«Бала көзі сізде»


Ахметова Арайлым Ахметовна

«Нұрлы таң» бөбекжай – балабақшасы ЖШС-нің меңгерушісі

Балабақшада бірнеше жыл қызмет ету барысында бала тәрбиесіне қатысты мынандай тұжырымға келдім. Әрбір ата-ана осы дұрыс немесе жақсы есептесе, бала үшін де сол дұрыс, сол жақсы. Сондықтан балаға бір нәрсе айтар алдында, әуелі өзіңді түзе. Кеше ғана іңгалаған сәбиіңіз есі кіріп, ізіңізге ілесіп жүр. Жұрт қатарына қосылып, жұмсағанға жарап қалады. Көзді ашып, жұмғанша ер жетіп те қалады. Уақыт қандай жылдам өтеді. Бірақ сіз үшін әлі нәресте сияқты. Бар қиындық осында. Ойламай сөйлеп, балаға өтірік айтуды да өзіміз үйретеміз. Мысалы, бақшаға бала неге келмей қалғандығын сұрасаң, ауырып қалды деп ата-ана жауап береді. Бірақ, бала өзінің апасының үйіне қыдырып барғандығын айтып, болған жағдайды әңгіме етеді. Сонда бала көзімен көріп тұр, сіздің жалған сөйлегеніңізді. Ондай жағдайлар өте жиі кездеседі: алған нәрсесін, алмадым немесе айтқанын, айтпадым деп бала жалған сөйлеуді үйренеді.

Кейбір отбасылар бала тәрбиесінен бейқам. Сынған бұтақтың қисық бітуіне жол бермеңіз. Сізге екінші мүмкіндік берілмейді. Ата-ана мен баланың арасы жақын болуы қажет, бір-бірін тындай білу керек. Сол кезде ғана бала сізге өз сырын айтып, болған жағдайды жасырмайды. Бала нені ұнатады, нені ұнатпайды, достары қандай жайлы білу қажет. Бала үйде болғанда, ғаламтордан немесе теледидардан не көріп жатқанын бақылау қажет. Неше түрлі жағымсыз мультфилімдер теледидардан көрсетілуде. Мысалы, «Губка Боб» деген мультфилімді балаларға көрсетуге тыйым салыну қажет деп ойлаймын. Себебі адам кейіпіне ұқсамайтын қорқынышты кейіпкерлер.  АҚШ-та бұл мультфилімді ақыл-ойы кем балаларға көрсетіледі деген психологтардың тұжырымы бар.

Егер балаға уәде берсең, орында. Сонда баланы сөзінде тұруға, аманатшылыққа тәрбиелейсің. Баланы ешқашан алдамауға тырысу қажет. Ертең дәл солай өзіңізге қайтып келуі мүмкін. Мысалы, тамағын тауысып жеп қойса, бөлмедегі ойыншықтарын жинап қойса, немесе сабығын орындаса, оны міндетті түрде бағалаймын (тәттілер сатып алып беремін, саябаққа алып барамын және т.б.) деп алдаудың қажеті жоқ. Жақсы жетістікке жетсе, артынша сыйлық беруге болады. Жүрегін жаулап алуға тырысу қажет, сол кезде ғана сөзіңді өткізе аласың. Айтқаныңды тыңдап, пікір алмасасың.

Естеріңізде болсын, баланы күшпен жазалауға болмайды, ол тәсіл ұзаққа алып бармайды. Кейін ол сол тәсілге үйреніп, бойында қатігездік пайда болады. Кімнің кімге әлі жетсе, сол күшті, сол дұрыс деп ойлайды.

Келесі айтарым тазалық мәселесі. Сіз өзіңіз көшеде, кез-келген жерге қоқсықты тастай салсаңыз, бала көзімен көріп, дәл соны қайталайды. Біздің тәрбиешілер балаға олай жасамау қажеттілігін айтып, мысалдар келтіреді.

Ең маңыздысы балалардың көзінше өзара ұрысудың қажеті жоқ. Оны бала деп, елемеуге болмайды.

Естеріңізде болсын, балалырыңыздың көзі сізде. Сіз жақсы деп есептеген нәрсе, олар үшін де жақсы.

Сондықтан әуелі өзіңізді түзеңіз!