Эссе «Үміт еткен көзімнің нұры балам…»


Автордың толық аты-жөні: Аманбекқызы Айым
Сынып /топ: 105 БҚ
Білім беру мекемесінің атауы: «Ілияс Жансүгiров атындағы Жетісу университетi» акционерлік қоғамы
«Zhansugurov College»
Жетекшінің толық аты- жөні, Қызметі: Сулейменова Айгуль Максутхановна, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

«Үміт еткен көзімнің нұры балам…» Ыбырай Алтынсарин – бар саналы ғұмырын туған халқын өнер-білімді, жаңа заманның өркениетті, мәдениетті елдерінің қатарына қосу жолына арнаған көрнекті тұлға. Ол өзінің ағартушылық, педагогтік, ақын-жазушылық тарихи қызметі мен зор талантын, жан-жақты терең білімі мен қайрат-жігерін елдің «желкілдеп өскен көк шөптей» жас ұрпағын оқытып, тәрбиелеуге, қазақ жерінде жаңа үлгідегі мектептер ашып, оқушыларды өз кезінің озық ғылымымен қаруландыруға, кәсіп түрлеріне үйретуге арнаған. Ыбырай бұл жолда сан алуан кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді, сөйтіп, туған халқының мақтан тұтатын ардақтысына айналды. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. 1864 жылы Торғай қаласында Ыбырай Алтынсарин ашқан тұңғыш мектеп 1879 жылы Қостанай қаласы облыс орталығы болып құрылғаннан кейін мектеп үшін тастан ғимарат салу мәселесі шешілді. Мектеп ғимаратының құрылысы 1882 жылы басталды, ал 1884 жылы Троицк орыс-қазақ мектебі жаңа тас ғимаратқа көшіріліп, «Қостанай екі сыныптық орысқазақ училищесі» деп атала басталды.Мектептерді ашпас бұрын Алтынсарин елді мекендердің аумақтық орналасуын, халықтың жиілігін алдын-ала зерттеп отырды, содан кейін ғана мектептерді ашуға кірісті.Ыбырай атамыздың көптеген өлеңдері бар.«Өнер- білім бар жұрттар»,«Кел, балалар, оқылық!»,«Жаз»,«Өзен»,тағыда басқалары. Ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылымбілімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Ыбырай Алтынсарин өзінің педагогикалық қызметінде оқушылардың тәрбие мәселесіне ғана емес, еңбек білімінің мәселелеріне де үлкен назар аударып отырған. Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп сенді.