бастысы, оқушылардың логикалық ойлауын жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін арттыруда бағдарламаның маңызы зор.

Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған «Фонетика – тіл дыбыстарының ғылымы»  атты арнаулы курс бағдарламасы білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылады.

 

Рецензент: Ф.ғ.к., доцент Л.Н. Дәуренбекова