Тілге құрмет – елге құрмет

Темірболат Гүлжайнар

Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университеті информатика мамандығының 3 курс студенті

Тіл- әр ұлттың жаны, мінезі,пейілі, оның көп ғасырлық тарихы. Қазақ халқының ана тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі- өте оралымды, айшықты, өрнекті, бейнелі бай тіл. Көпұлтты Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі–қазақ тілі, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жауапкершілігі орасан зор. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар.

Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе саналады. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лекцика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б. Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағытының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту. Өйткені тіл саясаты еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ететін, мемлекеттілігінің нығаюына тікелей әсер ететін фактор. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың тілдерін дамытудың стратегиясы негізгі үш мақсатты қамтиды: мемлекеттік тілдің (қазақ тілінің) әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту; орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау; этностық топтардың тілдерін дамыту бағытында. Елбасымыз Қазақстан халықтарын біріктірудің шешуші факторы болып саналатын мемлекеттік тілді дамыту мәселесін ғылыми тұрғыдан жүргізуді ұсынды. Яғни, мемлекеттік тілді қайнары балабақша мен бастауыш мектептерден басталуы керек. Қазақстандағы барлық тілдердің сақталуына жағдай туғызу, мемлекеттік тілді оңтайлы үйлестіруге ықпал ететін нақтылы тетіктерді жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр. Мемлекеттік тілді еліміздің барлық азаматтары ұлтына, жынысына қарамастан өркениетті елдердегідей өз тілім деп қабылдауға тиіс. Қазақстан мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізген шын мәнінде татулық пен тұрақтылыққа қол жеткізген өркениетті елдердің қатарынан өзіне лайықты орын алары сөзсіз.

Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам, мемлекет ісінде өзін-өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек. Жаңа әлемдегі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.