«Тіл тағдыры-ел тағдыры»

Абакашева Гулжанат Кенжеевна

Өскемен қаласы әкімдігінің «№47 жалпы білім беретін мектебі» КММ орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі

«Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры»

                                                                                             Б. Момышұлы

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Қасиетті, құдыретті ана тіліміз жанымызға шуақ, жүрегімізге ізгілік, бойымызға қайрат береді. Өйткені өз тілім – өзегім. Абай, Мұхтардай даналар сөйлеген, тағылымды даналыққа толы ана тіліміз рухани азығымыз десек артық емес. «Қазақтың тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар – шешен, әрі сөйлеудің шебері»-деген екен Мелиоранский. Ол – шындық. Ата-бабаларымыз әуезді, әдемі әрі өткір сөйлей білген. Бұл – тілдің құдыреті.

Ақын Жұбай ағамыз: «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» – деп жырласа, Мұқағали: «Ең бірінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім»-

деп жырын ұрпаққа жеткізген де осы ана тіліміз емес пе? Бақыттың басы болған тіл – өмірлік. Кешегі жалынды ақындардың өлмес жырларын, жазушылардың дарынды шығармаларын ертеңгі күнге жеткізер осы киелі тілдің ілмегі емес пе?

Біз осы асылымызды жоғалтпай сақтайық. Өйткені тіл бізге анамыздың ақ сүтімен беріледі. Ал, ана тіліміз әлі талай белестен өтіп, талай дарынды тудыратын ұлы тіл деп білуіміз керек.Ғ. Мүсірепов өзінің бір сөзінде былай дейді: «Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену  жазу-сызу арқылы өседі. Бұларға көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс». Ақиқаты осы. Менің тілім – өте бай. Сол байлықты сақтау керек.

Қазақ тілі талай ғасырлар бойы жасап келеді. Оның сыры да, шыны да халықпен бірге өмір сүреді. Қазақ дейтін ел барда, қазақ тілі де сонымен қатар жүреді.

                                                     Ана тілін – арың бұл,

                                                     Ұятың боп тұр бетте

                                                     Өзге тілдің бәрін біл,

                                                     Өз тіліңді құрметте! –

демекші, ана тілі – әр адамның ары, намысы. Қазіргі уақытта заман ағымына сай, елдің көпшілігі шет тілдерін оқып-үйренуді мақсат етеді. Ол, әрине, дұрыс. Бірақ жұртшылықтың біразы, әсіресе жастар тілін менсінбеуге айналды. Ондайлар өз арамызда да ұшырасады. Бұл – болашақ үшін, ұлт үшін үлкен қайғы. Осылай кете берсе, өз тілінен жұрдай, мәңгүрт ұрпақ пайда болмай ма? Тіл жоғалса, рух та жоғалады. Рухы жоқ халық, ұлт – ұлт болудан қалады. Ар-ожданым, айбыным – тілім. Қасиетті, қадірлі тілді әрқашан биікке көтеріп, оның күш-қуатын сезіне білу керек. Қазақ халқының ежелгі тілі – қазақ тілі. Жанымен, қанымен қазақ болса – оның тілі де қазақша болсын.

Мен ойымды өзімнің жүрегімнен шыққан жыр шумақтарымен түйіндесем:

Тілім менің – өшпейтін сәуле тірегім,

Тілім менің әр кезде  соғар жүрегім.

Шешендерді, дана биді туғызған,

Сондықтан да шын қадірін білемін.

Тілден іздеп жинақтасақ ғылымды,

Жалғастырсақ жиған ілім-білімді.

Ешқашанда ана тілсіз, ағайын,

Елестетпе, елестетпе күйіңді.

Кешегі Мұхтар, ұлы Абай,

Шәкәрім мен Ыбырай

Сөйлеп өткен ғажап тіл

Айтамыз қалай жырламай.

Құдыретті тілде жатыр байлығы,

Алаңдатар ана тілдің жай-күйі

Өшпесінші шамшырағы тілімнің

Бабамыздың бізге жеткен бай тілі.

Абайды данышпан, Мұхтарды кемеңгер, Шәкәрімді ұлы қылған ұлық тіліміздің шамшырағы сөнбесін деймін.