Жаңа білім жаңалыққа бастайды


Абдуллина Лаззат Амирхановна

“Жангелдин ауданының  білім беру бөлімінің  Ы.Алтынсарин  атындағы орта мектебі” КММ   Мектепалды даярлық тобының  тәрбиешісі

Жаңа білім жаңалыққа бастайды

Менің алдымда “Мәңгілік ел” ұрпағы  отыр. Болашақ Қазақ елінің ертеңгі тірегінің бойына адамгершілік, патриоттық сезімді сіңіру менің басты парызым деп есептеймін. Осы жолда балаларды жаңашыл әдіспен басқарып, бағыттаушы болып келемін. Заман талабына сай тәрбиешілер де өз бағытын өзгертті. Мен тәрбиешімін. Жаңалықтың жаршысы ретінде ұстауым керек. Бұл заман талабы. Сондықтан баспасөзден, ғаламтордан жаңалықтар легіне ілесіп келемін. Менің жүрегім балалар деп соғады. Өйткені олардың әрбір қылығы, іс – әрекеттері менің жүрегіме қуаныш ұялатып, алдағы ісіме қуат береді. Бала   тап – таза ақ қағаз тәрізді, қалай шимайласа солай қалыптасады. Сондықтан мен беретін алғашқы сабақ, алғашқы тәлім – тәрбие, адамгершілік қасиеттер оның өмір парақтарының алғашқы беті болмақ. Абай атамыз “Балаға  мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі ата – анадан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі  құрбысынан” – деген екен. Осы орайда алдымдағы балаларға бірінші мінез анасынан дарыса, екінші мінез менен жұғады. Мен өз мамандығымды жетік игерсем, алдымдағы бүлдіршін де педагогикалық негізде тәрбиеленеді. Сондықтан әр сабағымда флепчарт пайдаланып, әр қазақ ертегісінен соң талдау жасатамын. Мәліметті дайын күйінде бермей, өздеріне ізденуге мұрсат беремін.

         Оның нәтижесі де жоқ емес. Сыныбымдағы балаларым “Шебер қолдар”, “Кел, билейік” жарысында биіктерден көрініп жүр. Қазіргі кезде балалардың ортасында да ана тілін шұбарлап сөйлейтіндер кездесіп қалады. Тіл – мәртебелі қазынамыз. Осы орайда екі тілді қамтитын электронды оқулықтарды пайдаланамын. Бұл кітаптағы тапсырмаларды  балалар қызыға  орындайды. Міне, осындай әдістер арқылы жаңа технологиямен жұмыс түрлерін түрлендіремін. Әр сабағымда тірек сөздерді, тірек схемаларды пайдаланамын. Тірек сөздер  олардың ұмытқанын еске түсіріп, сөздік қорын молайтады. Тірек схемалар арқылы алға талпынады.

          Мен тәрбиешімін. Мені құрылысшыға теңеуге де болады. Сәулеткер десем де артық айтқандық емес. Өйткені, мен  бүлдіршіннің дүниеге кірпіш болып қалануына  бір кісідей зор үлесімді қосып жүрмін. Егеменді еліміздің болашақ мүшесін, өз ана тілін құрметтейтін, ұлттық әдет – ғұрыпты қастерлейтін, нағыз патриотты тәрбиелеп отырмын. Ролдік – сюжетті ойындарды да өздері ұйымдастыратын болды. Іздене отырып, жаңалықты ойындар арқылы  білім нәрін себудемін. “Триз” әлементтерін қолданамын. Жақсы – жаман қасиеттерді өздігінен ажыратуға бейімделді.Мен тәрбиешімін. Озық ойлы, жаңалыққа құмармын. Әрдайым, жаңаша әдістерге ыңғайланамын. Бүлдіршіндер – менің өмірімнің мәні, сәні десем еш қателеспеймін.