Тәрбиеші болу – бақыт


Кабылова Данагуль Аксуиновна

Н.Наушабаев атындағы Тобыл мектеп гимназиясының тәрбиешісі

         Жай  айтыла салғандай болғанымен, осы сөзде қаншама құрмет жатыр десеңізші! Ең кішкентай сіңілімді ойнатып жүргенде “кейін өскенде тәрбиеші болсам, көп балаларды ойнатсам” деген ойдың тұңғиығына батып кетуші едім.  «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы  қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамға үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін.

         Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, қыр-сырын үйрену қиын екен. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік  несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Үш  жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік мамандыққа әбден қалыптасып қалыппын. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің  дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәніне айналды. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ  бүлдіршіндердің   сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне” бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген  мен бақытты тәрбиешімін.