Мен және менің мамандығым


Белхаирова Асемгул Мустахимовна

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шаған жалпы орта білім беретін мектебі арнайы сынып мұғалімі-олигофренопедагогі

Белхаирова Асемгул Мустахимовна

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы

Шаған жалпы орта білім беретін мектебі

I санатты арнайы сынып мұғалімі, олигофренопедагог

E-mail: asema83_oral@mail.ru

Эссе

Мен және менің мамандығым

“Бала кемістігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса,

соғұрлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болуы керек”

                                           неміс педагог-дефектологі П.Шуман

      Өмірде өз орнын тауып, білікті де, білімді, білгір маман атану әрбір көзі ашық,көкірегі ояу, саналы азаматтың басты арманы.

«Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,- деп ұлы Абай атамыз айтқандай,әрбір саналы азамат- бұл дүниеде өз орнын тауып, кірпіш болып қалануды қалайды. Дұрыс таңдалған мамандық әр адамның өмірінің айнасы, болашақта маздап жанар шамшырағы.

Сол секілді менің де өміреді асыл арманым, жүрек қалауымен таңдаған мамандығым-ұстаздық.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуге балаға-демекші ұстаз жай ғана маман иесі ғана емес, ол келешек ұрпақтың сәулетшісі.Ұстаз атану, соның ішінде қазіргі заман талабына сай біліммен, біліктілікпен қаруланған, педагогика-психология білімдерін терең меңгерген арнайы маман педагог-дефектолог атану үлкен мәртебе.

 Иә,  мен мұны үлкен мақтаныш сезімімен айта аламын. Менің педагог-дефектолог мамандығым менен аса улкен жауапкершілікті күтуде. Өйткені

қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, психикалық ауытқулары бар әр түрлі жастағы балалардың көбеюіне әкеліп соқтыруда.

     Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, өзекті мәселенің бірі болғаны белгілі.Қазіргі таңда бойында кінараты бар, даму мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, заң жүзінде қорғай отырып, заман көшінен қалдырмау үшін еліміз түрлі жағдайлар жасауда.

     Қазіргі заман талабы бәсекеге қабілетті, біліммен қаруланған жан-жақты ұрпақ тәрбиелеу мәселесі болса, мен инклюзивтік білім беру барысында –даму мүмкіндігі шектеулі балалардың мүддесін қорғап, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды көштен қалдырмай оқу-білімге жетелеп, жан-жақты жетілдіріп, барлық балалардың білім алу саласында тең құқылы, олардың өзге балалардан, артықшылығы болмаса, еш кемшілігі жоқ екенін көрсетуге тырысудамын.

Инклюзивтік білім беру саласы- жаhанданған заманда,қазіргі білім беру саласы педагог-маманнан да жоғары кәсіби білім мен қатар үлкен жауапкершілікті, педагогика білімін терең мегеру мен қатар үлкен төзімділікті, асқан шыдамдылықты, күш пен қайратты талап етеді. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығы дерлік жасқаншақ, ұяң, сөздік қоры мен сөйлеу тілі, тіл байлығы, қарым-қатынас қабілеті, сонымен бірге танымдық процестері жетілмеген болып келеді. Маман ретінде мен бұл балалардың бойында бар асыл қасиеттерді, танымдық үрдіс пен әлеуметтік ортада қалыптасып, өз-өзіне қызмет етіп, білім мен тәрбиені бойларына қатар ұштастыра біліп, өркениетті елде өз орнын тауып қалыптасуына жағдай туғызушы міндетін өзіме жүктеудемін. «Саналы  тәрбие-сапалы білім кепілі»,- болғандықтан шәкірттерім білімді  өздеріне азық етіп, өмірде өз орындарын таба білсе мен үшін бұл шын бақыт болары сөзсіз. Қазақ халқында «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»,- деп бекер айтылмаса керек. Ең алдымен осы бойында, жалпы психологиялық тұрғыдан қарағанда дамуында ауытқушылығы бар жандарды қатарға қосып, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау, түзеу жұмыстарын шебер ұйымдастыру барысында педагог-дефектолог маман өз шәкіртінің танымдық қабілеттері-есте сақтау, зейін, ақыл-ой, қиял,қабылдау, түйсік секілді психофизиологиялық қабілеттерді дамыта білсе өз жұмыс барысында үлкен жетістікке жетері сөзсіз. Қай маманның болмасын еліне, халқына пайдасын тигізгісі келетіні анық.