Мақала. «Тілге құрмет – елге құрмет»

Абильтаева Самал Бекбасовна

Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары  колледжі.  Көкшетау қ. қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінің оқытушысы

Тілге құрмет – елге құрмет

     Тіл – ұлттың тірегі. Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым – қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы — ана тілі. Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тілі — қазақ тілі,  яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Қазақстан — көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату еліміз. Алайда, қазақ тілі әр қазақтың ар — ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлттық тіліміздің ұмытылуына жол бермей, дамуына жағдай жасап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру – басты міндетіміз.       

         Мемлекеттік тіл — аса маңызды да ең өзекті мәселе, тіл — қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қойып,  қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.

Ең бастысы, қазір қазақстандықтар тарапынан  мемлекеттік тілді қолдау және дамыту  бағытында  барынша мүдделік танытып отыр.  Бүгінгі күні  тілдерді дамыту жан жақты қарастырылуда.  Тіл тағдырына деген  жанашырлығымызбен  қамқорлығымыз артуда.

     «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ. Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.

Абильтаева С.Б.

Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары

 колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінінің оқытушысы.